• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 23 Қазан, 2020

Ақжайықта жол азабы азаяды

245 рет
көрсетілді

Батыс Қазақстан облысында биыл 436,5 шақырым жол жөнделеді. Осы мақсатқа биыл бөлінген 36,2 млрд теңгені мердігер компаниялар игеріп бітіруге таяу.

 

Өңірде облыстық және аудан­дық дәрежедегі жолдардың жалпы ұзындығы 5 082,7 шақы­рым­ды құрайды. Мұның 1 148 километрі ғана асфальт. 2 081 шақырым жолға қиыршық тас төселген болса, дала жолдарының ұзындығы 1 853 шақырымға созылып жатыр.

– Мемлекет басшысы елдің көліктік-логистикалық әлеуетін одан әрі арттыруды тапсырды. Осы бағытта былтыр бөлінген 27,3 млрд теңге қаражатқа 368 шақырым жол жөнделген еді. Биылғы көлем одан біраз жоғары. Біз жол салып қана қоймай, осы жолдарда жүріп жатқан жұмыс­тар­дың сапасына қоғамдық бақы­лауды күшейттік. Ол үшін облыс­тық жолаушылар көлігі мен авто­м­­обиль жолдары басқармасы мен Орал қаласы, аудандар әкім­діктерімен бірлесіп облыс тұр­ғын­дары арасынан жол саласы бойынша білікті және тәжірибелі қоғамдық өкілдерден топтар құрылды. Аталған топ автожолдарды жөндеу жұмыстарының сапасын тексереді, жөндеу аяқтал­ған соң нысанды тапсыру кезінде қоғамдық өкіл нысанды қабылдау жұмыстарына қатысады, – деген еді өңір басшысы Ғали Есқалиев.

Батыс Қазақстан облысында биыл қолға алынған 102 жобаның ішінде ұзындығы 103,7 шақырымдық республикалық маңызы бар 9 жоба бар. Бұған 7,1 млрд теңге бөлінген. Сондай-ақ 12 млрд теңгеге 167,8 шақырым облыстық және аудандық жолдар жөнделіп жатыр. Ал елді мекен­дер­дің ішіндегі көше жолдарын салу үшін 69 жобаға 17,1 млрд теңге қарастырылған. Мұндай жолдардың жалпы ұзындығы 165 шақырымға созылып жатыр.

– Облыста жол құрылысы үшін «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы арқылы 10 млрд теңге, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 4,2 млрд теңге бөлінді. Қазір жалпы жолға бөлінген қаржыдан 23,4 млрд теңге игеріліп, 335 шақырым жол жөндеуден өтті, – дейді облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жүзеге асы­ры­­латын 48 жоба кезінде 10 млрд теңгеге 86,6 шақырым жол жөндеу жоспарланған екен. Осы жұмыстарға жаңадан 2 730 адам қызметке тартылған. Облыс орталығында 30 жоба аясында 34,2 шақырым жол жөнделсе, сегіз ауданда жалпы ұзындығы 52,4 шақырым жолға арналған 18 жоба жүзеге асып жатыр. Облыс басшысы Ғали Есқалиев биыл­ға жоспарланған жол жөндеу жұмыс­тарын бір ай ішінде аяқтау жөнінде тапсырма берді.

Сонымен қатар алдағы қыс кезінде жолды күтіп ұстауға дайын­дық ісі де жақында өткен арнайы жиында пысықталды. Облыс құзырындағы жолдарды қыс уақытында жарамды етіп ұстау бірнеше мекемеге жүктелген. Мәселен, «Жолаушы Жол» ЖШС Ақжайық, Жаңақала және Бөкей орда аудандарының жолын қадағаласа, «Асфа» ЖШС Бәйтерек ауданына жауап береді. «Дорремсервис» фирмасы Бөрлі, Сырым және Қаратөбе ауданы аумағындағы жолдарда кедергі болмауын өз мойнына алған. «Шам Шын» ЖШС Теректі ауданы үшін жауап берсе, «Жайықстройгрупп» мекемесі Тасқала мен Қазталов аудан­дарындағы жолдарды қадағаламақ. Сырым мен Қаратөбе аудандарындағы кейбір жол бөліктері үшін жауапкершілікті «Бақыт жолдары» ЖШС, Теректі мен Бөрлі ауданының кей бөлігін «Басов» жеке кәсіпкерлігі алған. «Орда жолдары» фирмасы да Теректі мен Ақжайық аудандары аумағындағы өздеріне міндет­тел­ген жол бөліктерін қардан тазартып, кедергісіз жол қатынасын ұйымдастыруды міндетіне алған екен.

