Ел газеті – «Egemen Qazaqstan» ұлттық киноның тыныс-тіршілігінде қандай проблемалар бар, қазіргі қазақ киносы қайда бет түзеді және осы саладағы тағы басқа мәселелер жайында дөңгелек үстел өткізген еді. Оған Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сатыбалды Нарымбетов, Платиналы «Тарлан» тәуелсіз сыйлығының лауреаты, Қазақ ұлттық өнер академиясының доценті, кинорежиссер, сценарист Дәрежан Өмірбаев, кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры Нәзира Рахманқызы және кинорежиссер, сценарист Данияр Саламат қатысып, жүрекжарды ойларын ортаға салды.
– «Борат-2» түсіріліп бітті деген хабар желдей тараған сәттен бастап әлеуметтік желі қолданушылары өз пікірлерін жазып жатыр. Еліміздің кинодағы теріс имиджі халықтың ашуын тудырды. Әйтсе де бір елді осындай сандырақ сатира арқылы қабылдау мүмкін емес шығар? Еліміздің кинодағы оң имиджін қалыптастырудың қандай жолдары бар? «Қазақфильм» тарапынан болсын, әлде министрлік тарапынан дейміз бе қандай мәселелерге мән берілмей келеді?
Д.Өмірбаев: – Шынымды айтсам, мен бұл фильмнің біріншісін де көрмеппін. Мұндай нәрселерге көңіл аударудың қажеті жоқ. «Борсықты ұрған сайын семіреді» дейді қазақ. «Ит үреді, керуен көшеді» дейді шығыс даналығы. Түсіре берсін. Кімнің аузына қақпақ боласың? Білуімше, мұны жасап отырған Англияның еврейлері. Мемлекет мықты болса, ел іші тыныш болса, мұндай нәрселер әсер етпейді. Ал қалт-құлт етіп тұрған мемлекетте бәрі сұмдық сияқты көрінеді. Құдайға шүкір, біздің жағдайымыз тұрақты. Мұндай өтірік комедиялардың ар жағында саяси теке-тірестер жатуы да мүмкін. Көршілерімізге, Еуразиялық одаққа қарсы күштер бар. Солардың істеп жүргені бұл. Саясат деген сол. «Мені мазақтады» деп көңіл аудара берсең, өз ісің қайда қалады? Әр адам өз ісімен айналысуы тиіс деп ойлаймын.
Менің ойымша әр адам, яғни әр саладағы мамандар өз ісін жақсы, сапалы атқарса, оң имидж өзінен өзі қалыптасады. «Оң имидж қалыптастыруым керек» деген ойға жабысып алуға болмайды. Қазір әлеуметтік желінің заманы. Біз желі арқылы жаңалықтардың бәрін бақылап отырмыз. Шахматта, мәнерлеп сырғанауда, бокста жетістікке жетіп жатқан жастар бар. Кино саласына да қатысты осыны айтқым келеді. Елдің астанасы жаңадан салынып, бір үлкен іс бітті. Мұның өзі – оң имидж. Егер халықтың тұрмысы жақсарып, өндіріс орындары жұмыс істеп тұрса, ауылшаруашылық өркендесе, имидж өз-өзінен қалыптасады. «Сен оны қалыптастыруың керек» деп міндеттеп қоюға не жарнамаға жегуге болмайды. Онда сен мазақ боласың. Түсірген фильмің де жай ғана жарнама үшін жасалғандай әсер береді. Ондай фильмге ешкім келмейді.
С.Нарымбетов: – Баяғыда Гитлердің идеологы Геббельс бір елді бағындыруға музыка мен кино жеткілікті деді. Соның айтқаны рас. Кино арқылы идеология қалыптасады. Бірақ «Боратқа» қатысты олай дей алмаймын. Әрине, бұл еліміз үшін нашар жарнама екені рас. Бірақ киноның маңайындағы мәселелерді одан таратуға болмайды. Біз қазір табиғи қазынасы мол ел ретінде шетелдің олигархтарын ғана қызықтырамыз. Ал қарапайым халық бізді білмейді. Біз өз тілімізде сөйлемейміз. Басқа тілде сөйлейміз. Үкіметтік деңгейдегі отырыстарды көр. Осының бәрі не? Қазақтың киносы музыкасынан кем емес. Қазір киноның басына бизнес адамын отырғызып қойды. Өзің білесің ғой «мен саған, сен маған» дейтін ұстаныммен жұмыс істейді олар. Міне, осындай бас пайда басталды бізде. Ұлттық киноны қолдау орталығының эксперттік комиссиясынан арыз жазып шығып кеткенім сол. Оларға рахмет. Мені төраға етіп сайлады. Сол жердегі қыз-жігіттерге басынан бастап қаржы ұлттық киноны өркендетуге берілетінін, ең алдымен осыған мән беруіміз керектігін айтып бақтым. Ал түсіп жатқан сценарийлерге қарасам, 90 пайызы шалдыр-шатпақ дүниелер. Коммерциялық детективтер, боевиктер, комедиялар, оған қоса әр жерден ұрланған, көшіріп алынған бірдеңелер. Шетелден ұрланған, әрине. Тек адамдар мен жер-су аттарын ғана өзгерткен. Ондай фильмдерді ұлттық киноны қолдауға арналған ақшаға ортақтастырмай-ақ, кез келген студияда түсіруге болады. Одан түк те өзгермейді. Міне, орталық қаржыны көбіне осындай фильмдерге бөлді. Ал нағыз өнер ордасы «Қазақфильмнің» толықметрлі «Өліара» атты жалғыз фильмі өтті. Осындай жағдай болып жатыр қазір киноның маңында...
