Күздің қоңыр салқыны жан дүниеңді де тоңдырып жіберетіндей. Дүние мүлгіп бара жатқан секілді. Атыраудың да күзі осы секілді. Қайта Оралдың ну орманы күз келгенде ерте сарғайып, дүниені алтын түске айналдырып жібереді. Бірақ бұл сәтің де ұзаққа бармайды екен. Артынша-ақ қаланың іші қоңырқай тарта береді. Аспан да қою түсінен бір танбай, көпке дейін сазарып тұрып алады. Бүгін де сөйтіп тұр.
Демалыс күні болған соң Хамит кеше Қуан шақырған үйге келе жатыр. Сыртқы есікті аша қап еді, кіреберістен-ақ тіршілік байқалды. Қария шай ішіп отыр да, кемпірі бесік тербетіп отыр.
Мұның күңк еткен сәлеміне екеуі де бастарын изеген болды. Әлден соң қария қолын көтеріп әлденеге белгі берді. «Неге өйтті» деп ойлай бастағаны сол еді, ішкі жақтан музыка үні естілгендей болды. Қария аяғымен ішкі есікті тарта қап еді, іштен небір сиқырлы саз төгіліп сала берді. «Кіре бер» дегендей тағы белгі берді қария.
Хамит ішке ақырын басып кірді де, есіктің жақтауына жабысып қалғандай тұра қалды. Қуан мен Түмия ортада қосыла ән айтып тұр екен. Шәкір скрипкамен, ал Қасым мандолинмен сүйемелдеп тұр. Осы екі аспап екен дүниені сазға бөлеп тұрған.
Ән аяқталған соң Хамит бәріне сәлем берді. Сол-ақ екен Қасым:
– Ей, мынау әлгі тақта отырғанда тапжылмайтын ханның өзі емес пе? – деді кеудесін көтеріп.
– Иә, мен соның дәл өзімін.
Хамит бұларды бұрыннан-ақ таниды. Қасымды ғана сырттай білетін. Ал Қасымның бұны танып отырғанына іштей таңғалып, тіпті масаттанып та қалды. Өткен жолы пединститут пен педрабфак студенттерінен құрылған труппа Жұмат Шаниннің «Арқалық батыр» қойылымын қойған. Сонда бұл ханның рөлін ойнады. Ол қойылымды бір күнде бітіре алмай қап, жалғасын ертесі күні қойған. Сол қойылымды көрген Қасым «Комсомол ұрпағы» газетіне екі күнде екі рецензия жазған болатын. Алғашқысында ол: «Хан тағында қозғалмай, тап бір манекен тәрізді отырады да қояды екен» деп сынады. Ертесі күнгі рецензияда: «Хан кешегідей емес, бүгін ширады» деп жазып еді. Сол «ханды» танып отыр қазір.
– Әй, бала, сенен әртіс шығады, – деді сосын. Хамит іштей одан әрі насаттанып қалды.
* * *
Қазақтың қара өлеңінде айрықша «Қасым поэзиясы» ізін қалдырған Қасым Аманжолов еркебұлан жастық шағын – 20 мен 25 жастың арасын ерке Жайық пен сұлу Шағанның жағасында кезек ойнақтатып өтті. Өмірден өткеніне ғасыр болмаса да оның бала кез, жастық шағы туралы деректер там-тұмдап қана кездеседі. Оралда өткізген бес жылы туралы деректер аз. Кейінгі шыққан естеліктерде, әртүрлі жазбаларда бір деректер сәт сайын қайталанып отырыпты. Оралдағы «Екпінді құрылыс» газетінде қызмет атқарғанын білеміз. Алматыдағы Ұлттық кітапханадан осы газеттің 1932 жылдардан бері қарайғы газетті ақтарыстырдық. Ойымыз – Қасымның өлеңдеріне, мақалаларына шолу жасап, қандай да бір деректер іздеу. Түк таппадық дегеніміз жарамас. Бұрын кітаптарынан кездестірмеген бірнеше өлең, очерктерді оқыдық. Олардың көбі «Қасым» атымен жарияланса, кейбіреулері лақап атпен де жарияланыпты. Лақап атпен жарияланғандарын көзін көрген редакторлардың естеліктерінен білдік. Газет қызметкері ретінде Оралдың бірнеше ауданында іссапармен жүріпті. Өлеңдері де дүркін-дүркін жарияланып тұрды. 21-22 жастағы жас талап болса да редактор бетінен қақпаған сыңайлы. Мәселен, «Ерлік тойы», «Айбынды қызыл әскер күші», «Панасыз кемелер, ұқыпсыз төрелер» деген құлаш-құлаш өлеңдері газеттің тұтас бетін алатындай. Ал газеттің өзі екі-ақ бет. Төрт емес, екі бет. Яғни, бір беттің екі жағы. Тіпті кейбір мақалаларын өлеңдетіп жіберіпті. Жастықтың буы, өлеңнің буы ұрып-ақ тұр емес пе?!
