Уақыт талабына сай атқарылуы тиіс ауқымды міндеттер өте көп. Солардың арасында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, қоғам мен билік арасында тұрақты диалог, тиімді кері байланыс орнату міндеті үлкен маңызға ие. Сол себепті атқарушы билік қызметінің негізгі бағыттары болып саналатын азаматтық қоғамға қолдау көрсету, оның әлеуетін нығайта түсу, қоғамдық диалог, ашықтық, адамдардың талап-тілек, мұң-мұқтажына барынша жедел көңіл бөлу, азаматтардың құқығын қорғау мәселелері өз деңгейінде шешімін табуы тиіс. Бұл орайда жергілікті басқару органдарына да артылатын жауапкершілік ауқымды. Сондықтан да Президент Қ.Тоқаев жергілікті билік органдары жұмысының тиімділігін арттыру мәселесін күн тәртібіне шығарған болатын. Жергілікті биліктің тұрғындарға қолжетімді болуын қамтамасыз ету, жергілікті билік жұмысының тиімділігін бағалау жүйесін енгізу, жергілікті бюджетті қалыптастыруға азаматтық қоғамның, яғни халықтың белсене араласуын жолға қою арқылы игі істер атқарылып келеді. Мәселен, биыл республикалық «Үздік ауыл әкімі» байқауын ұйымдастыру арқылы әкімдердің халықпен тиімді және кері байланыс орнату жөніндегі қызметі бағаланғанын ерекше атап өту ләзім.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев биылғы «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауылдық округ әкімдерін жергілікті халықтың өзі тікелей сайлау арқылы таңдауға болатынын атап көрсетті. Егер солай болса, бұл өз кезегінде әкімдердің ел алдындағы жауапкершілігін арттыру бағытындағы оң қадам болар еді.
Бүгін біз жоғарыда аталған жағдаяттарға орай «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру, халықпен кері байланыс орнату, жергілікті органдар жұмысының тиімділігін арттыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың ішкі мазмұнын сипаттайтын мақалалар топтамасын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің бастамасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауы аяқталды. Үздік ауыл әкімі болып Алматы облысы, Іле ауданының Боралдай кенті әкімі Данияр Қоңырбаев анықталды.
Д.Қоңырбаев дауыс беру кезінде ең көп ұпай жинап, 1-орынға ие болды және өз аймағының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бойынша жобасын сәтті қорғап шықты.
2-орынды 2 әкім иеленді. Олар: Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Мәншүк ауылдық округінің әкімі Ғани Исаев және Ақтөбе облысы, Мұғалждар ауданы, Талдысай ауылдық округінің әкімі Қазбек Аққайыр.
3-орынды да 2 әкім иеленді: Павлодар облысы, Ақтоғай ауданы, Жалаулы ауылдық окрігінің әкімі Азамат Медетов және Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Шалабай ауылдық округінің әкімі Жанар Есембаева.
Сондай-ақ «Үздік әлеуметтік-экономикалық жоба» аталымы Жамбыл облысы, Рысқұлов ауданы Абай ауылдық округінің әкімі Мұратбек Арыстамбековке, «Халыққа ашық әкім» аталымы Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданы Центральный ауылдық округінің әкімі Самат Мейрмановқа, «Үздік іскер-шаруа әкім» аталымы Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округінің әкімі Мәди Өтеғалиевке табысталды.
Республикалық конкурстардың жеңімпаздары мен қатысушылары Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасы Анар Жаилғанованың атынан грамоталармен, дипломдармен және алғыс хаттарымен марапатталды. Конкурстың мақсаты елдің ауылдық елді мекендеріндегі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, жергілікті бастамаларды, оның ішінде қоғамдық өзін-өзі басқару ұйымдарын ынталандыру, жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізген, ауылдық елді мекендерді дамытуға елеулі үлес қосатын үздік ауыл әкімдерін анықтау және көтермелеу болып табылады.
Конкурс екі кезеңнен тұрды. Республикалық байқаудың бірінші кезеңі облыстық деңгейде өтті. Еліміздің 14 өңірінен келген үздік әкімдер республикалық байқауға жіберілді.
«2019 жылы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің алғашқы Жолдауында «Қуатты өңір – қуатты ел» деп, өңірлердегі жергілікті билік жұмысын тиімділігін бағалау жүйесін енгізу керек деп айтқан болатын. Осыған орай Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне «Үздік ауыл әкімі» республикалық байқауын ұйымдастыру және өткізу жүктелген еді. Биыл да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында да ауылдық округ әкімдерін тікелей сайлауға болатынын атап көрсетті. Алдағы уақытта тәуелсіз Қазақстан жағдайында бұған дейін болмаған тәжірибе – ауыл әкімдерін тікелей сайлауға қоғам тарапынан да қызығушылық артып отыр», деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының орынбасары Дархан Жазықбаев агенттікте өткен республикалық комиссия отырысында.
Конкурстың бірінші кезеңінде агенттіктің аумақтық департаменттері облыстардың әкімдіктерімен конкурс әдістемесіне сәйкес жұмыс жүргізді. Облыстың Әдеп жөніндегі уәкілдерімен бірлесіп арнайы сауалдама әзірленді.
Осы бағытта тұрғындардың пікірі ескерілді және үміткерлердің мемлекеттік қызметшілердің этикасын сақтауы бойынша қорытынды берілді. Бұдан басқа әкімдердің халықпен тиімді және кері байланысты жолға қою жөніндегі қызметі бағаланды, осы бағытта қол жеткізілген нәтижелер зерделенді.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру, яғни халықпен кері байланыс орнату және мәселелерді уақтылы шешу мақсатында ауыл тұрғындары үшін «Ашық әкімдік», «Ашық диалог» форматтарында тоқсан сайынғы кездесулер өткізу тәжірибесі енгізіледі.
Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында, ауыл әкімдіктерінің көптеген ғимараттарында өзіне-өзі қызмет көрсету бұрыштары ашылған.
Ауыл әкімінің тұрғындармен ашық қарым-қатынасы және өзекті мәселелер бойынша уақтылы шешім қабылдау нәтижесінде халықтың әлеуметтік мәселелері шешіледі.
Президент өзінің 2019 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында жергілікті биліктің тұрғындарға қолжетімді болуын атап өткен болатын. Сондай-ақ «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында бағалау рәсімдерінің міндетті талаптарының бірі облыс әкімдіктерінің сайтында орналастырылған 16 критерий бойынша онлайн-дауыс беру түрінде өткен әкімдердің жұмысына халықтың қанағаттануын өлшеу болып табылады.
Үміткерлер ауылдық округті дамытуға, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешуге бағытталған жобалық жұмыс, сондай-ақ «Мен неге «Үздік ауыл әкімі» атағына лайықпын?» тақырыбында эссе дайындады.
Ең жоғары балл жинаған кандидатпен республикалық комиссия жеке онлайн әңгімелесу өткізді. Оның құрамына Президент Әкімшілігінің, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің және Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметкерлері, Парламент депутаттары, қоғамдық ұйымдары мен БАҚ өкілдері кірді.
Комиссия мүшелері олардың эсселерін, жазудағы креативті тәсілдерін оң бағалады, сондай-ақ жеңімпаздардың жобалық жұмыстары басқа қатысушылардың жұмыстарымен салыстырғанда үздік шықты.