Үш мыңнан аса жәдігері бар Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейіне келушілердің саны жылдан-жылға арта түсуде. Жақында мұражай жәдігерлері тағы да толыға түсті. Музейімізге көпбалалы ана, ардақты әже Зәтекүл Молдабаева арнайы келіп, өзі қолданған бірнеше бұйымды табыстады.
– Естінің сөзі, ескінің көзі қымбат демекші, мына самаурын кезінде анамнан сый ретінде берілген. Ол кезде небәрі 17-де едім. Содан бері міне, жасым 80-нен асып кетті, қаншама қонақ, отбасым осы ыдыстан шай ішіп, сусынданды. Ал мынау, өз қолыммен тоқыған қоржын. Жастар жағы біле бермес, бұл қолөнер бұйымы тек төрде сәндік үшін ілініп тұрмайды, ертеде ата-бабаларымыз ас-ауқат, киім-кешек салып жүруге қолданған. Қолымдағы қасқыр ішікке де көп жыл болған. Жолдасым Дәулетбай мал бағу ісімен айналысқандықтан, қыста суыққа төзімді осындай тондар арнайы тапсырыспен тігілетін. Қазір техниканың дамыған заманы ғой. Кезінде бұл бұйымдар үлкен еңбекпен жасалатын. Осыны жас ұрпақ ұғынсын деп өздеріңе әкеліп отырмын. Көздің қарашығындай сақтарсыңдар қарақтарым, – дейді қарт әжей.
Атадан аманат – ұрпаққа ұлағат. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп айтқанындай, кейінгі жас ұрпақ алдыңғы толқын аға буынның өнегесінен ғибрат алып, кемел келешекке бастары анық.
Айдана ШОТБАСОВА,
Байзақ аудандық тарихи-өлкетану музейінің қор сақтаушысы