Жоғарыда аталған кәсіпо­рын­дар­да қар тазалайтын 94 техника бар екен. Оның 15-і – автогрейдер, 35-і – қажетті тіркеме жалғанған Т-150 және К-701 тракторлары. Әртүрлі модификациядағы 15 тиегіш пен жолға құм шашатын 10 техника да қар мен мұзда жолаушыларға көмек­ке келуге әзір көрінеді. Қажет ке­зін­де қосымша техника тарту мүм­кін­ді­гі де қарас­ты­рыл­ған.

Күре жолдар бойында жылыту бекеттерінің саны – 10. Бұл жерде транзиттік көліктер ауа райының қолайсыз кезінде уақытша паналайды. Сондай-ақ боран кезінде қар басып қалу қаупі бар жол бөліктерінде тұ­рақ­ты түрде кезекшілік ұйым­дас­тырылып, қар тазалайтын техника сақадай сай тұрады. Бұл жол қызметкерлерінің жыл сайын атқарып жүрген жұмысы.

Ал аудандық деңгейдегі жолдардың жағдайын 26 мердігер мекеме қадағаламақ. Олардың құзырында 159 бірлік техника бар. Соның ішінде ауыларалық жолдардың қар басу қаупі бар 110 бөлігі ерекше бақылауда болмақ. Мұндай жолдардың жалпы ұзындығы 280 шақырым шамасында.

«Жолаушылар қозғалысы белсенді жүретін жол бөліктерін қардан тазарту 2-4 сағат ішінде жүргізіледі. Ал облыстық маңы­зы бар жол бөліктерін тазарту жұмысын бір тәуліктен кешіктірмей атқарамыз» деп уәде беріп отыр тиісті мекемелер.

Жол бойында апатты жағ­дайлар туындамас үшін жыл­дамдық­ты шектеу, көктайғақты ескерту секілді жол белгілері алдын ала әзірленген.

«Облыстық және аудандық бағыныстағы жол аумақтарында кез келген апаттық жағдайлардың алдын алуға әзірміз. Қосымша жол техникаларына мұқтаждық жоқ» дейді Тимуржан Шәкімов.

Батыс Қазақстан облысы аумағынан өтетін 1500 шақырым­дай жол республикалық маңызы бар күре жол саналады. Бұл жолдарда қыс кезінде кідіріссіз қоз­ға­­лысты қамтамасыз ету – өте маңызды мәселе. Бұл үшін 359,204 млн теңге қаржы бөлінген. Бұл аумақта жол қозғалысының кедергісіз болуына негізінен «Қазақавтожол» мекемесінің облыстық филиалы жауап береді. Мекеме басшылары қажетті техника толық дайын екендігін хабарлап отыр. Ал қажетті қосымша материал – құмның 50 пайыз мөлшері, тұздың 55 пайыз көлемі қазірдің өзінде жеткізілген.

Қысқасы, еліміз бойынша асфальт жолдары ең аз Ақжайық өңірінде жол азабын шегетіндер қатары жыл сайын азайып келеді. Дегенмен облыс тұрғындары талай жылдан күткен Орал – Жәнібек – Бөкей орда жолының құрылысы баяу жүріп жатқанына халық алаңдап отыр. Елбасының тікелей тапсырмасымен қолға алынған бұл жолдың құрылысы жоба бойынша 2021 жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

 

Батыс Қазақстан облысы