Жақыпбай (Жақпай) әулеті ол кездері Ақсу аумағындағы, Қызылжар аталатын ауылында тұратын ауқатты отбасылардың бірінен еді. Ертіс өзенінің жағалауын мекен еткен жұрт мыңғыртып мал өсіріп, тек жұт жылдары ғана ауа райы қолайлы өңірлерге үдере көшіп, ұзаққа созылған қыс аяқталған соң, ата қоныстарына қайта оралып отырған.
Басқа уақытта ата-бабалары өмір сүрген және мәңгілік қонысын тапқан мекендерінен ұзап, оқу-білім іздегендер, саудамен айналысқандар немесе қажылық сапарға аттанғандар болмаса, ешкім ешқайда кетпеген. Осындай күнделікті өмір бірқалыпты сырғып өтіп жатқан кезде қазақ даласына да бүкіл әлемді дүрліктіріп Ресейден басталған 1917 жылғы Қазан төңкерісі келіп жетті.
Төңкеріс алғашқы кезеңінен бастап, Кереку өңірінің қазақтары үшін де қиыншылықты молынан ала келді. Ал ұжымдастыру кезеңінің қаталдығы мен қатыгездігін сөзбен айтып жеткізу оңай емес. Сол жылдары жеті аталарынан бері маңдайларына біткен бақ-дәулеттері бастарына сор болып жабысқан «шынжыр балақ, шұбар төс» бай-шонжарлардың ұрпақтары мен аз ғана мал біткендер «халықты қанаушылар» деген атақ таңылып, дүние-мүлкі кәмпескеленіп, ортаққа алынып, жұрт «итжеккен» деп атап кеткен Сібір жеріне айдалып, одан қайта оралып келу-келмеуі белгісіз заман туды.
Сол заманның азаматы Қайыргелді Жақыпбайұлы Қызылжарда 1904 жылы өмірге келген екен. Ұжымдастыру қызу жүріп, жаңа экономикалық саясаттың (НЭП) арқасында кешегі кедейлердің бір бөлігі ауқатты шаруалар, яғни «кулактар» қатарына қосылған кезде, олар да тап ретінде жойылуға тиіс болғанын тарихтан білеміз. Жерлестеріне берілген соққының бірінші толқынынан құдай сақтап аман қалған Қайыргелді Жақыпбайұлы екінші толқын болатынын және оның тым ауыр болатынын сезіп, бір күні түнделетіп, інісі Сейсенбайды, ұлы мен қызын және жұбайын алып, Омбыға қарай бет алады.
Ауыр да азапты жолға шыдай алмай, жол-жөнекей Сейсенбай қайтыс болып, Омбыға Қайыргелді қалған отбасы мүшелерімен ғана әрең жетеді. Мұнда да тыныштық болмасын білген Қайыргелді түу алысқа бет бұрып, Хабаровск қаласына, сол жақтан жұмысқа шақырып, жұмысшы іздеп келген адаммен ілесіп кетуге мәжбүр болады. Бұл жерде онымен басқа да бірнеше қазақ отбасы, жеке адамдар бірге кетеді. Олар әуелі пойызбен Владивостокқа келеді, содан соң паромға отырып, Жапон теңізіндегі тар мойнақ арқылы жүзіп Хабаровскіге беттейді. Пароммен кетіп бара жатқанда, осы кезде ашаршылықтан, суықтан, санитарлық тазалықтың жоқтығынан қазақтар «құрқұлақ» деп атайтын цинга ауруынан бірнеше адам көз жұмады. Сол адамдардың ішінде Қайыргелдінің жұбайы және ұлы мен қызы қайтыс болады. Теңіз үстінде қайтыс болғандар жер қойнына емес, теңіз суының құшағына тапсырылады, себебі құрғақ жерге шығып, жерлеуге ешқандай жағдай болмаған. Сөйтіп, ең жақындары – бауыр еті балаларымен қиян шетке еш ойланбастан, еріп келе жатқан жұбайын Қайыргелді көз жасын теңіздің ащы суына тамшылата тұрып табыстаған екен.
