• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Білім 12 Қазан, 2020

«Әліппе» қалай оралады?

3561 рет
көрсетілді

Еліміздің бас басылымы алғаш­қылардың бірі болып «әліппе» оқулығының оралатынын сүйін­шілеген еді. Бар кітапқа бас бол­ған «әліппенің» енді қан­дай нұсқада, қашан және қай әдіс­теме, қайсы мазмұнмен қай­тарылатыны көпшілікті алаң­да­тып отыр. Осы орайда газетіміз қоғамда туындаған көкейкесті сұрақтарға жауап табу үшін дөң­гелек үстел ұйымдастырды. «Әліппе» қалай оралады?» атты талқылауда сала маманда­ры мектеп бағдарламасына қай­та енгізілетін оқулықтың ол­қылықтарын болдырмау жолдарын қарастырып, өзекті сауалдарға жауап беріп, өзара пікір алмасты. Оқырмандарға он­лайн режімде өткен іс-ша­ра­­ның жазбаша нұсқасын ұсынамыз.

(Тақырыпқа арналған мақаланы төменнен оқисыздар)

 

 

Оқулық әлі жазылған жоқ

«Egemen Qazaqstan»:

Әліппе оқу­лығы 2021 жылы қайта орала­ды. Әне-міне, 2020 жыл да аяқ­талып қалды. Оқулықтың әзір­ле­ну барысы қалай болып жатыр? Үл­ге­реміз бе?

Манара ЕЛЕКЕНҚЫЗЫ, 

Ы.Алтын­сарин Ұлттық білім ака­де­­миясы жанындағы «Орта бі­­лім беру» орталы­ғының дирек­то­ры:

Білім және ғылым ми­нистрі А.Аймағамбетовтің 2021-2022 оқу жы­лына 1-сынып оқулықтары мен оқу-әдіс­те­мелік кешенін қайта басып шығару және «Әліппе» оқулығын оқу процесіне енгізу туралы тап­сырмасына сәйкес Жол кар­тасы әзірленіп, бекітілді. Осы­ған орай «Әліппе» пәнінің оқу бағдарламасын талқылау мақ­сатында министрдің мақұл­да­уым­ен ғылыми-педагогикалық интел­лигенция өкілдері, көрнек­ті қоғам қайраткерлерінен тұра­тын тұжырымдамалық кеңес құрылды. 2020 жылғы сәуір­дің 30-ы күні аталған тұжы­рым­да­малық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткізілген онлайн кез­десуде оқу бағдарламасының жобасы талқыланып, нәтижесінде оны А.Байтұрсынұлының әдіс­те­месіне негіздей отырып әзір­леп, мамыр айының 30-на дейін тапсыру туралы шешім қа­был­дан­ды. Осыған сәйкес жұмыс тобы құрылып (Білім және ғы­лым министрлігі бекіткен тізім­ге сәйкес 18 адам), мамыр айы­ның 5-19 күндері аралығында Ы.Алтынсарин атындағы Ұлт­тық білім академиясының ұйым­дастыруымен 10 отырыс өткі­зіліп, 25 мамырда Білім және ғылым министрлігіне бекі­туге ұсынылды. Жұмыс тобы­ның отырыстарында әліппені оқы­тудың мақсаттары мен мін­деттері, әріптерді үйрету реті анықталып, оқыту жүйе­сі А.Байтұрсынұлының әдіс­те­ме­­сіне сәйкестендіріліп қайта жа­с­алды. Қазіргі уақытта оқу бағ­­дарламасы министрлік құр­ған сараптамалық комиссия қарауынан өтіп, бекітуге ұсы­ныл­ды.

Негізі әліппе оқулы­ғы­ның маз­мұны мектеп бағ­дар­ла­ма­сы­нан мүлде алынып тастал­маған еді. 2016 жылы еліміз­дегі орта білім беру ұйым­да­ры жаңартылған білім беруге көш­кенде әліппенің барлық тақы­рып­тары, мазмұны 1-сыныптарға арналған сауат ашу оқулығына енгізілді. «Әліппе» және «ана тілі» атты екі бөлім сауат ашу оқулығында болды. Бірақ ата-аналардың да, қазір немерелерін мектепке берген ата-әжелердің де әліппе оқулығын бұрынғыдай бөлек қолға ұстауды жөн көр­ге­ні, қоғамдық талқылауға түс­кені аян. Сол себепті әліппе оқу­лы­ғы­ның бағдарламасын бөлек әзірлеу жұмысын қолға алдық. Оқулық әзірге жазылған жоқ, себебі алдымен оның бағ­дар­ламасы бекітіліп, оқулық жазатын авторларымыздың қолына тиюі тиіс.

«Egemen Qazaqstan»:

Оқу­лық­тың бағдарламасы бекі­ту­ге тапсырылған екен. Бағ­дар­ла­мада не бар? Бағдарла­маның маз­мұны өте маңызды ғой, себебі оқу­лық сол бағдарламаның негізінде әзір­ленеді.

