• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Таным 22 Қазан, 2020

Не оқып жүрсіз?

302 рет
көрсетілді

Кезінде Сағат Әшімбаев ағамыздың үнемі аузынан түспей, достарын көре қалғандағы қояр алғашқы сауалы осы болады екен. Ал қазір кітап, көркем әдеби дүниелер тұрмақ, «газеттің бүгінгі нөмірін оқыдың ба?» деп сұраудың өзін ыңғайсыз көретін болдық. Оған қарағанда «соңғы рет қандай сериал көрдің?» деп сұрау әлдеқайда орындырақ сияқты.

Иә, шынында да қазір бір нәрсені білу үшін том-том кітап оқып әуреленбейсіз, теле­дидарыңызды тоққа жал­ғап, болмаса ғаламторды қо­са қалсаңыз, алдыңыздан ізде­ге­ніңіздің барлығы сайрап шы­ға келеді. Содан кейін кім бая­ғыша таңды таңға атырып, түн ұзақ кітап оқып көз ма­йын тауысқысы келсін? Әри­не, оқымайды. Міне, осы көп «көргіштік» пен шекарасыз шектен тыс көрсетушілік те адам бойындағы, жүрек түкпіріндегі ізгілікпен өрнектелген сезім кесте­леріне іріткі салып, тым қадірсіздендіріп, қарабайыр­ландырып жіберген сыңайлы.

Адамзат жаралғалы бері, тіпті сонау ежелгі заманның өзін­де-ақ үнемі басқалардан көркем ойлауға тырысып ке­леді. Ал кейін ойлау жүйесі дамып, газет, кітап өнімдері жарыққа шыққаннан кейін адамның көркем ойы жүйеге түсті. Сол арқылы сана өсті. Егер адам көркем ойлауға, көр­кем өмір сүруге тырыспа­са, онда оның жануардан не айыр­машылығы болсын? Адамды адам еткен бірінші еңбек болса, адамдықтың биік шыңына көтерген – осы көркем ой мен ұшқыр қиял, ақыл-парасат пен асқақ арман болатын.

Көркем ойдың негізі – көр­кем әдебиетте. Кітап, оның ішінде көркем әдебиетті көп оқып, көкейіне тоқитын жан өмірді де дәл сондай көркем қабылдайды. Өмірді көркем қабылдай білген адам көркем өмір де сүре біледі. Ал көр­кем өмірдің алғашқы сатысы махаб­баттан басталады. «Әлем­де күн екеу, оның бірі көк­те болса, бірі – жүректе. Жү­рек­тегінің аты – махаббат. Махаббат мекендемеген жү­рек қыстыгүні қар астында қалып қойған қараңғы үймен тең». Махаббатқа анықтаманы Әзілхан Нұршайықов атақты «Махаббат, қызық мол жылдар» кітабында шопанның аузына салу арқылы осылай өте ұтқыр береді.

Қандай әсем теңеу! Махаб­бат­қа бұдан артық түсіндірменің де қажеті жоқ. Ал сіз бен біз­дің ұғымымыздағы махаббат нендей баламаға лайық? Біз жү­рек түкпіріне ұя салған сол сан­дуғаш сезімнің қадірін далада қой ғана емес, ой да бағып жүрген шопанның ұғымындағы жарқыраған күн деңгейіне көтере аламыз ба? Әрине, жоқ! Себебі біз әлем әдебиетінен тым болмағанда: Ремарк, Мопассан, Стендаль, Бальзак, Цвейг, қа­зақ әдебиетінің жауһарлары: Әуезов, Мүсірепов, Бөкей сын­ды суреткерлердің сырымен бөлісіп, Шекспир, Бай­рон, Есенин, Айбергенов, Мақа­таев­тардай поэзия пат­шала­рының пырақтарына қар­ғи мініп, сұлулық, парасат патшалықтарына саяхат шек­педік қой. Сондықтан болар бү­гінгі жастар ұғымындағы махаб­бат нәпсіні қанағаттандыру сын­ды тек физиологиялық өл­шем­нің аясына сыйып кетті де, сезімдегі тереңдік пен рухани үндестік кейінгі орынға ысырылып қалды. «Елу бір жыл ға­шық болдым Қорланға, Елу бір жыл өмір сүрдім, ендеше» деп жырлап, сезімін 51 жыл бір жүзікке сыйдырып келген Естайдың махаббатындай махаббаты қазіргі жастар басынан өткермек тұрмақ, сол Естай мен Қорлан сезімінің әдемі хикаясынан хабары бар ма?..

Бүгінде романтик болу жын­ды­лыққа, қиялилыққа баланады. Ал кезінде атақты әуенші Брамстың мұң батқан көңілін көтеріп, шабытын шарықтату үшін жасаған Феллингер ха­ным­ның әрекеттері тамсанып, таңдай қағуға тұрарлық. Па­расатты әйелдің сазгер әуен­дерінің саз пернелерін кестелеп матаға түсіргенін, тіпті ту­ған күніне орай қамырдан істел­ген тәтті нанға әндерінің но­та­ла­рын салып пісірген ай­рық­ша сыйлықтарын көріп, ерекше шабыттанып, риза бол­ған Брамс: «Сіз мені әнге қоса­сыз, су­ретімді бейнелейсіз, ме­ні кес­телеп, тіпті пісіресіз де!» деп­ шаттанған көрінеді. Ен­ді мұны романтика демей кө­­ріңіз­ші. Қандай сыршылдық! Сұ­лулыққа құштар жандардың әре­кеттері де, өмірлері де сұлу екен-ау!

 Ал сіз бен біздің өміріміз­дің романтикасы немен өлше­неді? Осы бізде романтика бар­ ма?.. Өткен ғасырдың оты­­­­зын­­шы жылдарынан сыр шер­­тетін неміс драматургі Г.Гаупт­манның «Ымырттағы ма­хаб­бат» пьесасында басты кейіпкер Маттиас Клаузеннің «Бұл өмірден романтика қаш­қалы қашан?» деп мұңая өкі­нішін білдіретін сол романтикасын жеті қат жердің астынан іздесек те таппайтын жағдайға жеттік.

 * * *

...Бірде атақты Гайдн Бил­лингтон есімді сүйген әйелінің өзінің әсем әнін тыңдап отырған әулие Цецилия ретінде бейнеленген суретін салуға тапсырыс береді.

– Таңғажайып Биллинг­тонның суреті жайлы не айтар едіңіз? – деп суретші ше­бер­­ханаға кірген Гайдннан сұ­райды.

– Тамаша сурет! – деп жа­­уап береді Гайдн, – өте ұқ­сайды. Тек бір ғана қате жібе­ріпсіз.

– Қандай?

– Сіз оны періштелерді тың­дап отырғандай бейнеледіңіз, керісінше, періштелер оны тың­дап отырғанын бейнеле­гені­ңіз жөн болар еді...

Міне, жаны сұлу сүйген жанның махаббат, сүйгені жайлы ұғымы да осындай көркем, асқақ болса керек. «Әлемді сұ­лулық құтқарады» десек, сол сұлулыққа келу үшін де жа­нымызды көркемдендіруге тал­пынғанымыз жөн болар. Ол көркемдікке апарар бірден бір жол – көркем әдебиет екені сөзсіз. Ал сіз не оқып жүрсіз?!