Д.Саламат: – «Боратқа» мен не үшін көңіл бөлуім керек. Егер ол біздің елімізде түсірілмесе, фильм жасаушылармен біздің елдің серіктестігі болмаса, оның ішінде ұлттың адамдары жүрмесе, ондай арсыздық , ұятсыздық бізде болмаса, біз неге оған шамдануымыз керек? Ал енді олай болған күнде де ер-тоқымымызды бауырымызға алып тулаудың қажеті жоқ. Саған қатысты кемшілік көрсең, түзе, жоқ болса, алаңдама. Сол себепті мен мұны маңызды мәселе деп ойламаймын. Мұны киноны білмейтін, киноны сезбейтін жалған намыстың жетегінде кеткен адамдардың қопсытқан шаруасы деп ойлаймын. Ал сол фильмде біздің рәміздер, құндылықтарымыз қорланып жатса, халықаралық заң негізінде әрекет етуге болады деп ойлаймын. Ал енді кинодағы оң имиджді қалай қалыптастыруға болады дегенге келсек, имидж дегенді алдыңғы қатарға шығарудың қажеті жоқ. Мықты фильмдер, мықты өнер туындылары дүниеге келсе, имидж өзінен өзі қалыптасады. Соны жасай білу керек. Мен үшін ең басты мәселе – ұлттық мәселе. Еліміз қазақ, мемлекетті құраушы негізгі ұлт қазақ болған соң, кинода да негізгі басымдық қазақ ұлтына беріліп, өнерде де бет-бейнеміз болуға тиісті. Мысалы, бізде қазақ театры бар. Ол өзінің бет-бейнесін қалыптастырған. Қазақ әдебиеті бар. Ол өзінің бет-бейнесін қалыптастырған. Осының бәрінің арқауы – тіл. «Өнер алды – қызыл тіл» дейді қазақ. Барлық өнер тіл арқылы дамиды. Осы мәселеде маған қарсы тұратын әріптестерім бар. «Тілдің не қатысы бар, кино ол ең алдымен картиналардың қозғалысы ғой» дейді олар. Солай-ақ болсын. Бірде танымал карикатурашы Ғалым Смағұлұлы «Фейсбук» желісіне бір сурет жариялады. Картинада екі адам салынған. Бірінің аузына ақ ит кіріп барады. Екіншісінің аузынан көк ит шығып келеді. Яғни «аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты» дегенді бейнелі түрде көрсетіп тұр. Егер сіз осы тұрақты сөз тіркесін білмесеңіз, бұл картинаның маңызынан құр қаласыз. Міне, тілдің құдіреті! Жалпы, бұл сөзді білмейтін адам да осы картинаның не туралы екенін шамалап ұғуы мүмкін, бірақ оның негізгі ядросын түсінбейді. Бұл ұлттық ерекшеліктермен байланысты дүние. Яғни ұлттық фильмнің ерекшелігі тілде. Тілден қағылсаң, бәрінен қағыласың. Осы тұрғыда қазір кино түсірушілер тілге акцент бермейді. Ұлттық кино дегеніміз – олар үшін жақсы кино. Сөйтіп ұлттық кино туралы жаңсақ ұғым қалыптасты. Қазіргі кино туралы заңды парақтасаңыз да сол. Ұлттық кино болу үшін көркемдік деңгейі жоғары болса, шығармашылық топ қазақстандық болса жеткілікті-мыс. Мұнда ұлттың жаны, тілі, дәстүрі, ұғымы, пәлсапасы туралы бірде-бір сөз жоқ. Қазір осы шалажансар заңға сүйеніп фильм түсірушілер көбейіп кетті. Олар бұрын да аз емес еді. Жарайды, олар орыс тілінде түсірсін дейік, бірақ қазақша аудармаларын ұғынықты етіп жасауға болмай ма? Неге орыс тілінен аударғанда қазақ тіліне бейімдеп аудармайды? Ондай шарттарға жауап бермесе, ұлттық фильмдер ретінде қабылданбау керек деген ойдамын. Тікелей аудара салу арқылы ұлттық бет-бейнені жоғалту қаупі төнеді. Өйткені кино ең бірінші идеологиялық құрал боп есептеледі. Қазір көркем әдебиетті оқитын адамдар саны бірте-бірте азайып келеді. Сол себепті идеология құралы кино түзелмей, ұлт түзелмейді. Осыған мән берілуі керек! «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» былтыр ең мықты сценарийлерді таңдап алып, кино түсіруге қаржы бөлу үшін питчинг өткізген болатын. Қабылданған сценарийлердің он пайызы ғана қазақ тілінде болды. «Қандай сценарийлер жіберді, біз соны қабылдадық», деген уәж айтты. Олар басымдықты қазақ тіліндегі фильмдерге беру керек болатын. Өйткені мемлекеттік кино орталық болған соң қолдарында пәрмені бар. Олардың қазақ тіліндегі сценарийлердің санын да, сапасын да көтеруге мүмкіндіктері бар. Тіпті олай болмаған күнде қазақ тіліндегі сценарийлер мен орыс тіліндегі сценарийлерді екі бөліп қарастыру керек еді. Екі тілде жазылған сценарийлерді бір қазанға сап қайнатуға болмайды. Ондай жағдайда қазақ тілі зардап шегетіні түсінікті. Зардап шекті де... Міне, осы нәрсе ұлттық фильмдерді өркендетуге аяқты тұсап тұр.
Н.Рахманқызы: – Әрине, тұтас бір ұлт, мемлекет туралы мұндай сарындағы фильмсымақты түсіруге ешкімнің адами, моральдық, этикалық құқығы жоқ. Осы тектес фильмдердің өнермен үш қайнаса да сорпасы қосылмайтыны белгілі ғой. Дені дұрыс кез келген адам мұны түсінеді. Біріншісі шыққанда бұл «Қазақтар, Қазақстан туралы емес, америкалық қоғамды сынап, келемеждеген фильм» деген пікірлер кездесіп жатты. Өйткені фильм Румынияның бір деревнясында түсірілген, қазаққа ұқсайтын бірде-бір кейіпкері жоқ. Былайша айтқанда, түсіру тобының аяғы қазақ жеріне жетпеген де. Әлбетте, псевдоқазақ, псевдоқазақстандық журналистің «басынан кешкен оқиғаларының» артында саяси ойындардың тұруы әбден мүмкін. Мұндай сарындағы дүниелерге назар аударудың еш қажеті жоқ. Назар аударған сайын, фильмге өзіміз-ақ жарнама жасап бергенімізді байқамай да қалуымыз мүмкін. Онсыз да өзіміздің кинода шешілмей жатқан, назар аудартатын басқа да мәселелеріміз жеткілікті. Дұрысы, соларға басымырақ көңіл бөлсек, сонда ғана көп нәрседен ұтар едік деген ойдамын...
Кез келген мемлекет экран арқылы өзінің оң имиджін жасауға талпынады. Мәселен, қазіргі таңда мұның айқын үлгісін әлем көрерменіне танымал тарихи сериалдары мен фильмдерін түсіріп жүрген Түркия елінен байқауға болады.
Киноны кезінде кеңес өкіметі де қолынан келгенше қолдануға тырысып бақты. Мысалы, 1950 жылдары түсірілген көптеген деректі және көркемсуретті фильмдерге назар аударсаңыз, қарапайым жұмысшы, шопан болсын, кез келген кейіпкердің мұнтаздай тап-таза, жап-жаңа киіммен қой бағып, кірпіш қалап жүргенін көресіз. Мұндағы мақсат – осындай фильмдер арқылы «кеңес елінің шопаны, жұмысшысы жұпыны үйде тұрмайды, жұпыны киім кимейді, коммунистік партияның арқасында бақытты өмір сүріп жатыр» деген мағынадағы кеңес өкіметінің имиджін қалыптастыру ғой. Нәтижесінде, ол фильмдердің басым көпшілігі плакаттық, альбомдық деңгейде қалып қойды. Сондықтан оң имидж қалыптастыру керек деп кейде осындай алдамшы мифтік дүниелерге ұрынып қалуға да болады.
Байқап қарасаңыз, киноны өз ойын жүзеге асыру үшін мұхиттың ар жағындағы ел де ғажап қолданады. Отқа салса жанбайтын, суға салса батпайтын супер-кейіпкерлері арқылы әлемге өзі қалаған модельді «мәдениетті» түрде тықпалап отыр. Мұны кез келген фильмінен көруге болады. Бір қарасаңыз, жақсылық пен жамандық, махаббат пен зұлымдық секілді тақырыптарды қозғап отырған секілді. Бірақ оның ар жағында бәрібір басқыншылық идеясы, агрессияның сарыны «қылтиып» тұрады. Көрермен кейде оны байқамауы мүмкін. Өйткені шым-шытырық оқиғалар, динамика, танымал актерлердің ойыны, тағы басқа фильмнің қантамырында жасырынып жатқан жаңағы ойды сездіртпеуі де, байқатпауы да мүмкін. Былайша айтқанда, іші уланған кәмпитті жалт-жұлт еткен жылтыр, түрлі-түсті әдемі қағазға ораған секілді. Ал экранның адамның түпкі санасына тікелей әсер ететін қасиеті бар. Жылтыраған сыртқы қабығына қарап, тамсанып отырғанда, іші уланған жаңағы кәмпит білдіртпей-ақ өз дегенін істей береді. Нәтижесінде, көрермен әбжыланға арбалғандай, біртіндеп жұтыла береді, жұтыла береді.
Экран дегеніміз, дәл қазір тек фильмдер ғана емес, оған қоса неше түрлі әлеуметтік желілер де бар. Ал ол әлеуметтік желілерде де неше түрлі бағыттағы ақпараттар жүр. Адамдар арасындағы қарым-қатынас та негізінен қолдарындағы кішкентай экран арқылы жүзеге асатын болды. Яғни адамның өмірінде экран басты орынға шығып кетті. Әсіресе қазіргі таңда біз өмірді, әлемді тек экран арқылы ғана қабылдап отырмыз. Сондықтан экран мәдениеті дегенімізде тек фильмдерді ғана емес, осы жағдайдың барлығын ескере отырып, кешенді зерттеу жасауымыз керек деп ойлаймын.
– Қазақ киносының қазіргі бағыты туралы ойларыңыз қандай? Осының алдында ғана ресейлік киносыншы Андрей Плаховтың «Болашақтың режиссерлері» деген кітабын шолып шыққан едім. Ол 35-55 жас аралығындағы әлемдік деңгейдегі танымал режиссерлердің арасында «этностық фигуралар» жоқ дегенді айтады. Қазақ киносы да ақырындап сол бағытқа бет түзеген жоқ па?...
