Жаһанды жайлаған коронавирус індетімен күресу мақсатында Жамбыл облысында карантин талаптары қайта күшейтілді. Бұл орайда, облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев жергілікті жұртшылықты сақтық шараларын барынша сақтауға шақырған еді. Өзі де облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасымен құрылған арнайы топпен бірге Тараз қаласындағы бірқатар мейрамхананы аралап, той және тойхана иелеріне жиын-тойларды тоқтату керектігін айтып, түсіндіру жұмыстарын жүргізген болатын.
«Барлығымыз бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінен оқып, хабардар болып отырмыз. Бүгінде көршіміз Ресейде күн сайын 15 мыңдай адам коронавирус пен пневмония жұқтырып жатыр. Еліміздің солтүстік, орталық, батыс өңірлерінде де індетке байланысты карантиндік шаралар қайта күшейді. Демек біз де сақтануымыз керек. Сондықтан да облыс әкімінің тапсырмасымен құрылған, құрамында төтенше жағдай, полиция, бұқаралық ақпарат құралдары сынды органдардың өкілдері бар арнайы топ күн сайын рейдтерге шығып, мейрамханалар мен тойханаларды аралап жүр. Өкінішке қарай, тәртіпті бұзып, жасырынып той жасап жатқан азаматтарымыз көп. Мен бес тойханаға бас сұғып, 100-120 адамды қамтыған жиын, тойдың үстінен түстім. Сонша қонақтың біреуі дертті болса, тойға келгендердің кем дегенде жартысына жұқтыратыны анық», дейді ол.
Өңірде алғаш рет той ұйымдастырғандарға ескерту берілген болса, ал қайталағандарға 640 мың теңге көлемінде айыппұл салынған. Жалпы, Тараз қаласы бойынша бүгінге дейін 1 284 нысан тексеріліп, 94 хаттама толтырылған. Айыппұлдың жалпы көлемі 10 972 120 теңгені құрапты. Енді тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл облысында қауіпті індеттің таралуын тежеп, тұрақты санитарлық-эпидемиялық ахуалды сақтау үшін стратегиялық жоспар әзірленіп, бекітіліп отыр. Аталған жоспар арнайы қызметтер мен мекемелердің шектеу шараларының төмен, орташа және жоғары деңгейіне әзірлігін қамтамасыз етеді. Бекітілген жоспардың орындалу барысы туралы өңірлік жедел штабтың кезекті отырысы да өтті.
Облыс бойынша тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі және сапасын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Нейля Муликова ауқымды ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізу керектігін баса айтуда.
«Тұрғындар вирустың әлі де қауіпті екенін түсінуі керек. Қатаң шектеу шараларын ұстану арқылы ғана біз өзіміз бен жақындарымызды қорғай аламыз. Халықтан медициналық маска тағу режімін ұстанып, әлеуметтік арақашықтықты сақтауды талап ету керек. Жоспарланған барлық шарадан бас тартқан жөн», дейді Н. Муликова.
Өңірде жиын-тойларды болдырмау, іс-шараларға тоқтау салу сияқты қажетті жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев басты мақсат – індеттің жаппай таралуына жол бермеу екенін айтады.
«Дәрігерлер коронавирус инфекциясының таралуы мүмкін екінші толқынына дайындықты мықтап қолға алды. Сол сияқты тұрғындар да індеттің асқынып кету қаупін төмендетуге қам жасауы керек», деді ол.
Қазіргі таңда өңірде барлығы 2 530 төсектік орын дайындалған. Оның ішінде реанимациялық бөлімдерде 253 төсек бар. Ал медициналық мекемелерде өкпені жасанды тыныстандыруға арналған 253 аппарат, 706 оттегі баллоны, 542 оттегі концентраторы, 1 009 пульсоксиметр, 19 цифрлық рентген аппараты, 10 компьютерлік томограф және 7 магнитті-резонансты томограф дайындалған. Тағы да қосымша 74 өкпені жасанды тыныстандыру аппараты, 7 компьютер томографы, 4 цифрлық рентген аппараты, 4 оттегі стансасы, 74 санитарлық автокөлік, 8 жылжымалы медициналық кешен және 100 көпфункционалды төсек жеткізілетін болады. Ал қауіпті індетпен күреске 4 410 медициналық қызметкерді жұмылдыру жоспарлануда екен. Өңірдің бас дәрігерінің айтуынша, жеке қорғаныш құралдарының жеткілікті мөлшері жасақталған. Мониторингтік топтар 3 ірі ауруханада дәрілердің тапшылығын анықтаған. Берілген өтінімдерге сай «СҚ-Фармация» ЖШС медициналық препараттарды жеткізіп береді. Ал бұл орайда «СҚ-Фармация» ЖШС-ның өңірдегі өкілі Айжан Тортаева дәрілерді уақтылы жеткізуді компания басты назарда ұстайтынын айтты.
Бүгінгі таңда аймақта коронавирус індетінен сақтану үшін барынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Облыс әкімі Б.Сапарбаев жергілікті денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ә.Қалиевке барлық реанимациялық төсектердің өкпені жасанды тыныс алдыру аппаратымен қамтылуын бақылауға алуды тапсырған болатын. Сондай-ақ облыс әкімі аудан әкімдеріне де ауруханаларды аралап, медициналық инфрақұрылымның коронавирус індетінің болуы мүмкін кезекті толқынына дайындығын тексеруді міндеттеді. Дегенмен қазіргі кезде облыста адамдардың қауіпсіздігі үшін барлық мүмкіндік жасалуда. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ә.Қалиевтің айтуынша, бүгінде тұмауға қарсы екпе 243 278 адамға егілген. Бұл жұмыстар әрі қарай да жалғасады.
Жамбыл облысы