Хабаровскіге келген соң Қайыргелді Жақыпбайұлы тағдырдың аса ауыр соққысынан оңалу үшін, қайғысын аз да болса ұмыту үшін, өте ауыр жұмысқа тұрып, порт жүкшісі – докерлер қатарында зіл батпан жүктерді тасымалдаумен айналысады. Алайда жүректегі зор жарақат – туған елден, жерден тым жырақ кету, жанына жақын жандарынан айырылу оны үнемі өкшелеп қуалап, қайда барса, не істесе де есінен кетпейтін.
Бұл үнемі сыздап тұратын ауыр жүрек жарасының емі – тек өзімен тағдырлас Шамсинұр Валиуллақызы Ғабдуллина есімді татар қызымен танысып, сырлас, мұңдас болып, оның соңы үлкен сезімге ұласқаннан кейін, алыс өлкеде қазақтың бір шаңырағын көтеріп, ошақ отын жаққан соң ғана табылғандай еді. Шамсинұр Башқұртстандағы Абдулово аталатын деревняда көпес отбасында өмірге келген екен. Оның да отбасы сталиндік қуғын-сүргіннен зардап шеккен.
Сұлу да сымбатты бойжеткен қыз қуғын-сүргіннен құтылу үшін дос қызымен бірге Қиыр Шығысқа, алтын іздеушілерге ілесіп кетеді. Алайда алтын өндіру жұмысы қиынның қиыны болғандықтан олар, Башқұртстаннан бірге келген екі қыз, сол жақта танысқан бірнеше отбасымен бірге тайганың ит тұмсығы өтпейтін ну орманы арқылы бастарын қауіп-қатерге тігіп, Хабаровскіге жеткен.
Тағдыр кейде адамдарды ауыр соққыдан айықтырып, оңалту үшін мейірімін де ұсынатын кездері болады ғой. Міне осы кезең Қайыргелді мен Шамсинұрға да келеді. Үйірінен адасқан аққу-қаздай, жетімсіреген екі жас осы жерде кездесіп, жоғарыда айтқанымыздай, 1936 жылы шаңырақ көтеріп, түтін түтетті. Хабаровскіде 4 баланы өмірге әкелді. Барлығы да ретімен, біртіндеп түзеліп келе жатқандай болады. Бірақ Шамсинұр балаларының Отанынан жырақта өскенін, ұлтын, тілін, дінін, мәдениетін ұмытып, басқа халықтың арасына сіңісіп, жоғалып кетпегенін қалады. Сөйтіп, отағасына ұдайы тілек білдіріп, елге қайтуға өтініш жасайды.
Халық Отан соғысының ауыр зардабынан аса оңала қоймаған 1947 жылы Жақпаевтар (құжатта Жақпаев деп жазылған) отбасы – Қайыргелді мен Шамсинұр 4 баласымен Қазақстанға оралды. Олар бірден Куйбышев ауданына (қазіргі Ақтоғай) келіп, сол кездері жаңадан ұйымдастырылған Октябрьдің 25 жылдығы атындағы кеңшарға орналасты. Қайыргелді зейнеткерлікке шыққанша осында атшы болып жұмыс істеді. Шамсинұр елге оралғаннан соң өмірге келген екі баламен қоса, алты баласын тәрбиелеп, үй шаруасымен айналысты. Ол кеңестік кезеңде аналарға көрсетілетін құрметтердің барлығын көрді, І және ІІ дәрежелі «Ана медалін», басқа да марапаттар алды.
– Балаларының ата-бабалары туған жерде, өз елінде өсіп-өнгендеріне шүкіршілігін жасап, өмірлерінің басы қиын болғанымен еңбектерінің жанғанына ризашылықтарын айтатын еді дейді, – олардың немересі Райса Қайыржанқызы.
Отаннан алыс, шалғайда тағдырлары қосылған Қайыргелді және Шамсинұр Жақпаевтардың 6 бала, 12 немере, барлық әулеті бүгінде еліміздің экономикалық-әлеуметтік салаларында адал еңбек етуде. Қайыргелді мен Шамсинұрдың шөберелерін ата мен әжелерінің үлгілі өмірлерінен өнеге алатындай қызықты әңгімелер айтып, тәрбиелеп өсіруде. Бұл нәубет жылдары азапты көп тартқан қарапайым адамдардың орындалған арманы.
Бәкизат Қаракерейқызы,
«Ауыл тынысы» газетінің тілшісі
Павлодар облысы,
Ақтоғай ауданы