Манара ЕЛЕКЕНҚЫЗЫ:

Иә, бағдарламаның мазмұны аса маңызды. Әліппе оқулы­ғы­ның оқу бағдарламасы екі оқулықтың бағдарламасы негі­зін­де жүзеге асырылады. І жар­ты­жылдықта әліппе оқу­лы­ғы, ІІ жартыжылдықта ана тілі оқу­лығымен оқиды. Балалар бұ­рынғыдай әліппені арнайы оқу­лық ретінде ең бірінші қолға алады.

 

Ұлт ұстазы әріптерді әліпби бойынша бермеген

«Egemen Qazaqstan»:

Министр А.Аймағамбетов жаңа әліппе А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірленетінін айт­ты. І ғасыр бұрынғы әдістеме мен оқулықтың мазмұны қазіргі заман та­лап­тарын қаншалықты қанағат­тан­дырады?

Азия ЕЛЕУПАНҚЫЗЫ,

әліп­пе оқулығының авторы:

Әліппе оқулығының оқу бағдар­ла­ма­сы А.Байтұр­сын­ұлы­ның әдістемесі негізінде әзірленді. Жалпы баланың са­уатын ашу процесі үш кезеңнен тұрады. Соның алғашқысы – әліппеге дейінгі кезең. Екіншісі – әліппе кезеңі, соңғысы – әліп­пе­ден кейінгі кезең. Алғаш­қы екі кезеңнің мақсат-міндеттері бойынша әліппе оқулығы, соңғы кезеңдегі мақсат-міндеттер не­гі­зінде ана тілі оқулығы жазылады.

Ақиқатында әдістеме ешқа­шан ескірмейді, тек жылдар өт­кен сайын заманның талабына сай қайта жаңартылып, өңделіп оты­рады. Біз әліппе пәнінің оқу бағдарламасын немесе кейін бағдарламаға негізделіп жазылатын оқулықты ұлт ұстазы көр­се­ткен әдістемеге сүйеніп жаза­мыз. Бірақ ондағы мазмұн, қор, тапсырмалар жинағы заманауи кейіпкерлермен, бүгінгінің балаларына түсінікті тілмен, терминдермен беріледі. Осының өзі оқушыларды қызықтырып, жаңа заман талаптарын қа­нағат­тан­ды­ра алады.

Не­гізінде жылдар бойы қол­­да­­ныста келе жатқан бала­ның сауатын ашуға арналған оқулықтарды жіті зерттеген адам А.Байтұрсынұлы әдісте­ме­сінің әрдайым әліппеге не­гіз болып келе жатқанын түсі­нер еді. Мысалы, көп адам қара­пайым ермексазбен жұ­мыс­ты, яғни онымен әріптерді таңбалап үйрету әдісін жаңаша дүниедей, болмаса кейін пайда болғандай қабылдауы мүмкін. Алайда 1925 жылы шыққан А.Байтұрсынұлының әліппе оқулығында дәл солай «ермексазбен жұмыс» деп берілген. Көрдіңіз бе? Ұлт ұстазының әдістемесі әліппеге биыл ғана негіз болғалы тұрған жоқ. Бұл әрқашан әліппе авторларының жол көрсетер темірқазығындай болып келеді. Тағы бір мысал, «Тыңдалым, айтылым, жазы­лым дағдыларын дамыту ағылшын тілін үйретудің әдіс­темесінен алынды» деген жаң­сақ пікірлер бар. Иә, атауынан солай ой түйетін шығар. Дегенмен А.Байтұрсынұлының «әңгімелесу» әдісі мұғалім мен оқу­шының арасындағы диалогта қолданылады. Өзіңіз ойла­ңыз­шы, мұғалім сұрақ қойғанда немесе оқушы мен оқушы сөй­лес­кенде бала тыңдайды ғой және жа­­уап беру арқылы айту дағ­дысы қалыптаспай ма?

«Egemen Qazaqstan»:

Жақсы, ұлт ұстазының әдістемесі әрда­йым қолданыста келе жатыр делік. Сонда алдағы мектеп бағ­дар­ламасына енгізілетін жаңа әліп­педе жаңалық болмай ма? Нақ­ты қандай әдістер жаңа әліп­пеге негіз болады?

Азия ЕЛЕУПАНҚЫЗЫ:

Баланың сауатын ашудың бірін­ші кезеңі – әліппеге дайын­дықта бала әріп пен дыбыс­ты тануға даярлануы керек. А.Байтұрсынұлының «Ды­быс­пен жаттығу» деген мақаласында мұның әдістемелік талаптары көрсетілген. Біз әліп­пеге де­йін­гі кезеңнің міндеттерін жаз­­ған кезде дәл сол талаптарды қа­дам­дар­мен көрсетіп қой­дық. Бұл – ертең әліппе оқу­лы­­ғын жазатын авторларға да аса қажетті ақпарат. Екіншіден, ұлт ұста­зы­ның осы уақытқа дейін толық және жүйелі түрде қол­да­нылмай келе жат­қан әдіс­те­месінің жүзеге асатын­ды­ғы.