Д.Өмірбаев: – Демократиялық елміз ғой. Бейнелеп айтқанда баяғы кездегідей бір отар қойды бір бағытқа айдамаймыз. Қазір әр автордың өзінің бағыты бар. Біреу комедия түсіреді. Біреу трагедия түсіреді. Ал енді біздің елімізде бұрынғы Кеңес Одағы жүйесінен қалған бір жетістік – осы уақытқа дейін үкімет киноға ақша бөліп отыр. Соның ішінде нағыз өнер саналатын авторлық фильмдерге де береді. Осы жақсы нәрсе. Мұны жоғалтып алмауымыз керек. Әсіресе авторлық фильмдер тек қана бизнеспен, ақша табумен айналысатын жүйеге түспеуі керек.
Осы жерде мектептен бастап кино сабағы оқытылса дейтін ұсынысымды айтқым келеді. Бұл туралы кейінгі жылдары әр жерлерде айтып жүрмін. Өйткені біз асыл мен жасықты айыра алатын көрерменді тәрбиелеуіміз керек. Өкінішке қарай, бізде нағыз өнер талабына жауап беретін мықты фильмдер көп болғанымен, олардың көрермені жоқтың қасы. Одан соң кино институты ашылу керек деген пікірдемін. Неге десеңіз, біздің елде іргелі өнерлердің өз алдына жеке институты бар, ал киноныкі жоқ. Қазір кино саласын үш жоғары оқу орнында оқытып жатыр. Сол факультеттерді біріктіріп, неге жеке институт ашпасқа? Бұл ойды айтып отырған себебім, кино біздің елде үлкен өнер деңгейіне жеткен сала. Киноны барлық ел түсіреді. Бірақ кино өнері қалыптасқан мемлекеттер көп емес. Біз ТМД мемлекеттерінің арасында кино өнері ғылым деңгейіне жеткен елдердің біріміз. Мысалы, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан кинолары мықты, кино тілі, стилі, авторлары бар мемлекеттердің қатарында аталады. Дүние жүзі бойынша да еліміз кино түсіруді өнер деңгейіне жеткізген санаулы мемлекеттердің қатарында. Оның ішінде АҚШ жоқ десем өтірік сияқты болуы мүмкін. Бірақ расында Голливудтың фильмдері көбіне ойын-сауық бағытында түсіріледі. Киноға олар өнер ретінде емес, ақшаның көзі ретінде қарайды. Осыны көрермен түсінуі, білуі керек.
С.Нарымбетов: Студенттерден кімді білесіңдер деп сұрасам, «Абайды, Мұқағалиды білеміз» дейді. Бірақ тереңдеп сұрасам ештеңе айта алмайды. Олар көпшіліктің аузында жүрген ең «модныйларын» ғана біледі. Әрқайсысының да арманы – режиссер болу. Олар Тарантиноның, тағы басқалардың киноларын көріп алған. Ал өзіміздің ұлттық режиссерлердің аттарын да білмейді. Сол себепті жоғары оқу орнында сабақ бергенде ылғи өзіміздің ақын-жазушыларды, режиссерлер мен сценарийшілерді насихаттап жүремін. Мен негізі Дәрежанның айтқанын қолдаймын. ХІХ ғасырда Ресейде мектепте кино пәні оқытылған. Біз де кино пәнін мектепте оқытуымыз керек. Музыкамен қатар киноның да «әліппесі» оқушыларға ұғынықты болғаны жөн. Қазақ киносы мен әлем киносын мектеп қабырғасынан үйрену артық болмайды. Голливуд жылына 400-ден астам фильм түсіреді дейміз. Соның 4-5-уі ғана өнер деңгейіндегі туынды болуы мүмкін. Қалғаны атыс-шабыс, детектив, бизнес-жобалар. Көрші үйдің бақшасы үлкен, қауын-қарбызы мол, алмалары тәтті боп көрінеді ғой қашан да. Біз өз ұлттық құндылығымызды насихаттай алмай жатырмыз. Қазір ұрпақтар арасындағы күрес басталды. Әке мен бала арасында мәселе бар. Бір-бірін түсінбейді. Шетел киноларына еліктеуден туған мәселе бұл. Тек бізде емес, көрші мемлекеттерде де «америкаландыру» жүріп жатыр. Киім киюден бастап, сөйлеуге дейін. «Ок» дейміз қазір. Әкесіне қарап сұқ саусағын безеп сөйлейтіндер бар. Әке-шешесін қарттар үйіне тапсыру бізде ешқашан болмаған жағдай еді. Бұл қайдан шықты? Осының бәрін кинодан көрді ұрпақ. Біз осының бәрін прокат арқылы бойымызға сіңіріп жатырмыз, әрі оларды қаржыландырамыз.
