Әлемді жайлаған пандемия біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Соның салдарынан сақтық шараларының алдын алу үшін Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде барлық көпшілік шараларға тыйым салынды. Оның ішінде Жеңістің 75 жылдығы да бар.
Еліміздің Ардагерлер ұйымы да бұл тұрғыдан түсіністікпен қабылдады. Бүгінде 1941-1945 жылдары соғысқа қатысқан ардагерлердің қатары күн санап сиреп келеді. Осы соғыстың тікелей куәгері болған сол кездің балалары бүгінгі таңда ел ағасы дәрежесіне жетті. Әйтсе де сол бір жылдардың қасіреті олардың жадынан өшпейтіні анық. Қазіргі жеткіншектер аталған соғыс туралы мағлұматтарды қысқа нұсқадағы оқулық беттері мен интернет желісіндегі шағын ақпараттармен ғана шектелетіндіктен, бұл соғыс ел өміріндегі жай ғана тарихи кезең ретінде қаралатындығын да мойындауға мәжбүрміз. Кезінде «Ұлы Отан соғысы» деп аталған, соңғы жылдары «Екінші дүниежүзілік соғыс» деп өзінің шын мәніндегі атауын иеленген сол бір қасіретті жылдардағы қазақ ұлты өкілдерінің қаһармандық істерін ел жадында жаңғыртып, олардың ұлт тарихында сақталуын қамтамасыз ету – біздің қасиетті борышымыз. Бұл – бір жағынан алғанда, қан-майданда қаза болғандардың рухына деген шексіз тағзым белгісі болса, екінші жағынан, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеудің бірегей де тиімді жолы.
Бір қуаныштысы, елінің елдігін, жерінің тұтастығын сақтап қалу жолында ғасырлар бойы күрескен және сол бір сын сағаттарда ешбір осалдық танытпаған ата-бабамыздың ерлік рухы, сөз болып отырған соғыс барысында да жарқырай көрінгендігін, жауын жаныштауда ұлт ұландары үнемі алғы шептен табылғандығын дәлелдейтін дереккөздер шындап іздегендерге, Құдайға шүкір, әлі де болса табылып жатыр.
Осы деректерді жүйелі түрде жинақтау, қандастарымыздың майданда жария болған қаһармандық келбетін өз халқымызға, қала берді бүкіл әлемге үлкен мақтанышпен дәріптеу біздің міндетіміз. Сол мақсатта ізденісті көп жыл бұрын бастаған болатынбыз, ол еңбегіміз Жеңістің 75 жылдығына орай қазақстандықтардың, бірінші кезекте, қазақ азаматтардың жасаған ерліктері туралы толыққанды мағлұматтар жиынтығының бір жүйеге келтірген, жалпы көлемі 20376 парақты құрайтын 48 том кітап болып шықты. Оның ішінде ешқашан ешқайда шықпаған бірегей материалдар бар. Мысалы, соғыс аяқталуға жақындаған соңғы сәуір айында Берлинді бомбалауға 300 ұшақ қатысып, олардан тек тоғыз ұшқыш Берлинге өте алған, қалғаны тірі қалмаған. Тоғыз ұшқыштың үшеуі қазақ. Сол ұшқыштар туралы еш жерде жарияланбаған құнды материалдар бар. Сондай-ақ қазақ офицерлерін 1995 жылға дейін тек 500 ғана болды деп келді, шындығында олардың саны 12493 болған. Өкінішке қарай, 16 қандасымыз Кеңес Одағының Батыры атағына екі реттен ұсынылып ала алмай қалған.
Бұл материалдарды барлық Еуропа елдерінен, оның ішінде біздің ТМД-ның үш елі бар – Украина, Белоруссия, Ресей архивтерінен жинадық. Бұдан өзге, Қазақстанның Латвиядағы елшісі Бауыржан Мұхамеджановтың тікелей ықпалымен Ұлы Отан соғысындағы қазақстандықтар туралы Рига архивінен біраз материал табылды. Осы ауқымды шаруада жобаға жетекшілік жасап, оның сәтті болуын халықаралық дәрежеде үйлестіру, қолжазбасы дайындалған әрбір кітапты мұқият сараптамадан өткізіп, жұмыс барысын үнемі қадағалап, ұжым мүшелеріне нақты ақыл-кеңестер беріп, бұрын-соңды жарық көрген материалдарды қайтадан зерделеу мен толықтыру, жаңа деректер іздеу барысында айлап-жылдап архивтерде отыру, жаңадан табылған яки қайтадан зерделенген материалдарды бір жүйеге келтіру, жүйеленген материалдарды редакциялау, оларды том-томға топтастырып, алдын ала белгіленген жоспарға сәйкес уақтылы баспадан шығарып, іздеген материалға қол жеткізу барысында туындайтын адами және қаржылық кедергілерді еңсеру жолдары оңай болған жоқ. Кітаптағы материалдарды жинақтап, бүкіл ақпараттың ресми құжаттармен расталуын қамтамасыз етуде Жұмабай Доспановтың, жинақтаған қолжазбаны әдеби қалыпқа келтіріп баспадан шығаруда Қойшығұл Жылқышиевтің еңбегі орасан зор. Бұл ұлан-ғайыр еңбек – еліміздің әскери ғылым саласын дамытуға қосқан үлесіміз ретінде «Қазақстандық қаһармандарды» қайта тірілтіп, жұртымыздың жадын жаңғыртар 48 томдық тарихи қазына болып қосылды.
