«Астана Опера» театры ұжымы асқақ классикаға жаны құмар көрерменді тағы бір тамаша жобасымен қуантқалы отыр. 21, 24 және 31 қазан күндері Үлкен зал сахнасында өнерсүйер қауым назарына Ресейдің халық әртісі, театрдың балет труппасының көркемдік жетекшісі Алтынай Асылмұратова дайындаған ойын-сауық бағытындағы балет қойылымдары, сондай-ақ таңғажайып гала-концерт бағдарламалары ұсынылатын болады. Елең еткізерлік ерекше жаңалық М.Петипа биін қойған А.Глазуновтың «Раймонда» балетінен Гран-паның алғашқы орындалуы болмақ.
Соның негізгісі – «Астан Опера» сахнасында көрсетілген екі бөлімнен тұратын Гала-балет талғампаз көрермен көңілін серпілткені сөзсіз. Кештің бірінші бөлімінде Р.Ребек биін қойған «Бетховен – Мәңгілік – Махаббат» балетінен көрініс, М.Петипа биін қойған А.Аданның «Корсар» балетінен па-де-труа, Д.Брянцев биін қойған Ф.Шопеннің «Қиялдағы бал» балетінен дуэт, Дж.Уильямстың музыкасына қойылған К.Звереваның «Жоғалған жұмақ», М.Петипа биін қойған Р.Дригоның «Талисман» балетінен па-де-де ұсынылды. Үлкен зал сахнасында труппаның танымал әртістері Әйгерім Бекетаева және Бақтияр Адамжан, жетекші солистер – Әнел Рүстемова, Гаухар Усина, Еркін Рахматуллаев, талантты солистер Анастасия Заклинская, Шұғыла Әдепхан, Далер Запаров және балет әртістері Бақытгүл Испанова, Жәнібек Иманқұлов, Диас Құрманғазы, Жаксылық Сауқымбеков өнер көрсетті. Кеш шымылдығын «Астана Опера» балет әртістерінің орындауында неміс хореографы Р.Ребектің «Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?» атты бір бөлімді балеті жапты. Уақыт партиясын орындаған Арман Оразов, Бозбалалық шақ – Нәзира Заетова мен Айбар Тоқтар, Жастық шақ – Әйгерім Бекетаева мен Олжас Тарланов, Кемелденген шақ – Марико Китамура мен Рүстем Сейітбеков өнері театрға жиналған талғампаз қауымға сөзсіз таңдай қаққызды.
Сондай-ақ бағдарламаның екі бөлімі арасында көрермендерге арнайы дайындалған музыкалық үзіліс балетсүйер қауымды бейжай қалдырмады. «Астана Опера» театрының камералық оркестрі Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдиннің басқаруымен Ж.Массненің «Таис» операсынан «Медитация» орындалды. Солист – Бағдат Әбілханов (скрипка). Осыған ұқсас музыкалық интермеццо алғашқы рет Қаламқас Жұмабаеваның (скрипка) және Долорес Үмбеталиеваның (фортепиано) орындауында 10 қазан күні көрермендерге ұсынылған болатын. Жаңа енгізілім елордалық көрерменді тәнті етіп үлгерді. Оның айқын дәлелі – кеш соңынан толассыз соғылған шапалақ үні.
«Астана Операның» таңғажайып балет бағдарламасы мұнымен шектелмейді. Сонымен қатар 24 қазан күні сағат 18:00-де театрдың Үлкен залында Гала-балет өтеді. Көрермендерді «Астана Опера» театры жұлдызды балет әртістерінің орындауында классикалық балеттерден па-де-де, заманауи отандық және шетелдік хореографтардың миниатюралары күтеді. Халық сүйіп көретін Ю.Григоровичтің хореографиясындағы П.Чайковскийдің «Щелкунчик» балетінен Үлкен адажио және «Қызғылт түсті вальс» туындылары концерттің сәнін келтірмек. Бағдарлама аясында «Астана Опера» сахнасында алғаш рет М.Петипа биін қойған А.Глазуновтың «Раймонда» балетінен әйгілі Гран-па орындалатын болады. Айта кететін жайт, айтулы нөмірге арнайы костюм де тігіліпті. «Раймонда» ең әсерлі және көпкөріністі балеттер қатарына жатады. Орта ғасыр дәуірінің сал-серілік аңыздарына негізделіп романтикаға құрылған сюжет, өзіне баурап алатын музыка мен мәнерлі хореография бұл спектакльді әйгілі композитор мен аңызға айналған хореографтың зор жеңісіне айналдырды.
Ал 31 қазан күні елорда тұрғындары мен қонақтарының назарына Л.Делибтің музыкасына XX ғасырдың әйгілі хореографы Ролан Пети қойған «Коппелия» күлдіргі балеті ұсынылатын болады. Либреттосы шебер Коппелиус жасаған механикалық қуыршақты ұнатып қалған жасөспірім туралы Э.Т.А.Гофманның «Құм адам» новелласының негізінде жазылған. Спектакльді «Астана Опера» сахнасында Р.Петидің тұрақты ассистенті италиялық әйгілі хореограф Луиджи Бонино қойды. Айтулы туындыда театрдың балет әртістері мен миманс өнер көрсетеді. Атап айтсақ, Сванильданың образын Әйгерім Бекетаева, Францты Бақтияр Адамжан кейіптесе, Коппелиустің рөлін Рүстем Сейітбеков сомдайды деп күтілуде.