«Egemen Qazaqstan» газетінің 1 қазан күнгі санына «Көктемірдің көтерілісін кім басқарды?» деген, ал осы басылымның келесі күнгі (2 қазан) нөміріне «Көктемір» атты мақала жарық көрді. Басылымның Ақтөбе облысындағы тілші Баян Қуандыққызының жоғарыдағы жазбалары тарихымыздың тасада жатқан парағын ашқандай әсер қалдырды.
Ұлт тарихында «Көктемір» дейтін атпен белгілі Сапура Мәтенқызы туралы аңыз әңгімелерді біз бала кезімізден үлкендердің аузынан естіп өстік.
Сол уақытта батыр қыз өмір сүрген Қиылдың жері Мәртөк ауданының «Жайсан» совхозының 5-мал бордақылау бөлімшесі еді. Жылда ерте көктемде, қардың шеті сөгілген тұста совхоз малдарын жазғы жайылымға айдайды. Әкем жарықтық осында мал бағады. Жазғы демалыста қасында болып көмектесеміз. Кешке қарай шопандар жиналып өлкеміздің өткен тарихын таратып, әртүрлі әңгімелер шертеді.
Әсіресе Сапура Мәтенқызының көзге түспес бейнесі мен айлаға толы ерліктері балалық санамызды ерекше қызықтыратын. Дала қариялары орыстың ұлы қолбасшысы А.Суворовтың қазақ жерін жаулауға келген отрядын ішке өткізбей, кейін қайтуға мәжбүрлеген Сапураның сарбаздары екендігін мақтанышпен айтатын.
Одан кейін Көктемір – Сапура туралы мәліметтерді белгілі ақын, журналист Амантай Өтегеновтің ауызынан естідім. Амантай ағаның айтуынша, «Көп адамдар нақты мәлімет болмаған соң білмейді. Сапураның қазақ халқына сіңірген ерлігі француз халқы айрықша құрметтейтін Жанна д, Арктен кем түспейді. Денсаулығым мүмкіндік берсе, Сапура батыр туралы поэма жазу ойымда бар» деуші еді.
Ел басына күн туған қиын кезеңдерде шалбарланып, атқа мініп, шашын дулыға астына түйіп, қолына қару алып, жаумен жағаласқан арулар ел тарихында көптеп кездеседі. Атап өтер болсақ, Ботакөз батыр, Бақтықыз батыр, Бопай Қасымқызы, Назым, Гаухар, Айбике қатарлы арулардың ерлік істері ел аузында.
Сапура Мәтенқызының мақсаты – Ресей патшалығы әскери отарлау экспедициясының қазақ жеріне бойлай кіруіне кедергі жасау болатын. Сөйтіп, отты қару зеңбірекпен мұздай қаруланған орыс әскерлерінің қазақ жеріне ендеп кіруіне төрт жыл бойы тосқауыл жасап, оларды Қобда шебінен әрі өткізбеуі баға жетпес ерлік деп есептеуге болады.
Сапураның жүйрік ат мінген жаужүрек сарбаздары түнгі қараңғылық пен жер қыртыстарының ерекшеліктерін пайдалана отырып, жаудың ат-көлігін айдап кетіп, азық-түліктерін тонап, экспедицияның алға жылжуына кедергі жасады. Өздері жау қолына түспей дер кезінде сытылып шығып, олардың берекесін алды. Сондықтан болар Сапура «Көрінбес Көктемір» деген лақап атқа ие болды. Сапура бастаған көтерілісшілер жеңілген соң да із-түзсіз жоғалып кетуінде даналық, стратегиялық қулықтар жатқан сияқты.
Сапура Мәтенқызы туралы тарихи деректер азды-көпті жазылып жүр. Атап айтар болсақ, Нейля Бекмаханованың «Легенда о невидимке» атты кітабы, Бекен Қайратұлының «Суворовты сан соқтырған Сапура», Жақсат Қарылғашовтың «Қазақтың Жанна д, Аркі», Мейірхан Ақдәулетұлының «Қазақтың Жанна д, Аркі немесе кіші жүздің Көктемірі», Самат Өтениязовтың «Сапура Мәтенқызы және оның ерлікке толы заманы», Исламғали Бітіктің «Сапура Мәтенқызын білеміз бе?», Жібек Абдуллинаның «Темірмен құрсауланған жұмбақ жан», Кәмшат Қопаеваның «Салт атты Сапура қыз», Төреғали Қазиевтің «Жанна д, Арк казахская – Сапура Мәтенқызы», Іңкәр Декенованың «Сапура Матенқызы» және тағы басқа еңбектер бар.
Ал бұл жолғы жарық көрген Баян Қуандыққызының қос мақаласы жоғарыдағы зерттеулерді толықтыратын тың жазба екені анық.
Жақсат ҚАРЛЫҒАШОВ,
Мәртөк ауданының құрметті азаматы
Ақтөбе облысы