• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Руханият 14 Қазан, 2020

Быковтың «Ақымағы»

245 рет
көрсетілді

Қоғам – жекелеген жандардың жиынтығы. Ал енді көпшілік болған соң оның мәселесі қордаланбай тұрмайды. Әлеуметтің әлжуаз халі санасында сәулесі бар кез келген адамды әурелеуі тиіс. Әсіресе аз ғана уақыттың ішінде бірнеше қоғамдық формацияны басынан өткерген кешегі он бес одақтас елде бұл сұрақтар әлі де өзекті. Біз осы ойымызға ресейлік кинорежиссер Юрий Быковтың «Ақымағын» («Дурак») көргеннен кейін тіпті терең үңілдік.

 

Астары көп «Ақымақта» айтар ой телегей. Тіпті кинодағы басты кейіпкер, жас сантехник Дмитрий Никитиннің қы­зыл күртешесінің өзі назар аударт­пай қоймайды. Бақандай сегіз жүз (800) тұрғыны бар ескі жатақхана ғимаратының әне-міне құлайын деп тұрған апат­ты жағдайын көріп қалған байғұс Дима жан ұшырып биікте отырған билік өкілдеріне барады. Әлбетте шырылдаған шаруаның жанайқайын шенеуніктер шыбын шаққан құрлы көріп пе? Олардан қайыр болмаған соң үйді-үйдің есігін қағып, елді қырғыннан құтқарғысы келіп жанталасады. Бір қарағанда қызыл күртешелі Никитин қоғамның қызыл жо­ла­ғы сияқты. Қайнау шегіне жетіп қопарылғалы тұрған қазан­дық­тардың қақпағы сияқты қып-қы­зыл.

Оқиға Ресейдің жұпыны бір қаласында өтеді. Жаңа үйленген Дмитрий Никитинді көршілері кешкілік су құбырлары жарылып, соны жөндеп беруін өті­неді. Ақауды анықтап жүріп жас сантехник өздері тұрып жат­қан ескі жатақхананың құлау­ға шақ қалғанын, тіпті осы түннен қалмай сегіз жүз тұрғыны бар көне ғимараттың шаңырағы ортасына түскелі тұрғанын көреді. Қабырға көз алдында жарылып, жағдай шынымен дабыл қағарлық деңгейде болатын. Ал бұл қауіптен әлгі сегіз жүз тағдырдың ешқайсысы әлбетте, бейхабар.

Никитин апаттың алдын ал­маққа қаланың әкіміне жөнеледі. Әкім болса өзінің елу жас мерейтойын қымбат бір ресторанда дүркіретіп тойлап жатады. Сан­техник шырылдап жүріп, даң­ғырлаған музыканы әйтеуір дегенде тоқтаттырып, жағдайды хабарлайды. Жағдайдан толық хабардар болған шенеуніктер өздерінің жаттанды қимыл-қозға­лыстарына көшкендей болады. Шарап­тың буы бар, тойдың бұ­зыл­ған шырқына деген ашу бар, қаланың тыныс-тіршілігіне жауапты әртүрлі сала басшылары бір-бірін кінәлап, кімнің қай ақшаны не үшін жегенін «ақымақ» Диманың алдында ақтарып салады. Дегенмен әкім әйел Галаганова сегіз жүз тұрғынды эвакуациялауға ниет танытады. Алайда құрылыс ком­­паниясының басшысы бар, басқасы бар, апат болған жағ­дайда кінәні басқа жаққа аудара салуды ұйғарады. Біздің тілмен айтқанда бір-екі департамент басшысына барлық жаланы іліп қоя береді. Қоя бере салмай, қа­шып кетті деп аулаққа апарып бұл дүниемен қош айтыстырады. Ники­тинге де қарасын батыру керек-тұғын...

Алайда ол қашып кетуді өзіне ар санап, бүкіл тұрғынды түні­мен жүріп далаға шығарады. Тіп­ті ашу үстінде, жиналып ішіп отырған бірер жігітке қат­­ты-қатты сөздер де айтып қалады. Небір көріністерге тап болады: әйелін тепкілеп жатқан мас­күнемдер, инеге отырып жатқан нашақорлар, түсініксіз әндер тыңдап жатқан жастар, қысқасы Ресейдің кішігірім макеті құла­ғалы тұрған ескі ғимарат. Иә,­ шы­нымен де жатақхана – Ре­сей. Жатақхана тұрғындары – әбден азап шеккен халық, қала шенеуніктері – біз бәріміз таң­даған үкімет.

Не керек, қылдың ұшында тұр­ған тағдырлар аман-есен таң­ға ілігеді. Бәрі шу-шу етіп есік алдында тұрады. Қара тер­ге түсіп Никитин де соңғы тұр­ғындарды шығарып бітеді. Әрі қарай не болды деп ойлай­сыз? Адамзатты апаттан аман алып қалған Никитин бе? Қаһарман Никитин бе? Елдің қамын ойлап қара басын қатерге тіккен Никитин бе? Жоқ, тіпті де олай емес!.. Ол елдің бәрін дүрлік­тіріп, тып-тыныш жатқан үй­дің берекесін алған бүлікшіл оңба­ғанның нағыз өзі болатын!..