«Үкіметім, кеңесім»
Алтын күндей жарқырай,
Өмір еркін күлгенде.
Жібек қанат тотыдай,
Қоғам өнерленгенде.
Тау суындай жарқырап,
Тұрмыс жорта желгенде.
Арна күйдей сарқырай,
Өнер, білім өнгенде.
Су еркесі – шортандай,
Көк еркесі шолпандай,
Көзге түскен қандай ел?
– деп жазыпты «Екпінді құрылыстың» №283 санында (11 желтоқсан).
Қасымның Орал туралы өлеңдері ел айта жүрер өлеңдерінің қатарына қосылды. Себебі жалынды жастық шағы өткен өлкені тебірене жырламау мүмкін емес.
Жарқын жүзбен жайраңдап,
Жатырсың ағып, Жайығым.
Жағаңда ойнап сайрандап,
Ескенмін заман қайығын...
Немесе:
Оралым, сенің қойныңда,
Ойнақтап өткен жылдарым.
Жарқылдап Жайық бойында,
Достармен сайран құрғаным...
Сұлу Шағанның көңілі жабырқап қалмасын дегендей елгезек ақын оны да жырына қосып қояды.
Шағанның бойы көк шалғын,
Шалқамнан жатқам шаңқай түс.
Гүл болып менің құшағым,
Кеудеме қонған бұлбұл құс.
«Оның алаулаған жастық шағы, әсем талантының әр қыры жарқырап, қайсысын қууға білмей аласұратын кезеңі – осы тұс. Сол кезде қазақ өнерінің – жыры мен музыкасының жаңа дәурен лебімен қанат жайып, дүркірей жөнелгелі тұрған шағы. Қасымның зерек жаны, алғыр зейіні, өрт сезімі өнердің бар саласын құшақтауға бастайды. Ойын-сауықтың, шат-думанның ортасында жалаудай жайнап, шаншыла кіріп, дамыл таппайды. «Қасым жүрген жердің бәрі көшіп жүрген ән мен жыр еді» дейді сол кезде жастық жәрмеңкесін бірге кешкен құрдас-достары. Ол домбыра, мандолина, скрипка, гармонь, кейін пианинода тамаша ойнап үйренді. Музыканың бес аспабын меңгерген ол алма-кезек дүрілдетіп, сол алтын жастығын еске алып, жаңғыртып отырар еді».
Қасым Аманжоловтың Оралдағы жылдары жайлы білетіндердің барлығы да оның тұрған үйін дәл анықтайды.
«...1932-1933 жылдарда «Екпінді құрылыс» газетінде Қасыммен бірге істедім. Бір бөлмеде отырдық, Қасым, Оқас Үбішев үшеуміз отыратын осы бөлмені елгезек, балаң Қасым әрқашан әзіл-қалжыңға, думанға айналдырып жіберетін, өлеңдерін, фельетондарын, басқа да материалдарын ортаға салып, оқып беретін. Пікірлер алысқанды ұнататын.
Иә, редакцияның («Екпінді құрылыс» газеті – А.Т.) бухгалтері Абдулла Пәтеевтің осы үйінде, шеткі кішкене бөлмеде Қасым пәтерде тұрды. Абдулланың әке-шешесі, үш қарындасы болатын. Ол кезде пәтер-үйлер көбіне жеке адамдардың меншігінде болушы еді. Сондықтан кеңсе қызметкерлерінің көпшілігі-ақ осындай пәтерлерден бөлме жалдап алатын да, әрі тамақты да сол үйден ішіп, пәтер ақысы мен тамақ ақысын қоса төлейтін. Сол шақта, отызыншы жылдардың бас кезінде, Оралда татар, орыс жастары кешке қарай гитара, мандолина, гармонь алып қақпа алдына шығып музыка ойнап, ән салып, сауық құрып көңіл көтеретін. Бірақ қазақ жастарының арасында мұндай салт некен-саяқ кездесетін-ді. Ал Қасым болса, бұдан өзгеше, кешке қарай мандолинасы мен скрипкасын (ол мұны сыбызғы дейтін, өзінің 1933 жылы «Екпінді құрылыс» газетінде басылған «Моншадағы мода» атты фельетонына «Сыбызғы» деп бүркеншік ат қойғаны да сондықтан болса керек) алып қақпа алдына шығар еді, осы жердегі ұзын жайдақ орындыққа отырар еді, әуелі бірсыпыра уақыт мандолина ойнар еді. Одан соң орнынан тұрып скрипканы сыңқылдатар еді. Көршілес үйде, пәтерде тұратын облыстық комсомол комитетінің сектор меңгерушісі марқұм Ізім Қошпанов екеуміз мұндайда көбіне Қасымның жанына барып музыка тыңдайтынбыз, әңгіме-дүкен құратынбыз...», дейді Қасыммен бірге қызметтес болған Сағат Жұмағазиев өз естелігінде.
