• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Бизнес 13 Қазан, 2020

Бизнес әліппесін ерте оқытсақ, ұтарымыз көп

412 рет
көрсетілді

Былтырғы оқу жылынан бастап қазақстандық мектеп оқушылары бизнес негіздерін игеруге кірісті. 3 жаста ұялы телефонның құлағында ойнайтын балаға қуыршақтың бағасын калькулятормен есептеу түк те қиын емес. Енді бұл мәселені тек теория емес, нақты тәжірибемен жүйелендіру ғана қалды.

 

Сәл шегініс жасайық. 2018 жылдың 27 наурызында сол кезде Білім және ғылым министрі­нің орынбасары болып жүрген Асхат Аймағамбетов 2019 жыл­дан бас­тап «Бизнес және кәсіп­керліктің негіздері» пәнін жалпы білім беретін мектептердің 10-11-сынып оқу­шыларына таңдау пәні есебінде оқыту жоспарланып отырғанын хабарлаған-ды. Оған жылына 68 сағат бөлініп, аптасына екі рет оқытылатыны, негізінен іскерлік ойын және бизнес-тапсырма түрінде өткізілетіні, қызығушылықты арттыру үшін тәжірибелі бизнесмендерді оқытуға тарту жоспарда бар екені айтылған еді. Сөйтіп былтырдан бастап бұл жеке пән ретінде енді. Сарапшылар мұны жақсылыққа балап отыр.

Қазақ бизнесінің 1990-жыл­дардың бас кезіндегі мен қазіргі деңгейінің арасы жер мен көк­тей екені белгілі. Биз­нес тәуел­­сіздіктің алғашқы жыл­дарын­дағы Қытайдың ала қап­шығы­нан шы­ғып, қазір әлемдік биз­неспен интеграцияланып кетті. Демек, біз балалардың бизнес тілін мең­герсем деген ар­ман-тілегін жалаң да құрғақ тео­рия­мен қана­ғат­тандыра алмаймыз.

Олар бұл тақырыпты ғаламтордан-ақ тауып алады. Ең сенімді тәсіл – бизнес-индустрия өкілдеріне онлайн дәріс беруге мүмкіндік жасау. Егер Еуропада және Аме­ри­када биз­несті ұрпақтан ұрпаққа қалдыру дәстүрге айналса, Ресейде бұл тәжірибе енді қол­ға алына бастады. Баланы ерте бастан кәсіпкерлікке бау­лудың қажеттігі бізде де мемлекеттік дең­гейде мойындалып, қолға алынды.

 

Кәсіп пен нәсіп

Шеттен келген кәсіпкерлер елімізге бір түйір нан алып келсе, өз елдеріне қайтар тұста сол нанның үстіне май мен уылдырық жағып әкетіп жатқаны әр жерде байқалып қалады.

Мұнай өңдеу зауыттарының ауласында күкірті тау-тау болып үйіліп жатса да, полимер ұнтағына тәуелді екенімізді осыған дейін де айтқанбыз. Қазақстан жаһандық экономикада ұлттық бренд қалыптастыруды мақсат тұтып отырған ел. Кәсіпкерлерге қолдау көрсетіп, дем беруді жөн санайды. Ал бұл ретте қазақ кәсіпкерлерінің талпынысы көңіл көншіте ме? Шаруақор азаматтардан бизнес классиктері немесе осы саланың академиктері қашан шығады? Міне, біз бүгін осы жағын саралап көрмекпіз.

 Жалпы, кеңестік дәуірде коммунистік тәрбиенің уызын ішіп, максималистік көзқараспен есейген аға буын «қазақтың сауда жасауға, бизнеспен айналысуға қыры жоқ» деген түсінікпен күн кешті. «Сауда-саттық – өз-ағам, өзбектердің тір­­лігі» деп білетін қазақ баласына ол кез­де саудамен айналысып, шаруа­сын дөң­ге­лету қиын іс саналатын. Ал қазір­гінің қа­зағы біртіндеп нарық заң­ды­лығы­на бе­йім­деліп, оның қағидаттарын жүйе­лі түсі­нуге тырысуда. Әйтсе де бір тиын­ды екі етіп ұқсата білуге көбіміздің ебі­міз жоқ­ты­ғынан үлесіміз кемшін түсіп жатыр.

