• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Кино 09 Қазан, 2020

Алпамыс мектепке барады...

1935 рет
көрсетілді

Режиссер Абдолла Қарсақбаевты «қазақ балалар киносының классигі» десек, ешкім қарсы дау айта қоймас. Өйткені ол түсірген «Менің атым Қожа», «Балалық шаққа саяхат», «Қилы кезең», «Біздің Ғани», «Алпамыс мектепке барады», «Жүйрік болсаң, озып көр», «Даладағы қуғын» сынды фильмдердің қай-қайсысы да көрермен жүрегінен мәңгілік орын алған жауһарлар.

 

Құбылыс – Қарсақбаев

Иә, Абдолла Қарсақбаевты бала психологиясының білгірі дейтін замандастары. Әділ баға! Өйткені ең талапшыл көрермен – балалар және ең шыншыл актерлер – тағы да балалар десек, сол талапшыл һәм шыншыл ортаның талғамын толық қанағаттандырған суреткердің әр туындысы – классика. Ойнаған актерлері әлдеқашан есейіп кетсе де, нешеме буын балдырғанды тәрбиелеп келе жатқан Қарсақбаев­тың режиссерлік қиялынан туған ол ­фильмдер әлі күнге дейін сұраныстан шыққан жоқ. Керісінше, жыл сайын ­1 қыркүйек – Білім күні жақындағанда отандық телеарналардың барлығы дерлік осы бір сүйкімді фильмдерді үздіксіз көрсете бастайды. Бір қызығы, сол киноларды қанша қайталап көр­сең де, еш жалықтырмайды. Әр тама­шалаған сайын бұрын аңғармаған ұтқыр эпизодтар, сәтті сюжеттер жаңа қырынан жарқырап ашыла бе­реді, ашыла береді. Сөйтіп, фильм өзі­нің таңғажайып тұңғиығына тартып әке­теді. «Алпамыс мектепке барады» туын­дысы дәл осы қатарда.

 «Алпамыс мектепке барады» ­филь­мі түсірілген шақ «Менің атым Қожа», «Қилы кезең», «Беу, ба­ла­лар-ай!» картиналары арқы­лы ре­жис­сер есімінің елге танылып, ата­­ғы айдай әлемге мәшһүр болған даңқ шы­ңындағы кезеңімен тұспа-тұс кел­генімен, айтулы фильмнің тү­сірі­лім жұмыстарына кіріскенде Қар­сақ­баев­тың жағдайы, руха­ни көңіл күйі аса мәз емес еді. Ша­руа­сы шатқаяқ­тап, ай­наласының тү­сін­­бестігіне де душар болып жүр­ген кезі болатын. Содан да шығар, ба­лалар киносының кемеңгері «Алпа­­мысқа» тұсалған шабытын ұш­пақ­қа шығарардай аса бір үлкен құл­шыныспен кіріседі. Мәскеулік кинодраматург Роза Хуснутдинованың сценарийін оқығаннан-ақ ұнатқан суреткер маңайына кино әлемінің кіл мықтыларын жинайды. Режиссердің ассистенті Серік Жармұхамедов, композитор Нұрғиса Тілендиев, бас оператор Әбілтай Қастеев, актерлер – Мәкіл Құланбаев (Алпамыстың әкесі), Қанабек Байсейітов (Мұнар ата), Дариға Тілендиева (Қалиханның анасы), Жексен Қайырлиев (мұғалім), Айтжан Айдарбеков (клуб бастығы) бастаған шеберлер шын мәнінде кар­тинаның көркемдік деңгейін көк­ке өр­летті. Фильм Қарсақбаевтың сол қа­жыр­лы еңбегін ақтап, кейіні­рек Ригада өткен балалар мен жас­өс­пірімдердің Бүкілодақтық Х кино­фестивалінде «Алты жасар Алпамыс» бас жүлде жеңіп алды. Ал басты рөлде көрінген жасындай жарқыраған жас актерлер – Алпамыс пен Қалиханның атағы енді елде емес, әлемдік аренада асқақтады.

 

Алпамыс

Алты жасар Алпамыстың рөлінде ойнаған Ермек Төлепбаев шынында да ол кезде алтыға толайын деп тұрған еді. Бір қызығы жастығына қарамастан, бұл фильм 5 жарым жастағы актердің дебюті емес. «Алпамысқа» дейін Тұраш Ыбыраевтың «Ақ автомобиль» фильміне түсіп үлгерген сүйкімді балдырғанның отты да тау суындай тұп-тұнық жанары режиссер назарын өзіне бірден аударыпты. Ол сәтті режиссердің ассистенті Серік Жармұхамедов былайша еске алады: «Ірі пландағы Ермектің бейнесі Әбекеңнің есінде қалған болуы керек. Әбекең Ермектің көзін қатты ұнатты. «Көзі таза екен. Таңертеңгі шық тәрізді. Ермектің бойында балалық нәзіктік бар, ашылып келе жатқан гүл сияқты» дейтін. Сөйтіп, бас кейіпкердің рөліне Ермек Төлепбаев бекітілді».

