Жасырып жабары жоқ, бұқара халықтың арасында құқық қорғау қызметкерлеріне деген сенімнің азайғаны ақиқат. Әділетсіз әрекеттер, заңсыздықтар болып жатқан соң сенімдеріне селкеу түспей қайтсін?! «Жұртқа жақын полиция» қағидаты бойынша жергілікті полиция қызметінің мейлінше тұтас реформасын жасау қажеттігі пісіп-жетілді» деп Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында бекер айтпаған еді.
Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі атты» Жолдауына үңілсек, «учаскелік инспектордың мәртебесін заңнама арқылы арттырып, оның өнімді жұмыс істеуіне мол мүмкіндік берген жөн. Ол азаматтар алдында танымал, қолжетімді әрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс», делінген.
Ал полицейлердің халық алдында беделі артуы үшін әділдіктің ақ туын жықпай, алдымен елдің қауіпсіздігін қамтамасыз етуі керек емес пе?! Қажет жағдайда, тұрғындарға көмек қолын созып жіберу де артықтық етпес. Одан полицейдің абыройы артпаса, погоны түсіп қалмайды. Керісінше алғысқа бөленіп, ел арасында еңбегі еленеді. Халыққа жақын жүрген соң беделі артады. Елі сыйлайтын азаматқа айналады. Ол үшін бірақ Президент айтқандай, тұтас реформа жасалуы керек шығар. Әйтпесе құқық қорғау қызметкерлерінің өз ішінде заңға қайшы әрекет жасайтындар аз емес сияқты.
Атап айтсақ, биыл ақпан айында ақтөбелік полицейлер әділдік іздеп, бейнеүндеу жасағаны естеріңізде шығар. Одан соң қыркүйектің бас жағында «Түркістандық полицейлердің былығы» деген тақырыппен әлеуметтік желіде учаскелік инспектордың бұзақылық іске бейжай қарағандығы туралы жазылған болатын. Нәтижесінде учаскелік полиция сүттен ақ, судан таза болып шыққанға ұқсайды. Бұлар бертінгісі, бізге белгілісі ғана. Ал ішінара орын алып жатқан заңсыздықтар қаншама?!
Күні кеше ғана Шығыс Қазақстан облысында құқық қорғау қызметі саласында тағы әділетсіздік орын алды. Бұл жолы да өз іштеріндегі заңсыз әрекетке қарсы шыққан полиция қызметкері шарасыздықтан әлеуметтік желі арқылы халыққа бейнеүндеу жолдаған.
Өзін Еркебұлан Мерембаев деп таныстырған полиция сержанты Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Шар қаласының полиция бөлімінде қызмет етеді. Полицейдің айтуынша, Жарма аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы подполковник Ринат Ахатин сот қаулысымен 15 тәулікке қамалған азаматты босатуын сұраған. Алайда бұл заңға қайшы еді. Оның үстіне қамаудағы ер-азаматтың ешқандай куәлігі болмаған.
«Шарасыздықтан бейнеүндеу жолдап отырмын. Өйткені ақылға сыймайтын жағдайлар болып жатыр. Мен 2013 жылдан бері әкімшілік қамауға алынғандарды қабылдау орнында жұмыс істеймін. 2020 жылдың 27 шілдесінде кестеге сәйкес кезекшілікке түстім. Бөлім кезекшісі Жарма аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы, подполковник Ринат Ахатинге қоңырау шалуымды сұрады. Айтқан соң хабарластым. Ол соттың қаулысымен 15 тәулікке қамалған Әуезов кентінің тұрғыны, 1970 жылы туған азаматты уақытша босатуым керектігін айтты. Ол Әкімшілік құқықбұзушылықтың 608-бабы бойынша, яғни алкагольді ішімдік ішіп көлік руліне отырғандығы анықталып, 14-29 шілде аралығында Шар қаласында қамауға алынған болатын», дейді полиция қызметкері бейнеүндеуде.
Полиция қызметкерінің айтуынша, қамаудағы азамат көрші ауылға әлдебіреудің жерлеу рәсіміне сұранған көрінеді. Бірақ кезекші полицей босатуға үзілді-кесілді қарсы болған. Алған беттен қайтпаған подполковник қайта қоңырау шалып, қамаудағы азаматтың ешкімге көрінбей үн-түнсіз барып қайтатынын айтқан. Тіпті ауданның прокурорымен келісіп қойғанын да хабардар еткен. Болмаса, «ауырды деген сылтау айтып, дәрігер шақыртып уақытша босат», дегендей түрлі нұсқалар да ұсынған. Алайда антына берік полицей басшылық тараптан айтылған нұсқауды орындаудан бас тартқан. Бұдан соң шені өзінен төмен қызметкерге подполковник азамат қоқан-лоқы көрсеткен көрінеді. Ал сержант бұл жағдай дәлелді болуы үшін сөйлескен сөздерін диктофонға жазып алған.
«Мен Ішкі істер министріне, Бас прокурорға баянат жаздым. Болған жағдай тәртіптік комиссияда қаралып, толық емес жаза берілді. Тіпті қызметінде қалды. Ал мені мадақтаудың орнына «басқа қызметке ауысқың келмей ме?» десті. Осы сөз менің намысыма тиді», дегенді айтады полицей.
Осындай қитұрқы әрекеттерді көріп-біліп отырған қарапайым халық құқық қорғау қызметкерлерінен қандай қайыр күтсін. Әлбетте, бес саусақ бірдей емес. Заңсыздыққа бара қоймайтын Еркебұлан Мерембаев сынды полицейлер де жоқ емес шығар. Десе де, бір құмалақ бір қарын майды шірітпей ме?!
Бұл оқиға туралы Шығыс Қазақстан облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, әлеуметтік желілерде таратылған бейнежазбаға қатысты департаменттің қауіпсіздік басқармасы қызметтік тергеу жүргізіп, бірқатар аумақтық бөлімшелердің басшылары қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылғанын айтты. Сонымен қатар департамент басшылығының тапсырмасы бойынша қосымша тексеру тағайындалған екен.
Кейін белгілі болғандай, Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев шығысқазақстандық полицейдің бейнеүндеуін назарға алып, облысқа ішкі қауіпсіздік департаментінің қызметкерлерін жіберді. «Олар қызметтік тексеру жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтап, полиция бөлімі басшыларының іс-әрекеттеріне баға беруі тиіс», деп хабарлады ведомстводан.
Әліптің артын бағайық. Бұл мәселенің нәтижесін біз де назарымызда ұстайтын боламыз.
Шығыс Қазақстан облысы