Бұдан бөлек әліппеге дейінгі кезең­нің міндеттерін айқындауда А.Бай­тұр­сынұлының «Шағын сөзді», «Жал­қы­лаулы-жалпы­лау­лы», «Жазу-оқу» әдіс­терін басшылыққа алып отырмыз. Мәселен, сауат ашуда қазір «Ды­бысты талдау-жинақ­тау» деп аталатын әдісті А.Байтұр­сын­ұлы кезінде «Жалқы­лаулы-жалпылаулы» әдіс деп берген. «Дыбыстық талдау дағдыларын қалыптастыру» міндеті арқылы сөй­лем­нен сөзді, сөзден буынды ажыратып, буыннан өтілетін дыбысты таныту мақсат етілген.

«Egemen Qazaqstan»:

Әліп­пе­нің қайтарылатынына қоғам болып қуандық. Жаңа әліппе енді бізді сапасымен қуанта ала ма? Жалпы, оқулық олқылықсыз болуы үшін не істеу керек?

Азия ЕЛЕУПАНҚЫЗЫ:

1998-2017 жылдар аралығында қол­даныста болған, кейін жаңар­тыл­ған білім мазмұны бойын­ша әзірленіп, бағдарламаға енгі­зілген 2-4-сыныптардың қазақ тілі оқулықтарын жаздық. 2008-2015 жылдарда оқытылған 1-сы­нып­тың ана тілі оқулығының да авторларының бірімін. Осы тәжіри­беме сүйеніп айтар болсам, ешқашан мінсіз оқулық болмайды. Оқулық әрдайым толықтырылып, өңделіп отырады. Қазір қолданылып жатқан сауат ашу оқулығы Бастауыш білім бе­ру стандартына негізделіп, оқу бағдарламасына сәйкес жазылған. Оқушыға хат таныту, оқу-жаз­уға үйрету, тілін дамыту мен сауат ашудың кезеңдік ерекшеліктері ескерілген. Сондай-ақ тыңдалым, айты­лым, жазылым мақсатты түрде көзделген. Осыған орай оқулық­та тыңдауға, айтуға, жазуға қатыс­ты тапсырмалар бар. Ал сол оқулықтағы әліппеге дейінгі кез­еңде «тыңда» деп берілген тап­сыр­маны көп ата-ана оқумен шатастырды. «Әріпті әлі толық танымайтын бала мәтінді қалай оқиды?» деп шулады. Әліппеге дейінгі кезеңде біз балаларды суретке қарап өз ойын жеткізуге, әңгімелей білуге, ойдан сөйлем құрастыруға үйретуіміз керек. Ал тыңдауға берілген тап­сыр­малар баланың сөйлеу әре­ке­тін дамытуға көп көмегін тигі­зеді. Әдістемеден, оқулыққа қойылатын талаптардан, жаңа бағдарлама мазмұнынан хабары жоқ адамдар да сын-пікір айтып жатады. Осыдан 4 жылдай бұрын бір журналист: «Сауат ашу оқулығында «А» әрпі 35-бетте оқытылады. Бұл оқулықта жүйелілік жоқ. Әліпби «А» әрпінен басталмаушы ма еді», деді. Осындай негізсіз сындар жұмысқа, ең маңыздысы дұрыс оқыту процесіне кедергісін келтіреді. Біз мысалы, алда оралатын жаңа әліппе оқулығын А.Байтұрсынұлының әдістемесі негізінде әзірлемекпіз. Ал ұлт ұстазы өзінің оқулығында әріп­тер­ді әліпби бойынша өтпейді, дауысты және дауыссыз дыбыс­тар­ды алмастырып отырып бер­ген. Өйткені бұл буын, сөз құ­рау­ға керек. «А» дыбысынан кейін үні бар дауыссыз дыбыс болуы қажет. Сонда алдыңғы тұрған «А» дыбысы мен одан кейінгі дауыссыз дыбысты қатар айтқан бала екі дыбыстан құ­рал­ған сөзді тез меңгеріп алады. Біз осы тұжырымды басшылыққа аламыз.

«Egemen Qazaqstan»:

Рас, сынды да маманы айтса, орын­ды болады. Сондықтан біз тал­қы­лауға бі­лім саласының сарапшысы, осы­ған дейін әзірленген бір­неше оқулықты сараптамадан өткі­зуге бел­сенді атсалысқан, өзі де оқулық жазған Гүлнар Әбдірахманқызын ша­қыр­дық. Гүлнар Әбдірахманқызы, әлбет­те қателіксіз, мінсіз ештеңе болмайды. Дегенмен оқулықтардағы өрескел олқылықтардың болуына не себеп? Алдағы әліппе оқу­лығы са­палы мазмұнмен оралуы үшін не істемек керек?

