Судан мемлекеті Ніл өзеніне салынатын бөгет құрылысы туралы келіссөзді жалғастыратынын мәлімдеді. Осыған байланысты алдағы уақытта Мысыр және Эфиопия елдерімен келіссөз жүргізілмек.
Атақты Ніл өзені Судан, Мысыр және Эфиопияны басып өтеді. Ғасырлар бойы үш ел Нілдің суын тиімді бөлісе алмай әлек. 2015 жылы мәмілеге келіп, үлкен бөгет салуға келіскен. Бірақ түрлі түсініспеушілікке байланысты оның құрылысы тоқтап қалған. Алда-жалда бөгет толықтай салынса, 15 жыл ішінде толып, Мысырды, Эфиопияны, Суданды сумен қамтамасыз етпек.
Осыған байланысты өткізілетін келіссөзге аталған үш мемлекеттің сыртқы істер және ауылшаруашылық министрлері қатысады. Бұл іс-шара коронавирус пандемиясына байланысты бейнеконференция түрінде өтпек.
Судан ауылшаруашылық министрі құны 4,6 миллиард долларды құрайтын бөгетін жалғастыру туралы келіссөзге қол жеткізу үшін 3 ай күтуге тура келгенін жеткізді.
Осы дамбаға қатысты пікір білдірген АҚШ президенті Дональд Трамп оның құрылысы Африка аймағында жаңа соғыс өртін тұтатуы мүмкін деп мәлімдеген еді. Ақүй басшысының пайымдауынша, бөгет Мысырға баратын су көлемін азайтып жібереді. Сондықтан Египет тарапы бұған көне қоюы екіталай.
Алайда Д.Трамптың бұл мәлімдемесі Эфиопияға ұнаған жоқ. Осы елдің сыртқы істер министрі АҚШ елшісін шақырып алып, Ақүй басшысының сөзіне түсініктеме беруді талап еткен. Сондай-ақ бөгет құрылысы емес, осындай мәлімдеме екі ел арасына от салатынын жеткізген.
Айтқандай, Египет ауыл шаруашылығының 97 пайызы осы Ніл өзенінен тіршілік нәрін алады. Алда-жалда оның суы азайып кетсе, Мысыр халқы қиындыққа тап келетінін болжау қиын емес.
Жалпы, суға талас мәселесі әлемде күйіп тұр. Бүгінде әлем тұщы суды негізінен 410 бассейннен пайдаланады. Солардың 90-ға жуығы қауіпті деңгейде тұр. Яғни жыл сайын тұтынылатын су көлемі тиісті межеден 40 пайызға артық. Қауіпті деңгейдегі өзен бассейндерінің жартысынан астамы үш елде – Қытай, Үндістан және АҚШ аумағында жатыр.
Әлемде трансшекаралық өзендер туралы 290-ға жуық құжат бар. Олардың басым бөлігі түйткілдерді шешуге көмектессе де, әлі күнге басы ашылмаған мәселе жетерлік. Мысалы, 2019 жылы ғана әлемде өзендерді қолдануға байланысты 50-ге жуық түрлі деңгейдегі кикілжің туындапты. Сондықтан су саясаты бұрынғыдан да өзекті.