«Қазақстан-2050» Стратегиясындағы басымдықтардың бірі – жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттілігін арттыру. Осы тұрғыдан алғанда, өткен қазан айы еліміз үшін айтарлықтай жаңалықтарымен ерекшеленді деп айтуымызға болады. Өйткені, қазан айында баламалы негізде сайланған 2456 ауыл әкімі алғаш рет халық алдында есеп берді. Тұрғындармен әңгімелесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауаптар қайтарды. Атап өтейік, осы жылдың тамызында өткен әкімдер сайлауына 7 мыңнан астам кандидат қатысқан еді. Бұл орта есеппен алғанда, бір орынға үш адамнан келгенін көрсетеді.
«Қазақстан-2050» Стратегиясындағы басымдықтардың бірі – жергілікті жерлердегі билік органдарының өкілеттілігін арттыру. Осы тұрғыдан алғанда, өткен қазан айы еліміз үшін айтарлықтай жаңалықтарымен ерекшеленді деп айтуымызға болады. Өйткені, қазан айында баламалы негізде сайланған 2456 ауыл әкімі алғаш рет халық алдында есеп берді. Тұрғындармен әңгімелесіп, оларды толғандырған сұрақтарға жауаптар қайтарды. Атап өтейік, осы жылдың тамызында өткен әкімдер сайлауына 7 мыңнан астам кандидат қатысқан еді. Бұл орта есеппен алғанда, бір орынға үш адамнан келгенін көрсетеді.
Өткен уақыт баламалы негізде сайланған әкімдердің оң нәтиже беретіндігін дәлелдеп отыр. Мысалы, Ақмола облысындағы Андреевка ауылын алайық. Мәслихат депутаттары бұл ауылға жас әрі талапшыл Евгений Кареповты таңдап, Андреевка ауылдық округіне әкім етіп сайлаған болатын. Себебі, ол осы елді мекеннің жағдайын жақсы біледі, шешімін күткен проблемаларын да, оны шешудің жолдарымен де таныс. Оның үстіне ауылда әлеуметтік саланы, мәдениет пен спортты дамыту, басқа да мәселелер бар. Евгений Карепов бүгінде ауылдастарының қолдауына сүйене отырып, аталған жұмыстарды белсенді түрде қолға алу үстінде.
Еңбек етемін деген адамға ауылда жұмыс жеткілікті. Мұнда көпшілікке танымал «Нива» аграрлық шаруашылығы орналасқан. Шаруашылық басшысы Владимир Абермитті жергілікті биліктің көмекшісі, қолдаушысы десе де болады. Өйткені, Владимир Абермит ауылдық әкімдікте қаражат жетпей, әлеуметтік мәселелерді шешу кезінде үнемі көмектесіп отырады. Мәселен, шаруашылық басшысы осыдан біраз жыл бұрын ауыл ішіндегі жолдарды жөндеуге едәуір қаржы бөлді, тұрғындар жол азабын тартудан құтылды.
Жергілікті билік пен кәсіпкерлер тығыз ынтымақта жұмыс істегені екі жаққа да тиімді және пайдалы. Оның нәтижесін Андреевка ауылынан анық байқауға болады. Соның арқасында бұл елді мекеннен көшіп кетушілер азайды, қайта бүгінде осы ауылға қоныс тебушілер қатары жыл сайын көбейе түсуде. Отау құрғандар саны артып келеді. Мысалы, өткен жылы тоғыз нәресте өмірге келсе, биылғы жылдың өзінде 16 сәби жарық дүние есігін ашты. Әкімдік басшыларының айтуынша, жас отбасыларға қолдан келген көмектің барлығы жасала бермек.
Ауыл тұрғындары әкімдердің есеп беру жиынына белсене қатыса бастағаны қуантады. Олар бұрынғы енжарлықтан арыла бастағандай. Көтерген мәселелері, қойған сұрақтары ауылдың болашағына, оны өркендетуге бағытталған. Міне, бұл ауыл адамдарының ертеңгі күндеріне деген қызығушылықты тудыратыны анық. Ауыл әкімдерінің есеп беру қорытындысы осыны көрсетіп отыр. Өйткені, ауыл-аймақтағы проблема және оларды шешу – әкімнің ғана міндеті емес, ол бүкіл ауыл тұрғындарының міндеті.
Мәліметтерге қарағанда, бүгінгі күнге дейін әкімдер 4828 есеп беру кездесуін өткізген. Оған 400 мыңнан астам адам қатысқан. Қаралған мәселелердің ішінде қала маңына жүретін қоғамдық көліктердің қатынауы, білім беру, мәдениет, медициналық мекемелердегі кадр жетіспеушілігі, мал азығын дайындау, ауылшаруашылық өнімдерін өткізу, қыс маусымына дайындық, тағы басқа да өзекті мәселелер бар.
Бүгінде көпшілік елді мекендерде жол жөндеу, мектептер мен ауруханалар салу, балабақшаларда орынның жетіспеушілігі, электр энергиясымен, көгілдір отынмен қамтамасыз ету өткір мәселелердің бірі болып қалып отыр. Бұған, сондай-ақ, интернетке қолжетімділікті, ауылдық жерлерде пошта бөлімшелерінің жөнді қызмет көрсетпей келе жатқандығын қосуға болады. Осы проблемаларды өз деңгейінде шешіп, ауыл-селоны мүмкіндігінше дамыту «Қазақстан-2050» Стратегиясында көрініс тапқан. Жалпы, ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, халыққа талап деңгейінде қызмет көрсету – жергілікті жерлердегі әкімдердің төл міндеті. Ал оларға қолдау көрсетуден ауыл адамдары да сырт қалмауы тиіс. Сонда ауыл ажары ашыла түсетін болады.
Ауыл-село тұрғындарының жергілікті атқарушы биліктің жұмысына бақылау жасап, есеп беру жиындарында өзекті де өткір проблемаларды шешуге қатысуларына құқықтары бар. Міне, бұл жергілікті билік пен қарапайым халық арасындағы қарым-қатынасты, өзара түсіністікті нығайта түседі. Сондай-ақ, әкімдерге қызмет көрсетулер, мүлікті жалға беру, айыппұл есебінен табыс табуға мүмкіндік беріліп отыр. Түсетін осы қаражатты олар тұрғындармен келісу арқылы белгілі бір мақсатқа жұмсай алады.
Қорыта айтқанда, ауыл әкімдерінің жұмыстары әр тоқсан сайын бағаланып отырады. Ал сайланған ауыл әкімдерінің алғашқы есеп беру кездесулері іскерлік жағдайда өтті деп айтуымызға болады.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан».