Орта салмақтағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Жәнібек Әлімханұлы өзінің кезекті жекпе-жегін өткізіп, аргентиналық қарсыласын екінші раундта сұлатып салды.
АҚШ-тың Лас-Вегас қаласындағы (Невада штаты) The Bubble спорт кешенінде өткен кездесу 10 раундқа жоспарланған болатын. Алайда аргентиналық боксшы Гонсало Корию (16-3, 6 КО) жерлесіміздің жойқын қимылына төтеп бере алмай, екінші раундта Жәнібектің ауыр соққысынан кейін жекпе-жекті әрі қарай жалғастыра алмады. Бірінші раундта Жәнібек қарсыласын бір рет нокдаунға түсіргенін де айта кетейік.
Мұхиттың арғы бетінде жұдырықтасып жүрген Жәнібек Әлімханұлы осымен кәсіпқой бокста тоғызыншы мәрте жеңіске жетіп, бесінші кездесуін мерзімінен бұрын аяқтады. Бұл жеңісінен кейін ол орта салмақтағы әлемдік рейтингте 7 саты жоғарылап, 23-орынға тұрақтады.