Ол менің балдан тәтті балалық шақты, боздақ жұлдыздай бозбала кезеңді, онан кейінгі «Қартайып, қайғы ойлаған, ұйқы сергек» (Абай) ойлы, мұңлы, күндерді бірге өткізген сыр жасырмас, жан аяспас досым еді. Екеуміз Қостанай облысы, Амангелді ауданындағы Амангелді орта мектебіне бірге бардық. Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде бес жыл қатар оқыдық.
Ол мектепті алтын медальмен бітіріп, университетті қызыл дипломмен аяқтаған еді. Университетте қалуға ұсыныс болса да, Алматыда аялдамай тура өзі туып-өскен Арқалыққа тартты. Туған жерге ту тіккен ол Ыбырай Алтынсарин атындағы Арқалық педагогика университетіне оқытушы болып орналасты. Содан соңғы демі біткенше Алтынсарин университетінде тапжылмай, табанды, жемісті еңбек етті. Оның телегей теңіз білімімен сусындаған мыңдаған шәкірттері бүгінде кең байтақ Қазақстанның барлық өңірлерінде жемісті еңбек етіп жүр. Олардың біразы елге танымал тұлғалар.
Оның жанып сүйген жан жары Мәдинасы Алматы облысы, Жамбыл ауданының қызы еді, Мұсамен қатар оқыған ол да физик болатын. Ол да Арқалық педагогикалық университетінде ұстаз болды. Оның да алдынан мыңдаған шәкірт өтті.
Мұса Кеңпейіловтің білімділігі, таланттылығы, тазалығы көпке белгілі болатын. Содан да Алматы мен Астанадағы, Қостанайдағы басшылар оған жайлы пәтер, жақсы қызмет, жоғары еңбекақы ұсынып, қайта-қайта шақырумен болды. Әйтсе де, Мұқағали Мақатаевтың:
Сен де кеттің ауылдан,
Мен де кеттім ауылдан,
Ұят болды-ау осынымыз.
Қаумалаған қауымнан, –
дейтін жырын жатқа айтатын Мұса ту тіккен туған жерден – Арқалықтан ешқайда ұзамады. Өзінің ұстаздық және белсенді қоғамдық жұмысымен Арқалық қаласының және Қостанай облысының шалғайдағы аудандары – Амангелді, Жангелдин аудандарының рухани өмір жаңғыртуға өлшеусіз үлес қосты. Осыдан жиырма жыл бұрын Мұса алпыс жасқа толғанда ет жақындары оның мерейтойын дүркіретіп өткізіп еді. Республикамыздың барлық өңірлерінен оның дос, туыс және шәкірттері ағылып келді. Әлі есімде бұл 2000 жыл, қыркүйек айының 30-ы болатын. Ыбырай Алтынсарин атындағы университеттің үлкен акт залында бос орын болған жоқ. Залдың қос қапталында түрегеліп тұрғандар, ішке кіре алмай сыртта қалғандар қанша. Қала әкімі мен университет ректорынан бастап еден жуушы мен аула жұмысшыларына дейін бірінен соң бірі сөз алып, ақжүректен ақтарылған ақжарма тілектерін айтып жатты. Арнау жырлар ағылып, ән мен күйдің тиегі ағытылды. Алматыдан ат арытып осы мерейтойға мен де жетіп едім. Зал толы халыққа қарап олар айтқан парасатты сөздерді тыңдай отырып мен Алматыда, Әуезов театрында өткен аса атақты, өте танымал тұлғалардың мерейтойларын еске алдым. Университеттің қатардағы қарапайым оқытушысының емес, құдды атақты ақын, жазушының, әлемге әйгілі тұлғаның мерейтойы өтіп жатқандай еді...
Амал нешік, адамның емес, Алланың дегені болады. Мұса Кеңпейілов сексенге де жете алмай, о дүниеге аттанып кетті, қақаған қыста. Топырақ салуға үлгермей қырқына жеттік қыстың көзі қырауда борандатып...
Мұсаның құдай қосқан қосағы Мәдинасы шаңырақтың шырақшысы. Немерелері Еркежан, Димаш, Алдияр, Диас, Әйгерім, Айжан, Индира бүгін шаңырақтың шаттығы, келешекте елдің ертеңі.
Ұлдары Алмас, Бағлан, келіндері Жұмагүл, Зылиқа ел қатарлы еңбек етіп жүр.
Расул Ғамзатов айтқандай:
Дана болып, ер боп,
Шығарған жоқ ол атын,
Бас иіп бірақ кезінде,
Нағыз адам болатын.
Нағыз адам, ұлағатты ұстаз Мұса Кеңпейілов бүгінде аңыз адамға айналды. Оның таңғы шықтай тазалығы аңыз, елге сіңірген еңбегі аңыз, мұхиттай терең білімі, аса бай жан дүние жауһарлары аңыз, кісілігі мен кішілігі аңыз. Аңыз... аңыз...
Егер ол тірі болса 80 жасқа келер еді. Дос, туыс, жолдас-жора, жерлестері, шәкірттері, арасында өзіне тән байсалдылықпен, сабырмен, салмақпен жұмсақ жымиып, балқып, шалқып, аспандағы Ай мен Күндей айналасына үнсіз сәуле шашып отырар еді. Амал қанша, осы айтқың, жазғың келмейтін «еді» сөзін жазуға мәжбүрміз.
Алды – сайран, соңы – ойран өмір ғой, осыдан екі жыл бұрын адамзаттың дұшпаны – арсыз ажал арамыздан алып кетті аяулы досты, асқар таудың алмас асыл тасындай азаматты.
Мұса Кеңпейілов ұстаз еді. Ұстаз – ұлағатты ұлы есім. Бала да, дана да ұстаз алдын көрген. Ұстаз болу – өзіңді аямау, шәкірттеріңді аялау. Содан да ол елге аса сыйлы, аяулы жан. Сондай ұлағатты ұстаз еді Мұса Кеңпейілов. Адамның асылы еді ол. Содан да ол елдің есінде, мыңдаған шәкірттерінің жүрегінде.
Сен елдің есінде, өзіңді сүйген жандардың жүрегіндесің аяулы дос, асыл азамат!
Сәбит Досанов,
жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Алматы