Жасындай жарқыраған дарын «Ал­памыс мектепке барады» картинасы жарыққа шығысымен-ақ көрермен есінде жатталды. Актерлік даңқы көз ілеспес жылдамдықпен биікке кө­терілді. Өзін Алпамыс атандырған айтулы фильмнен кейін де Ермек Төлепбаев 1979 жылы Виктор Пұсыр­мановтың «Алатаудың күміс мүйізі», 1980 жылы Серік Райбаевтың «Әнші аралдың құпиясы», 1983 жылы Серік Жармұхамедовтің «Өтелмеген парызында» ойнады. Бірақ неге екені белгі­сіз, жасындай жарқ етіп көрінген жас баланы көрермендері кино әлемі­нен жоғалтып алды. Он үш жасынан кейін Алпамыс – Ермек кино алаңына мүлдем жолаған жоқ. Болашағын өнер­ге қатысы жоқ басқа саламен байланыстырды. Мектепті тәмамдаған соң, Халық шаруашылығы институтын жә­не Қазақ Мемлекеттік заң академия­сын бітірді. Бірталай жыл Д.Қонаев атындағы университетте және Эко­но­мика академиясында оқытушы бо­лып, кейін жеке кәсіпкерлікке ауыс­ты. Сөйтіп, ел есінде Алпамыс болып жатталған сүйкімді бала жастай келген танымалдылықтан шаршап, бәлкім жалығып, кино әлемінен алыс­тап кетті.

 

Қалихан

Фильмдегі Қалихан рөліндегі Ұран Сарбасовты да бала психо­ло­гиясының білгірі Абдолла Қарсақ­баев өзі таңдапты. Режиссер Серік Жармұхамедовтің естелігіне жүгінсек, оқиға былай болған екен: «Баланы бұрын да бір көріп қалған екен. Мені «Сары» дейтін еді. Бір күні: «Әй, Сары, жүр кеттік», деді. «Қайда?» «Жүр, барған соң көресің». Екеуміз студияның машинасына мініп алып, Алматы-2 вокзалының батыс жа­ғын­дағы жер үйлерге келдік. Балалар ойнап жүр. Солардың ортасындағы Ұран­ды қырық минуттай бақылап тұр­дық. Ұран ерегісе білетін, ерегісті өнер деп білетін, өзгенің емес, өзінің дегенін істейтін қайсар бала екен. Бір кезде Ұран шамасы 10 жасар баламен ойыншық мылтыққа таласты. Бермей қойды. «Қалиханға осы мінез керек. Байқап тұрсың ба?» деді маған Әбекең. Іштей қатты риза болдым. Егер біз Ұранның қасына барып, «отыршы, әңгіме айтшы» десек, бала ештеңе де айтпас еді. Әбекең сырттай бақылап-ақ өзінің болашақ кейіпкерін дәл және тез таңдады».

Бірақ, өкінішке қарай, кинода Қалихан болып танылған сол Ұранның тағдыры трагедиямен аяқталыпты. Режиссер айтады: «Ұранның өмірі кейін дұрыс қалыптасқан жоқ. 10-сыныпты бітіргенде «топ болып адам өлтіруге қатысты» деген айып тағылып, сотталып кетті. Қасын­да­ғылар бәленің бәрін Ұранға жапқан сияқты. Қолтырауынның аузына кір десең де тайсалмайтын бала еді ғой, тіпті ерегісе келіп, «мен жаса­дым» деуі де мүмкін ғой оның. Түрмеден келгесін, Ұран асылып өліпті... Мүм­кін, оның мұндай әрекетке баруына біз де кінәлі шығармыз. Образ үшін жасаған әрекетіміз өміріне зиян болды ма, кім білсін?..».

 

Түйін

Рас, бүгінгі мына карантин тәр­тібіне бағынып, үйде отырып, онлайн оқуға мәжбүр болған, сынып пен партаны сағынған оқушылар үшін «Алпамыс мектепке барады» фильмінің құндылығы тіпті арта түскені анық. Ал сондай өл­мейтін өнер тудырып, қанша мәрте қайталап көрсең де жалық­тыр­май­тын жауһармен барлық кіш­кен­­тай көрерменді қарық қылған Қар­сақбаев шын мәнінде кино кеңіс­тігінің классигі. Өйткені Қожа мен Алпамысты білмейтін қазақ жоқ. Олар – біздің балалық шағымыздың қаһармандары. Соларға қарап елік­тедік, бой түзедік. Демек, Қожа мен Алпамыс бейнесінде біздің балалық шағымыз, тәтті естеліктеріміз жатыр. Бұл фильмдер бізге сонысымен ыстық, Абдолла Қарсақбаев есімі сонымен ­аяулы, сонысымен қастерлі.

«Алпамыс мектепке барады»... Карантин тезірек бітіп, біздің де оқу­шылар тезірек мектепке барса екен...