 Ресми деректерге жүгінсек, Қазақстан халқының 15 пайызын бақуатты, қалталы азаматтар, 55 пайызын орташа тұрмысы барлар, 30 пайызын жарлы-жақыбайлар құрайды. Халықтың 30 пайызы кедей. Бұл ретте мамандар халықтың жағдайын жақсартып, орта тапты көбейту үшін бизнеске бейімін және белсенділігін арттыру қажет деген пікірде.

Кәсіпкер Ұзақбай Айтжанов бизнес әліппесі деген мүлде жоқ екенін, қазақ бизнесі қателіктері мен жетістіктерінен сабақ алып, стихиялы түрде дамып, алға жылжығанын айтады. Мәселен, шетелдік жоғары оқу орындарында саланың жүйе-жүйесін бөліп, терең байыптап оқытатын арнайы сабақтар бар. Дамыған елдерде балаларға жастайынан бизнесмен болудың қыр-сырын үйретеді. Ал Қазақстанда мұндай жүйе орнықпаған.

– Біздің нарықтағы отандық беде­ліміздің ақсап жатуы да осы іспеттес дүние. Алғаш жекешелендіру тұсында не істедік? Ауылға «өз күніңді өзің көр» дедік те, таратып жібердік. Ақыры немен тынды? Ауыл шаруашылығы тұралады, мал басы азайды. Ол да тәжірибесіз кетпеншінің қылығы іспеттес нәрсе болды. Шала надандық пен шалағайлықтың түбі оңдырмайтынын ата-бабаларымыз нықтап тұрып айтып кеткен. Африка елдері жерінің асты толы қазына. Бірақ әлеуметтік жағдайы өте төмен елдердің сапында тұр. Құдай осыдан сақтасын. Қанша жерден ұланғайыр даламыз, байлыққа малынған жеріміз болғанымен, оны ұқсатудың ұтымды жолын мең­геруіміз керек, – дейді Ұ.Айтжанов.

Қай салада да біліксіз адамнан шаруаны шырқ үйірер талпыныс шықпасы анық. Демек, бизнесті дамыту үшін тео­риялық білім керектігі дәлелдеуді қажетсінбейтін ақиқат.

Сонымен қазақтың бизнеске деген ықыласын қалай арттырамыз? Өрке­ниетті елдердің басым бөлігі – бизнес саласында өзіндік орнын ойып тұрып алу үшін белгілі бір жүйеге сүйенеді. Мәселен, әлем нарығында электронды құралдарымен аты шыққан жапондар баласына жеті жасынан бастап «Бизнес әліппесін» үйрететін көрінеді. Нақ осы тұрғыда жапондарда мектеп бағдарламасына енгізілген арнайы жүйелі жоспарлар бар. Ал еврейлер бес жасынан бастап баласына қолындағы ақшасын қалай ұқсатудың жөн-жобасын түсіндіруден жалықпайды. Іргеміздегі Қытайдың өзі мектеп қабырғасынан-ақ баланы үнемшіл, қанағатшыл болуға, барды ұқсата білуге тәрбиелейді. Ал өзбек баласы көзін аша салысымен тым болмағанда бір тандырға ие болуды армандайды екен. Тандыры болса өзегі талмайтынын әке-шешесінің тәжірибесінен біледі.

АҚШ-тағы автокөліктерді жалға беретін «Rent-A-Car» компаниясының негізін қалаған Тейлор Байрон Трот АҚШ тарихында ауқатты отбасылардың бала­ларының бухгалтериясын үйлестіруді ғылыми негіздеп берді. Кейін ол мұны кәсіпке айналдырып, бірнеше штаттан еншілес компанияларын ашып, балалардың қалта шығыны туралы кітап жазған. Трот ата-аналардың басты кемшілігі ретінде балаларымен табысы жайлы ашық әңгімелеспейтінін айтады. Оның пайымдауынша, «Балаға ақша санауды өмірдің өзі үйретеді» деген пікір дұрыс емес. Ол өзінің клиенттеріне ба­ла­лардың ақша санауды ерте бастан үйренуі қажеттігін үнемі айтады екен. 2014 жылы Мәскеуде жарық көрген «Классикалық бизнестің әліппесі» атты кітабында 32 жастағы баласына бизнесін тапсырып, содан кейінгі тірлікке араласпағанын айтқан. «Rent-A-Car» компаниясының жылдық табысы 19 млрд доллардан асады, өзі Америкадағы ең дәулетті 30 адамның ішінде 18-орында тұр.

