Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы Жолдауында шағын және орта бизнес саласын сауықтырудың жолдары кеңінен айтылған болатын. Ендігі жерде Президенттің кәсіпкерлерді қолдау тетіктерін жетілдіру мен агроөнеркәсіп кешенін дамытуға қатысты Үкіметке берген тапсырмасы аяқсыз қалмауы тиіс. Әсіресе бұл мәселенің өңірлерде қапысыз орындалуы абырой болар еді.
Президент өз Жолдауында «Өнеркәсіпке қолдау көрсетудің нақты шараларын да жетілдіру керек. Бізде жүйелі әрі біртұтас ұстаным жоқ. Соның салдарынан сансыз көп жобаға қаражатты ысырап етіп отырмыз. Әрине, өнеркәсіпке қолдау көрсетудің кең көлемді қамтитын ауқымды шараларын сақтап қаламыз. Сонымен бірге Үкімет стратегиялық тұрғыдан маңызды өндірістерді, негізгі экспорттық басымдықтарды айқындап, қолдау шараларының аясын кеңейту керек...» деп атап өткен болатын. Демек, істің нәтижелі болуы өнеркәсіптің негізі тірегіне айналған аймақтардың жағдайына тікелей қатысты. Осы жерде Жолдау жүктеген міндеттен туындайтын шаралардың Алматы облысында қалай қолға алынып жатқаны жайында айтқан орынды.
Бұйырса, Президент Жолдауында нақтыланған бағыт бойынша Алматы облысындағы 1,5 мыңнан астам кәсіпкерлік субъектілері мемлекеттік және аймақтық бағдарламалар арқылы қолдауға ие болмақ. Облыс осы мақсатқа шамамен 15,8 млрд теңге қаржы қарастырып отыр. Оның ішінде «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 9,1 млрд теңге, «Еңбек» бағдарламасы аясында, қалаларға 279,5 млн теңге, ауылды жерлерге 6 млрд теңге бөлінген. Ал кәсіп иелеріне грант ретінде 1 млрд теңге жұмсау жоспарда тұр. Енді осы игіліктің шарапатын көретін өндіріс орындары аймақтың экономикасын өркендетуге үлес қосуы керек. Оның үстіне, бұған дейін Үкімет қабылдаған дағдарысқа қарсы шараларға сай облыстың 118 875 кәсіпкерлік нысаны салық жеңілдігіне ие болған.
Жалпы, облыстағы шағын және орта бизнес мемлекет тарапынан көрсетілген қолдауға қарымта ретінде өндірістік табысқа ұмтылуда. Мысалға, өткен жылы осы саланың өндірген өнімі 1 млрд теңгеден астам соманы құрады. Ал биылғы бірінші тоқсандағы өндіріс көлемі 260,7 млрд теңгеге жеткен. Яғни Алматы облысының өнеркәсіп орындарының өнім өндіруіне қатысты мәселе туындамайтыны анық.
Енді өңір экономикасының екінші арқа сүйеріне айналған ауыл шаруашылығы саласын қолдауға қатысты бірер сөз. Жолдауда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін емес. Бұл салада шешімін таппай келе жатқан өзекті мәселелер бар. Атап айтқанда, жұрттың жерге қол жеткізе алмауы, ұзақ мерзімге берілетін «арзан несиенің» болмауы, кәсіби мамандардың тапшылығы. Өнімділікті арттырып, шикізат өндірумен ғана шектелмеу үшін, сондай-ақ қойма және көлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында шұғыл шаралар қабылдау керек» дегенді айта келе, агросаланың адымын ашып, табиғи өнімнің көзіне айналатын шаруашылықтардың қанат қағуына жасалатын жағдайдарды тізіп берген болатын.
Облыста өткен жылы агроөнеркәсіп кешенін дамытуға 44,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген екен. Оның ішінде 14 бюджеттік бағдарлама бойынша 43,2 млрд теңгенің субсидиясы берілген. Биыл бұл бағытта 42,6 млрд теңге қаражат бөлініп отыр. Оның ішінде 39,1 млрд теңге өнімді субсидиялауға беріліп жатыр. Алайда өңірде нақты шараның шарапатын көрмей отырған шаруалар да бар.
– Үкімет асыл тұқымды мал басын көбейту үшін шаруалдарды ынталандырып, мал басына субсидия береді. Әрине, өте дұрыс әрі қажетті қолдау. Алайда, осы жерде істі жүзеге асыратын тетіктердің дұрыс жұмыс істемеуінен шаруалар зардап шегіп отыр. Шаруаларды субсидиялау да дер кезінде жүргізілмей, біздің ұлттық компания мен ауыл шаруашылығы басқармасының арасында сенделіп жүретініміз жасырын емес. Бұл жердегі кінә «ҚазАгро» ұлттық компаниясының шаруаларға несие беру кезіндегі ерекшеліктерді ескермеуінен шығады. Яғни кеңселерде мал шаруашылығының жағдайынан бейхабар мамандар отыр. Ал компанияның қызметі мемлекет қаржысын таратып, оны өсіммен жинап алу емес қой? Әрі бұл жерде шаруа қожалығы, жергілікті әкімдік және ұлттық компания арасында жүйелі байланыс жоқ. Кей аудандарда ортақ дерекқор да жасалмаған. Соның кесірінен бір ғана Алматы облысында қаншама шаруа зардап шегіп жүргенін білемін. Мен өзім отызға жуық анықтама жинап, құжат өткіздім, – дейді Панфилов ауданындағы «Шүкейіт Ата» шаруа қожалығының басшысы Мұхтар Аханов.
Шаруаның айтып отырған мәселесі Президент Жолдауында айтылған міндетпен сәйкеседі. Қасым-Жомарт Тоқаев «Квазимемлекеттік секторда әкімшілік-басқару жұмысымен айналысатын қызметкерлердің санын, пайдасыз шығындарды және басы артық еншілес компанияларды қысқарту жұмыстары жалғасын табуға тиіс...» деген еді. Сол сияқты, ұзақ мерзімге берілетін пайызы төмен несиенің болмауы мен агроөнеркәсіп саласын дамытуға жаңаша көзқараспен қарайтын білікті мамандардың аздығы да отандық ауыл шаруашылығы саласын дамытуға кедергі болып отырғаны да Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында ашық айтылған болатын.
Алматы облысы