 

Балық – басынан, оқулық – бағдарламасынан

Гүлнар ӘБДІРАХМАНҚЫЗЫ,

Білім сарапшылары қазақ лигасының вице-президенті:

Оқу­лықтарды сараптамадан өткізе­тін шығармашылық жұ­мыс топтарында болғанымда әріп­тестер болып ортақ тұжы­рым­ға тоқтадық. Сіз қанша оқулықты жақсы жазыңыз немесе оқулық дайын болғаннан кейін тыңғылықты сараптамадан өткізіңіз, тіпті апробацияға жібергенде қателіктерді практиктермен бірге талдап табыңыз, бірақ оқулықтың бастапқы бағдарламасы дұрыс болмаса, бәрі бекер. Барлығы басынан түзетілуі тиіс. Кейбір оқулық авторлары да «Бағдарламада кем­шіліктер кеткендіктен, біз­ге дұрыс оқулық жазу да қиын», дейді. Сол себепті әуелі бағдарламаны сынақтан өткізіп алу керек. Мәселен, жаңа әліппенің оқу бағдарламасы бекітілуге тапсырылып қойды. Ал сол бағдарлама сынақтан өткізілуі керек еді. Осындай маңызды кезең тағы да қалып қойды. Ертең тағы қиындық тумай ма?

Манара ЕЛЕКЕНҚЫЗЫ:

Жоғарыда атап өткенімдей, біз бағдарламаны әзірлеп, Білім және ғылым министрлігіне 25 мамырда бекітуге өткіздік. Бағдарламаны әзірлеумен айналысатын жұмыс тобынан бөлек Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен Тәуелсіз сарап­та­малық топ құрылды. Атал­ған топ бағдарламаны әзір­леу­ге қатысқан жоқ. Тәуелсіз сарап­та­малық топтың құрамында да әдіскерлер, практиктер, ғалымдар болды. 15 адамнан тұ­ратын топты жауапты ведом­ство бекітіп, тікелей өзі құр­ған. Осы топ бағдарламаны қа­ра­ды. Тәуелсіз сараптамалық топ қарап шыққаннан кейін бағдарламаға қатысты сын-пікір, ескертпелерін қалдырды. Біз соның негізінде бағдарламаны қайта қарап, әзірлеп шықтық. Сол өң­делген нұсқаны мамырдың 30-на дейін министрлікке қайта тапсырдық.

Гүлнар ӘБДІРАХМАНҚЫЗЫ:

Бағдарлама бекітілген соң ака­де­миян­ың сайтына ілінеді ғой, сонда бағдарламаны сараптамадан өткізген Тәуелсіз сараптамалық топ мүшелерінің аты-жөні де көрсетілгені жөн. Бұл – мен секілді сарапшының ғана емес, жалпы қоғамның, ата-аналардың ортақ талабы. Сонымен қатар ашықтық пен жариялылықтың оқулықты сараптамадан өткізгенде де көп көмегі болады. Себебі оқулық авторлары көбіне бағдарламаға сілтейді. Сондайда бағ­дарламаны сараптамадан өткізген мамандармен тікелей тілдесіп, мәселені шеше аламыз. Содан соң біз әдетте тек оқулықты апробация­дан өткіземіз. Шын мәнінде бағдарлама да сынақтан өткізілуі тиіс.

 

А.Байтұрсынұлының әліппесі оралмайды

«Egemen Qazaqstan»:

2025 жылдан бастап латын графикасына көшеміз. Сонда 4 жылдан кейін әліппені қайта жазуға тура келе ме?

Гүлфар МӘЖИТҚЫЗЫ,

Ш.Шаях­метов атындағы «Тіл-Қа­зы­на» ұлттық ғылыми-прак­ти­­калық орталығы, Орфография бас­­қармасының жетекші ғылыми қыз­мет­кері:

Дөңгелек үстелдің тақырыбы өте өзекті. Көп оқырман әліппенің қа­лай оралатынына мән бермей, пікір білдіре береді. Бұл тұрғыда маман­дар­дың, кәсіби сарапшылардың сөзін мұқият тыңдағаны жөн. Себебі мен «А.Байтұрсынұлының әліппесі оралады» деген ұранға, пафосқа толы пікірлерді соңғы кезде тым жиі бай­қап жүрмін. Демек, қоғамдағы осындай пікір білдіріп жүргендер А.Байтұрсынұлы жаз­ған әліппенің құ­рылымымен таныспаған. Өйткені ұлт ұста­зының әліппесі араб жазуына негізделген. Қазіргі кирилл немесе алда енгізілетін латын әліпбиінде жазылатын әліппе ешқашан да А.Бай­тұр­сынұлының оқулығындай бо­ла алмайды. Осыны түсінуіміз керек. Ұлт ұстазының әліппесі оралмайды, мұнда оның әдістемесі ғана негізге алынады.

Мен жаз бойы Ұлттық білім академиясы ұйымдастырған, 6-7 сағаттап болған конфе­ренция­лар­ға, онлайн отырыстарға қа­тыс­тым. Ондағы мамандар – өз ісінің шеберлері. Жалпы, ұлт ұстазы әдістемеге қатысты 3 мақа­ла жазған. Жаңа әліппенің мазмұнын әзірлеу тобындағы маман­дардың сөзін тыңдағанда олардың сол 3 мақаланы жақсы білетініне куә болдым. Сол себепті біз мамандарға сенім артуымыз керек. Мен мұ­ны бекерге айтып отырған жоқ­пын, әлеуметтік желіде жаныма бат­қан «Сауат ашуды жазған сауатсыз адамдар әліппені жа­зып жатқан шығар», деген пікірден кейін айтып отырмын. Сондай керағар ойды айта­тындар авторлармен, ғалым­дар­мен, мамандармен бір­ауыз сөйлесіп, талқылауға қа­тыс­са, танымын кеңейтсе, мұн­дай пікір білдірмеген болар еді. Өйт­кені қазір қол­даныстағы сауат ашу оқулы­ғын зерделеп, оның сауатты жазылғанына көз жеткіздім. Ал негатив көзқарастар шын­дығында жай ғана біздің қолға ұстаған әліппеге үйреніп қалға­ны­мыздан туып отыр.

Латын әліпбиіне келсек, әліпби әлі нақты бекітілген жоқ. Әліпби бекітілмей тұрып, латын әліпбиіндегі әліппе туралы айту қиын. Бірақ бір анығы 2021 жылы мектеп бағдарламасына енгізілетін кириллицамен жа­зыл­ған әліппе латын әліп­биінде жазылатын әліппеге негіз болады. Тек басы артық әріптер алынады да, емлесі өзгеріске түскен сөздерді ғана соның ішіне қосып, бастапқы құрылымын сақтап әзірлеуге, яки өңдеп шығаруға болады. Әлбетте, латын әліпбиі мен кириллица әліпбиіндегі емле әртүрлі, сондықтан осы жағы басшылыққа алынуы қажет. Мысалы, қазіргі кириллицада 42 әріп тұр. Ал латын графикасына көшсек, бізде 31-36 таңба болады. Енді қазір әлі бекітілмегендіктен дәл санын айта алмай отырмын. Бұл жерде орыс тілінен енген сөздерді жазуға арналған таңбалар бол­майды. Айталық, латын әліп­биінде жіңішкелік белгісі жоқ. Көп адам қазақ тілінің емлесін қиынсынып, үйренуден, баласын қазақ сыныптарына беруден бас тартып жатады. Болашақта латын әліпбиінде жазылған емле балаға, оны қолданушы кез келген адамға оңай тиеді. Вальс, альбом, объект, подъезд сөздерін жазуда жіңішкелік, жуандық белгісіне бас қатырудың қажеті жоқ.

Мемлекеттік тіл латын графикасына өтіп жатқанда сөзсіз әліппе ғана емес, барлық оқулық латын әліпбиімен жазылады. Сол себепті екі жұмыс немесе басы артық қиындық деп қарап отыруға болмайды.

«Egemen Qazaqstan»:

Биыл баласын 1-сыныпқа берген ата-аналар арасында жүргізілген журналистік сауалдамадан латын әліпбиінен қашып орыс сыныбына бергендерді кездестірдік. Олар көбіне «Баланың миы ашиды» деп қысқа қайырады. Оның бір шетін өзіңіз де шығарып отырсыз. Жоғарыдағыдай ата-аналар арасындағы тенденция неден пайда болып отыр? Қалай оңтайландырамыз?

Гүлфар МӘЖИТҚЫЗЫ:

Балаларын орыс сыныптарына беру үрдісі қазіргідей кириллицамен оқып жүргенде де орын алып отыр. Кириллицада орыс тіліндегі таңбалар бар. Демек, орыстілді баланың өзін қазақ сыныбына беруге әбден болады. Бірақ мұның өзі көмектеспей отыр ғой. Сондықтан аталған үрдіске тек қана ата-ананың ұлттық сана-сезімі ғана себеп. Ал латын әліпбиінен қашып орыс сыныбына беру – сылтау ғана. Айналаңызға қараңыз, ағылшын тілін үйретуге кез келген ата-ана қаражат табады, қалтасындағы барын аямай­ды. Тіпті шетелге жіберіп үйре­тетін­дер де бар. Енді өзіңіз ой­ла­ңызшы, ағылшын тілі латын әліпбиінде жазылған ғой. Латын әліпбиінен қашып баласын ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын орыс сыныбына беретіндер осыны білмейді немесе мән бермейді. Егер ата-ананың мемлекеттік тілге, ана тіліне деген сезімі жоғары болса, латын тұрмақ, басқаға көшсек те баласын қазақ сыныбына береді.

 

Ұлт ұстазының әдістемесі балабақшадағы сауат ашудан бастап қолданылуы қажет

«Egemen Qazaqstan»:

Біз әліппені жоғалтып алған шақта аталған оқулық бала­бақ­шалар­дың мектепалды даярлық сыныптарын­да оқытылды. Негізі мектепке дейінгі білім мен орта білімнің арасында бай­ланыс болуы керек. Міне, дәл осы мәсе­­лені профессор Сайраш Наға­шы­бай­қызы көп көтерді. Ал жаңа әліппе сол байланысты бекіте ала ма?

