Газетіміздің Көкшетаудағы тілшілер қосынына Сағадат Қабылдина атты кейуана келді. Қолында бір қора құжат салынған папке. Айтпағы – жер телімін бөлуге қатысты өкпе-реніш екен. Біз апамыздың бетіне қараймыз. Ол да бізге қарайды. Жанарында: «Болмайтынды сұрайтындардан емеспін, өмірдің тірегі әділдік емес пе?» деген сұрақ тұрды.
Тағы да оқыдым. Не жазғаны белгісіз хаттар сияқты емес, фактілері анық, дәлелдері мығым дүние көрінді. Елбасымыздың түнеукүнгі Үкіметті сынаған сөздерінен кейінгі ширығу, баяғыда сөніп қалған үміт отын қайта жандыру ниеті де жоқ емес. Сондықтан, Астанаға іргелес Көктал ауылдық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары С.Қабылдинаның өз басындағы тауқымет өзгелерге де қатысты деген пайым жетегімен Целиноград ауданына жол тартқанбыз. Облыс орталығы Көкшетау мен аудан орталығы Ақмолдың арақашықтығы 400 шақырымды жағалатып қалады. Таяқ тастам жердегі Көктал тұрғыны тоғыз жыл бойы сергелдеңге түскені несі?
Газетіміздің Көкшетаудағы тілшілер қосынына Сағадат Қабылдина атты кейуана келді. Қолында бір қора құжат салынған папке. Айтпағы – жер телімін бөлуге қатысты өкпе-реніш екен. Біз апамыздың бетіне қараймыз. Ол да бізге қарайды. Жанарында: «Болмайтынды сұрайтындардан емеспін, өмірдің тірегі әділдік емес пе?» деген сұрақ тұрды.Тағы да оқыдым. Не жазғаны белгісіз хаттар сияқты емес, фактілері анық, дәлелдері мығым дүние көрінді. Елбасымыздың түнеукүнгі Үкіметті сынаған сөздерінен кейінгі ширығу, баяғыда сөніп қалған үміт отын қайта жандыру ниеті де жоқ емес. Сондықтан, Астанаға іргелес Көктал ауылдық ардагерлер ұйымы төрағасының орынбасары С.Қабылдинаның өз басындағы тауқымет өзгелерге де қатысты деген пайым жетегімен Целиноград ауданына жол тартқанбыз. Облыс орталығы Көкшетау мен аудан орталығы Ақмолдың арақашықтығы 400 шақырымды жағалатып қалады. Таяқ тастам жердегі Көктал тұрғыны тоғыз жыл бойы сергелдеңге түскені несі?Жол ұзақ, ойланып келемін. Оқырман да ойлансын, билік өкілдері де ойлансын. Хатты қысқартып оқып берейін:
«2004 жылы біздің отбасымыз, өзгелер сияқты Талапкер, Қараөткел ауылдарынан жер телімін алу жөнінде өтініш бергенбіз,– дейді С.Қабылдина. – Сол күннен қиямет басталды. Ақыры, облыс әкімдігіне жазып, Талапкерден 10 сотық жер бөлінді. Бірақ, ойпаң сайдан, батпақ жерден берілген екен. Барып көрсем, көршілердің уақытша үйі (времянка) белуардан суда тұр, қабырғалары кертіліп құлау алдында. Құтыла салайық дегені ғой. Мен ол жерден бас тарттым. Көп жыл сарсаңға түсіп, құрғақ жерден басқа учаске берілетін болды, әйтеуір. Қуанып жүріп, ауыл әкімі А.Исабекованың қандай шешім шығарғанына мән бермеппін. Ол 2003 жылы қабылданған «Жер кодексінің» 32-бабын қолданып, бір жылға жалға берген екен».
Бірақ, әкім сол кодекстің 23-бабы бойынша алдымен жерге мемлекеттік акт беруі қажеттігін ескермеген. Жер азаматтарға бір-ақ рет беріледі. Ал, Исабекованың пәрмені бойынша бір жылда үй салып кіріп алмасаң, армандарыңның күл-талқаны шығады. Бұл енді түлкінің тырнаны қонаққа шақырғанындай күлкілі тіршілік. Тиісті құжат дайындауға күні-түні көз ілмесең де бір жыл бәрібір жетпейді. Жүйке тозу, қаржы шығынын айтпағанда, 5-6 жыл үй сала алмағандар қаншама. Осындайда жер телімін бөлу, оған құжат дайындауды қияметке айналдыру басшыларға тиімді сияқты деген ой келеді. Біріншіден, жылда құжат дайындап, халық аудан бюджетіне ақша түсіреді. Екіншіден, зу етіп өте шығатын бір жылда үй сала алмаған адамдардың жерін басқаға беруге болады.
