Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан тиімді мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «Қолжетімді баспана-2020» екені белгілі. Ал оның негізгі қаржылық операторларының бірі – «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ болып табылады.
Қазақстан ипотекалық компаниясы – бағдарламада «сатып алу құқы мен жалға берілетін тұрғын үйлер» бағытының операторы. Бұл компания қарапайым халыққа тұрғын үйлерді жалға алу арқылы да өз меншігіне өткізуге мүмкіндік береді.
Бүгінде елімізде жүзеге асырылып жатқан тиімді мемлекеттік бағдарламалардың бірі – «Қолжетімді баспана-2020» екені белгілі. Ал оның негізгі қаржылық операторларының бірі – «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ болып табылады.
Қазақстан ипотекалық компаниясы – бағдарламада «сатып алу құқы мен жалға берілетін тұрғын үйлер» бағытының операторы. Бұл компания қарапайым халыққа тұрғын үйлерді жалға алу арқылы да өз меншігіне өткізуге мүмкіндік береді.Компания қазақстандықтардың тұрғын үй мәселелерін шешуге қажетті қаражаттың белгілі бір бөлігін мемлекеттен алады. Бұған дейін компания жергілікті атқару органдарымен және өз еншілес ұйымы «Қазақстан тұрғын үй-құрылыс корпорациясы» АҚ-пен бірлесе отырып, аймақтарда жер телімдерін бөлу, жобалау-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін конкурстық құжаттарды дайындау, жобаларды және жобалық-сметалық құжаттамаларды, сонымен бірге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге егжей-тегжейлі жоспарлауды әзірлеу бойынша іс-шаралар жүргізген болатын. Қазіргі таңда Алматы, Қарағанды, Шымкент қалаларында тұрғын үй-құрылысын салу жұмыстары басталды. Алматыда «Алғабас» шағын ауданында жайлылығы 4-ші санаттағы 2 тоғыз қабатты тұрғын үй салынуда. Бүгінде құрылыс алаңында екінші қабаттың бетонын құю деңгейінде жұмыстар жүргізілуде. Ал Қарағандыдағы 12, 14, 15-шағын аудандарда орналасқан жайлылығы 4-ші санаттағы 3 бес қабатты тұрғын үй-құрылысы басталды. Бүгінде құрылыстың іргетасы құйылып, жерді әзірлеу жұмыстары қарқын алған. Шымкентте жайлылығы 4-ші санат деңгейіндегі 8 тоғыз қабатты тұрғын үй құрылысы «Нұрсәт» шағын ауданында басталды. Қазір ол жерде де құрылыстың іргетасы қаланып, барлық қажетті шаруалар қолға алынды.
– Бастапқы кезеңдерде құрылыстың бір шаршы метрінің орташа құны 100 мың теңгені құрайды. Ол баға тұрғын үйдің орналасқан аумақтарына, сейсмикалық ерекшеліктеріне байланысты өзгеруі мүмкін. Бұл бойынша жалға алушылар 15 жыл бойы бір шаршы метр үшін 1 мың теңге көлемінде жалға алу төлемін төлеп отырады. Жалға берілетін пәтерлердің жайлылығы 3-4 санатты құрайтын тұрғын үйлердің аумағы 35 пен 75 шаршы метр (1 мен 4 бөлмелі) аралығында болады, – дейді «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Болат Досмұхаметов.
