• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Таным 29 Қазан, 2020

Қазақ тазысы

4288 рет
көрсетілді

Қазақтар ерте кезден бастап ит жүгіртіп, құс салып, аң аулап серуен құрған халық. Олар аң аулауға бейім иттерін тазы деп атаған. Орта ғасырда өмір сүрген италиялық жиһанкез Марко Поло далалықтардың аң аулайтын жүйрік иттері жайлы тамсана жазады. Сондай-ақ бертіндегі орыстың статистика қызметкері А.Слудский 1930 жылдардың аяғында қазақ даласында шамамен 4 мыңнан астам аңшы иттер (тазы) болғанын және олар бір маусымда 30 мыңдай аң ұстап, оның терісін иелері ресми түрде үкіметтік мекемелерге өткізгенін айтады. Осы орайда оқырмандарымызға халқымыздың саятшылық өнеріне жататын тазымен аң аулаудың және оны баптап, бағудың қыр-сыры жайлы мәліметтер ұсынып отырмыз.

 

Тазының атасы – салюки

Көптеген зерттеушілер тазы тұқым­дас иттің қазақ даласында пайда болу кезеңін ис­лам дінінің алғаш таралу уа­қыты IX-X ғасырға сәйкес­тендіріп тү­сіндіріп жүр. Өйт­кені біздегі тазы­лардың тұ­қым-тегі жағынан ертеде араб жазирасында пайда бол­ған бәдеуилердің тазы тектес салюки итіне аса ұқсас. Осы жа­қындықты негізге алған қазір­гі тазытанушылар қазақ даласына тазы тұқымы арабтармен бірге келген дейді. Уақыт өте келе араб тазылары, яғни аңшы иттері Ор­та Азияның қатал та­биғатына бейім­деліп, ұзын сабалақ жүнді, салпаң құлақ жаңа сұрыпқа айналған.

Қазақтар аңшы итті тазы деп атауы­ның мәні парсылардың «таза, алғыр, шапшаң, жүйрік» сөзі­мен түбірлес және осы мағы­надан шыққан деп жорамалдануда («Саятшылық қазақтың дәс­түрлі аңшылығы» Алматы, 2007 ж. 148-б).

Тазының көру, сезу, есту қабі­леті жақсы дамыған және аңшы­лық қабілеті, амал-айласы басқа иттерге қарағанда көш ілгері. Алғыр тазы секундына 30-40 мың дыбыстық тербелісті, тіпті кей кездерде 70-100 мың тербелісті қабыл­дап, ажы­рата алады. Әрі иіс сезу мүмкіндігі – 1,5 х 1,5 метр (бұл өлшем адамда 5 х 5 см).

Қазақтар тазыны жарғақ құ­лақ және шашақ құлақ деп екіге бөледі. Ал тұқымына қарап: құ­май тазы, құны тазы, дүрегей тазы, қайың қаптал тазы деп қарас­­тырған. Соңғысы қасқыр ала­тын тазы­ларға тән атау.

Сондай-ақ біздегі тазылар таралу аймағына байланысты: самарқан тазысы, Жем бойы не­месе атыраулық тазы, Сібір тазысы, Түркістан тазысы сынды атау­ларға ие.

Самарқан тазысы – аласа бой­лы, сүйрік те, сүйкімді сұ­лу болып келсе, атыраулық тазы­лар – ша­шақ құлақ, табан жүн­ділігімен ерекшеленеді. Сібір тазылары – сүйір табан, күші көп болады. Түркістан тазысы – қазақ даласының оңтүстік өңірлеріне мол тараған тұқым.

Сонымен қатар еліміздің тер­ри­то­риялық ерекшеліктеріне бай­­ланысты тау тазысы және да­ла тазысы деп те бөленеді. Дала тазысының кеудесі мен бөк­­сесінің биіктігі бірдей, өте жыл­­дам, сүйегі жеңіл, нәзік бол­ған­дықтан қазақтар оны ши тазы деп де атайды. Ал тау тазы­сының бөксе жағы биік, аяғы сіңірлі, мойны жуан болады. Бұ­лар қасқыр аулауға бейім.

