• RUB:
    4.62
  • USD:
    499.51
  • EUR:
    525.83
Басты сайтқа өту
Ең қысқа әңгіме 15 Қазан, 2020

Батырдың аты өшпейді

1148 рет
көрсетілді

Ел шебін күзеткен шекарашылар үшін 28 қыркүйек – қаралы һәм ерлік күні саналады. Себебі 1994 жылдың 28 қыркүйек күні батыр шекарашы Раджан тәжік-ауған шекарасындағы күші тең емес жаумен болған қақтығыста ерлікпен қаза тапқан болатын. Ең бастысы, шекарашы сол жолы патриоттық рухтың нағыз үлгісін көрсетті.

Таяуда ҰҚК Шекара акаде­миясының Қараойдағы дала­лық оқуды қамтамасыз ету басқар­ма­сында, мұнан кейін Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара бас­қармасында өткен іс-ша­ралар – батыр шекарашы Рад­жан Ба­тырхановтың рухына тағ­зым етуге арналды. Ал атал­ған шараларды шекарашы арда­герлердің «Застава тарландары» республикалық қоғам­дық ұйы­мының Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша филиалы ұйымдастырды.

1994 жылы өзінің Отан алдын­­дағы борышын сол кездегі Күр­шім шекара отрядының «Шың­дығатай» шекара заставасында атқарып жүр­ген жерінен өзі сұранып, тәжік-ауған шекарасына аттанған Рад­жан­ды алда ауыр ұрыстың күтіп тұрғанын ешкім білмек түгілі сезбеген де еді.

1994 жылдың 28 қыркүйегі күні екі жүзден астам мұздай қаруланған моджахед ТМД-ға мүше мем­лекеттің, яғни Тәжікстанның оң­түстік шекарасын бұзып кіреді де Хорог қаласының аумағына қа­рай бет алады. Осы сәтте тоғыз автөлікке мінген моджахедтердің жолына қазақстандық және ре­сейлік шекарашылар қарсы тұ­рады да, қорғанысқа ыңғайлы төбе үшін қақтығыс басталып кетеді. Осы ұрыста ресейлік лейтенант Владимир Селюк пен қазақстандық шекарашы Раджан Ба­тырханов төбені алу үшін дұш­панмен ерлерше арпалысады. Алайда лейтенант ауыр жараланады да, Раджан командирін жаудың жаңбырша төпелеген оғының астынан алып шығады. Сосын қол пулеметімен атысты жалғастырған ол бөлімшенің қолайлы жерге орнығып алып, моджахедтерге тыл жағынан соққы беруге мүм­кін­дік жасайды. Осы ұрыста өзінің әскери борышына мейлінше адал қазақ елінің өрені қаза табады.

Содан бері арадан сырғып 26 жыл өтті. Осы жылдардың ішін­де батыр шекарашының ерлі­гін ұлық­тауға арналған шаралар аз болған жоқ. Батыр шекарашы Қазақстан Республикасы Президентінің Жар­лығымен ІІ дәрежелі «Ай­бын» орденімен марапатталып, 2000 жылы оның есімі қазіргі Күршім ауданы бойын­ша шекара басқармасының «Шыңдығатай» шекара бөлім­шесіне берілді. Сонымен қатар Тә­жікстан елінің астанасы Душанбе қаласындағы көше мен мектеп Раджан Батыр­хановтың атымен аталады. Бұған жыл сайын Раджан туып-өскен Шығыс Қазақстан өңіріндегі Катон­қарағайда өтіп келе жатқан іс-шаралар мен батыр атындағы көшені де қосуға болады.

ҰҚК Шекара ака­де­­мия­сы­ның далалық оқуды қам­тама­сыз ету басқармасында өткен шараға «Застава тарландары» республикалық қоғамдық ұйы­мының Алматы облыстық фи­лиалының төрағасы, запастағы полковник А.Дубовпен бірге «Тә­жік-ауған шекарасындағы жа­уынгерлік ұрыстарға және әскери қақтығыстарға қатысушы ардагерлер одағының» Алматы облыстық филиалының төрағасы, запастағы подполковник Марат Досыбаев, тәжік-ауған шекарасында Сарыөзек ротасын бас­қарған запастағы полковник Асқар Избанов, мерзімді қыз­меттің аға сержанты Алмас Тали­повтар қатысты. Олар – осыдан тұп-тура 26 жыл бұрын 28 қыр­күйекте болған қақтығысты көздерімен көріп қана қоймай, Раджан Батырханов сияқты батыр шекарашының арқасында жауға тыл жақтан соққы берушілерді басқарған және сол қақтығысқа белсене қатысқан ардагерлер.

Басқосуға қатысушылар есімі Шекара қыз­метінің тарихына алтын әріп­пен жазылған батыр Раджан туралы әріден әңгіме қозғап, курсанттарды ерлік­ке үндеді. Әсіресе Қорғаныс минис­трлігінің Сарыөзекте жасақталған ротасын басқарған запастағы полковник А.Избанов пен оның орынбасары болған подполковник М.Досыбаевтардың айтары аз бол­ған жоқ. 1994 жылдың 28 қыр­­күйегінде жаумен болған қақ­ты­ғыста шекарашылардың қай­сар­лық­тары мен табанды әре­кеттері жайында естеліктер айтты.

Ал Алматы облысы бойынша департаментінің Қарасай ауданы бойынша шекара басқармасында өткен екінші іс-шараға запастағы полковник А.Дубовпен бірге шекарашы ардагерлердің Алматы қа­ла­сындағы филиалының төр­ағасы, запастағы генерал-майор М.Мәжитов қатысты.

Айта кету керек, тоқсаныншы жылдары тәжік-ауған шекара­сында ерлікпен қаза тап­қан қазақ­стандық әскери қызмет­шілерге қойылған ескерткіш Шекара қыз­меті бо­йын­ша тек аталған ұжымда орна­тылған. Сондықтан жыл сайы­н 7 сәуір – ерлікпен қаза тап­қан Ұлт­тық ұланның 17 сарбазын еске алу үшін тәжік-ауған ше­кара­сының ардагерлері осында жина­лып, Раджан Батырханов бастаған батырларымызға тағзым етуді дәстүрге айналдырған.

Запастағы генерал-майор Марат Мәжитов шараның ма­ңызына ерекше тоқталып өткен соң ескерткішке гүл шоқтарын қою рәсімі де басталды. Гүл шоқтары салынған себетті көтерген қос шекарашы бастаған топ қаза тап­қандарға әскери құрмет көрсетті.

Иә, бойларында патриоттық рухтары бар өскелең ұрпақ барда батырларымыздың аты өшпейді. Солардың бірі Раджанның жасаған ерлігі – шекарашылардың Отан үшін отқа түсуге дайын екенінің айғағы.

 

Тамара ДӘУЛЕТБАЕВА,

ҰҚК Шекара қызметінің запастағы подполковнигі