Мемлекет басшысы 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялаған соң Батыс Қазақстан облысында да волонтерлер қозғалысын дамыту үшін арнайы жұмыс жоспары бекітілген болатын.
Алдымен волонтерлердің жұмысын жүйелендіруге арналған volunteer 07.kz сайты құрылды. Сайтқа Орал қаласы мен 12 аудан бойынша 10 мыңнан астам адам волонтер ретінде тіркелді. Оның ішінде зейнет жасынан асқан 8 «алтын» волонтер, 50 жастан асқан 34 «күміс» волонтер бар екен. Еріктілердің қалғаны – жастар.
– Біздің батысқазақстандық волонтерлер жыл басынан бері 18 мыңнан астам шара өткізді. Әсіресе індет кезінде еріктілер облыс бойынша 13 мыңнан астам отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да көмек көрсетті. Соның ішінде Екінші дүниежүзілік соғысы мен еңбек ардагерлеріне ерекше назар аударылды. Осы топқа жататын 324 ардагердің үйіне волонтерлер 10 күн сайын арнайы барып, қажетті тұрмыстық көмек көрсетті, – дейді Батыс Қазақстан облысының әкімі Ғали Есқалиев.
Карантиннің алғашқы кезеңінде ел іші дүрлігіп, қарапайым бетперденің өзі тапшы болғаны белгілі. Осы кезде оралдық еріктілер халыққа 350 мың масканы тегін таратты. Соның ішінде 80 мың бетпердені волонтерлер өздері қолдан тіккен болатын.
Әсіресе пандемия кезінде адам өмірін сақтап қалу үшін күрескен, коронавирус індетіне өздері шалдыққан медицина қызметкерлеріне, жалпы саны 409 адамға волонтерлер су, дәрі-дәрмек, басқа да тұрмыстық қажетті заттарын жеткізіп, үнемі қамқорлық жасап тұрды. Сондай-ақ карантин және локдаун кезінде волонтерлер құқық қорғау органдарының қызметкерлерімен бірге қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмыстарына атсалысып, 1206 рейдке бірге шығыпты.
«BIRGEMIZ» taza-alem жалпыұлттық жобасы аясында батысқазақстандық еріктілер жыл басынан бері 18 акция ұйымдастырып, 62,2 тонна қоқысты шығарған.
Шынында да волонтерлер қозғалысы әлемді әбігерге салған індет кезінде кең қанат жайды. Адамзатқа қауіп-қатер төндірген пандемия ел-жұртты біріктіріп кетті. Жер-жерде қайырымдылық шаралары күшейді. Мәселен, Теректі ауданында волонтерлер 3000-ға жуық маска дайындап, тегін таратса, төтенше жағдай кезінде 183 отбасына азық-түлік жеткізіп, жалғыз басты қарияларға 38 мекенжайлық көмек көрсетті. Ауданның 6 волонтері карантин кезіндегі еңбегі үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғыс хатымен марапатталды.
Орал қаласында да 104 волонтерлік ұйым қатарындағы 2 мыңға жуық волонтер барлығы 5 мыңнан астам отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да түрде адрестік көмек көрсеткен екен. Сонымен қатар волонтерлердің көмегімен жиналған қаражат есебінен 583 отбасына азық-түлік, 278 отбасына дәрі-дәрмек жеткізілді. 53 отбасының үй жұмыстарын атқарды. Бұлар шын мәнінде көмекке мұқтаж мүгедек немесе қария адамдар болатын. Сондай-ақ 168 отбасы төтенше жағдай кезінде берілетін 42500 теңгелік әлеуметтік жәрдемақыны дәл осы еріктілердің көмегімен алды деуге болады. Өйткені пандемия кезінде өтінім беру негізінен онлайн жүрді. Ал смартфон арқылы онлайн өтінім беруді екінің бірі біле бермейтін.
Орал қаласында тек қана волонтерлердің күшімен 130 мың маска тегін таратылды. Осының ішінде 15 мың маска қолдан тігілген.
Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету ісіне еріктілер көп үлес қосты. Орал қаласында олар құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірге 100-ге жуық рейд жасаған. Бұл рейдтер кезінде санитарлық-эпидемиялық талапты бұзған 68 дерек анықталып, тиісті органдарға жолданған.
Байқап қарасақ, жақсылық та, жамандық та жұқпалы ғой. Оралдық Қадырбек Халелов инстаграм желісінен бір кездері мектепте сабақ берген ұстазы Айболат Құрымбаевтың індет кезінде ерікті болып, игі іспен белсенді айналысып жүргенін көріп қалыпты. Сөйтіп бір топ достарымен бірге Айболатқа хабарласқан. Сөйтіп жергілікті штабтан Орал қаласында тұратын мұқтаж отбасылардың мекенжайын алып, бірнеше мәрте қайырымдылық көмек көрсетті.
– Халықтың азаматтық белсенділігін арттыратын еріктілер қозғалысын мемлекет те барынша қолдауы, қорғауы тиіс. «Волонтерлік қызмет туралы» заңнан бөлек, кейбір мәселелердің де басы ашылғаны, нақты анықталғаны дұрыс. Мысалы, төтенше жағдай кезінде еріктілер мен мекемелер арасында келісімшарт жасала ма? Волонтерлер техника қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтан өтуі тиіс пе? Жеке қорғаныш құралдарымен еріктіні кім қамтамасыз етеді? Өзі сатып алуы керек пе? Ерікті қоғамдық жолаушылар көлігінде тегін жүре ала ма? Волонтерлердің атқарған қызметтерін, қайырымдылық істерін тіркеп, есепке алып отырған мекеме, ұйым бар ма? Әрине еріктілер бұл игі істерін ақжүректікпен, еш қайтарым күтпей жасап жүргені анық, бірақ бұл іс оның жеке басына қауіп төндірмеуі тиіс. Мемлекет тарапынан мұндай азаматтық ұстанымы мығым, белсенді азаматтарды ынталандыру, марапаттау да ойластырылуы және бұл іс өте әділ жүргені жөн, – дейді оралдық волонтер, Ғылыми зерттеулерді қорғау қорының жетекшісі Айболат Құрымбаев.
Елімізде пандемияның шырқау шегі жаз айларына келді. Қазір Батыс Қазақстан облысында да індет қаупі сейіліп, халық күнделікті тірлігін сүріп жатыр. Дегенмен еріктілерге қашан да жұмыс табылады. Жақында ғана қала күні мерекесі аясында Орал қаласының волонтерлері «Дегдар» гуманитарлық қорымен бірлесе отырып мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындарынан 160 адамға, Екінші дүниежүзілік соғысының 40 ардагеріне азық-түлік себетін таратты.
– Қазақта «көңіл – қымбат» деген бар ғой. Біздің іс-шарамыздың бір мақсаты – сол қазыналы қарттар мен қала тұрғындарының көңілін бір көтеру – дейді жастар белсендісі Дулат Жүсіпқалиев.
Батыс Қазақстан облысы