Апамыз қартайған шағында құқықтық сауатын мықтап көтеруге көшкені қолымызда ұстап отырған хаттың әрбір парақшасынан байқалады. Мына жерін қараңыз: «...Оған дәлел келтіремін. 2010 жылы 10 адамның жер телімін қайта алып қою шешімі шығарылған. Солардың ішінде Д.Кабелда ғана өз үлесін қайтарып алды. Демек, бұған заң жол береді екен. Қуынбағандар күдер үзіп қала береді. Қанша жерден мораторий болса да осы жылдары Қараөткел ауылында 7000 адамға жер берілгенін прокуратура анықтаған. Кезек дегеніңіз сақталмайды. Алтын алқалы К.Әлжанова мен М.Қайыржановаға 2004 жылы кезекке тұрса да Талапкерден жер бұйырмай-ақ қойды. Ал, менің жерімді 2011 жылы «Жер кодексінің» 94-бабының 3-ші бөлігін, 29-бабының 2-ші бөлігін, ел Конституциясының 26-бабының 3-ші бөлігін өрескел бұзып, 2011 жылы ғана кезекке тұрған Н.Естемесовке бере салған. Мұны аудандық прокуратура анықтады, тексеріс те жүргізіп жатыр. Ал, аудандық қаржы полициясы осы қиянатшыл әйелді қызғыштай қорғайтыны түсініксіз».
Осы орайда, жоғарыдағы жер телімін жалға берудегі Астана маңындағы аудандардың әркелкі ұстанымы таңғалдыратынын еске сала кетейік. Сағадат Қабылдинаның айтуынша, Ақкөл ауданында жер телімі мемлекеттік актімен бір ай ішінде беріледі. Аршалы ауданында жалға беру 5 жыл мерзімді қамтиды. Сонда, Целиноград ауданы қай заңға сүйенеді екен? «Жыл сайын жалға беру шартын ұзарту кедейлікті қолдан жасаумен бірдей» деген өтініш иесінің сөзінде жан бар деп түйіндеуге болатындай.
Иә, жер мәселесі қай жерде болсын өте өзекті. Ал, Астананың маңындағы Целиноград ауданы үшін айрықша назарда ұсталатын жағдай екенін білеміз. Бұған қатысты көптеген пайым жасауға болады. «Жұрттың бәрі көше берсе, алтын бесік ауылдарымызда кім қалады?» деушілер бар. Жүрек жылитындай болғанымен, мұның дұрыс емес деп кім айтады. Қандай жағдайда болсын азаматтардың құқығы заңмен қорғалады. Ел газетінің ұстанымы да осы. Оқырмандарымыз «Егеменнің» жер тарататын ұйым еместігін жақсы біледі. Әділдік ауылына аяғы тиіп, дауысы жетпегендіктен хабарласады. Дұрыс болсын, бұрыс болсын оны ескерусіз қалдыруға ешкімнің хақысы жоқ.
Сонда жергілікті билік не үшін дәрменсіздік танытады? Аудан, ауыл әкімдері осы мәселеге қатысты неге түсінік жұмыстарын жүргізбейді? Турасын айтсақ, ауданның жыл сайын ауысатын әкімдері өзінен бұрынғы былықпайды көтеруге, қосымша жауапкершілік алуға құлықсыз. Оны Ақмолға сапарымыз барысында байқағандай болдық. Бір күн бұрын телефонмен хабарласып, сапар мақсатын айтқанымызға қарамастан, аудан әкімінің қабылдауында төрт сағаттан астам уақыт отырып, сағат 13.30-да қабылдау құрметін иелендік.
Сөйтіп, әкім мырза түскі үзіліс кезінде аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Айзада Төлегенованы шақырып, апыл-ғұпыл тапсырма берді. Ақыры, кешкі төрт кезінде, жер басшысы қол қойған небәрі үш ауыз жауап алдық. Мәселені ашық түсіндіру, осыншама адамның сандалысқа түсу сырын ашу, оған нақты баға беру дегеніңіз жоқ. Тіпті, осы үш ауыз жауаптың өне бойынан өркөкіректік пен ашу-ыза салқыны сезілетінін қайтерсіз?! Оның орнына мемлекеттік қызметкердің хат артында адам барын, ашынған тағдыр барын ескергені, аз ғана уақыт бөліп, мәселенің анық-қанығына жетуге тырысқаны жөн емес пе?
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы.