Батыс Қазақстан облысында балақбақша тәрбиешісінен коронавирус диагнозы оң нәтиже берді, деп хабарлайды Egemen.kz
Батыс Қазақстан облысының бас санитар дәрігері Мұхамғали Арыспаев хабарлағандай, өңірде жалпы 6 903 адам қауіпті кеселді жұқтырған. Оның 3491 науқасы симптомсыз түрімен ауырған. Сондай-ақ ол, облыста короновирусқа шалдыққандардың саны өсіп келе жатқанын атап өтті. Мәселен, тек соңғы 4 тәулік ішінде 18 адам ауру жұқтырып үлгерген.
"Соңғы 4 тәулікте ауру жұқтырғандарға тоқталайын. Олардың арасында 75-80 жастағылар мен Ресейден келген азаматтар да бар. Бөрлі ауданында балақбақша тәрбиешісінен коронавирус анықталды. Балабақшада карантин жарияланды. Бүгін, 16 қазанда ондағы тәрбиешілер мен балалардан және ауру жұқтырған науқастың туыстарынан ПТР-тест алынады", деді Мұхамғали Арыспаев.
Сонымен қатар, облыстық бас санитар дәрігер Ресейде COVID-19 жұқтырғандар санының өсуіне байланысты Батыс Қазақстан облысындағы 4 шекара бекетінде карантин талабы күшейетінін мәлімдеді.