• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 20 Қазан, 2020

Ақтөбеде карантиндік стационарлар қайта ашылды

423 рет
көрсетілді

Ақтөбе қаласында өткен тәулікте коронавируспен ауырған бір науқас тіркелді, деп хабарлайды Egemen.kz

70 жастағы қала тұрғыны төрт күн бойы үйінде ауырып, содан кейін ғана  дәрігерлік көмекке жүгінгенде, алынған ПЦР тест оң нәтиже көрсеткен. Науқас дереу облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылып, онымен тығыз байланыста болғандар түгелдей оқшауланды.

6 қазаннан бастап, облыс аумағында үш карантиндік стационар қайтадан ашылды. Біреуі – Ақтөбе қаласында, екі стационар Мәртөк ауданының орталығы – Мәртөк  және Қарғалы ауданының орталығы – Бадамша елдімекендерінде   ашылды.  Қазіргі уақытта Мәртөк аудандық ауруханасында коронавирус жұқтырған 3 науқас ем қабылдап жатса, 14 науқас облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында жатыр. Екі науқастың жағдайы ауыр. Әзірге облыс аумағында мектеп  оқушылары арасында осы індетті жұқтырғандар тіркелген жоқ.

Ресей Федерациясында коронавирус індетінің таралу қаупі күн санап күшейіп бара жатқандықтан, Орынбор облысымен шекаралас Мәртөк ауданындағы Жайсаң және Қарғалы ауданындағы Әлімбет өткізу бекеттерінде бақылау күшейтілді.

Қазіргі кезде облыс аумағында  карантин ережесінің сақталуын қадағалайтын  37 мобильді топ жұмыс істейді. Олар осы кезге дейін 1282 заңбұзушылықты анықтап, 92 миллион 300 мың теңгеге 727 айыппұл салған. Соған қарамастан жұртшылық той-думанды азайтатын түрі жоқ.  Әсіресе, аудан-ауылдарда жұрт бұрынғысынша қамсыз жүр.  Қобда, Ойыл, Қарғалы, Алға аудандарында  мобильді топтардың жұмысы өте әлсіз. 

Сондықтан да  алдағы аптадан бастап құрамына облыстық, қалалық, аудандық мәслихаттар депутаттары, қоғам белсенділері кірген мобильді топтардың  жұмысы күшейтіліп, карантин талаптары бұзылған деректер  тұрақты түрде  ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде жарияланатын болды.