«51 жаста неге үлкен бизнестен кет­тіңіз?» деген сауалға «Ұлым 7 жасынан қасымда жүрді. 21 жасында компа­ния­ның стратегиялық жоспарларын дайындады. Мен ұлыма 100 пайыз сенемін» деп жа­уап берген екен.

Мәскеуде тұратын қазақ ғалымы Ға­лым Әбілсейітов қазақ отбасының қар­­­жы­­­­мен қарым-қатынасы мемлекеттің қар­­жы саясатына көбірек ұқсайтынын айтады.

– 1990 жылдары мұнай бағасы дәуір­леген кезде ағыл-тегіл қаржыны ел игілігіне жарата алмадық. Ақша қалай келсе, солай кетті. Мемлекеттің қаржы саясатына жергілікті ұлттың менталитеті әсер етеді. Оған қоғам болып кінәліміз. Мемлекеттік бағдарламалар нәтиже бермей, оған бөлінген қаржы далаға шашылғанына өзіміз кінәліміз. Себебі тәрбиеміз солай. Бесікте жатқанда ақша­ны таныған, ес білген күннен бастап оны үнем­деуге және көбейтуге үйренген менед­жерлер Үкімет басына келген кезде эко­но­микалық бағыттың беталысы өзгереді, – дейді ол.

 

Бизнес және білік

Ал қазақ кәсіпкерлері бизнестегі бі­лік­­­тілік болашаққа жасалған капитал еке­­нін жете түсіне ме? Бұл тұрғыда қар­­жы­­гер Ерлан Ибрагим былай деп ой өрбітті:

– Меніңше, қазақ бизнесінің көсегесін көгерту үшін білім және білік қажет. Біздің елде алғаш бизнесті бастап жеке шаруашылық ашу, акционерлік қоғам құру оңай нәрсе. Ал әрі қарай оның жұмысын жандандыру өте қиын. Бұл жерде кәсіпкерлердің қажыр-қайраты, білік-білімі сыр беріп жататыны жасырын емес. Керек десеңіз бізде заң білмейтін, еліміздің заңына мойынсұна бермейтін кәсіпкерлер де жетіп-артылады. Өз басым бизнесін жандандыру үшін кәсіпкер алдымен сол елдің заңын жетік меңгеретін білімді болуы керек деп ойлаймын.

Қазақтың бизнеске деген жауап­кер­шілігінің артуын, қазақ баласының бизнесте білімді болғанын қаласақ, мектеп жасынан бастап балаға жапондар тәрізді бизнес әліппесін оқытуды 9-11-сыныптан емес, неғұрлым ерте жастан бастау керектігін сарапшылар талайдан бері айтып жүр. Себебі нарық заманы балаға әліппедегі әріптерден бұрын теңгенің құнын үйретуге мәжбүрледі. Қолына қаржы ұстатсаң, «бұған не келеді?» деп өзіңе қарсы сұрақ қоятын бала кез келген үйден табылады.

Бүгінде қазақ баласы қолынан іс келетінін, еңбекқор екенін танытып үлгерді. Қазақстанның бірқатар ірі компаниялары мен корпорациялары әлемдік нарықта таныла бастады. Десек те, «жаһандық экономикада қазақтың ұлттық бедерін айшықтап көрсететін бренд қалыптастырдық» деп айтуға әлі ертерек. Бірақ бізде соған ұмтылыс бар.

– Қазақ кәсіпкерлерінің ізгі арман­дарының бір парасы – дүние жүзіндегі алпауыт компаниялармен иық тірестіру. Менің ойымша, отандық кәсіпкерлердің әлемдік нарықта кең көсілуге ерік-жігері жетеді. Осы мақсатта түрлі жобалар жасалып, бағдарламалар қабылданып, біршама оңтайлы істер тындырылуда. Сондықтан осы істердің орнымен жүзеге асып, оң нәтиже беретініне үміт арту керек, – дейді Е.Ибрагим.