Д.Саламат: – Әлемді аузына қаратқан өнер туындыларының бәрі ең алдымен ұлттық негізімен құнды. Мысалы, Габриэль Гарсия Маркестің «Жүз жылдық жалғыздық» романын алайық. Ол осы роман арқылы әлемдік деңгейде Колумбия жазушысы ретінде танылды. Ол магиялық реализм бағытында жазылған шығарма болса да өз елінің, ұлтының бет-бейнесін, өмір сүру қағидаларын, пәлсапасын негіз етті. Сол арқылы Колумбияның да, өзінің де атын шығарды. Сондай-ақ Ф.Достоевскийді айтуға болады. Орыс ұлтының қайғы мен қасіретін, психологиясын ашып берді. Сол қатарда Толстойды, Чеховты айтуға болады. Жалпы, әдебиет пен киноға қойылатын көркемдік талап бір. Кинода да әлем таныған мықтылар жетерлік. Ф.Феллини өзінің «Амаркорд» атты айтулы шығармасы арқылы Италия халқының сан образдарын ұлттық ерекшеліктері арқылы тізіп берсе, жан дүниесін ашса, Жан Виго «Аталанта» фильмі арқылы сан суреткерге үлгі болып, француз халқының бет-бейнесін көрсетті. Ұлттық бояу мен өнер бір-бірін толықтырып, селбесіп биікке шығатын нәрсе. Біздің қазақ киносы өзіндік бояудан айрылып барады. Үлкен фестивальдерге ұлттық бояусыз, тек қазақстандық ұлт бейнесінде жол тартып жатыр. Қазақ кинода өзінің шын бейнесінен адасып қалды.
Н.Рахманқызы: – Әрине, фильмдер тек бір бағытта ғана түсіріліп жатқан жоқ. Солай болуы заңды да. Әдеттегідей олардың арасында авторлық, коммерциялық, тарихи тұлғалардың өмірі туралы түсірілген фильмдер де бар. Мәселен, өткен жылы 45-тен астам фильм түсіріліпті. Солардың арасында белгілі спорт шеберлері Жақсылық Үшкемпіров пен Бекзат Саттарханов туралы фильмдер бар. Тарихи тақырыпта «Томирис», «Қазақ хандығы: алтын тақ», «Балуан Шолақ» фильмдерінің түсірілгенін білесіздер. «Барымта», «Қап-қара адам», «Әлемнің мейірлі енжарлығы», «Тұлғалық өсу тренингі», «Мариям» секілді авторлық фильмдер дүниеге келді. Бірақ сол 45-тен астам фильмнің 30-ға жуығы коммерциялық киноның үлесінде екен. Пайызға шаққанда бәрібір коммерциялық фильмдердің саны басым болып тұр.
Жалпы, киноға нағыз өнер, тауар ретіндегі, сондай-ақ идеологиялық құрал ретіндегі көзқарас бар. Нағыз өнер ретіндегі көзқарас көбіне авторлық кинода кездесетіні белгілі. Осы ретте біз авторлық киномызбен мақтана аламыз деп ойлаймын. Авторлық фильмдерімізді шетелде жақсы біледі, таниды, сый-құрметпен қарайды. Дәрежан Өмірбаев, Серік Апрымов, Нариман Төребаев, Данияр Саламат, Ерлан Нұрмұхамбетов, Әділхан Ержанов, Эмир Байғазин, Шарипа Оразбаева секілді қазақ авторлық киносының белгілі өкілдері бар. Киномызды өнер ретінде сақтағымыз келсе, авторлық киноға баса назар аударуымыз керек.
Бізге еліміздің тарихы, әдебиеті мен мәдениеті, спорты, олардың белгілі өкілдері туралы фильмдер де керек. Томирис, Жәнібек хан, Керей хан, Балуан Шолақ, Үшкемпіров, Саттарханов секілді тұлғалардың бұрын экрандық бейнесі болмағаны белгілі. Сондықтан осындай тарихи тұлғалар туралы фильмдердің түсірілуінің маңызы зор.
Ал Андрей Плаховтың пікіріне келсек: иә, ол айтып отырған үрдіс жалпы әлем киносында байқалады. Бірақ Орталық Азия, соның ішінде қазақ киносына бұл үрдіс, қуанышымызға орай, ентелеп енді деп айта алмаймын. Неге? Өйткені бізде ұрпақ сабақтастығы жақсы сақталды деп ойлаймын. Кешегі 90-жылдары, кейінгі он-он бес жылда түсірілген фильмдер оның алдындағы Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықовтардың фильмдеріне мазмұны мен формасы жағынан мүлдем ұқсамайтын секілді көрінеді. Бірақ жаңағы классик режиссерлеріміздің фильмдеріндегі ұлт, жер, халық тағдыры секілді мәселелер мейлі авторлық, мейлі жанрлық фильмде (көпшілігінде) болсын, үнемі айтылады ғой. Тек жеткізу үні, тембрі мен тілі ғана әртүрлі. Мәселен, қазақта «айналайын» деген тамаша сөз бар. Оны еркелетіп те, қатал үнмен де, иә болмаса мейірленіп те айтуға болады. Сол сияқты ғой.
Тағы бір себебі – Орталық Азия елдерінің ішінде тек бізде ғана барлық кино мамандарын даярлайтын жоғары оқу орындары бар. Киномектебіміздің қайнар көзінде Шәкен Айманов, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин, Сұлтан Қожықовтардың көзін көрген, бірге жұмыс істеп, қызметтес болған, сол мектептің рухани жалғастырушылары Әмен Қайдаров, Әкім Тарази, Камал Смайылов секілді тағы да басқа қазақ кино өнерінің белгілі өкілдері болды, шәкірт тәрбиеледі. Көп ұзамай Сатыбалды Нарымбетов, Сламбек Тәуекел, Дәмір Манабай, Болат Қалымбетов, Болат Шәріп, Дәрежан Өмірбаев секілді тағы да басқа еліміздің танымал кинематографистері шәкірт тәрбиелей бастады. Осы тұлғалар тәрбиелеген шәкірттердің біразы киноға, педагогикаға келді. Сондықтан ұрпақтар сабақтастығының үзілмеуі өте маңызды деп ойлаймын.
Сондықтан Дәрежан Қаражанұлының орта мектептерде кино туралы арнайы пән өтуі керек деген ойымен толық қосыламын. Бұл, әрбірден соң ұлттың, мемлекеттің болашағы үшін өте маңызды. Өйткені қазіргі ұрпақ қаласақ та, қаламасақ та, кітаптан гөрі экранға үңілген ұрпақ екенін біліп отырмыз. Сол себепті фильм көру мәдениетіне, жалпы экран мәдениетіне өте-мөте көңіл бөлетін уақыт жетті.
– Авторлық фильмдер туралы көзқарастарыңыз қандай? Мысалы ол фильмдер тек фестивальдер үшін түсіріледі деген түсінік қалыптасқан. Сосын көбінде насихаты кемшін. Асылында қандай авторларды насихаттау керек?
С.Нарымбетов: – Авторлық фильм жасап жүрген жігіттер бар. Әділхан Ержанов, Серік Әбішев, Кенжебек Шайқақов, Жасұлан Бошанов сынды жиырмадан астам жігіттерді білем қазіргі жастардың арасынан. Олардың ішінен де біразы Ұлттық киноны қолдау орталығы өткізген питчингке қатысты. Бірақ олардың сценарийлері өтпей қалды. Өзі қазақша жазылған сценарий аз болатын. Ол жерде қазақша түсінетін Ермек (Тұрсынов - ред) екеуміз ғана. Қалғандары орыс тілділер. Орталықтың бастығы бизнес леди. Ол қарындасым қазақтың исі шыққан фильмдерді жолатпауға тырысты. Жамандап отырғаным жоқ, шындықты айтып отырмын. Бұл жағдайдан соң өнер туралы, авторлық фильмдер туралы бірдеңе деудің өзі қисынсыз сияқты боп тұр. Орталықтың қазіргі репертуарлық саясатына қарап отырсам, бізге имидж жасайтынына сенгім келмейді. Иә, бізде мықты авторлар бар, бірақ оларды қолдау керек қой. Ал бізде Ресеймен, Франциямен, тағы басқа елдермен біріккен жобаларды қаржыландырады. Ол елдерге біздің ақшамыз ғана керек. Соны ұғатын кез келді емес пе? Жалпы, жемқорлық қазір Ресейде, Өзбекстанда киноның да ішіне кіріп кетті. Бұл қазір үлкен проблема. Біздің кино орталық жемқорлықтың қайнар көзіне айналмай тұрғанда не оны жою керек, болмаса ол жерге жүрекжарды фильмдер түсіруге құштарлығы бар, ұлттық құндылықтарды қастерлейтін адамды отырғызу керек деген ойдамыз. Сол себепті Асанәлі Әшімов ағамыз бастаған топ Президентке хат жаздық.
Д.Саламат: Кино – ең жас өнер. 100 жылдан сәл ғана асатын тарихы бар. А.Тарковский «Запечатленное время» шығармасында киноны басқа өнерлерден бөліп алғысы келеді. Синтездік өнер деген ұғымнан қашады. Дербес өнер болса деген ой айтады. Авторлық фильм жасаушылар – киноның шын бейнесін іздеп жүрген адамдар. Олар киноның тілін, поэтикасын іздейді. Осындай шын мәнінде өнер деңгейіндегі дүниелерді ғана авторлық фильмдер деп айтуға болады. Олар нағыз өнер иелері болғандықтан, үнемі ізденіс пен эксперимент жолында болады. Қалыпты нәрселерге үйреніп қалған көрермен оларды қабылдай алмауы да мүмкін. Осындай жағдайда олар жасып қалмауы үшін мемлекет тарапынан қамқорлық сезіліп тұру керек деп есептеймін. Әрине мықты фильмдер де, мықты авторлар да бар. Оларды насихаттау көптік етпейді. Олардың біразы фильм түсіру үстінде, кейбіреулері пысық болмаған соң, өмірге икемсіздіктен бұғып жатыр.
Н.Рахманқызы: – Авторлық кино туралы көзқарасымды жоғарыда айттым деп ойлаймын. Бізде тамаша авторлық кино мектебі бар. Өкінішке қарай, оның насихаты ойдағыдай жасалынып жатқан жоқ. Әрине бұл фильмдер көрермен әбден үйреніп қалған коммерциялық дүниелерге мүлдем ұқсамайды. Бұл – ойға жетелейтін, терең мағыналы кино. Және оны көрерменнің басым көпшілігі қабылдай бермеуі де мүмкін. Қазіргі көрермен авторлық кинодан мүлдем бейхабар деуге болады. Мен мұны жыл сайын оқуға түсемін деп келетін жастардан байқаймын. Олар үшін қазақ киносы коммерциялық және телеарналардан көрсетілетін кейбір фильмдерімізбен ғана шектеледі. Бұл ретте көрерменді де кінәлаудың қажеті жоқ. Ол нені ұсынады, соны көреді ғой. Сондықтан тек авторлық киноға ғана емес, жалпы қазақ киносына, ең алдымен, өзімізде үлкен насихат жасалуы керек.
