Әлемде белең алған пандемияның жаһандық медиабизнеске әсері қандай боларын болжауға әлі ертерек. Ал көршілес Ресей экономикасының барлық саласына әсер етіп үлгерген COVID-19 медиа индустрияға да кері ықпалын тигізді. Ресейде 148 мың медиа агенттік тіркелген. Олардың үштен екі бөлігін газеттер мен журналдар құрайды. Пандемия салдарынан елдегі медиа алпауыттардың өзі жылдың соңына дейін табыстың 50%-ға дейін төмендейтінін болжап отыр. Осы орайда М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті журналистика факультетінің деканы, профессор Елена Леонидовна ВАРТАНОВАМЕН тілдесіп, пандемияның Ресей медиаландшафтына тигізген кері әсері жайында әңгімелескен едік.
– COVID-19 пандемиясы Ресей экономикасына да кері әсерін тигізді. Өз кезегінде халықтың өмір сүру дағдысына да, ақпарат қабылдау үрдісіне де өзгеріс енгізді. Осы жөнінде не айтасыз?
– Пандемия кезінде цифрлы медиакоммуникацияға сұраныс арта түсті. Мұны COVID-19 індеті мен вирустың салдарына қатысты ақпаратқа деген қажеттіліктің туындауымен байланыстыруға болады. Оған қоса осы уақыт аралығында ресейліктердің «бос уақыт және көңіл көтеру индустриясы» нарығына сұранысы өсті. Тек теледидар ғана емес, сондай-ақ онлайн қызметтер, видеохостинг, онлайн кинотеатрларды қолданушылардың артқаны байқалды. Медиаскоптың мәліметінше, карантин кезінде телебағдарламалардың рейтингі де жоғары болған. Атап айтар болсақ, 55-64 жас аралығындағы көрермендер 27%-ға, ал 12-17 жастағы жасөспірімдер 49%-ға ұлғайды. Тіпті эфирді толтыру тәсілі де өзгерген. Мәселен, қазір Skype немесе Zoom арқылы телеарналарға сұхбат беру қалыпты жағдайға айналған.
Ресей журналистикасына жаңа міндет жүктелді. Ендігі кезекте медиа әлемді алаңдатқан мәселелерге сараптамалық түсінік беріп, аудиторияны пандемия жағдайында өмір сүруге үйретуді өз миссиясының қатарына қосты. Пандемия туралы сенімді, нақты әрі қолжетімді ақпарат тарату вирус жұқтыру қаупін азайту, халықты әбігерге салатын дезинформациядан қорғау үшін маңызды. Қоғам үкіметтің пандемиямен күресу үшін не істеп жатқанынан хабардар болса, сенімі нығайып, институттармен өзара диалог орнатады. Нәтижесінде, қоғамның көңіл күйі жақсарады. Бұл аса маңызды. Себебі жүріп-тұру, топ болып жиналуды, қоғамдық іс-шараларды шектеу бойынша қабылданған қатаң шаралар нақты және уақтылы түсіндірілмеген жағдайда көпшілік оларды тиісті деңгейде қабылдай қоймайды.
– Осы тұста сарапшылар бұқаралық ақпарат құралдары да зардап шеккен салалар тізімінде екенін алға тартады. Бұл пікір қаншалықты шындыққа жанасады?
– Ең алдымен, бұқаралық ақпарат құралдары коронавирустық инфекцияның таралуы нәтижесінде ең көп зардап шеккен салалардың қатарына енгенін мойындауымыз керек. Себебі Ресейдің медиа саласы, расымен-ақ, қиын жағдайға тап болды. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша, медиабизнес шығыны 100 млрд рубльді құраған.
