Әлемді жайлаған індет өнер ошақтарының қалыпты жұмыс тәртібін біраз тежеді. Соның салдарынан да күз түссе есігін айқара ашып, ду-ду думанға бөленіп, шығармашылық ізденістері қызу талқыға түсіп жататын театрлар биыл жаңа маусым жұмысын әдеттегіден кешігіп бастады. Карантин тәртібін қатаң сақтап, санаулы ғана көрерменге төр ұсынса да, өздерінің шығармашылық бабын жоғалтпаған өнер ұжымдары қашан да өз биігінде. Елордалық Жастар театрының бас шаһар көрермендеріне тарту еткен маусымашар қойылымы – Ғ.Мүсірепов пен Е.Брусиловскийдің шығармашылық тандемінен туған «Жібек» мюзиклі режиссер Нұрқанат Жақыпбайдың сахналауында өнерді сағынып келген көрерменге тамаша сый болғаны анық.
Табиғатынан эстет режиссер бұл қойылымына да сұлулық пен тазалықты негізгі тірек еткен. Ғасырды ғасырға жалғаған жауһар жырдың Жастар театры сахнасында жандану мен тіл қату әдісі де, «сөйлеу» қалыбы да өзгеше. Евгений Брусиловскийдің заманауи үнде жаңаша өңделген классикалық музыкасы көрерменін формалық, идеялық һәм көркемдік ерекшелігімен баурайды. Қазақтың байырғы салты – бастаңғы стилінде өрбитін мюзиклде негізінен жастардың сыры мен мұңы, арманы мен мұраты, ең бастысы, кіршіксіз махаббаты алға шығады. Ғажайып музыка тілі арқылы сезім күйін шертер қойылым көрерменін бейжай қалдырмайды. Әсіресе Жібек рөліндегі – Назерке Серікболова, Төлеген – Мейірғат Амангелдин, Дүрия – Шехназа Қызыханова, Бекежан – Бекжан Керімбаев, Шеге – Жандәулет Батайдың шынайы ойыны мен актерлік ішкі органикасы, вокалдық мүмкіндігі театр сүйер қауымға естен кетпес әсер сыйлады. Оған қойылым соңынан толассыз айтылып жатқан көрерменнің риясыз лебізі арқылы көз жеткіздік.
Рас, қазақ театр өнерінде «Қыз Жібектің» алар орны ерек. Дәл осы туындымен 1934 жылы қазақтың тұңғыш опера театры шымылдығын түрсе, 1936 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігінде көмейіне бұлбұл ұя салған Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Манарбек Ержанов бастаған таланттар шоғыры Кеңес көрерменін дүр сілкінткен болатын. Осы бір әдемі дәстүрді үзбей, есімі аңызға айналған сол дарындардың ізіне еріп, ғасырды ғасырға жалғап тамаша өрнек түзіп келе жатқан театрлар көшіне міне, Жастар театры да қосылып, өзіндік қолтаңбасы айқын жаңашыл қойылымымен соны сүрлеу салды.
Иә, бұл «Жібектің» сапасы да, көркемдік деңгейі де бұрынғылардан өзгерек, мүлдем басқа. Аталған мюзиклді сахнаға шығару үшін режиссердің үлкен ізденіс һәм жан-жақты дайындықпен келгені байқалады. Біз тамашалаған қойылымда үн мүмкіндігі де, актерлік шеберлік те және ең бастысы – техникалық тұрғыдан сапалы жасақталу бар. Соның нәтижесінде сахнадан бас-аяғы бүтін, ұлы Абайдың тілімен айтқанда, «айналасы теп-тегіс жұмыр келген» жинақы да жүйелі қойылымның куәсі болдық. Нұрқанат Жақыпбайдың «мюзикл жасасам» деген режиссерлік мақсаты жүзеге асты: көрермен көптен күткен кәсіби деңгейдегі мюзикл – «Жібек» қойылымын толассыз ілтипатпен қарсы алды.
Нұрқанат Жақыпбай режиссурасының басты кредосы – еңбек, еңбек және еңбек. Маңдай тер төгілмеген, жан қиналмаған жерде таңдай қаққызар биік өнердің тумайтынын суреткер кезекті жұмысы арқылы тағы бір мәрте дәлелдеді. Театр – синтетикалық өнер десек, сол сантараптылықтың бар түрін режиссер сахнада сәтті пайдаланады. Спектакльдегі декорация әдеттегі біз көріп жүрген қабырғаға салынған сурет немесе ілінген бұйым емес, сахнадағы оқиғаның барлығы актерлердің әрекетімен тікелей астасып жатады, барлығы да өнер көрсетіп жүрген 30-ға тарта әртістің бір деммен шыққан жүрек лүпілімен бірге өмір сүреді, бірге қозғалады. Кейде, тіпті сөз жеткізе алмас сезім күйлерін музыка мен пластиканың мүмкіндігі арқылы әдеттегіден де әсерлі береді.
