Биылғы қуаңшылықтан Батыс Қазақстан облысының бірқатар ауданында мал азығының тапшылығы сезілуде. Жақында облыс әкімдігінде өткен басқосуда осы тақырып та талқыланып, облыс әкімінің бірінші орынбасары Мұхтар Манкеев қыс мезгіліне мал азығының дайындығы туралы айтып берген болатын.
Биыл қыста Батыс Қазақстан облысында 809,1 мың бас мал қыстаққа кіргелі отыр екен. Яғни 492 мың сиыр, 116 мың қой-ешкі, 198 мың бас жылқы мен 2,2 мың бас түйеге 1 млн 616 мың тонна шөп, 180 мың тоннадай жем қажет.
– Аудандардан алынған мәліметке қарағанда 16 қазанда 3 901 мың гектар шабындық шабылып, 1 136,4 мың тона шөп әзірленді. Бұл – жоспардың 70,3 пайызы. Өткен жылдан қалған шөпті қоссақ, барлығы 1 632,6 мың тонна шөп қолда бар. Яғни жалпы қажеттілік артығымен қамтылған. Әсіресе ірі-ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары қажетті мөлшерден артық, 103,1% шөп жинап алды. Жеке қосалқы шаруашылықтарда 595,9 мың тонна (97,5%-ы) шөп даярланды. Жағдайды толық бақылап отырмыз, – дейді Мұхтар Наурызбайұлы.
Қазіргі таңда облыстың Қазталов (94,5%), Жаңақала (96%), Ақжайық (97%) аудандарында жоспарлы көлем толық дайындалмаған. Бұл аудандардың өз жерінде шөп шығымдылығы төмен болғандықтан Бәйтерек, Тасқала, Сырым, Шыңғырлау, Қаратөбе аудандарынан шөп сатып алып жатыр. Сондай-ақ бұл аудандардың шабындығы мен пайдаланылмай жатқан жерлерінен мал азығын дайындау үшін келісім жасалып, шілде айында жұмыс басталған екен.
– Ол шөпті тасымалдау жұмысы да шілде айынан бері жүргізілуде. Қазталов ауданына 12,9 мың тонна, Ақжайық ауданына 11,5 мың тонна, Жаңақала ауданына 6,3 мың тонна, барлығы 30,7 мың тонна немесе 102 мың бума шөп тасымалданды. Бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасуда, – дейді облыс әкімінің бірінші орынбасары.
Аудандарда 1 түк шөптің бағасы 1 900–8 мың теңге аралығында. Облыс бойынша орташа баға – 5 314 теңге.
Сонымен қатар Бәйтерек, Теректі және Шыңғырлау аудандарында сатылатын жем-шөп туралы мәлімет жаңартылып, оны қажетсінген аудандарға жолданып отыр.
Соңғы мәліметтерге қарағанда облыста 76,2 мың тонна мал азықтық жем дайындалған. Бұл – жоспардың 79%-ы. Қалған 20,3 мың тонна жемді Ресейдің шекаралас облыстарынан сатып алу жоспарланып отыр.