Иран мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) өзара келісімге келіп, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істемек. Бұл туралы euronews хабарлады.
Тегеранда іс-сапармен жүрген аталған Агенттіктік басшысы Юкия Аманоның айтуынша, өзара уағдаластық аясында қандай жұмыстар атқарылатыны алдағы 3 айдың ішінде пысықталмақ.
Иран Атом энергиясы ұйымының басшысы Әли Әкбар Салехи бұл келісімге оң баға берді.
Осы екі жақты келісімнің нәтижесінде МАГАТЭ инспекторлары Иранның атом реакторлары орналасқан Арак қаласы мен уран өндіретін Гачин кәсіпорнына кіруге Тегеран тарапынан рұқсат алды. Бұған дейін Арак қаласы мен Гачин руднигіне бір де бір МАГАТЭ инспекторлары жіберілмепті.
Дәл осы қарсаңда Женевада Иранның ядролық бағдарламасына байланысты Иран мен «алтылықтың» кезекті жиыны өтті. Алайда, бұл басқосуда тараптар өзара келісімге қол жеткізе алмады. Сондықтан Иран мен «алтылықтың» кездесуі 20 қарашада қайтадан жалғаспақ.
Жолдыбай Базар.