Режиссер актерлік орындаудан бөлек, костюм мен сценографиялық шешімді де би мен музыка, қимыл мен қисын арқылы тұтасымен жанды әрекетке құрады. Ән айта жүріп би билеу, би билей жүріп тіл қату, кейіпкер кейпіне ену, актерлік сараптау және соның барлығын ішкі ентігің мен шаршауыңды білдірмей бір демде көрерменге жеткізу – актерлерден үлкен еңбекпен қатар табандылықты да талап еткені анық. Әр актер әсерлі қойылымның бөлінбес бөлшегі ретінде тұтас бір ағза болып тер төккендігінің нәтижесі болса керек, мюзикл жалпылай алғанда, бөлінбейтін біртұтастыққа қол жеткізген. Әр көріністен, әр мизансценадан өлі орындауды емес, тірі тіл қатуды көресіз. Әр актердің қимылы арқылы олардың жан жүрегінің лүпілі, ішкі сезімі көрермен залына тікелей беріліп тұрады. Сахнадан тараған сол риясыз сезім залдағы отырған көрермен – Сізді де айналып өтпейді. Керісінше, көңілге берік бекіп, іштей сахнамен, актерлермен берік байланыс орнатып, өз қабылдауыңызға сай сырласуға, мұңдасуға мүмкіндік аласыз.
Қойылымды тамашалап отырып, классикалық музыканың саф құнарына бас қойып, актерлердің жекелей де, хормен де жеткізген сезім суреттері мен үн иірімдерінен шын мәнінде жаныңыз ләззат алып, ішіңізге, жүрек түкпіріне сақтап келген бар мұң мен сырыңызға музыка, тек қана музыка дәру болады. Драмалық театр актерлерінің музыканы дәл осылай жоғары кәсіби деңгейде игеріп, титтей де шашау шығармай, бір деммен, бір нотада орындауы – сахнагерлер еңбегіне еріксіз бас игізеді.
Міне, қойылымның осы ерекшелігін әлемдік деңгейдегі қырағы театр мамандары да қалт жібермесе керек. Қазақтың «Қыз Жібегі» Оңтүстік Корея республикасы екі жылда бір рет ұйымдастыратын DIMF – Дэгу Халықаралық мюзикл фестиваліне қатысуға арнайы шақырту алды. Карантин тәртібіне байланысты биыл онлайн форматта өтіп жатқан фестиваль 23 қазан мен 1 қараша аралығында Оңтүстік Кореяның мәдени астанасы – Дегу қаласынан фестивальдің ресми YouTube арнасы арқылы әлем назарына тікелей таратылатын болады.
DIMF – Дэгу Халықаралық мюзикл фестивалі (Daegu International Musical Festival) – АҚШ-та өтетін әйгілі Нью-Йорк мюзиклінен (NYMF) кейінгі атағы жаһанға мәшһүр Азия аумағындағы ең ауқымды және танымал театр өнері байқауларының бірі. Аталған фестивальды сахна мамандарының «Азия мюзиклдерінің меккесі» деп атауы да тегін болмаса керек. Соңғы 11 жылда фестиваль 1 миллион 63 мыңнан аса қатысушыны қабылдап, өнеріне баға берді. Екі жылда бір рет өткізілетін байқаудың негізгі бағдарламасына биыл 8 мемлекеттің үздік өнер жұмыстары іріктеліп алынды. Таңдаулы 8 мемлекет қатарында еліміздің атынан өнер көрсететін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі Жастар театрының «Жібек» мюзиклі (авторы – Ғ.Мүсірепов, композиторы – Е.Брусиловский) 26-27 қазан күндері жаһан көрермені назарына ұсынылды.
Бұл – Қазақ театрларының арасынан алғаш болып суырылып шығып, жаһандық кәсіби мюзикл фестиваліне жолдама алған жас та болса жаңашылдығымен үнемі жасампаздыққа ұмтылып жүретін Жастар театрының әлемдік сахна мәдениетін бағындыруға бағытталған кезекті сәтті қадамдарының бірі. Фестиваль бағдарламасына сай екі күн қатарынан онлайн көрсетілген ұлттық әдебиетіміз бен драматургиямыздың жауһары – Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» мюзиклін (қоюшы режиссері – Нұрқанат Жақыпбай) корей көрермені қызыға тамашалап, риясыз қошеметін аямады.