 

Жақсы тазының сипаты

Қазақ тазысы – бітімі сидаң, жүні сұйық, танауы үшкіл, құ­лағы делдең, жоны дөңес, басы ұзын сопақша, жанары өт­кір, мойны қысқалау, жауы­рыны жал­пақ, кеудесі кең әрі омырау­лы, салқы төс, ар­қасы түзу, қарны қа­бысқан, аяқ­тары сіңірлі, буындары ады­райған, шынтағы сыртына қарай ойысты, тырнақтары өт­кір, саусақтарының арасы үл­піл­­дек жүнді, артқы жағы шал­қақ, табаны жалпақ, түр-түсі әр­­қилы болып келеді.

Аса алымды тазының бел­гісі: жамбас еті сыртынан қара­ған­да білеуленіп тұрады және аяғын маймақтатпай тік басады. Жақ сүйектерінің прикусы (тістеуі) қайшы сияқты, дәл тістеседі. Егер иек сүйегі бір-біріне сәйкес кел­мей кемиек­­теніп тұрса, бұл нашар тазы бол­ғаны. Кәнігі аңшылар бұн­дай тазыларды күшік күнінде танып, асырамайды.

Тазының құйрығы шашақты һәм жіңішке және соңғы ұшына дейін сүйек­тенбеген болса, оны аңшылар «ою құй­рық» деп атайды. Бұндай та­зы аң­шы­лық кезінде әбжіл қи­мыл-қозғалыс жасайды, бұ­рыл­­ғанда, жүгіргенде, екпін алған­да құйрығы зор қызмет ат­қа­рады. Сондай-ақ тазының құй­рығы артқы тірсегін соғып тұр­са, ол жақсы тұқымнан деп есеп­­теледі.

Ал құйрығы қамшы сияқты тазыны «қамшықұйрық» деп атайды. Мұндай тазының құй­ры­ғының ұшында омыртқа сүйек болмайтындықтан құй­ры­ғы иір­леніп, көтеріліп тұра­ды. Бұл тай­ған тұқымдас тазы­ларға тән құ­былыс. Тайған тұ­қым деп алғыр тазыларды айтады (Махмұд Қашғари «Түрік сөздігі», Ал­маты, 1998 ж. 3-том, 238-б). Қыр­ғыз ағайын­дар алғыр тазыларын күні бүгін «тайған» деп атайды. Тай­ған тазысы таулы жерде аң аулауға өте қолайлы.

Қазақ тазысының бітімі: ер­кек тазы­ның биіктігі – 65-70 см, салмағы – 20-25 келі. Қазақ та­зысы салюки немесе ауған тазы­ларына қарағанда 2-5 см аласа, қырым-кавказ тазыларымен салыс­тырғанда тұрқы 5-6 см ұзын, салмағы 4-5 келі ауыр болады.

 

Тазыны баптап, баулу

Тазы иттердің ішінде дегдар, адам тәрізді талғампаз, кез келген дүниені жей бермейді. Қарны аш болса да, аштығын білдірмейтін төзімді жан­уар. Үйретіп баулыған кезде тазының мінез-құлқы тұрақты болуына баса назар аударған жөн. Тазыны жастай үйреткен дұрыс. Өйткені бір айлық күшіктің өзінде тазыға тән белгілері біліне бастайды. Үй­рету осы шамадан басталады. Оған орынсыз айқайлап, жекуге болмайды.

Күшік тазыны алдымен қар­ғы­бауға үйрету керек. Одан кейін жетек­ке дағдыландырады. Көп жағдайда түлкінің құйры­ғы­мен ойнатып, оны ұстауға әдеттендірген абзал. Өйткені құйрықпен ойнаған тазының мойны қатаяды. Алты-жеті айға толған соң тазыға ат қойып, атын миына сіңіру керек. Сол аты­мен шақырып үйреткен дұрыс. Ең бастысы иесін тас­тап беталды лағып кетпейтін, үнемі иесінің маңында жү­ретін жағдайға баулыған жөн. Әртүрлі бұйрықтар беріп (отыр, тұр, жат, жүгір) оны мүлтіксіз орындайтын етіп тәрбиелеу керек. Ол үшін жі­­­ңіш­­ке қайыс қамшыны пай­да­ла­нып, қажет кезде ептеп шық­пыртып алған дұрыс дейді кәнігі аңшылар.