«Орайы келгенде мынаны да айта кетсем деп едім. Қасым Аманжолов шығармаларының төрт томдығына арналған алғы сөзінде ақын Ғафу Қайырбеков оның Алматыға келген соң журналистік қызметке ойысып, «Лениншіл жас» газетінде жұмыс атқарғанын айтады. Мен Қасымның Оралда, «Екпінді құрылыс» газетінде де сол кездің өзінде белді журналистердің бірі болғанын, газет қызметінің сан қырына белсене қатысқанын қоса айтқым келеді. Ол редакцияның мәдениет бөлімін (ол кезде бөлімдер сектор деп аталатын) басқарды. Аудандарға, колхоздарға жиі шығып тұрды. Мәселен, «Тракторшы Темірбекті» Теректі ауданына барып қайтқаннан кейін жазғаны есімде. Оның «Панасыз кемелер, ұқыпсыз төрелер» атты фельетон-өлеңі де Орал пороходствосында болған рейдке қатысқаннан кейін туған. Қасымның «Фашизмнің жасап отырған әрекеті» деген үлкен мақаласы да ізденуге байланысты пайда болған.
Ол тұста Алматыда шыққан газеттер Оралға жеті тәулікте келетін, ал Москваның газеттерін бір жарым тәулікте алатынбыз. Сондықтан көптеген маңызды материалдарды Орал газетінің қызметкерлері орталық газеттерден өздері аударып басатын. Сол материалдардың едәуір бөлігін аудару Қасымның да үлесіне тиді...», дейді Сағат Жұмағазиев.
Талайлы тағдырын бірге кешкен, өлең мен жырға бусанып тұрған отты тұла бойын қара суық, тіпті ерте шырмағаннан бергі күресте бірге болған аяулы жары Сақыпжамалымен де Қасым Оралда танысқан еді. Бірақ ол кезде екеуі де жас, екеуі де ерке. Үлкен өмірге енді қадам басар кез. Ерке жастық... Бірақ Сақыпжамалдың жүрегі басқада еді онда... Оралдағы күндерін ақынның жары былай еске алады:
«Бірінші күйеуім Әнуар Сейдахметов әскери адам болатын. Киевтегі әскери училищені бітірген соң Орал қаласында біраз уақыт қызмет істеді. Содан соғыс басталғанға дейін Свердловск қаласының әскери оқу орнында соғыс өнерінен дәріс береді. Орал қаласында қызмет істеп жүрген кезде жергілікті газеттің қызметкерлері Қасым, Жәрдем Тілеков екеуімен күйеуім танысып, үйге ертіп келіп жүрді. Әсіресе пианино, скрипка, домбыра, гармонь секілді аспап біткеннің бәрінде еркін ойнай беретін Қасымды Әнуар құлай ұнатып еді.
...Онда мен тым жас едім. Қасым маған арнап жазған өлеңдерін оңашада қапысын тауып оқып беретін. Мен онысын Әнуарға жасырмай айтып қоятынмын. Ашуланудың орнына ол мәз болып күліп, «ақынға ұнаған әйел жаман әйел емес» дейтін. Әлдебір жағдайға байланысты көп ұзамай Қасымның Алматыға кетуіне тура келді. Біз Свердловскіге қоныс аудардық. 1939 жылы демалысқа келгенде Қасым бізді іздеп тауып, үйіне қонаққа шақырады. Бір-екі жылдан кейін «балапан басына, тұрымтай тұсына» кеткен заман орнады. Әнуар сұранып жатып, жаңадан босанғаныма қаратпай Алматыға әкеп тастап, соғысқа аттанып кетті. 1943 жылы қаза тапқаны жөнінде қара қағаз келді...»
Арғы жағы белгілі. Соғыстан алдын күйеуі Сақыпжамалды Алматыға, Әбу Сәрсенбаевтың үйіне апарып тастаған болатын. Күйеуі Әбу ақсақалдың балдызы еді. Елмен бірге майданға аттанған Қасым да аман-есен оралады, көп ұзамай Сақыпжамалға үйленеді.