– Қазақстанның атынан қатысатын «Қыз Жібек» қойылымын фестивальдің конкурстық бағдарламасына енген мюзиклдер тізімінен көргеніме өте қуаныштымын. Алғаш спектакльдің бейнежазбасымен танысқанда-ақ бізді жұмыстың ұлттық колориті мен эстетикасы, актерлік ойын, әуезді музыка, драматургиясының мазмұны мен жалпы қойылымның тазалығы қызықтырды. Қазақ пен Корей мәдениетінің арасындағы менталитет тұрғысындағы тағылымды байланысты байқадық. Біздің алған әсерді күллі театр сүйер қауым да сезінсін деген мақсатта таңдап алып, фестивальдің конкурстық бағдарламасына қостық. Астана Жастар театрын фестиваль төрінен көргеніме өте қуаныштымын» – деп Халықаралық Дэгу мюзикл фестивалінің Атқарушы комитет төрағасы Бай Саң Хек (Bae Sung Hyuk) «Қыз Жібек» мюзиклі турасындағы пікірі мен алған әсерін жеткізді.
Бұл жерде айта кететін тағы бір маңызды дерек – ең алғаш Нұрқанат Жақыпбай 2014 жылы Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында «мюзикл әртісі» мамандығы бойынша білім алып жатқан өз шәкірттерімен «Моцарт» мюзиклі арқылы осы фестивальдің студенттік іріктеу кезеңінен сүрінбей өтіп, «Қазылар алқасының арнайы сыйлығымен» марапатталған болатын. Сондай-ақ 2015 жылы фестиваль ұйымдастырушыларының арнайы шақыруымен Keoshang International Theatrs Festival байқауына қадірлі қонақ ретінде қатысып, Корея мемлекетінің KUMA Өнер университеті «Театр Өнері» кафедрасының студенттерімен тәжірибе алмасып, бірлескен шығармашылық жұмыс атқарды. Сонымен қатар 2018 жылы ұйымдастырушылардың арнайы шақыруымен қатысып, халықаралық дәрежедегі Франция, Ресей, Ұлыбритания, Чехия, Қытай, Корея, Тайвань сынды мюзикл жанры дамыған мемлекеттермен иық тірестіре өнер көрсетті. Аталған фестивальде Н.Жақыпбайдың режиссерлігімен қойылған Ғ.Мүсіреповтің «Жібек» мюзиклі «Арнайы дипломмен» марапатталған болатын.
– «Қыз Жібек» – біздің төл шығармамыз. «Қыз Жібекте» қазақтың табиғаты, барлық болмысы, сезімі мен сыры жатыр. Осы арқылы қазақ мәдениетін әлемдік көрерменге танытқымыз, таныстырғымыз келді. Шетелдік үздік драматургиялық шығармалар негізінде қойылған «Ромео мен Джульетта», «Париж Құдай Ана шіркеуі», «Граф Монте-Кристо» сынды озық мюзиклдерді сахналап, ұсынуға да болар еді. Мәселен, театрымыздың репертуарындағы «Моцарт» мюзиклі аталған талапқа жауап беруге көркемдік тұрғыдан толықтай қауқарлы. Алайда біздің мақсат шетке өзге емес, өзіміздің – қазақтың өнерін таныту болғандықтан, «Қыз Жібекке» тоқтадық. Ешкімге еліктегіміз келмеді. Себебі «Қыз Жібектің» табиғатын дәл қазақтай ешбір ұлт ұғынбайды, жеткізе алмайды. Қалай түрлендірсек те, құбылтсақ та «Қыз Жібекте» әлемнің ешбір шығармасына ұқсамайтын өз ерекшелігі сақталады. Ол – біздің ұлттық қалыбымыз бен салт-дәстүріміз, қазақы табиғатымыз. Осы ерекшелікті ескере отырып, қойылымның этно және рок-фольклорлық бояуын қалыңдатып, әрі жаңа заман жастарының ұғым-түсінігіне, танымына лайықтап заманауи, жаңашыл бағыттағы шығарманы сахналап, дүниежүзілік өнер бәйгесіне қосқан болатынбыз. Әлем халқының аса зор қызығушылықпен жылы қабылдағанына қарағанда, таңдаудан қателеспеген сияқтымыз» – дейді астаналық Жастар театрының көркемдік жетекшісі және бас режиссері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай.
Режиссер ойымен толықтай келісуге болады. Себебі қазақтың қалыбын дәл өнер тілі ұғындыратындай ешбір құрал жеткізе де, сезіндіре де алмайды. Мұны Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айрықша атап өтіп, қазақ өнерінің әлемдік мәдениет кеңістігінде мойындалуына баса назар аудартқан болатын. Соның нәтижесінде, елордалық Жастар театры әлемдік ірі мюзикл фестиваліне қатысуға мүмкіндік алып, қазақ өнерін Оңтүстік Корея байқауында сөйлетіп, көк байрағымызды тағы бір мәрте желбіретіп, әлемдік өнер сарапшылары мен жаһан көрерменінің жоғары бағасын алды. Сөзсіз, бұл – қазақ өнерінің мерейі!