• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Саясат 09 Қазан, 2020

Пара бермей, бара берсе қайтеді?

690 рет
көрсетілді

Жегі құртқа айналған жемқорлық пен жең ұшынан жалғасқан сыбайластық қай салада болсын қарқынды тамыр жайып барады. Ел экономикасын елеулі шығынға батырып отырған әрекеттерден әлі де арылатын түріміз жоқ. Бара берудің орнына пара беретін, ала берудің үстіне ала беретіндерге қарсы тұрар айла-шарғы қалмады ма?

 

Көп асқанға бір тосқан қайт­се де болады. Осы мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та баса мән бе­ріп, күні кеше «Қазақстан Рес­пуб­­ликасының кейбір заңна­ма­лық актілеріне сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл мәсе­ле­лері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойған еді. Алайда бұл өзгерістер мен толықтырулар не береді деген заңды сауал пайда болары анық. Білуімізше, заң сы­байлас жемқорлық көрі­ніс­те­рін жүйелі түрде алдын алу бойынша қосымша шаралар енгізуге бағытталыпты. Енді бұдан былай Азаматтық кодекс­те мемлекеттік қызметшілерге кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым салына­тын көрінеді. Бұл туралы Орта­лық коммуникациялар қыз­ме­ті­нің алаңында өткен баспасөз мәслихатында Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­тігі төрағасының бірінші орын­басары Олжас Бектенов мәлім­де­ді.

–  Азаматтық  кодекстің мемле­кет­­тік қызметшілерге қа­тыс­ты сый­лық беру мәсе­ле­­­лерін рет­­тейтін ере­же­ле­рін қолда­ныс­тағы заң­нама нор­ма­лары­мен үйлес­тіру қажет­ті­лігі «Қазақ­стан Респуб­ли­касындағы конс­ти­туциялық заңдылықтың жай-күйі туралы» Конституциялық Кеңестің 2018 жылғы 5 мау­сым­да­ғы Жолдауында көрсетілген болатын. Өздеріңіз білетіндей, қазір­гі уақытта Қылмыстық кодекстің 367-бабына сәйкес («Пара беру») мемлекеттік функ­цияларды атқаруға уәкі­лет­ті тұлғаларға, оларға теңес­ті­ріл­ген тұлғаларға, жауапты мемлекеттік лауазымды атқа­ра­­тын тұлғаларға немесе лауазымды тұлғаларға бұрын жаса­ған заңды әрекеттері (немесе әрекетсіздігі) үшін құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асатын сыйлықтар тарту қыл­мыс­тық жауапкершілікке әкеліп соғады. Ал Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 676, 678-баптарына сәйкес, жеке немесе заңды тұлғалардың аталған тұлғаларға заңсыз сый­лық­тар беруі әкімшілік сыбайлас жемқорлық әрекет болып табылады, – деді О.Бектенов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төра­­­ғасының бірінші орын­ба­са­рының айтуынша, қол­да­ныстағы заңнамада сыбайлас жемқорлық субъектілеріне олардың лауазымдық жағда­йы­на байланысты кез келген құнды сыйлықтарды сыйға тар­туға тыйым салынады. Егер құны 2 айлық есептік көр­сет­кішке дейінгі сыйлық әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатын болса, құны көрсетілген айлық есеп­тік көрсеткіштен жо­ға­ры сыйлық қылмыстық жа­уап­кер­шілік ретінде қарас­ты­рыл­мақ. Сондықтан Азаматтық кодекс­­тің 509-бабымен көздел­ген норманы Қылмыстық және Әкім­шілік кодекстерінің норма­ла­рымен сәйкес келтіруге тура келіпті.