Біз негізінен кино өндірісіне басым назар аударамыз. Әрине, бұл дұрыс. Бірақ кино өндірісі болған соң, оның насихаты да болуы тиіс. Тек бүгінгі қазақ киносы туралы ғана емес, бұған дейін де түсірілген фильмдерді, кинематографистердің шығармашылығын зерттеп, еңбектер шығару да насихаттың бір тармағы ғой. Яғни, кино өндірісі мен оның зерттелуі міндетті түрде қатар жүзеге асырылуы тиіс. Оның кешенді бір жүйесі болуы керек. Мысалы, жыл сайын мемлекет тарапынан кино өндірісіне бөлінетін қаражаттан қазақ киносы туралы еңбектердің шығуына да неге қолдау көрсетпеске? Тек ниет қана керек бұл жерде. Мамандар өзі жазған еңбегін өз қаражатына баспадан шығарып, сонан соң оны таратумен қашанғы айналысып жүреді. Бұл енді нағыз абсурд қой.
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»
– Кинодағы образдарға ойыссақ. Мысалы, қазақ көрермендері өткен ғасырдың 70-жылдары түсірілген фильмдердегі бейнелерді ұмытпайды. Бір сөзбен айтқанда классикалық бейнелер жұрттың жадында ұзақ сақталып қалды. Ал кейінгі «Жаңа толқын» неге сондай классикалық бейнелер жасай алмады? Қазіргі режиссерлер ше? Әлде қазір бейнелер емес, «кино тілі» ғана маңызды ма?
Д.Өмірбаев: – Әр нәрсе өз уақытымен. Классикалық дүниелердің пайда болатын уақыты бар. Білуімше, қазір композиторлар опера, ақындар поэма жазбайды. Ертегілер, эпостар туып жатқан жоқ. Бұл жанрлардың уақыты өтті. Сондай-ақ классикалық дүниелер де мемлекет қалыптасып, бірігіп жатқан тұста пайда болатын нәрсе. Классика дегеніміз – іргетас. Мысалы, кино өнерінің іргетасы қаланып қойды. Бейнелеп айтқанда енді тек іргетаспен отырмайсың, қабырға, шатыр керек деген сияқты. Классикалық дүниелер үлкен топтарға, халыққа арнап жасалады. Қазір енді өнер жеке адамға бағыт алды. Жеке адамның жан дүниесіне тереңдеп енетін дүниелер жасалуда. Сондықтан «халық, халық» деп айқайлай беру қажет емес. Классикалық бейнелердің жоқтығын мен осылай түсіндіремін. Енді олар болмайды да. Олардың уақыты өтіп кетті.
Д.Саламат: – «Жаңа толқын» және қазіргі буын неге халықтың жанына жағатын бейнелер жасай алмады десек, меніңше олардың дені орыс тілінде білім алды да, төл әдебиеттен гөрі орыс әдебиетін, шетел әдебиетін жандарына жақын тұтты. Әрине, олардың жасаған туындыларын осал деуге болмайды. Көркемдік қуаты мықты фильмдер. Жігіттердің өздері де кино тілін меңгерген. Олар негізінен авторлық фильмдер түсіреді. Бұл жерде авторлық фильмдердің ерекшелігі ретінде ол фильмдердің кез келген адамның жанына жақын боп кетпейтінін ескеру керек. Ондай фильмдерде бейнелер тым жарқын болмайды, бұрынғы, қанық болған кейіпкерлерге ұқсамайды. Тіпті авторлардың арасында кәсіби актерлердің ойынынан бас тартып, фильмдеріне қарапайым адамдарды тартқандары да бар. Мысалы, өткен ғасырдың 40-50-жылдары Италияда қалыптасқан неореализм бағытында түсірілген біраз фильмдердің бізде тосын көрінгені содан.
Н.Рахманқызы: – Уақыт өткен сайын қоғам да, адам да өзгереді. Қарап отырсаңыз, осыдан жиырма-ақ жыл бұрынғы қазақ пен бүгінгі қазақты салыстырып көріңізші, өте көп нәрселердің өзгергенін байқар едіңіз. Жиырма жылда әлемде, қоғамда, айналамызда талай нәрсе өзгерді. Жиырма жыл бұрын халық жаппай телефонның шағын экранына «байланбаған» еді. Алдымен телефон, интернет, сонан соң түрлі әлеуметтік желілер, уатсап, т.б. секілді жаңалықтардың дендеп енуі күнделікті өмірімізге, дүниетанымымызға көп өзгерістер ала келді. Қазір біз шағын ғана экран арқылы әлемді алақанымыздағыдай көріп, біліп отырмыз. Әрине, мұның бәрі ішкі сезіміміз бен өмір сүру ритмімізге де әсер етпей қоймайды. Кино да ауадан пайда болмайды ғой. Оны дүниеге әкелетін авторлар да сол сіз бен біз жұтатын ауаны жұтып, суын ішеді. Сондықтан қоғам, адаммен бірге кино да өзгереді. Өйткені ол біздің бүгінгі бейнеміз ғой. Жалпы, өзінің уақытын, атмосферасын, адамдардың көңіл күйін бейнелей алған фильм тарихта қалады. «Жаңа толқын» киносы да сол 90-жылдардың құжаты іспетті тарихта қалды. Бір қоғамдық форматтан екінші форматқа ауысып жатқан тұста келген кино ғой. Бұлай болуы заңды да еді. Тіпті алғашқы фильмдері еліміз Тәуелсіздік алғанға дейін екі-үш жыл бұрын пайда болды. Осындай тарихи сәтте киноның өзгермей қалуы мүмкін емес. Ол жылдары тек кино емес, театр, әдебиет, музыкада да тың өзгерістер болып жатты. Жалпы, қоғамдық көңіл-күйдің міндетті түрде өнер мен әдебиетке үлкен әсері болады. Италияның неореализм, Францияның «жаңа толқын», немістің экспрессионизмі т.б. киносы да тақыр жерде пайда болған жоқ. Олардың да дүниеге келуіне белгілі бір тарихи сәттер әсер етті. Сондықтан қазақ киносының тарихында «жаңа толқынның» фильмдері маңызды орын алады деп ойлаймын. Оның ең жарқын өкілдері Дәрежан Өмірбаев пен Серік Апрымов әлі күнге дейін өз фильмдерінде уақыттың, қоғамның, онымен бірге қазақтың да қалай өзгергенін бейнелеп келеді. Меніңше, елу-жүз жылдан соң ХX ғасырдың соңғы онжылдығы мен XXI ғасырдың алғашқы онжылдықтарында қазақ қандай болды деген сұрақ туындаса, оның жауабын коммерциялық фильмдерден емес, осындай фильмдерден табады. Тек бүгінгі күнді ғана емес, кешегі тарихымызды, қазақтың өткен тағдырын іздеген адам Сатыбалды Нарымбетов, Дәмір Манабай, Болат Қалымбетов, т.б. секілді режиссерлердің фильмдерінен де табары хақ.
– Қазақ кинематографы бизнес заңын қаншалықты үйренді деп ойлайсыз? Үкіметке жалтақтамай кино түсірудің мысалдары туралы айтсаңыздар. Сондай-ақ аз ақшамен түсірілген фильмдер қаншалықты нәрлі, олар мәдени қазынамызға айнала ала ма?
Д.Өмірбаев: – Бұл негізі продюсерлерге қойылатын сұрақ. Өз басым киноны түсіріп болған соң әрі қарай билігім жүрмейді. Әрине сырттай байқап, біліп жүрмін. Комедиялар мен басқа да жанрларда түсіріп, ақша тауып жүрген жігіттер бар. Бұл ретте А.Чеховтың бір атақты хаты ойыма орала береді. Сонда мынадай тамаша ой өрнегі бар: «Біз Гогольді халықтың деңгейіне түсірмеуіміз керек. Қайта халықты Гогольдің деңгейіне көтеруіміз қажет». Сол сияқты біз киноны халықтың деңгейіне түсірмеуіміз керек деген ойдамын. Ал коммерциялық фильмдердің көпшілігінің жайы белгілі.
С.Нарымбетов: – Жеке студиялар бизнесті тәп-тәуір меңгерді ғой. Мысалы, Ақан Сатаевтың «Сатай фильм» студиясын атауға болады. Ол өзі менің шәкіртім. Тимур Бекмамбетов те қаржы көзін тауып, фильм түсіріп жүрді. Бұлар мықты профессионалдар. Фильмдері біреуге ұнайды, біреуге ұнамайды. Ол заңды. Меніңше, жеке студиялары бар, бизнес заңын тәуір меңгерген жігіттер ең алдымен ұлтты танытатын фильмдер түсіруді қолға алу керек деп ойлаймын.
Д.Саламат: – Мен киноға бизнес деп емес, өнер деп қарайтын болғандықтан, ол жағына мән бермеймін. Үкіметке жалтақтамай, кино түсіріп жатыр жігіттер. Олар көрерменнің ыңғайына қарай түсіреді. Көрерменнің жетегінде түсірілген фильм нағыз өнер туындысы емес екені түсінікті. Көркем фильм түсіретін адам көрерменді жетекке алу керек.
Н.Рахманқызы: – Жалпы киноның ең алғашқы қадамында-ақ оның тауар ретіндегі бір қыры да қатар ілесе келді. Әлемдегі тұңғыш киносеанстың (ағайынды Люмьерлердің фильмдері) өзі ақылы болды. Сондықтан «коммерциялық кино» деген ұғым Америка мен Еуропа елдерінде бір ғасыр бұрын пайда болды десе де болады. Әсіресе Америка бұл жағынан алға шығып кетіп, әлемнің кинокеңістігін жаулап алғаны өздеріңізге белгілі. Тіпті кеңес кезеңінде де «коммерциялық» деген сөзді қолданбаса да, кассалық табысты фильмдері аз болған жоқ (өйткені кинопрокат жүйесі өте жақсы жұмыс істеді). Солардың ішінде одақтық прокатқа шығып, көп қаражат жинаған «Атаманның ақыры», «Шабандоз қыз», «Вонг ханымның құпиялары», «Транссібір экспресі» секілді «Қазақфильм» студиясының фильмдері де болды. «Коммерциялық кино» деген ұғымның алғашқы ұшқындары 2000 жылдардың ортасында пайда болды. Міне содан бері өткен он бес жыл ішінде, әсіресе кейінгі төрт-бес жылда киноға бизнес ретінде қарайтын кәдуілгі дәстүрлі коммерциялық кино қалыптасып келе жатыр деп ойлаймын. Кинобизнестің заңын меңгергендердің қатары көп болмаса да, баршылық. Мәселен, Ақан Сатаев, Нұртас Адамбай, Нұрлан Қоянбаев, Баян Есентаеваларды айтуға болады. Олардың арасынан Ақан Сатаевтың фильмдері ерекшеленетіні белгілі.
Дөңгелек үстелді ұйымдастырған
Айгүл СЕЙІЛ,
«Egemen Qazaqstan»