Біз бұдан өзге тағы да биылғы Жеңістің 75 жылдық мерейтойы қарсаңында бірнеше естелік, жинақ шығардық. Соның бірі – Абай Тасболатовпен бірігіп әзірлеген «Қазақстан – Ұлы Отан соғысы жылдарында» деген атаумен шыққан кітап. Кітапта соғыс ардагерлері мен бейбіт халықтың ерлік істері 3 тілде суреттеліп, соғыстағы адамдардың бірлігі, бауырмалдығы, ерлігі, отансүйгіштігі қамтылды. Сол кездегі сұрапыл соғысқа 1 млн 500 мың қазақстандық қатысып, олардың жартысынан астамы майданнан оралмағандығы туралы жазылған болатын. Осы жинақ ТМД елдері арасында жарияланған байқауда «Жеңіс» аталымы бойынша жүлделі 1-орынға ие болды. Кітап соғыста қайтыс болған және соғыс азабын тартып тірі қалған соғыс ардагерлеріне және Жеңісті жақындатқан әкелер мен аталарға деген құрмет. Олар туралы естеліктер жазылған кітаптар Қазақстанның әрбір азаматының үйінде тұрса артық болмас. Сондай-ақ бұл кітаптарды өңірлердегі кітапханаларға жібердік.
Биылғы Жеңістің 75 жылдығын ойлағандай атап өте алмасақ та, біздің ардагерлердің қатысуымен, өңірлерде барлық аталған сақтық шаралары сақтала отырып, соғыс ардагерлерін еске алуға арналған шаралар өз жалғасын тапты. Соғыс ардагерлерінің ерлігіне тағзым ретінде түрлі акциялар мен патриоттық әндер және өлеңдер байқауы, фото-көрмелер ұйымдастырылды. Сондай-ақ жергілікті ардагерлерді есте сақтау мақсатында «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды», «Великая Победа в памяти навеки» кітабы Нұр-Сұлтан қаласы ардагерлер кеңесінің бастамасымен, осы өңірден шыққан барлық Кеңес Одағының Батырлары мен қазіргі көзі тірі Ұлы Отан соғысы майдангерлері және тыл ардагерлері жайлы жазылып, басылып шықты. Онда Кеңес Одағы Батырларының қаһармандық ерлік жолдары мен арамызда жүрген жергілікті соғыс ардагерлерінің майдан жолдары және соғыс жылдары тылда еңбек еткен адамдардың толассыз еңбегі баяндалады.
Биыл Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында «Ардагерлер туралы» заң қабылданған болатын. Жаңа заң аясында ардагерлердің 5 әлеуметтік санаты анықталды. Атап айтқанда, Отан соғысының ардагерлері, өзге мемлекеттердің аумақтарында ұрысқа қатысқандар, Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілгендер және еңбек ардагерлері мен басқа да санаттағы азаматтар. Осылайша ардагерлерді әлеуметтік қорғау қадамдары нақтыланды. Олардың құқықтары енді осы құжат аясында қорғалады. Уақыт өте қоғамның дамуына қарай «Ардагерлер туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу болашақтың еншісінде.
Ардагерлердің жұмысы соңғы жылдары заман талабына жауап беретін жаңа әдіске көшті. Соған орай ардагерлер қауымының атқарар жүгі де орасан болмақ. Қоғамда болып жатқан қай оқиғалар да бізге жақын. Атап айтқанда, азық-түлік тауарлар бағасын тұрақтандыру, тұрғын үй мәселесі, денсаулық сақтау жүйесін дамыту, білім саласы, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру мәселелері ардагерлерді толғандыратыны белгілі.
Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы еліміздің әрі қарай дамуының кезекті қадамы. Қоғамның дамуында болып жатқан түрлі өзгерістердің мән-жайын біліп, оны халық арасында насихаттап жүру біздің ардагерлердің негізгі міндеттерінің бірі.
Бақтықожа ІЗМҰХАМБЕТОВ,
Парламент Мәжілісінің депутаты,
Республикалық «Ардагерлер ұйымы» Орталық кеңесінің төрағасы