Осылай баулу он айға жуық жалға­сады. Одан соң аңға ауыздандыру бас­та­лады. Ол үшін бұрыннан аң ұс­тап үйренген кәнігі тазыларға қо­сып жіберіп, баулыса тез үйренеді. Сон­дай-ақ тазы итті күшігінен бас­тап мыл­тықтың дауысына үй­­ретіп, аңның ізіне түсуге машық­тандырады.

Жалпы, қазақта тазыны бау­лудың қатып қалған қағидасы жоқ. Дейтұр­ғанмен малды ауыл­дың адамдары тазыны жасы­нан малға үйірсек етеді. Кейде үйреткеннің жөні осы екен деп жас күшікті зорық­тырып алуға болмайды.

Бабы келіскен тазыны аң­шылар тілі­мен айтқанда, келер жылы яки екінші қар бас­қанда аңға салады. Ол үшін әуелі ала жаздай семірген тоқ тазының ішін айдатып, қоясын түсіреді. Себебі, семіз тазы ұзақ жүгірмей, қызылмайланып түті­гіп тұрып қалады. Сондық­тан кәнігі аң­шылар әуелі тазысын семіртіп, артынан қайырып бап­тайды.

Тазының қоясын түсіру үшін (іш майын кетіру) қой­дың құйрық майын немесе жыл­қының іш майын ерітіп бір шарасын ішкізсе жетіп жатыр, тазының іші тазарады. Онымен қоса аңшылар тазыны аңға салмас бұрын майы алынған іркітті қайнатып, жылылау күйінде (құртты езіп беруге де болады) итіне ішкізеді. Бұл зат ит­тің ішіндегі таспа құрттарды айдап түсі­реді. Тазының бір ерекшелігі тез ариды және зар күйіне тез түседі.

Тазыны баптап, қайырудың мезгілі қар түсерден бір ай бұрын іске асады. Жыл сайын дәл бір мезгілде қайырып, баптап үйреткен тазы уақыты келгенде өзі-ақ бабын сақтап, дайындалады. Қайырған тазыны әуелі ауыл маңына жүгіртіп, бұлшық еттерін, сіңірін созып жаттықтырады. Күн озған сайын ауылдан алысқа алып шығып, бірге жүгіртіп, жаз бойы қатты жерді көп баспаған табан етін шынықтырады. Қайыру жаттығуы кезінде тазыға тамақты денесі суыған соң, яғни бір сағаттан соң береді.

Осылай бір апта немесе 10 күн дала бастырып, жүгіртіп, тынысын ашады. Егер де тазы жүгіріп келген соң табаны ысып, өртеніп тұрса бұл жақсы емес. Бұл тазының іш майы әлі кетпеді деген сөз. Ондай жағдайда итті күн аралата жүгіртіп, майын кетіреді. Күн райы тым суық болмаса даланың ағынды суына шомылдырған дұрыс.

Бабы қанған тазының белгісі: бұл­шық етері тығыршықтай қатаяды, жүндері құлпырып, жылтылдап тұрады. Басын тік, кеудесін керіп ұстайды. Аяқ басқанда арасын кеңге тастап, нық жүреді. Көзінің қарасы елгезектеніп, «тәйт» десеңіз ұшып кетуге әзір, жұтынып, елеңдеп тұрады. Дауысы ашы­лып, мінезі жайдарыланады.

 

Тазымен аң аулау

Қазақ аңшылары тазы итті аң қағу өнеріне қатысты бірнеше топқа бөлген. Бірінші топқа қасқыр алатын тазыларды жатқызған. Ондай тазы күшті, әрі жүйрік, жүректі келеді. Алғыр тазы қасқырды көрген бойы қапталдасып шауып, бір-екі жұлып тартып, аужа­йын (қасқырдың күш-қуатын) байқайды. Одан кейін қатар­ласа беріп, қасқырды алқымдап жығып, қылқындырып өл­тіреді.