Сайраш НАҒАШЫБАЙҚЫЗЫ,

Қазақ ұлт­тық қыздар педагогикалық уни­верситетінің профессоры:

Жаз бойы жоғарыдағы жұмыс тобының құрамында болып, жаңадан енгізілетін әліппе оқулығының оқу бағдарламасын әзірлеуге атсалыс­тым. Мектепке дейінгі балаларға арнал­ған са­уат ашу оқулығының авторымын және кезінде И.Тасмағамбетов «А.Байтұрсынұлының әліппесін қай­та­ру керек» дегенде әліппе жазудың тәжірибесінен өттім. Осы оқулықтарды әзірлеуден жиған тәжірибеме сүйеніп, жаңа айтылғандай, мектепке дейінгі білім мен орта білім арасындағы сабақтастықтың сақталуына басымдық бердім, сол жағын көбірек қадағалауды көздедім. Бірақ біз қанша жерден оқулықта осы сабақтастықтың сақталғанын қадағалайық, көздеген мақ­са­тымызға тек оқулықпен, бағ­дар­ла­ма­мен жете алмаймыз. Себебі іс жүзінде көп нәрсе басқаша болады. Мәселенің бәрі ата-аналардың баласын 1-сыныпқа барғанда ғана есіне алып, оның оқуы жайында мектеп партасына отырғанда ғана ойлана бастайтынынан шығады. Бала 1-сыныпта қиналмауы үшін мектепке дайындалуы керек. Айталық, баланың 5 жасқа дейін дыбыс­тау аппараты дұрыс, толық қалыптасу қажет. Байқасаңыз, бұрын логопедтер мектепке дейінгі балаларға керек болатын, қазір мектеп оқушыларына да аса қажет. Себе­бі бала мектепке барса да әлі кейбір дыбыстарды дұрыс айта алмайды. Енді қараңыз, дұрыс дыбыс­тай алмайтын бала дыбысты, әріпті қалай үйренеді? Міне, осы себепті де дыбыстау аппараты қалыптаспаған бала әліппені толық меңгере алмайды. Ал әліппе – өздеріңіз айтпақшы, бар кітапқа бас болған, барлық ілім-ғылымды үйренудің бірінші баспалдағы.

Екіншіден, мектепке дайындауда да асыра сілтеп жіберетін ата-аналар бар. Бұл да – баланың дамуына кедергі келтіретін үрдіс. Мысалы, сізге білетін нәрсеңізді үйреткісі келетін адамның сөзі қызық емес қой. Сол секілді баланы да жас ерекшелігіне сай үйретіп отырған жөн. Әйтпесе 1-сыныптың бағдарламасын балабақшада меңгеріп алған балаға сабақ қызық болмай қалады. Қалыпты дамып келе жатқан балаларға да бәрін біліп тұрған бала кері әсер етеді.

Ал А.Байтұрсынұлының әдіс­те­месі негізінде әзірленетін әліппе 1-сыныптарға енгізілсе, онда ұлт ұстазының әдістемесі балабақшадағы сауат ашудан бастап қолданылуы қажет.

Манара ЕЛЕКЕНҚЫЗЫ:

Сайраш Нағашыбайқызының сөзін­де салмақ бар. Біз осы сабақтастық мәсе­лесін де әліппе оқулығының оқу бағ­дарламасын әзірлеуде назардан тыс қалдыр­ма­дық. Мектепке дейінгі білім берудің мемлекеттік стандартына өзгерістер енгізілді. Стан­дар­т­та­ғы өзгерістерге орай бағ­дар­ламаға да толықтырулар енгі­зіліп жатыр. Сондықтан біз профессор айтып отыр­ған сабақ­тас­тық жайы заңдық тұрғыдан рет­телген деп айта аламыз.

 

Мұғалімдер шындықты айтпайды

«Egemen Qazaqstan»:

Байқап отырсақ, талқылауда көп сөз ата-аналарға қатысты айтылып жатыр. Ал қоғамда оқулықтағы өрескел олқылықтар мәселесін ең алдымен ата-аналар көте­ре­ді. Әлбетте, балалардың өмі­рі­не жауапты бірінші тұлға болғандықтан, олардың ойын ескермеу әділетсіз әрекет болар еді. Сол себепті біз талқылауға ата-аналардың атынан 4 баланың анасын шақырдық.

Гүлнар ОМАР, ата-ана:

Өзім – мектепке өте жақын адаммын, өйткені мамандық бойынша психологпын. Әрі ата-анам да – педагогика сала­сы­ның ардагерлері. Ата-ана ретінде Сенат пен Мәжі­ліс­тегі отырыстарға қатысып, оқу­лықты сараптамадан өткізе­тін жұмыс топтарында болдым. Осы және ана ретінде күнделікті балалардың саба­ғын қадағалаудан түйген тәжіри­беме сүйеніп айтар болсам, жо­ғарыда айтылған маңызды са­бақ­тастық мәселесі тек оқу­лық, бағдарламада ғана емес, мектептегі тәрбиеде де көрі­ніс табуы тиіс. Мысалы, бала сәбилер тобынан ортаңғы топқа өтіп, кейін ересек топтан мектепалды даярлық тобында өзінің өзгелерден әлде­қай­да үлкен екенін және жауап­кершілік жүгінің ауырлау болатынын сезінеді. Мұны сезінуіне балабақшадағы тәрбие де, тәрбиеші де, үлкен топтарда өз бетінше әрекет етуге бағыт­талған тапсырмаларға толы бағдарлама да ықпал етеді. Ал енді сол бала мектепке келгенде, оған мұғалім ең кіші сыныптың оқушысы ретінде өбектей қарайды. Біз әрбір педагогты психолог деп білеміз. Сондықтан психологиялық тұрғыда тәрбие беру жүйелі жүргізілуі қажет.

