Солтүстік Қазақстан облысындағы ахуал алаңдатарлық халде қалып отыр. Осыған байланысты облыс әкімі Құмар Ақсақалов да үндеу жариялап, халықты сақтануға шақырған еді. Осыдан кейін тиісті қызметтер де жағдайдың оңай емес екенін жеткізіп, коммуникацияның аймақтық қызметінде брифинг берді. Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бастығының орынбасары Татьяна Горлова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары Құмар Күсемісов жағдайдың оңай емес екендігіне назар аударды.
Бүгінгі таңда барлығы 4 326 адам науқасқа шалдыққан. Соның ішінде соңғы тәуліктерде ғана 9 адамның бойынан вирус табылыпты. Ресей Федерациясынан келіп жатқандар арасынан вирус тасушылар көптеп табылуда. Осы 9 адамның 3-еуі сол елден келгендер. Ең сорақысы сол, соңғы екі аптада жаман індетке ұшырағандар саны 1,5 есе артқан. Яғни 103-тен 157-ге жеткен. Соның 37 пайызы, яғни 58-і сырттан келгендерден шыққан.
Медицина қызметкерлері індетті анықтау жолындағы жұмыстарын жетілдіре түскен. Бүгінгі таңда облыстың 117 мың тұрғыны тестілеуден өткізілген. Бұл барлық тұрғындардың 21 пайызы деген сөз. Соңғы аптада алдыңғыға қарағанда тестілеуден өткендер саны 1,6 есе артық болған немесе алдыңғы аптада 4 541 адам өтсе, соңғыда 7 414 адам тестілеуден өтіпті. Соның нәтижесінде бойынан індеттің белгілері табылған адамдар саны 17 пайызға артқан.
Жаман індеттің бір ерекшелігі – ол иммунитеті әлсіреген, қартаң адамдар арасында көп кездеседі. Солтүстікте де барлық науқастардың арасында 60-тан асқандардың үлесі 26%, ал 50 мен 59 жас арасындағылар 20%, 30 бен 39 жас арасындағылар 18% болып отыр. Ал 15 пен 18 жас аралығындағылардың үлесі – 2%.
Індеттің жұмыс істейтіндер, зейнеткерлер, жұмыс істемейтіндер арасындағы таралымы да назар аудартады. Ауруға ұшырағандардың ең көбі жұмыс істейтіндер екен. Бұлардың жұмыс пен үй мәселелері арасындағы алаңдаушылықтары иммунитетті әлсірететін болса керек. Сондықтан да олардың барлық науқастардың арасындағы үлесі 30%-ды құрап отыр. Ал жұмыс істемейтіндердің үлесі – 19%. Зейнеткерлер 21 пайыздық үлесті қамтыған. Медицина қызметкерлері арасындағы таралым – 9%, ал мектеп оқушылары арасындағы үлес – 4%. Осының бәрі індеттің қалай қоздануын, кімдерге айрықша әсер етуін анықтау үшін керек дейді мамандар.
Қазір облысқа сырттан келетіндер мұқият тексеруден өте бастады. Әсіресе, Ресей Федерациясынан келгендер ыждаһатты тексеріледі. Мемлекеттік шекараның бойында 3 бекет ашылған, онда карантиндік стационарлар бар. Соңғы аптада мемлекеттік шекарадан барлық үш бекеттен 4 509 адам өткен. Күдік келтіріліп, карантиндік стационарларға орналастырылған 352 адамның 20-сының бойынан індет табылды. Бұлар Қазақстан азаматтары болса, күдікті делінген 8 шетелдік азаматтың шекарадан бері өтуіне рұқсат берілмеген.
Індетке ұшыраған облыс тұрғындарының 56 пайызы Петропавл қаласының тұрғындары болып отыр. 3 ауданның тұрғындары бес пайыздық үлестен асты. Соның ішінде Қызылжар ауданында – 7 пайыз, яғни – 321, М.Жұмабаев ауданында – 6 пайыз, яғни – 276, Тайынша ауданында – 5 пайыз, яғни – 233 адам.
Облыс әкімінің жанындағы аймақтық комиссияның отырысында жаман індетке ұшырағандар саны 7 адамнан асса, аудан орталықтары мен елді мекендерді жабу туралы шешім қабылданған. Осы талапқа сәйкес алты аудандағы 10 елді мекен жабылды. Соның ішінде Булаев, Мамлют, Явленка сияқты аудан орталықтары бар. Онда эпидемиялық жағдай жақсарғанша карантин алынбайды.
Жаман індетке байланысты шектеулердің орындалуын тексеру жөніндегі мониторингтік топ бүгінге дейін 969 хаттама толтырды. Оның 884-і жеке адамдарға жасалды. Ал шаруашылық субьектілерінің 83-і осындай жаза тартты. Соның ішінде екі лауазымдық тұлға бар. Барлық салынған айыппұл көлемі 53 млн теңге болып отыр.
Індеттің балалар арасындағы таралымы да аз емес. Оқу жылы басталғаннан бері 30 оқушының індетке ұшырағаны анықталды. Оның жартысы мектепте оқитындар болса, қалған жартысы қашықтан оқитындар. Мектептердің карантин талабын орындауын тексеру барысында 10 мектепте оқуды тоқтату жөнінде қаулы қабылданған. Онда талаптарды бұзушылыққа жол берілген. Алайда жуырда ондағы шектеу шаралары алынып, мектептер қайта ашылды. Барлығы 126 мектепке мониторинг жасалды.
Облыстағы жаман індеттің ахуалы әзірге осындай.
Солтүстік Қазақстан облысы