– Сонымен қатар «Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда сыбайлас жем­қор­­лыққа қарсы шектеулер қабыл­дайтын тұлғалардың отбасы мүшелерінің материалдық сыйақы, сыйлықтар немесе көрсетілетін қызметтерді қабыл­дауына тыйым салынады. Екіншіден, Сыбайлас жем­қор­лық субъектілері саналатын квази­мемлекеттік сектор­да­ғы шенеу­ніктердің шеңбері кеңей­тіл­ді. Бұдан былай сатып алуды ұйымдастыру және өткізу бо­йынша шешімдер қабылдауға уәкілетті, мемлекеттік бюджеттен және Ұлттық қордан қаржыландырылатын жобаларды іріктеу мен іске асыруға жауапты, дербес құрылымдық бөлімшенің басшысынан төмен емес лауазымды атқа­ра­­тын квазимемлекеттік ком­пания­лар­дың қызметкерлері сыбайлас жемқорлық субъектілеріне жатады, – деді спикер.

Яғни ондай тұлғалар «Сы­бай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда көз­дел­ген сыбайлас жемқор­лық­қа қарсы шектеулерді толық көлемде қабылдап, сыбайлас жем­қорлыққа қатысты құ­қық­бұ­­зу­шылықтар жасаған жағ­­­дай­да анағұрлым ауыр жауап­кер­шілікке тартылатын болады. Бұрын мұндай нор­малар квазимемлекеттік ком­паниялардың бірінші басшыларына қатысты ғана қол­да­нылатын еді. Енді жауап­қа тартылатындардың ауқы­мы айтарлықтай кеңейіп отыр. Сондықтан маңызды мемле­кет­тік жобаларды сатып алуға және іске асыруға жауапты құрылымдық бөлімшелердің бас­шыларын сыбайлас жем­қор­лық субъектілеріне жатқызу – аса маңызды қадам деуге болады.

– Құрылымдық бөлім­ше­лер­дің басшылары өздері немесе үшінші тұлғалар үшін заңсыз, бірақ тиімді шешім қа­был­дай алып, өздерінің лауа­зым­дық міндеттеріне қарай сеніп тапсырылған бөлімше қыз­меткерлерінің қандай да бір сыбайлас жемқорлық схема­ларына қатысуына жол бермеуге мүмкіндігі бар. Бұл тү­зе­ту сыбайлас жемқор­лық­қа қар­сы комплаенс-қыз­мет­тердің енгізілуімен бірге квази­мем­ле­кеттік сектор қызмет­кер­лері тарапынан теріс әрекеттердің алдын алудың және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмаудың тиімді шарасы бо­лады деп ойлаймыз, – деп отыр О.Бектенов.

О.Бектеновтің айтуынша, «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» заңда және басқа да бірқатар заңдарда мем­ле­кеттік функцияларды атқа­руға уәкілеттік берілген адам­дар мен оларға теңестірілген адам­дар жақын туыстары, жұбай­лары немесе жекжаттары ат­қа­ратын лауазымдарға тікелей бағынысты лауазымдарды ғана атқара алмайтынын, сондай-ақ жақын туыстары, жұбайлары немесе жекжаттары тікелей ба­ғы­нысты лауазымдарды иелене алмайтын нақты көрсетілген.

– Мемлекеттік лауазымға, мем­ле­кеттік немесе оларға те­ңес­­тірілген функциялар­ды орын­дауға байланыс­ты ла­уа­зым­­ға кандидат болып саналатын адамдар үшін өзде­рі үміт­теніп отырған лауазым­ға орналасуға ұйымның басшы­лы­ғына осы ұйымда жұмыс істей­тін жақын туыстары, жұба­йы және (немесе) жекжаттары туралы жазбаша хабарлау міндеті енгізіледі. Сонымен қа­тар квазимемлекеттік сектор ұйымдарында парасаттылықтың корпоративтік стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізіліп отыр, – деді О.Бектенов.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төра­ға­сының бірінші орынба­са­рының айтуынша, комплаенс ұғымы батыс елдерден келіпті. Ол кез келген ұйымда сыбайлас жемқорлықты болдырмау мақсатында кешенді жұмыс жүргізетін, бірінші басшыға тікелей бағынатын құрылымдық бөлімше саналады.

– Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасын орындау үшін заңда жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамдардың қылмыстарды арандатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген. Қылмыстық кодекске «қылмысқа арандату» деген 412-1-бап енгізіледі, ол тек парақорлықпен шектелмей, кез келген қылмысты қам­титын болады. Бұл ретте, жедел-іздестіру қызметін немесе сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын лауазымды адамның, кейіннен әшкерелеу және қылмыстық жауап­тылыққа тарту немесе бопсалау мақсатында адамды қылмыс жасауға көндірген заңсыз әрекеттері, қылмыстың арандатуына жатады, – деп отыр спикер.

Оның айтуынша, аталған бап, әрекеттердің ауырлығына және салдарына байланысты үш бөліктен тұрады екен. Бұл заңсыз әрекеттердің зорлық-зомбылықпен не күш қолдану қате­рімен ұштасқанына, мү­лік­­тің жойылуына немесе бүлінуіне әкеп соққанына, не адамның материалдық немесе өзге де тәуелділігін пайдалана отырып жасалғанына, қыл­мыс­тық топтың мүдделерінде жасалғанына, не олар өзге де ауыр зардаптарға әкеп соққанына қарай жаза тағайындалатын болады. Жазаның жеңіл түрі – жеті жылға дейін белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл бас бостандығынан айыру. Ең жоғарғы санкция – белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, 12 жылға бас бостандығынан айыру. Осы түзетуді қабылдау, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауды күшей­ту­ге ықпал етеді, лауазымды тұл­ға­­лардың заңсыз іс-әрекет­те­ріне қосымша тосқауыл болады.

– Сонымен қатар заңға сәйкес, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі уәкі­летті органның жедел-тергеу бөлімшелерінің қыз­мет­керлеріне тұрғын үй тө­­лем­­дері белгіленеді. Тұрғын үй мәселесін шешу қызмет­кер­лердің тиісті уәждемесін қам­тамасыз ету мақсатында ғана емес, сондай-ақ сыбайлас жем­қор­лық тәуекелдерінің алдын алу үшін де маңызды болып отыр. Осылайша заңмен 3 ко­декске, 7 заңға түзетулер енгі­зіл­ді, – деді О.Бектенов.

Осы мәселеге қатысты Агент­­­­тік жанындағы рес­публи­ка­­­лық арнайы мониторингтік топ мүшесі, Еуропалық құқық және адам құқықтары сарап­та­ма­лық институтының директоры Марат Бәшімов те өз ойын білдірді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мылдың заңнамалық негіз­де­рін жетілдіруге қатысты ойын ортаға салып, пікірімен бөлісті.

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі алғаш­қы­лардың бірі болып түрлі көз­қарастары мен пікірлері бар белсенділерді тарта бас­тады. Егер сен өз еліңнің патриоты болсаң және сыбайлас жемқорлықпен күрескің келсе – қол ұшын соз. Бұдан әрі азаматтық-құқықтық және қылмыстық-құқықтық жауап­кер­шілікке қатысты Еуропа­лы­қ конвенциялар нормаларын енгізу бойынша жұмыс жүргізіледі. Онда қатаң нормалар бар және олардың көпшілігі құ­жаттың жаңа пакетінде кө­рі­ніс тауып отыр, – деді М.Бәшімов.

 

P.S. Иә, тарам-тарам тамыр жайған жемқорлыққа балта сілтейтін кез келді. Әлдеқашан келген. Осындай адам сүйгісіз әрекетке барғандар ел қоржынын ортайтып қана қоймай, ертеңгі ұрпақтың жарқын болашағын қанап-тонап жатқанын біле ме екен осы? Біледі ғой, әрине. Біле тұра ебін тауып екі жеп жүргендер азаяр емес. Ойланарлық жайт...