Екінші топқа жататындар – ша­ғын тазылар. Бұлар қасқырды ал­қым­дап ұстай алмайды, тек қуып жетіп, тістелеп, мы­сын құр­тады. Иесі келіп со­ғып немесе атып алғанша қасқырды алысқа жібер­мей, діңкелетеді. Кейбір жағдайда, яғни иесі алыс­та қалған болса, қасқырды қу­май тоқтап қалады. Мұндай та­зы­ларды аңшы­лар қосалқы не­месе көмекші тазы деп атайды.

Үшінші топқа жататындар қоян, түлкі ұстайтын тазылар. Бұлардың күші әлсіз бірақ жүйрік болады. Күніне 2-5 қоян алатын мүмкіндігі бар. Ал түлкіні кез кел­ген тазы алады. Жас тазыны түлкіге сал­ғанда байқау керек. Кәрі түлкі жас тазыны тістеп бетін қайтарып тастайды. Беті қайтқан тазы жасқаншақ келеді.

Тазымен аң қағу үшін қайткен күнде қар жауып, сонар басталуы шарт емес. Аң­ның жүні жетіліп, қажетке жарай­тындай болса жетіп жатыр. Сондықтан да тазымен аң аңлауды қарасонар деп те атайды. Сонарға шығарда тазының тұяқтарын тазалап, тым артық өскені болса қысқартып, тегіс­тейді. Артық өскен тырнақ еркін қимыл-қозғалысқа кедергі жасайды. Сонымен қатар тазы­ның сабалық жүнін түсіріп, болмаса жұқартады.

Тазыларды жеке-жеке немесе топ-тобымен аңға салады. Аңшылар аңды жат­қан жерінен үркітіп, алып шығады. Сосын қашқан аңға тазыны жұмсайды. Ал тобымен шыққан саятшы­лар шамамен 200 метрдей дөңгелек шеңбер жасай жү­ріп, қашқан аңға кезекпен тазыларын жұм­сайды.

Өте алғыр тазылар даланың қоңыр аңдарын (киік, бөкен, қарақұйрық, жирен) қуып жетіп, шабын жарып ұстай бе­реді. 1895 жылы осындай оқиғаға куә бол­ған Л.Мейер, қазақтар аңшы иттермен да­ла­­ның тұяқты жануарларын ұста­тып жүр­­гені жайлы дерек қалдырған. Тіп­ті­ топ­­ты тазымен кәнігі аңшылар ілбіс (қар барысы) пен сілеусінді де аулайтын бол­ған.

Мына бір баспасөз бетте­рінде жария­ланған деректерге назар аударсақ: Алма­ты ма­ңын­­дағы Шамалған бекетінің атақ­ты аңшысы Е.Атабергенов үш ай ішінде екі тазы, бір бүр­кітімен 115 түлкі, 3 қас­қыр, төрт борсық ұстағаны жайлы ай­тыл­са, ақтөбелік бір аңшы тазысымен бір маусымда 16 түлкі, 79 қоян ұстапты. Май­дангер аңшы, бірінші топтағы мүге­дек Бәйетбай Исабеков өзінің «Ұшар», «Жел­табан» атты қос тазы­сымен түске дейін екі бас қоржын қоян алдыра­тын болған. Сыр өңірінде, дәлі­рек айтсақ, Жаңақорғанның Келін­төбе ауылының аңшы­сы Е.Әлиев «Лашын» атты көк қасқа тазысына бір қыс­та 47 шибөрі алдырған. Алмат­ы облысы Райымбек ауда­ны, Алғабас ауылының тұр­ғыны А.Ақмолдаұлы бір маусымда тазысына 47 түл­кі ілдірген. Алматы облысы, Райымбек ауданының Жылы­­сай ауылындағы аңшы Ж.Мұқаевтың ақ тазысы қасқырды қуып жетіп, сіңір тірсегін қиып жіберіп, иесі келгенше оны жібермей ұстап тұратын болған.