Рас, біз бүгінгі ғасырды «Техно­ло­гия­лық даму ғасыры» деп айшық­таймыз. Бір әттеген-айы, әзірше сол технологияның тілін меңгеру бізге мұң болып-ақ тұр. Шетелдік инвесторлар Қазақстанның байлығы арқылы миллиардтарды айналымға салып жүр. Биылғы пандемияның алғашқы айларында бетперденің тапшылығы қарапайым заттар экономикасындағы кемшін тұс­тарымызды анықтап берді. Қазір де қара­пайым тұтынушы ретінде шетелдік өнімге тәуелдіміз. Бұл ретте қазақстандық кәсіпкерлерге бар күшті жұмсап бизнес сала­сының классигі болуға ұмтылатын кез жетті. Бізде қарым бар, қабілет бар екен. Онда өз байлығымызды өзіміз ұқса­туға неге талпынбасқа?!

 

Бизнес қоғамдық мотивацияға айнала бастады

...Қазақ кәсіпкерлерінің әлеуметтік желі арқылы халықпен тікелей байла­нысқа шығуы оның қоғамдық санамен ин­теграциялануын жеделдетіп жіберді. Бүгінгі таңда «Q3 Worldwide» холдин­гінің негізін салушы Қайрат Құдай­бер­генов, «BI Group» басшысы Айдын Рахымбаев, «Медиамагнат», «Мега­полис», «Бизнес и Власть», «Forbes Kazakhstan» басылымдарының негізін қа­лаушы, «United Media Group» компа­ния­сының жетекшісі Арманжан Байтасов сын­ды кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқы­лы қазақстандықтармен сұхбат құ­рып жүр. Бұл бизнестің және бизнес өкіл­дерінің қарапайым халыққа біртабан жақындағанының белгісі. Ендігі мәселе соларды жинақтап, теориялық жағынан негіздеуге байланысты.

«Young Presidents Organization» (YPO) деп аталатын кәсіпкерлердің халық­аралық клубының мүшелері жыл сайын қазақ жастарымен кездесу өткізіп, бизнес-кейстерінің тарихы жайлы тәжірибесімен бөлісіп тұрады. Мысалы, белгілі кәсіпкер Айдын Рахымбаев бізбен әңгімесінде өзінің бизнесінің негізін вагоннан көмір түсіріп тапқан 500 АҚШ долларымен бастағанын айтып берді.

Айдын Рахымбаевтың айтуынша, биз­нестегі ең басты мотивация – дер кезінде және қажет кезінде шешім қабылдаудан қорықпаудың өзі табыстың формуласына айналады. Кәсіпкер өзінің барлық салада тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндігі болмағанын да айтып өтті.

– 30 жасқа дейін демалмадым. Ал­ғаш­қы еңбек демалысымды 33 жасымда алдым. Бұл жақсы немесе жаман деген сұраққа жауап беруден аулақпын. Менің бизнесім – армандарымды жүзеге асыруға мүмкіндік берген фактор. Ең қымбаты ақша да емес, уақыт екенін енді сезіп жүрмін. Оны тиімді пайдалансаң, қалғаны рет-ретімен шешіледі, – дейді ол.

Сарапшылардың түсіндіруінше, бизнес негіздерін мектеп бағдарламасына енгізуді кезең-кезеңімен жетілдіріп отырмасақ, бастаманың нәтижесі мардымсыз болады. Әзірге, ауыл-аймақтарда осы пән жүктелген ұстаздар екі апталық курспен ғана шектеліп, жұмысқа кірісіп кетті. Жұмыс осы бағытта алға жүре берсе, мұның өзі есеп беру үшін ғана қолға алынған шара болып қалары сөзсіз.

– Онлайн жүйесі білім индустриясы­ның мүмкіндігін әртараптандырды: Әр кәсіпкердің бизнес формуласы туралы бейнекөріністерді пән сабағына енгізуге болады. Әлемдік деңгейдегі бизнес клас­сик­тердің тәжірибесі, сөз жоқ керек. Бірақ теория емес, тәжірибеге басымдық бере­тін қазіргі буынға дағдарыстың өзін мүм­кіндіктерге айналдырған өз кәсіпкер­леріміздің тәжірибесі маңызды, – дейді Е.Иб­рагим. Оның пайымына салсақ, ақша­ны жұм­саудың өзі мәңгілік философия. Биз­несті бала жастан бойына сіңіріп өспеген баладан бизнес классигі шығуы қиын.

 

АЛМАТЫ