Ал сатып алу құқығымен жалға беру талаптары өз алдына бөлек әңгіме. Мәселен, сатып алу құқығымен тұрғын үй 15 жылға жалға беріледі, содан кейін ол үй жалға алушының меншігіне өтеді. Екіншіден, пәтерге көшіп келу алдында міндетті түрде ең алдымен алты айлық жалдау көлемін төлеуі тиіс. Сондай-ақ, жалға берілетін тұрғын үйді 10 жылдан кейін қалған сомасына қарай сатып алуына болады. Табысы жеткіліксіз болған жағдайда жақын туыстарының да айлығы есептелініп, олар да көмектесе алады. Ағымдағы қаржылық жағдайына байланысты үлкен немесе шағын алаңы бар тұрғын үйлерге ауыса алады. Яғни, егер бастапқы кезде айлық жалақысы жақсы болып, төрт бөлмелі үйді алатын болса, алайда кейін қаржылық жағдайына байланысты ай сайынғы жалдау төлемақысын толық төлей алмайтын болса, екі бөлмелі пәтерге ауысып кетуіне мүмкіндік бар. Дәл сол секілді екі бөлмелі пәтерде тұрып, кейін айлығы өссе, онда төрт бөлмелі пәтерге ауысуына болады. Жалға алу құқығын үшінші тұлғаға беру мүмкіндігі де қарастырылған дейді мамандар. Біреу жұмысынан шығып кетуі мүмкін, енді біреу отбасылық жағдайына байланысты басқа қалаға көшуге мәжбүр болатын жағдай кездеседі, мұндай жағдайда жалға алған үйдегі төлемдер күйіп кетпесі үшін оны басқа адамға өткізуіне құқы бар.
Б.Досмұхаметов бізбен әңгімесінде «Қолжетімді баспанамен» жалға үй алу үшін тұрғындардың айлық жалақысы қанша болуы керектігі жөнінде де ақпараттармен бөлісті. – Біз 1,2,3,4, бөлмелі пәтерлер саламыз. Орташа аумақ 50 шаршы метр болады. Сонда әр шаршы метрін 100 мың теңгеден деп есептесек, бұл 5 миллион теңге шығады. Демек, жалға алудың ай сайынғы төлемі 50 мың теңгені құрайды. Былайша айтқанда, пәтердің жалпы ауданы 40 шаршы метр болса, ай сайын 40 мың, 70 шаршы метр (4 бөлме) болса, 70 мың теңге төлеп тұрасыз. Тағы қайталап айтамын, жалға беру мерзімі аяқталған соң (15 жыл), пәтер жалға алушының меншігіне өтеді. Бұл жерде жалға алушы азамат 15 жылдың аяқталуын соңына дейін сарғая күтпеуіне болады: 10 жыл жалға алғаннан кейін ол пәтерді қалған құны бойынша мерзімінен бұрын сатып алу құқын иеленеді, – дейді ол.
Бұл бағдарлама бойынша тұрғын үйлерге мұқтаж азаматтардың тізіміне кіру және олар бойынша құжаттарды қабылдау жергілікті атқарушы органдармен жүзеге асырылады. Бұрыннан Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы бойынша үй кезегінде тұрып, алайда, баспана ала алмай қалған отбасыларды «қолжетімді баспанамен» жалға үй алуына іліктіріп отыр. Демек, әкімдік оларға бұрынғы үйге мұқтаж азаматтардың тізімін береді. Ал компания солардың ішіндегі азаматтардың кредиттік ахуалын қарап, төлем қабілетін сараптайды. Егер жалға алушының айлық жалақысы жетпесе, онда оның жақын туыстары көмекке келе алады, олардың да жалақысын есептеп, төлем қабілетінің мүмкіндігін тексереді. Бұл жерде ең бірінші талап – жалға үй алатын адамның атында үй болмауы тиіс. Әйтпесе, онсыз да бес-алты үйі барлар жалға тағы үй алып, оны басқаларға жалға беруі ғажап емес. Сондықтан, осындай келеңсіздіктер болмас үшін тек шынайы баспанаға мұқтаж жандарға ғана үй берілуі тиіс. Бағдарламаның негізгі талабы – осы. Бұл жерде негізі жалға үй алу үшін өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің меншік құқығында үйінің болмауы жөнінде анықтама керек. Егер олардың басында баспана болатын болса, онда ол Әділет министрлігі аумақтық органының берген анықтамасында анық көрініп тұрады. Сондай-ақ, тұрғын үйді жалға алуға лайықты азаматтардың басым құқық берілген арнайы санаттары белгіленген. Мәселен, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, көпбалалы отбасылар, толық емес отбасылар, тағы да басқа азаматтар жатады.
Толық ақпаратты «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ИҰ» АҚ ресми сайтынан немесе +7(727)3441222 телефон бойынша хабарласып алуыңызға болады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».