Енді оқулық мәселесіне келсек, қазіргі таңда біз «Зет» (Z) ұрпақ тәрбиелеп жатырмыз. Бүгінгі балаларды қызықтырудың өзі қиын, зейінін тұрақтандыру да үлкен күш-жігерді талап етеді. Сол себепті біздің оқулықтарымыз да заманауи балаларды оқуға құштар ете алатындай, жаңа талаптарға сай әзірленуі тиіс. Қанша дегенмен ата-ана бала­ның қызығушылығын, деңгейін, әлеуетін анық біледі. Ал оқу­лық­тар талапқа сай, сапалы болуы үшін оның әзірлену жұмыстары басынан ашық, жария түрде іске асырылуы тиіс. Жоғарыдағы білім саласының сарапшысы айтқан пікірмен келісемін, оқулық қана емес, оқулық негізге алынатын оқу бағдарламасы да сынақтан өткізілуі керек. Сынақтан өткізіліп қоймай, ашық талқылануы тиіс. Мәсе­лен, біз «Педагог мәртебесі туралы» заңды ашық, қызу талқыладық қой, ата-ана ретінде ой-пікірімізді білдірдік. Бұл жерде, әрине ата-аналардың белсенділігі керек. Шын мәнінде ата-аналар дайын оқулықты ғана сынамай, әзірленіп жатқан оқулықты талқылауға атсалысуы тиіс. Бұл үшін министрлік дәл сол сын айтатын ата-аналарды жұмыс тобына қосу қажет. Бәрібір қоғам болған соң, белсенділер болады. Оның ішінде көзі ашық, шетелде тәжірибеден өтіп келген немесе еліміздің дамуына қанша жыл үлес қосқан зиялы азаматтар да бар.

Әліппе оқулығын акаде­мияның мамандары 2 тоқсан оқытылатынын айтып отыр. Ал әліппе тек 2 тоқсан емес, жыл бойы оқытылуы керек. Оқулықты сынақтан өткізетін мектептерді ауыстырып отырған жөн, бізде министрлікпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін белгілі оқу ошақтары бар, тек солармен бірге жұмыс істейді. Ондағы мұғалімдер мүмкін жоғарыдағылардың аузына салып бергенін ғана айтатын шығар. Сол себепті апробацияны әділ өткізу үшін мемлекеттік мектептер ғана емес, ерекше деңгейдегі оқу ошақтары мен жекеменшік білім беру ұйымдарына да сынақтан өткізуге мүмкіндік беру қажет. Ең маңыздысы біз практиктерді тыңдауға тиіспіз. Мұғалімдер, әсіресе оқулықтарды сынақтан өткізіп жатқан педагог қауым шындықты айтуы керек. Көбіне мұғалімдер бұғып қалады, шындықты айтпайды.

 

Мұғалімдердің шындығы 100 пайыз ескерілмейді

«Egemen Qazaqstan»: 

Расымен, ғалым мен әдіскер мінсіз оқулық жазып шығуы мүмкін, бірақ бұл тәжірибеде қолданылып, өз нәтижесін, жемісін бермесе, бәрі бекер. Еңбектің далаға кеткені. Сондықтан практиктердің ойы аса маңызды, негізі оқулыққа қатысты соңғы шешім де солардан, яғни мұғалімдер тарапынан шығуы қажет. Алайда ата-ана айтқандай, мұғалімдер шындықты айтпаса қалай болады? «Бастауыш сынып мұғалімі ер адам болуы ерсі емес» деп бас басылымға шық­қан кейіпкерімізден тікелей сұрайық, мұғалімдер шынымен шындықты айтпай ма?

Алтынбек МҰҚЫШЕВ,

Елордадағы №69 мектеп-гим­на­зия­ның бастауыш сынып мұғалімі:

Оқулықтарды апробация­дан өткізетін мұға­лім­дерге қатысты айтыл­ған ата-ананың сынына өз тәжірибемнен жауап берейін. Біз мектептегі 12 мұғалім жаңартылған білім мазмұны бойынша әзірленген оқулықтарды сынақтан өткіздік. Сонда өзіміз байқаған, анықтаған кемшіліктер мен қателіктерді міндетті түрде тиісті адамдарға жеткізіп отырдық. Қай оқулықта қандай олқылықтар бар, соны жеке-жеке көрсеттік. Көбіне баланың орындауына, жас ерек­ше­лігіне, қабылдауына қиын тиетін тапсырмаларды түртіп аламыз. 4 жылдың ішінде оқулықтардағы ата-аналарға оғаш көрінген дүниелердің бәрін – жиналыстарды жиірек өткізіп, маңызын, себебін, әдістемесін, берілудегі мақсатын тереңірек түсіндіргеннен кейін көзқарастары өзгерді. Шын мәнінде түсіндіру мен ата-анамен жұмыс жеткілікті жүргізілмейді.

Шама-шарқымызша түзе­ту енгізген оқулықтармен оқу­­шы­­ларымызды 4 жыл бойы оқытып, бастауышты бітірттік. Шәкірттерім жа­ман болған жоқ. Өйткені бұ­­р­ын бітірген оқушыларға қарағанда, осы оқулықтармен оқыған оқушыларым 5-сыныпқа барғанда әлдеқайда жоғары көрсеткіш көрсетті. Қанша дегенмен кез келген істің берекелі болуы үшін көзделген мақсатқа қол жеткізуге кәсібилік пен шебер­лік қажет. Оқулық сапа­лы, мінсіз жазылғанымен, онда­ғы көрсетілген міндеттерге ла­йықт­ы деңгейде қол жеткізе алатын мұғалім болмаса, жұмыс жемісін бермейді.

«Мұғалімдер шындықты айтпай ма?» дегеннен гөрі «Мұға­лімдердің айтқаны ескеріле ме?» деген сұрақ орынды болады. Өйткені әлгінде айтқанымдай, біз кем-кетігін айтамыз, жазамыз, жеткіземіз. Бірақ соның барлығы түгел, 100 пайыз ескерілді, қайта түзетуде ұсыныстарымыздың бәрі енгізілді деп айта алмаймыз. Негізі дайын оқулықты сынақтан өткізуге ғана емес, оқулықты және оқулықтың оқу бағдарламасын әзірлеуге де мұға­лімдерді көбірек тарту керек.

 

Ауыл мұғалімдеріне дискімен таратылады

Гүлнар ОМАР, ата-ана:

Мұғалімнің шеберлігі дегеннен шығады. Әрине, білікті педагог қалайда балаларға бағдарламаны меңгертеді. Десек те, біз бағдарламаны, соның негізінде оқулықты әзірлегенде ауыл мен қала мектептеріндегі оқушылардың оқу деңгейін ескеруіміз керек. Халықаралық көрсеткіштерден көз жеткізіп отырғанымыздай, ауыл балалары қаладағы оқушылардан 1,5-2 жылға артта қалып келеді. Бұл – үлкен мәселе. Осыны ескерсек, қаладағы балалар қалайда ілесіп алады, оларда мүмкіндік көп. Ал қарапайым интернеті жоқ ауыл оқушылары үшін, айталық, әріпті ермексазбен мүсіндеп көру секілді қолжетімді заттармен орындалатын тапсырмалар берген жөн. Содан соң қазір үздік ұстаздардың сабағы видеоға түсіріліп, білім беру платформаларына, YouTube арнасына салынды ғой, сол сабақтарды дискілерге сақтап, ауыл мектеп­те­ріне таратылғаны абзал. Соның ішінде, әсіресе әліппенің жаңа әдістемесі бейнетаспаға басы­лып, видеоларға түсіріліп, бейнетүсіндірулер арқылы таратылуы тиіс.

Манара ЕЛЕКЕНҚЫЗЫ:

Осы талқылауда айтылған ұсыныстардың барлығын түртіп алдым. Оқулықтарды апробациядан өткізуге жекеменшік мектептерді қосу туралы ұсы­ныс­ты қабылдадық. Ал ауыл мектептерін қажетті контентпен қамтамасыз ету мәселесін қазір нақты жолға қойып, осы бағыттағы жұмыстарды қолға алып жатырмыз. Өйткені пандемияның кезінде ең бас­тысы интернеті нашар немесе мүлде жоқ ауылдардағы оқушыларға қиын тиді. Сон­дықтан «Bilimland» плат­фор­ма­сының «Bilimbook» деген жақсы бір жобасы бар. Бұл арқылы оффлайн режімде, яғни байланыс ұстамайтын аймақтарда да барлық материал­ды қарап, қажетінше қолдана алады. Сабаққа керек контентті 32 кбт флешка, дискілермен жеткізуге болады. Осы жұмыс­ты жаңа әліппе әзірленіп, толы­ғымен дайындалғанда іске асыруды жоспарлап отыр­мыз. Жаңа оқулықтың оқу-әдістемелік кешені (ОӘК), қо­сымша құралдары, дис­кі­лері, мұғалімдерге арнал­ған әдістемелігі, басқа да ресурс­тар­ға сілтемелер болады. Соның бәрін қосымша жаңартып, ауыл мектептеріне жіберуді көздеп отырмыз.

Түйін: Қазақта «Шымшық сойса да қасапшы сойсын» деген сөз бар. Бұл ойдың бүгінде маңызы артты. Себебі расымен де өзі білмейтін, айналысып көрмеген, анық көз жеткіз­беген жайтты кәсіби маманша талқылап, қате көзқарас қалып­тас­тыруға ықпал ететіндер кө­бейді. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында ұйым­дас­тырылған дөңгелек үстел­дегі сарапшылардың сөзі­нен түйгеніміз – әліппенің әлегі әлі бітпейді. Оның жыры биыл ғана басталғандай. Жаңа әліппенің жаңалық болатынына да толық кепілдік жоқ. Ал сапасы... Бұл – енді бәрімізге ортақ мәселе.

 

Дайындаған

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»