Араққа қызып алған бір жігіт осылай деп Никитинді ішке тепкілей бастайды. Қалған топ қарап қалсын ба, олар да бейшара сантехникті төмпештеуге кірісіп кетеді. Есік алдында өлімші болып Дима соңында жалғыз қалады. Тұрғындар болса бәрі улап-шулап жатақханаларына қайта кіріп бара жатады...

Жарылған қабырға – екіге жарылған пікірлер. Жарылған қабырға қарапайым халық пен биліктің арасы құсап ашылған үстіне ашылып барады. Алайда осы олқылықты көрсеткісі кел­ген Никитиннің жағдайы әлгін­дегідей. Жалпы қайтпек керек? Ресейлік режиссер осы мәсе­леге «ақымақ» Никитин болып бар­ғысы келеді.

Никитин кім? Федор Достоев­скийдің «Нақұрысын­дағы» князь Мышкин ба, өртеніп жатқан Мәс­кеуіне қолынан келер қайран жоқ, көзі жасаурай қарап тұратын Тол­­стой кейіпкері граф Безухов па?­ Біздіңше, бұл тіпті жаңа кейіп­­кер сияқты.

Фильмде ғажап бір эпизод бар. Әйелі мен баласын шыңғыр­тып сабап жатқан маскүнем ер­кек­ті алып кетуге келген тәр­тіп сақшыларына әйелі: «Әкет­пең­дер, ертең жұмысына баруы керек», деп алып қалады. Өз қолыңды өзің қалай кесесің? Бы­ковтың басқа Ресейі, басқа Мәскеуі, басқа Петербургі жоқ. Осы тар маңдайға нені жазды, соны көреді. Өз Отаныңды түр­меге тоғытқанмен саған басқа Отан бақыт жолын ұсына қоя ма? Бүгінгі жастардың көзімен қарасақ, бұл жатақхана үй ме, жоқ әлдеқашан үйіндіге айналған ескі көзқарас па? Мәселеге осы ракурс­тан да қарау керек.

Екі түрлі тап, екі түрлі қоғам. Быков картиналарының кез кел­гені алып Титаниктің жоғарғы қабатындағы ақсүйектердің балы мен төменгі қабатындағы қара шаруалардың шулы кабагы сияқты екі желі қатар өріледі.

Бір қарағанда Быковтың бұл жатақханасы қабырғалары қау­саған кәрі ғимарат емес, жып-жылтыр айна сияқты. Орыс қо­ғамы­ның дәл қазіргі бет-бейнесін боямасыз бедерлеп беретін кә­дуіл­гі ақиқаттың алып айнасы.

Айтпақшы Ю.Быков аталған картинасын белгілі режиссер Алексей Балабановқа арнайды. Оның түпкі мәнін де түсі­не­тіндейміз. Быковтың кейіп­керлері де Балабановтың кейіп­керлеріндей мүлгіген орыс қоғамының ішіндегі шыңғырған шындықты бүркемелемей шынайы сомдайды. Бұл режиссер де сонау тоқсаныншы жыл­дар­­­­­­дың тоқыраған топанын «Аға» бәлкім «Бауыр» («Брат») фильмін­­д­е алдымызға төгіп сал­­ғаны есімізде. Орыстардың боя­масыз болмысы осынау қос сурет­кердің қойылымдарында қойырт­пақтанбай нақты көрініс табады.

Осылармен қатар орыс қо­ғамы­ның іріп-шіріп, құлап, қирап, бүлініп бара жатқанын Петр Бус­ловтың «Бумерінен» де анық байқауға болады. Ю.Быковтың штативінде шаңы­рағы ортасына түсейін деп ескі жатақхана шай­қалып тұрса, П.Бусловтың объективіндегі оқиға қымбат шетелдік автокө­лік­тің маңайында өрбиді. Жалпы BMW автокөлігін бүгінгі қоғам бұзақылықпен байланысты қа­былдайды. Орыстар да қылмыс әлемінің серкелерін сомдағанда міндетті түрде осынау көлікке мінгізеді. Аталған фильм­де де қаншама кикілжіңдер, бопсалау­лар, әлімжеттіктер, жем­қорлық, достық, сатқындық бәрі-бәрі Бусловтың «Бумеріне» тығылады. Әлдебір байдың есік алдынан қолды болған көлік әуелде су жаңа болатын. Уақытпен бір­ге тозып, адамдардың бір-бі­ріне деген қастығы, әртүрлі қо­ғам­дық көзқарастардың соғы­сы «Бу­мердің» быт-шытын шы­ға­рады. Кейде біздің де қоғам сол Бусловтың «Бумерінде» кетіп бара жатқандай көрінеді. Жә, бұл тақырып өз алдына жеке әңгіме.

Быковтың басқа фильмдерін де қарауға болады. Жап-жас режиссер жараға тұз себудің кәнігі шебері. Ұлт мінезін ұғынықты тілмен шебер жеткізеді. Әртіс­терді де таңдауда көп әуреге түс­пей­тін сияқты.

Бірақ бұл картинадан бір нәр­сені ұққанымыз дұрыс: Быков­тың «Ақымағында» басты кейіп­кер жоқ.

Бәрі басты кейіпкер.

Жатақхана да басты кейіпкер. Жаны бар, айтары бар, қылмысы бар, ғұмыр-тарихы бар, ұяты да бар.