• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 19 Қазан, 2020

Бөрібаевтың бірегей жобасы

257 рет
көрсетілді

«Астана Операда» ақсүйек өнер думаны одан әрі жалғасады. Карантин уақытында да ізденісін тоқтатпаған өнер ордасы және бір жарқын жобаның тұсауын кесті. Қоңыр күзде көрерменін қуантпаққа ниеттенген театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, әйгілі маэстро Алан Бөрібаев елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына әзіл аралас эксклюзивті бағдарлама – «Мольер, Вольтер және Бомарше, немесе Фран­цуз комедиясының негізін салушылар» атты опералық-симфониялық концертін ұсынды.

 

Отанымызда да, шетелдерде де Алан Бөрібаевты ең биік деңгейдегі маэстро ретінде таниды. Оның дирижер тұғырындағы өзгеше өнері төрткүл дүниені әлдеқашан таңдай қаққызып үлгерген. Енді міне, соңғы екі жылда жұртшылық талқысына жүйелі түрде ұсынып келе жат­қан әлемдік музыкалық қауым­дастық арасында резонанс туды­ратын бірегей авторлық жо­балары да дирижерді жаңа қы­рынан танытты десек, артық айтқандық емес. Олардың ішінде Қазақстан, Италия және басқа елдерден келген мыңнан астам музыканттардың орындауындағы Густав Малердің №8 симфония­сы, Карл Дженкинстің SHINE ASTANA салтанатты одасы бар. Жылдың басында қойылған «Ита­­лиядан келген хаттар» опе­ралық-симфониялық кон­цер­ті тың­дар­мандардың ыс­тық ықы­ласына бө­леніп, жүрек­те­рінен орын алды. Асқақ өнер­дің жанкүйерлері маэстродан шығармашылық тар­тулардың жал­ғасын асыға күтті. Қалың тыңдарманның тілегі һәм қуа­ны­шына орай, 17 және 18 қазан күндері «Астана Опера» сахнасында өткен «Мольер, Вольтер және Бомарше немесе Француз комедиясының негізін салушылар» атты тартымды бағ­дарлама сол үдеден толық шықты.

Жобаның өзгешелігі – концертте Жан-Батист Мольердің «Мещанин во дворянстве» ко­медиясының еркін оқылуында, маэстроның өзі жасаған монолог нұсқасы Рихард Штраустың осы комедияға арнап жазған музыкасынан сюитамен бірге шырқалды. Әр жылдары атал­ған пьесадағы музыкалық жә­не драмалық бастауларды үйлес­тіру тұжырымдамасын маэс­тро А.Бөрібаев Балтимор (АҚШ), Дублин (Ирландия), Май­нин­генде (Германия) ұсынып, өнер­сүйер қауымның зор қызы­ғушы­лығын тудырған болатын.

Музыкалық монологтың не­гізгі қаһарманы Мольердің ке­йіпкері Журден мырза екенін атап өткен жөн, Алан Бөрібаев оны күлкілі, сүйкімді, сөйте тұра аңқылдақ әрі паң мінезді адам ретінде көрген. Бас кейіп­кердің тұла бойы балалық білім­құмарлық пен балаға тән ғашық болғыштық қасиеттерге толы. Маэстро Журденнің зия­лы орталарда танылуға деген тоқтамсыз құмарлығын көрсе­тудегі Мольердің қолтаңбасын сақтап қалған. Барлық оқиға осының айналасында өрбиді. Журден мырзаны оркестр музыканты Әсет Нелдібаев сомдады.

Музыкалық кешті француз комедиясының алтын ғасырының классиктері Мольер, Вольтер жә­не Бомаршенің мәтіндеріне жа­зылған шығармалар ұсыны­л­ған мазмұнды бағдарлама жал­ғастырды. Сонымен қатар тал­ғампаз жұртшылық назарына Вольтер, Л.Бернстайн, П.Бомарше, В.Моцарт, Мольер, Р.Штраустың өмірі мен шығар­машылығы туралы очерктер ұсынылды. Әдеби арқау кон­церт­тің музыкалық маз­мұнын әсемдікпен көмкерді. «Астана Опера» сахнасында алғаш рет концерттік бағдарлама аясында В.Моцарттың «Фигароның үй­лену тойы» операсынан екінші бө­лімнің финалы орындалғанын атап өту керек.

Кешке Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Айгүл Ниязова, Баш­құртстан Республикасының ең­бек сіңірген әртісі Әльфия Кә­рімова, «Құрмет» орденінің лау­реты Айзада Қапонова, халық­аралық байқаулардың лауреаттары Талғат Ғалеев, Евгений Чай­ников, Гүлжанат Сапақова, Ержан Сайыпов, Шыңғыс Ра­сылхан, Ерұлан Кәмел және тағы да басқа өнер майталмандары қатысты. Концерттің режиссері – Еренбақ Тойкенов.