Шымкентте Қазақстанда болмаған цирк өнері туралы телесериал түсіріліп жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
"Шымкент-Цирк" МКҚК мен "САҚ" киностудиясының шығармашылық байланысы сонау 2018 жылы Қ.Мұңайтпасовқа арналған "Ұлы дала ұрпағы" қойылымын ұйымдастырудан бастау алады. Қажымұқан туралы "САҚ" киностудиясынан шыққан мульфильм осы жобада орынды қолданылды.
Қос шығармашылық ұжым бірлесе отырып, бірегей ұжымы бар цирктің күнделікті тыныс-тіршілігін көрсететін ірі танымдық көркем фильм жобасын қолға алды. 25 минуттан тұратын 10 сериялы бұл фильмде артистердің төккен тері, ғажайыптар құпиясы және ерекше номерлер көрсетіледі. Көрермен республикадағы үшінші кәсіби цирктің құрылуын, қалыптасуын, өсіп-дамуын, сондай-ақ жастарды цирк өнеріне тартып, баулуды, аңдармен жұмыс жасау өнерін, т.б. қызықты оқиғаларды тамашалайды.
Жоба Қазақ мемлекеттік циркінің 50 жылдығына және "Шымкент-Цирктің" 10 жылдығына арналады.
Фильм "Манеж" деп аталады. Манеждегі қиындықтарға қарамай, кейбір кемшін тұстарды елемей, цирк артисі әрдайым көрерменге көтеріңкі көңіл сыйлайды, мереке ұсынады. Циркте әрқашан тәртіп сақталады. Бұл жерде батыл, ширақ, рухы мықты, өз ісіне берілген адам ғана істейді. Авторлардың ойынша, көрермен бұл фильмді көре отырып, цирк өнеріне деген танымын тереңдете алады, әр номердің қызығы мен қиыншылығының арақатынасын ажырата алады. Жастардың бойында циркке деген мақтаныш сезімі орнайды.
Кинокартина авторларына цирктегі аңдарды түсіру оңай соқпай жатқан көрінеді. "Мәселен, арыстандардың бір дублін түсіру үшін 2 күн кетті", - дейді Арман Алиев. Шығармашылық топ жаңа жылға дейін екі сериясын түсіріп бітуді жоспарлап отыр. Сериалға 100-ге жуық актер қатыстырылмақ.
Түсірілімдер Шымкент циркте және қаланың көрікті жерлерінде ұйымдастырылып, артистердің өнерін көрсететін кадрлар пайдаланылады.
Жобаның ерекшелігі - фильм түсіруші авторлар мен қатысушылардың жалаң энтузиазміне құрылғандығында.
Режиссер, сценарист Б.Дауренбеков пен идея генераторы, бас консультант , Шымкент цирк директоры А.Алиевтың шығармашылық тандемі Шымкент қаласы мәдениеті қызметіндегі өзара ынтымақтастық пен пікірлестікті айқындайды.
Пандемиялық карантин кезінде республика бойынша киноиндустрия саласы локдаунға түсіп жатса, екі ұжымның жұмысы керісінше жандана түсіпті. "Себебі, аңдармен бір күн жұмыс жасамай қалсақ, олар бәрін ұмытып қалады. Карантиндік шектеулерге орай жаттықтырушылар мен аңдарға арнайы бөлме беріп, олар осында қонды", дейді цирк директоры.
Шымкент