Хромтау ауданы Құдықсай ауылдық округіне қарасты «Нұр» шаруа қожалығын «Алтын алқа» иегері, 9 баланың анасы, 72 жастағы Қатира Шакирова басқарады. Бұл шаруашылық он жеті жылдан бері Ойсылқара өзенінің бойын төрт түлікке толтырып, ауыл адамдарына жұмыс тауып беріп отыр.
Әуелі Қарабұтақ, кейін Хромтау аудандық ауруханаларында орта медицина қызметкері болып ұзақ жыл қызмет атқарған Қатира апай ері қайтыс болған соң ержеткен балаларының ақылымен Орға құятын Ойсылқара өзенінің бойында қой өсіруге шешім қабылдайды. Құдықсай ауылдық округінің үш ауылы – Құдықсай, Ойсылқара, Кеңойдың ортасындағы өзен өзегіне Қатира апай осыдан 20 жыл бұрын қонысын тікті. Үш ауылдың арасы өте жақын, жиырма шақырымнан аспайды. Батыстан шығысқа созылып жатқан кәрі Мұғалжар қыратының осы шеткі тұсында ерекше атмосфералық ауа ағыны өтетіндіктен, ауа райы әсіресе қыс кезінде өте құбылмалы болып келеді. Апталап боран соққанда, жаныңда тұрған адам көрінбейді. Қысының қытымыр аязы, тіпті қиын.
Алғашқы қожалықтың ашылуынан жабылуы тез болды. Өйткені тәжірибе де, мүмкіндік те жоқ, ал қиындық көп кездесті. Үш жылдан соң Қатира апай шаруаны қайтадан бастады. «Бастапқыда түңіліп кеткен кездерім көп болды. Өйткені қысы-жазы малдың соңында жүру оңай емес», дейді ол.
Бұрынғы «Жамбыл» атындағы кеңшардың астық егіп, төрт түлік өсірген берекелі ауылдарының жұрты жан-жаққа тарап кетті. Кеңойда адам қалмады, Ойсылқарада да ауыл үйдің шамдары жағылмады. Мал кеткен соң жер де жетімсіреп қалды. Адамы кетсе де, ислам дінін таратып жүргенде осы жерде қайтыс болған сахабалардың бірі – Ойсылқара әулиенің қырат басындағы мүк басқан ескі тас қорымы бұл жердің шырақшысындай болып қала берді. Осы төңіректе жер астынан қиыршық тастар көтеріліп жатыр дейді тұрғылықты жұрт. Кішкентай төмпешік болып жатқан Ойсылқара зираты да жыл өткен сайын өз-өзінен биіктеп барады. Таспен басталып, таспен аяқталатын жер атаулары жиі ұшырасады екен.
Бетке ұстар шаруашылық қалай қалыптасты?
Қой бағу оңай шаруа емес. Уақтылы қырқымы, тоғытуы, төлдетуі бар, жаздай құрт түспеуін қадағалау керек. Мал басы артса, жұмысы да көбейеді. «Алғашқы жылдары шөпті қол орақпен, шалғымен шаптық. Өйткені шөп оратын, оны тығыздап, буып-түйетін техника болған жоқ. Қой басы көбейген сайын, оның азығын бұрынғыдан да молырақ дайындау керек. Егін екпегесін, жемді де қымбатына сатып аласың. Кейін біртіндеп техника сатып ала бастадық. Шаруашылық та бөлінді. Ендігі жерде қой отарына үлкен ұлым Ақылбек отбасымен ие болды. Ол осы арадан 5-6 шақырым «Үш орыс» деген жерде отыр. Шаруашылығын үлкейтіп, жайлы етіп қыстау үйлер, монша салды. Шөп жинайтын қоралары бар. Қазір кішігірім ауылға айналды. Кенже балам Нұркен бірыңғай ірі қара өсірумен айналысады. Ол екі ағасымен бірге Қостанай облысының Әулиекөлінен әкелген ірі қара басын көбейтіп жатыр. Бұл біздің ақбас сиыр тұқымындай емес, одан ірілеу, әрі тағылау мал екен. Өйткені біздің сиырлар өзге бұзауды емізбейді ғой. Ал бұл сиыр жайылымда жүріп, басқа сиырдың бұзауларын емізіп кете береді. Жаңа туған төлдері суыққа өте төзімді келеді», дейді шаруашылық басшысы.