«Ол кезде (Оралда – А.Т.) Қасым жиырма төрт жаста. Денесі қаршығадай шағын болғанымен, жалт-жұлт еткен жанары қыранның көзіндей өткір. Менімен танысқан сәтте Қасым қолымды ұзағырақ қысып, қадала қарап қалды... Содан кете-кеткенше мен жаққа ұрлана көз тастаумен болды», дегені бар Сақыпжамалдың тағы бір естелігінде.
«Ақ қайың мен сұлу қарағай аралас орманы бар, жиегін Ақ Жайық пен Шаған көмкерген табиғаты сұлу өзі де Еуропа үлгісінде салынған Орал қаласы ақынның жалынды жас дәурені, алғашқы махаббаты, отты жырларының куәсі мен сырласына айналып, ол осы елге бауыр басады. Оралда өткерген 6 жыл ғұмыры Қасым ақынның ең бақытты кезеңі деп айтуға дәлеліміз мол. Оралда Қасым алғаш рет Марфуға Кенжеғалиева деген аруға жолығады, оған 12 өлең арнаған», дейді Ақұштап Бақтыгереева.
Ол өлеңдер қайсысы еді?!
Қарай-қарай көзімнің нұры бітпес,
Айта-айта көңілімнің сыры бітпес.
Жалын жүрек,
жасын тіл жас ақынның,
Сүйгеніне арнаған сыры бітпес.
Өзіңе аян, мен саған ғашық едім,
Сыр сандығын өзіңе ашып едім.
Жанға қимас сандықтың
бар асылын,
Аямай-ақ өзіңе шашып едім...
Әрине, қазіргі поэзиядағы өлшеммен қарағанда кемшін тұсы жоқ емес. Бірақ 1930 жылдар үшін және жас шағынан алғанда бұл – қазақ поэзиясындағы жаңа теңеулермен, сұлу сөздермен өрілген үлгі еді. Оған «жалын атқан жастығын» қосыңыз.
Қасымның Оралда тағы бір қызмет еткен орны – театр. Бұл туралы да деректер тіптен аз. Ал театрдың қазіргі қорында бір-екі суреттен басқа ешқандай дерек жоқ. Тек көзін көрген, қызметтес болғандардың ғана бір-екеуінің естелігі бар.
«Орал қазақ театрындағы қиын шаруаның бірі актерлер кадры болды. Қасым Аманжолов актерлерді топтастыру мен сахна өнеріне баулу ісіне де көп қажыр-қайратын жұмсады. Сөйтіп, ілдәлдалап жүріп, сахна өнеріне қабілеті бар бірнеше адамды театрдың штатына енгізіп, қызметке алды. Театрда актер болғандардың бірі – Батыр Қыдырниязов, Қасыммен бірге редакцияда қызмет істеп жүретін жас жігіт, мінезі албырттау, ақжарқын болатын (осы күнгі республикаға танымал ақын Шолпан Қыдырнизова – сол Батырдың қызы). Батыр Қыдырнизяов та құрбы жолдасы Қасым Аманжоловтай болмаса да, өлең шығарып, ән салатын, домбыра шертетін ақжелең жігіт еді. Штатқа алынған екінші актер Қабденғали Қуанышалиев – Орда ауданының Қашқыншы ауылының азаматы. Ол кісіні мен бала кезімнен білетін едім. Кедейлігіне мойымайтын, мінезінде серілік сыңайы бар ағамыз еді...» – дейді Зейнолла Тұрарбеков «Қасым құрған театр еді» деген естелігінде.
Бұл жазбада біз Қасымның Оралдағы жылдарына ғана назар аудардық. Орал, Жайық жайлы жазылған жырларын ғана арқау еттік. Әлбетте, Қасымның поэзиясы – үлкен поэзия. Оны зерттеп, зерделеу әлі де жалғасып келе жатыр.
Бүкіл қазаққа аты мәлім Қасымның жастық кезі, отты жылдары Жайықтың жағасында, Оралдың көшелерінде өткенін айтып, тіпті мақтанғымыз да келді. Неге мақтанбасқа?! Ол осы өлкенің суын ішті, осы өлкені еркін жайлады. Орал табиғаты оған шалқар шабыт сыйлады. Небір сырлы сазды аспаптарды үйренді осы қалада. Бүгінде Қасым жазған жырды біз де жатқа айтамыз. «Оралым, менің, Оралым...»...
Аслан ТІЛЕГЕН,
«Egemen Qazaqstan» газетінің жас журналистерге арналған сыйлығының лауреаты