Әлемдік жылыну деңгейі шамамен 2 пайызды құрап отыр. Ал Орталық Азиядағы көрсеткіш 5-7 пайызға тең. Демек, болашақта «климаттық босқындар» ұғымымен бетпе-бет келуіміз мүмкін.
«Қазақстанның экологиялық ұйымдарының қауымдастығы» төрағасының орынбасары Елдос Абақановтың айтуынша, климаттағы өзгерістің зияны болады. Оның алдын алу үшін бірқатар шаруаларды тындыру керек.
– Біріншіден, біздің елде жаңа Экологиялық кодекс әзірленіп жатыр. Өз басым климаттың өзгеру салдарын бейімдеу және жұмсарту жөніндегі шараларды ескеру керек деп есептеймін. Сонымен қатар оған төмен көміртекті жобаларды да қосу қажет. Бұл дегеніміз – қоғамдық көлікті газдандыру және электромобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту, су үнемдеу технологиялары мен күн коллекторларын пайдалану. Осы бағытта жұмыс істейтін орталықтарды дамыту қажет. Сондай-ақ осы технологиялардың техникалық құрамын қарастыру керек. Көміртек салықтары жеке мәселе болып табылады. Өйткені болашақта біздің экспортқа бағдарланған бизнесіміз салық салу проблемасына тап болуы мүмкін, – деді ол.
Осы орайда «Жасыл экономика» тұжырымдамасын қайта қарау керек пе?» деген заңды сауал туындайды.
– Өкінішке қарай, «жасыл экономиканы дамыту» аясында біз өңірлер тұрғысынан сараланған тәсілді көріп отырған жоқпыз. «Жасыл экономикаға» көшу, энергия үнемдеу, органикалық сектор бойынша индикаторларға қол жеткізу үшін өңірлерді қамту керек. Әзірше өңірлік ерекшеліктер ескерілмей отыр. Экономикалық тетіктерге байланысты нақты индикаторлар қажет, – деді Е.Абақанов.
Қауымдастық төрағасы орынбасарының айтуынша, қазір халықаралық ұйымдар қандай да бір қанатқақты жобаларды іске асыруда үкіметтік емес секторға түрлі гранттар бөлуде.
– Мәселен, біз жел энергетикалық қондырғыларының өнімдерін жүзеге асыру аясында осындай жобалардың біріне қатысамыз. Өңірлерді аралап, жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік барын байқадық. Нақты сандар мен тәсілдерді ұсынатындарды анықтау қажет. Қоғамның рөлі осыдан көрініс табады, – деді ол.