Бүгін Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық коммуникациялық орталығында "Intellectualdy ult" жалпыұлттық жобасы аясында бірқатар (шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ сайысы) жобалардың таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.
Шараға қалалық Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жанар Бектаева мен жоба жетекшісі, “Еркін ой” газетірің бас редакторы Балтабек Түйетаев қатысып, бірегей жоба туралы толыққанды айтып берді.
Осылайша алдағы аптада Шымшаһарда шахмат пен тоғызқұмалақтан "Ойлы болсаң, озып көр!" атты зияткерлік байқауы ұйымдастырылмақ. Интелектуалды жарыс 15 қазанда басталып, жыл соңына дейін жалғасады. Жалпы жүлде қоры 2,5 млн теңге.
Байқау карантин талаптарына сәйкес қатысушылар арасында ара қашықтықты қатаң сақтай отырып өтетін болады.
Жарыс Елбасының "Рухани жаңғыру" бағдарламасы шеңберінде және "Интеллектуалды ұлт – 2020" жобасы аясында Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтың қолдауымен ұйымдастырылып отыр.
Шаһарымызда өтетін зияткерлік ойындардың мақсаты жеке бастың мінез-құлқының қалыптасуына, ұстамды және ізденімпаз болуына, ойлау қабілетінің артуына ықпал ету болып табылмақ.
"Әлемдегі көшбасшы мемлекеттер ең әуелі білім беру оның ішінде зияткерлікті жетілдіру жүйесіне ерекше назар аударады. Сондықтан біз 2019 жылдан бері аталған жобаны жүзеге асыру бойынша көп жұмыс атқардық. Жастардың саналы әрі бәсекеге қабілетті болуы және стратегиялық ойлауын дамыту мақсатында осы шараны қолға алып отырмыз", деді Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Жанар Бектаева.
"Еркін - ой" газетінің бас редакторы Балтабек Түйетаевтың айтуынша байқауда қатысушылар 3 топқа бөлінеді.
Тарқатып айтар болсақ, І топ – жас өспірімдер (14 жасқа дейін); ІІ топ – ересектер (40 жасқа дейін); ІІІ топ – Ардагерлер арасында өзара сайысқа түспек.