Қараша айында «Астана Опера» театрында ұлы ағартушы, ойшыл, философ, ақын әрі композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай» операсының кейіпкерлері» атты көрме ашылады. Экспозицияда «Оскар» сыйлығының иегері Франко Скуарчапиноның ұлттық классиканың жауһары – М.Әуезовтің либреттосына жазылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсына арнап дайындаған костюмдері қойылады.
Бұдан басқа, көрермендер елордалық театрда опера премьерасына әзірлену жүре бастаған сәттен бастап «Абай» операсының аңыз болған қойылымының тарихын баяндайтын әртістердің дебюттерімен, сондай-ақ театрдың ауқымды гастрольдері кезіндегі фотоэкспонаттармен таныса алады. Мәселен, «Астана Опера» әртістерінің орындауындағы айтулы қойылымның арқасында, алыс-жақын шетел көрермендері қазақ халқының кемеңгер тұлғасымен жақын танысуға мүмкіндік алды.
– Хакімнің сахнадағы көркем бейнесіне арналған бұл көрме арқылы біз көрермендердің ұлы ойшылдың өмірі мен шығармашылығына деген қызығушылығын арттырғымыз келеді. Экспозицияның ашылу күнінде Үлкен зал сахнасында «Абай» операсы қойылады. Қазақ ақынының тау тұлғасы – өз мағынасында дәуір ауысуы кезіндегі, яғни өткеніміз бен ертеңімізді сабақтастырып тұрған «алтын көпір» тәріздес нышанды құбылыс. Мұның барлығын Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Абай аманаты» атты мақаласында айтқан болатын. Елбасы халқымыз үшін Абай біздің айнымас темірқазығымыз болғанын, болып та қала беретінін бірнеше мәрте айрықша атап өтті, – деді «Астана Опера» театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Ахмедьяров.
Ал костюм суретшісінің айтуынша, айтулы ауқымды спектакльге арналып 200-ден астам костюм тігіліпті. Оларды дайындау кезінде табиғи жібектен бастап перделік маталарға дейінгі түрлі материал пайдаланылды. Костюмдер бойынша суретші олармен жұмыс жасау кезінде арнайы әдебиеттерге, сондай-ақ кітапханалар мен мұражайлардан тапқан тарихи фотолардың көшірмелеріне сүйенді. Бір қуанарлығы, өзіміз қойылым барысында куә болғандай, италиялық сахна маманы Франко Скуарчапино қазақ мәдениетінің тереңіне бойлау арқылы ұлттық киімнің барлық бөлшектерін сәтті айшықтай алды, аяқ-киімдердің, бас киімдердің бедерлі оюларына, безендірілген әшекейлерге ерекше назар аудара білді. Әр костюмге матаның аса зор талғампаздықпен арнайы таңдалуы және ою-өрнек һәм түс үйлесімінен-ақ білікті кәсіби маманның жұмысы екендігін бірден аңғаруға болады.
«Астана Опера» театрында Мұхтар Әуезовтің либреттосына жазылған спектакльдің премьерасы 2015 жылғы 25 қыркүйекте өтті. Қойылымның музыкалық жетекшісі – театрдың бас дирижері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алан Бөрібаев, қоюшы режиссері – Джанкарло дель Монако (Италия). Кеңесші-режиссер – Қазақстанның Халық әртісі Есмұқан Обаев. Бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов. Қоюшы режиссердің ассистенті – Еренбақ Тойкенов. «Астана Опера» театрының шығармашылық ұжымы 2018 жылы «Абай» операсының қойылымы үшін Әдебиет және өнер саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығын алды.
Театр басшылығы мәлім еткендей, сегізінші театр маусымында түрлі бағыттағы көрмелер жиі ұйымдастырылады. Яғни театр әкімшілігінің экспозицияны тұрақты түрде өткізіп тұру жоспары бар. Мәселен, келесі ұйымдастырылатын көрме Майра Мұхамедқызының шығармашылығына арналатын болады және айтулы шара опера жұлдызының жеке концертінің аясында өтеді. Демек, бұл тамаша дәстүр алдағы уақытта да жалғасын табады деген сөз. Ендігі ұсынылатын көрмелер мазмұны негізінен операның, балеттің жетекші солистерінің және барлық шығармашылық ұжымның жетістіктеріне арналып, олардың спектакльдері кезінде ұсынылатын болады.