Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің қысқы жылыту маусымына дайындығы өңір басшысы Ғали Есқалиев өткізген жиында арнайы талқыланды.
Қылышын сүйреткен қыс та қыр астына келіп қалды. Облыста қысқа дайындық пысықталып, соңғы тексерістер жүріп жатыр. Ең алдымен әлеуметтік нысандардың, көпқабатты тұрғын үйлердің, сондай-ақ коммуналдық желілер мен құрылғылардың жылыту маусымына дайындығы өте маңызды.
Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің хабарлауынша, облыс орталығында жоспарланған жаңарту, жөндеу жұмыстарының бәрі толығымен атқарылған, қалаішілік жылу желілері 100% дайын. Биыл Орал қаласында жылу жылдағыдай 15 қазаннан емес, одан бір апта бұрын берілді.
Өңірдегі екінші ірі елді мекен – Ақсай қаласында да дайындық жоспарға сай жүргізілген. Жылу жүйелері уақтылы сынақтан өтіп, тексерілген.
Облысты электр қуатымен қамтитын «Батыс Қазақстан РЭК» акционерлік қоғамы биыл жоспарланған 2510,6 км желінің 93%-ы жөнделгенін мәлімдеді. Жақын күндері бұл жұмыстар толық аяқталмақ. Күрделі жөндеу үшін СВ-105 маркалы темірбетон бағананың 656 данасы, СВ-95 маркалы темірбетон бағананың 215 данасы сатып алынған.
Әрине, қысқа дайындық дегенде алдымен әлеуметтік нысандардың әзірлігі сөз болады. Дәл қазір өңірдегі денсаулық сақтау нысандары сақадай сай. Білім беру нысандарының дайындығы 97%-ды құраған. Бұл жерде 19 нысанда күрделі жөндеу жүріп жатқанын ескеру керек. Мәдениет нысандарының дайындығы 99% болған. Бұл салада да 4 нысанда күрделі жөндеу жүріп жатыр.
Орал қаласында – 1196 үй, Ақсай қаласында 113 көпқабатты тұрғын үй орталықтандырылған жылу желісіне қосылған.
Батыс Қазақстан облысы табиғи газбен барынша толық қамтылған өңір саналады. Көмір немесе мазут жағатын әлеуметтік нысандар саусақпен санарлық. Дегенмен шалғай ауылдарда қалған мұндай нысандар үшін 2,8 мың тонна көмір, 175 тонна сұйық отын қажеттігі ескеріліп, толық жеткізілген. Көгілдір отын құбырына қосылмаған тұрғындарға қажет болса, «Талап» акционерлік қоғамының қоймасында 700 тоннадай көмір сақтаулы тұр.
– Батыс Қазақстан облысында білім саласында 627 мемлекеттік нысан бар. Соның 520-сы көгілдір отынға қосылған. Ал 12 нысан сұйық отынмен, 71 ғимарат көмірмен, 15-і электр қуатымен жылытылады. 2020-2021 жылыту маусымына толық дайынбыз, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Мыңбаева.
Қазіргі таңда облыс тұрғындарының 96,1%-ы табиғи газбен қамтылған. Биыл елді мекендерді газдандыру үшін бюджеттен бөлінген 910 млн теңгеге Теректі ауданының 10 ауылына, Ақжайық ауданының 11 елді мекеніне газ құбыры тартылып жатыр. Бұл ауылдарда барлығы 6 мыңдай адам тұрады. Бұл жұмыс мәресіне жеткенде облыс тұрғындарын табиғи газбен қамту көрсеткіші 96,7%-ға жетпек.
Батыс Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Асқар Ғабидуллин «Елді мекендерді газдандыру» жобасы бойынша 2020 жылы республика бюджетінен 176 млн 211 мың теңге, облыс бюджетінен 783 млн 518 мың теңге бөлінгенін, бұл қаржы биылғы 1 қарашаға дейін толық игерілетінін жеткізді.
Батыс Қазақстан облысы