Осы орайда Ресей Журналистер одағы пандемияға байланысты аймақтық БАҚ алдында тұрған мәселелерді анықтау мақсатында ауқымды зерттеу жүргізді. Оған Ресейдің барлық субъектісінен аймақтық, аудандық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының 85 өкілі қатысты. Солардың ішінде мерзімді басылымдар қызметкерлерінің үлесі – 66,4%. Олардың 37,5%-ы пандемия кезінде таралым мен эфир санының қысқартылғанын алға тартты. Көп редакция қызметкерлерінің жалақысын төмендетуге мәжбүр болды, 19,2%-ы қызметкерлер штатын қысқартты. Бұл ретте сауалнамаға қатысушылардың 25,4%-ы бұрынғы режімде жұмыс істеуді жалғастыруда. Редакциялардың 38,4%-ы жалақыны 20%-ға төмендетті.
Медиадағы маңызды бағыттардың бірі – жарнамалық кірістер айтарлықтай төмендеді. Бұқаралық ақпарат құралдарының көбі жарнама берушілердің бір бөлігі серіктестікті тоқтататынын мәлімдеді. Зерттеу нәтижесі бұқаралық ақпарат құралдарын COVID-19 коронавирустық пандемиясына байланысты ең көп зардап шеккен салалар тізіміне қосу қажеттілігін көрсетіп отыр.
– Әлем 2022 жылға дейін пандемиямен күреседі деген болжам бар. Осы кезеңде БАҚ саласында қандай өзгерістер болуы мүмкін?
– Жалпы, қазіргі жағдайда әлемдік БАҚ алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі – жалған ақпаратпен күресу. Қоғамдық коммуникаторлардың рөлін ескере отырып, ресейлік журналистер коронавирустық инфекция туралы жалған ақпарат ағымына қарсы тұра білді. Осы орайда инфодемияны жеңуде кәсіби журналистік этика қағидаларын сақтау үлкен рөл атқаруы тиіс. Әсіресе, журналист үшін жаңалықтарды тексеру (фактчекинг), дереккөздермен жұмыс істеу, ашық ойлау, мәтіннің әсерін түсіну сияқты кәсіби стандарттар пандемия жағдайында аса маңызды болғанын байқадық.
Пандемия мен инфодемия жағдайында дәстүрлі БАҚ пен жаңа медиаға сұраныс рейтингі жоғары болатыны сөзсіз. Дегенмен біз инфодемияның пандемия кезінде сақталатынын түсінуіміз қажет.
Сонымен қатар БАҚ бизнес ретінде құлдырауы мүмкін. Жалпы, қазіргі таңда бизнес-модельді өзгерту мәселесі өткір мәселелердің бірі болып отыр. Дағдарыстың қаншалықты ұзаққа созылатынын және COVID-19 індетінің әлі қанша толқыны болатынын ешкім де білмейді. Сондықтан экономистер медиаэкономиканы қалпына келтірудің әртүрлі жолдарын ұсынуда. Әсіресе, телемедицина дамуы мүмкін деген болжам айтады мамандар. Бұл біздің дәрігерге жеке келуге немесе онымен онлайн режімде сөйлесуге деген ниетімізге байланысты. Осындай қиын кезеңде шешім іздегенде жаңа мүмкіндіктер ашылады. Медиахолдингтердің бір бөлігі онлайн режімге көшіп, қашықтан жұмыс істей алатынын дәлелдеді. Бұл тенденция сақталатынына күмәнім жоқ. Осылайша, ғимараттың жалгерлік ақысынан құтылып, қаражат үнемдеуге болады. Twitter-дің шешімі туралы бәрі естіген шығар: компания өзінің қызметкерлері алдағы уақытта қашықтан жұмыс істейтінін мәлімдеді. Сонымен қатар Goldman Sachs сарапшылары барлық іскерлік кездесулер мен конференциялар онлайн режімде қалса, бұл мұнай тұтынуды тәулігіне 2-3 миллион баррельге азайтатынын хабарлады. Сайып келгенде, індет біздің қатып қалған қағидаларды бұзуға көмектесетін түрі бар...
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Дана СҮЛЕЙМЕНОВА,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін