Суретші десе, сіңірі шыққан кедей кейіп көз алдымыздан көлбеңдейтін сонау ежелден келе жатқан қасаң түсінік күні бүгінге дейін өзгерген жоқ. Әсіресе ренессанс дәуірінің әйгілі қылқалам шеберлері Леонардо да Винчи, Буонарроти Микеланджело, Рафаэль Сантилердің өнерінен тыс, жеке өмірлерін, тұрмыс тыныстарын ауызға алсақ-ақ, көкірегімізге аяныш сезімінің орнай қалатыны да сол қалыптасқан жалпылама ұғымның ұшқындарынан болса керек. Ал сіз қайта өрлеу дәуірінің сақа суретшісі майталман Микеланджелоның миллионер болғанын білесіз бе?
«Қалайша?» деп қарсы сауал тастауыңыз, болмаса «мүмкін емес» деп бірден түбегейлі қарсы шығуыңыз да бек мүмкін. Себебі біз оқып, білген Микеланджело дереккөздерінде қысқа жібі күрмеуге келмей, қу кедейшіліктің тауқыметін көп тартқан тайқы маңдай тағдыр иесі болып суреттелуші еді ғой. Осыны оқып, «Давид», «Моисей», «Сикстин капелласы», «Сұмдық сот», «Христі жоқтау», «Кашинадағы шайқас», «Пьета» сынды өлмес жауһар туындылар қалдырған шебердің өнерге деген айрықша махаббаты мен жанкештілігіне тәнті болып та әрі мүсіркей қарағанымыз сондықтан.
Алайда Флоренциядағы Сиракуз университетінің профессоры, америкалық өнертанушы ғалым Рэб Хэтфилдтің зерттеулері бұл жанашыр сезіміңіздің себепсіз екендігіне сендіреді. Өмірінің сегіз жылын қылқалам шеберінің шығармашылығын зерделеуге арнаған профессор өзінің осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көрген «Микеланджелоның байлығы» атты еңбегінде суретшінің жұрт көзінен жасырған, қазіргінің есебіне салғанда, ондаған миллион доллар байлығы болғанын және бұл байлықты ол аса ашкөздікпен сақтап, соқыр тиынын да жұмсамауға тырысқанын мұрағаттан табылған суретшіге қатысты қаржылық жеке құжаттары негізінде дәлелдеп берді. Профессор Хэтфилд Микеланджелоның бұрын беймәлім болып келген банк құжаттарын кездейсоқ тауып алған. Ол «Сикстин капелласының» төбесіндегі кейбір көріністердің жасалған мерзімін анықтамақ болып, туынды авторының сол кезеңде жазылған хаттарын мұқият зерттей һәм зерделей оқыпты. Хатта айтылып қалар банктегі әлдебір есепшоттар туралы әңгіме ғалымды суретші қазынасының ақиқатын анықтауға жетелейді. Хэтфилд жазбада сөз етілген сандарды талмай, тынбай іздестіре жүріп, замандасы Леонардо да Винчидің бұл зерттеуге дейін де әбден зерттелген есепшоттарының арасынан тауыпты. Сөйтіп ізденіс нәтиже беріп, жаңалық жаһанға жарқ ете қалады. Аталған құжаттарда жүздеген мың бүгінгі АҚШ долларына тең алтын ақша туралы жазылған екен. «Бұл цифрларды көргенде зерттеп жүрген «Сикстин капелласы» есімнен тарс шығып кетті» деп өзінің де әуелгі таңданысын жасырмаған ғалым, одан әрі Микеланджелоның аталған және басқа да есепшоттары мен қаржылық құжаттарын, хаттарын, өмірбаянын, қысқасы, ғұлама ғұмырына қатысты барлық деректі, ақпараттарды бір-бірінен бөле-жармай, біртұтастықта жүйелі зерттейді. Зерттеу нәтижесі осылайша ұлы тұлғаның аса табыстылығына қарамастан, сұмдық сараң, дүниеқоңыз кәсіпкер ретіндегі бізге бұған дейін белгісіз болып келген бет-бейнесін айқындап берді. Суретшінің сараңдығы соншалық, қыруар қазынасын жұрт көзінен, тіпті өз үйі мен туған-туыстарынан да қызғыштай қорып, қызғанып, олар қаржылай көмек сұрамас үшін өмір бақи «жоқ», «жоқ» деумен «жылап» өтіпті. Үнемі ақшасы жетпейтінін айтып, тағдырға налып, мүдделі түрде өміріне, заманына шағынумен күнін өткеріпті. Ғалым еңбегінде келтірілген мына бір мысал да атақты шебердің сараңдығын дәлелдей түседі. Микеланджело қызмет бабымен басқа қала, елді мекендерге барғанда ақша үнемдеу үшін өзінің бірнеше көмекшісіне бір ғана төсек жалдайды екен.
Иә, егер жолыңыз тарихи өнер ордасы Флоренцияға кездейсоқ түсе қалса, ондағы суретшінің сиқырлы қолынан шыққан тарихи жәдігерлер – сәнді сарайлар мен еңселі ескерткіш мүсіндерге тамсана таңдай қағарыңыз сөзсіз. Ал мұндай алып ғимараттардың құрылысы һәм безендірілуі, бүгінде шеберліктің шыңына баланып жүрген биік-биік мүсіндер әлбетте қосымша жұмыс күшінсіз жүзеге аспайды. Міне, Микеланджелоның сол көмекшілеріне, тіпті өз бала-шағасының күнкөрісіне де еріксіз ақша шығарғандығы, ал қаржысының негізгі қыруар бөлігін жасырып баққандығы да жазылады айтулы еңбекте.
Өнертанушының айтуынша, байлық жағынан Микеланджеломен бәсекеге түсе аларлық күні бүгінге дейін бірде-бір суретші жоқ. Пайымды қисынсыз дей алмас едік. Микеланджело өзінің атағын әлемге мәшһүр еткен атақты «Давид» пен «Пьетасын» орда бұзар отызына дейін-ақ сомдап қойғандығын ескерсек, суретші атақ-даңқтан жігіт шағынан кенде болмаған. Ал даңқы дүрілдеп, атағы аспандаған өнер иесінің қаламақысы да мардымсыз болмаса керек.
Деректер дәйектегендей, Флоренциядағы Лауренциана кітапханасын безендіру кезінде ол Папа VII Клементтен ай сайын жүйелі түрде қомақты жалақы алып тұрған екен. Папа VII Клемент төлеген қаржының көлемі бүгінгі валюта бағамына шаққанда жылына 600 мың долларға пара-пар көрінеді. Табыс әлбетте мұнымен ғана шектелмегені сөзсіз. Сондай-ақ суретші Папа ІІ Юлийдің құлпытасын жасау үшін іске кіріспей тұрып тапсырыс иесінен қаламақының үлкен бөлігін алдын ала санап алатын өзінің ежелгі дағдылы әдетімен 10 миллион доллардан астам қаржыны материалдық қорына қосады. Алайда, бір өкініштісі, уәделі ісін соңына жеткізе алмаған. Демек, Микеланджелоға байлық қартайғанда келмеген. 88 жылдық саналы ғұмырында жиған бар табысы сандығында сақтаулы жатқан.
Ал италиялық өнертанушы, «Микеланджелоның ізімен» еңбегінің авторы Фред Плоткин болса, бұл сығыр сараңдықтың сырын былай түсіндіреді: «Ұлы суретшінің бұл сараңдығының сырын шебердің кезінде қаржыдан қатты қысылғандығымен түсіндіруге болады. Өйткені қазіргі күннің өзінде біз ол туралы өте аз білеміз. Микеланджелоның хаттарында жазылған мәліметтер суретшінің көңіл күйінің әсеріне әбден малынған. Ал ол өз сезімінің қараңғыланып, күрт төмендеп кетуінен көп зардап шеккен адам еді», деп жазады.
Әбден мүмкін. Бірақ қалай десек те, қайталанбас туындыларына, жауһар жәдігерлерге өзінің алтын уақыты мен талмас қажырын аямаған аңыз Микеланджелоның, сезімге секемшіл сыршыл суретшінің бұл пендеауи мінезін жоғарыда келтірілген деректер жоққа шығара алмайды.
...1564 жылдың 18 ақпанында суретші ешқандай жиһаз қойылмаған, басы артық кітап, бұйымдардан ада өзінің Римдегі қараша үйінде жұрттың жанашырлық, мүсіркеу сезімін тудырған қоңырқай тіршілік көрінісінде мәңгілік мекеніне аттанып кете барыпты. «Жалған дүниеде жарымай өтті» деп зарланып, заманына лағнет айтқан сол жанашыр жақындары дүние мен жиһазға жарлы суретші баспанасының бір бұрышында сандық толы алтын, қыруар қазына жатқанын қайдан білсін?!