Қазір Қатира апайдың балалары Құдықсай ауылдық округінің он тұрғынын жұмыспен қамтып отыр. Малшыларына 100 мың теңгеден жалақы төлейді.
Бір кезде адамы көшкен Ойсылқара ауылына осы күндері жастар қайтып келіп жатыр. Әке-шешесінің ескі шаңырағын жөндеп, кіріп жатқан отбасылар баршылық. Ауылда тіршілік жанданып келеді дегенмен, үш ауылдан тұрақты жұмысқа қойшы мен малшы табу қиын. Шаруаны жақсы істейтін жігіттердің ара-тұра ішіп кететіндері бар. Сондықтан олардың еңбекақысын Қатира апай әке-шешесіне не әйелдерінің қолына ұстатады. Неге екені белгісіз, ауылда қой бағуды кәсіп деп қарамайтын теріс көзқарас қалыптасқан. Ауылда жұмыссыз жүрген жігіттер қожалықтардың қойын баққысы келмейді.
Обал мен сауаптың арасы
Қатира апай еңбекпен көтерілген бейнетқор жандар тәрізді ысырап пен дарақылықты сүймейді. Көктемде қырқылған қой жүндерін Құдықсай, Ойсылқара мен Кеңойдың ауыл әйелдеріне тегін беріп жүрді. Алайда ауылда киіз басып, кілем тоқып, текемет сыратын әйелдер де қалмады бүгінде. Жаңа қырқылған жүннің әр килограмын 150 теңгеден сатты. Қыздары мен келіндері үйдің көрпе-төсегін қой жүнінен істеді. Бірақ екі мың бас қойдың жүнін игеру мүмкін емес. Ақтөбеде жүн қабылдайтын орын жоқ. Тігін фабрикалары да жоқ. Тастауға қимады, өртеуге обалсынды. Төрт жыл бойы жиналған жүнге бір қораның іші лық толғанда, кенже қызы Толқын Хромтауда қой жүнінен көрпе тігетін цех ашуға шешім қабылдады. Сол үшін қаладағы жақсы қызметін тастап, ауылға келді. Талдықорғаннан жүн түтетін құрылғы әкелген Толқын ағасының қызы Қарлығашпен бірге Хромтаудан тігін цехын ашты. Әуелі ескі көрпе- жастықтарды қой жүніне алмастырып тігуден бастап, бірте-бірте тігіншілікті меңгерді. Қазір шаруашылықта әбден жуылып, тазаланған жүн Хромтаудағы цехқа кетеді.
Толқын Жалғасқызы: «Бір төр көрпеге 2,5-3 кило жүн салып тігеміз. Қой жүнінен тігілген көрпелерді 20 жылға дейін пайдалануға болады. Жүн жуған сайын жарқырап шыға келеді. Ауыл-аудандарда табиғи таза жүннен үй жабдықтарын тігетін цехтар көбейсе, қазір жан-жақтан келіп жатқан синтетикалық бұйымдар сатылымнан жоғалады. Ең бастысы, қой жүні ысырап болмайды», дейді.
Аудан әкімінің орынбасары Меткүл Қосымбаеваның айтуынша, Қатира апайдың балалары Ойсылқара өзенінің бойындағы үш ауылға үнемі көмектесіп отырады. Жыл сайын мүгедек жандарға, тұрмысы төмен отбасылардың үйлеріне отын түсіріп, азық-түлік беріп отырады. Облыс, аудан орталықтарында жиі-жиі өткізілетін жәрмеңкелерден де қалмайды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарына ұзақмерзімді әрі арзан субсидиялар берілуінің нәтижесінде егіс егіп, мал басын көбейтетін шаруа қожалықтары саны артса, ауылдарда тіршілік жандана беретіні анық.
Ақтөбе облысы,
Хромтау ауданы,
Құдықсай ауылы