Елімізде індет басталғалы дәрігерлер мен медбикелер аянбай еңбек етіп келеді. Жаңа індетпен, қауіпті дертпен күрестегі күрделі қызметтің ауыртпалығы төл әскеріміздің медицина мамандарына да түсіп отыр.
Осынау қиын-қыстау сәтте осы саладағы әріптестеріміз өз қаруластары және әскердің негізгі құрамы – жауынгерлерді аталған вирустан қорғауға жанталаса қызмет етіп жүр. Мың жерден бұл олардың берген сертіне сәйкес міндеті десек те, ақ халаттылардың вирусты жұқтыру қаупі жоғары екенін ескерсек, бұл нағыз жанкештілік қызмет дер едік. Осы бағытта талмай еңбектеніп жатқан маманның бірі кіші сержант Нұрсұлтан Ноғаев. Ол 2014 жылдан бастап Жаңаөзен қаласында орналасқан 5548 әскери бөлімі 3-жедел мақсаттағы ротасында санитарлық нұсқаушы болып қызмет етеді.
Нұрсұлтан Қызылорда облысына қарасты Арал ауданында дүниеге келген. Аралдағы орта мектепті, сосын Қызылорда қаласындағы «Өркениет» медициналық колледжінің «Емдеу ісі» факультетін сәтті аяқтады.
Мамандығы бойынша жұмысқа кіріспес бұрын, «Мен ең бірінші кезекте азамат ретінде Отан алдындағы борышымды өтеу – негізгі міндетім» деп, өз қалауымен әскерге аттанды. Қысқа мерзімдік әскери қызметін Отар қалашығындағы 30212 әскери бөлімде абыроймен атқарды.
Нұрсұлтан 2011 жылдың қараша айында Қызылорда қаласындағы «Айдан мұнай» компаниясына фельдшер болып жұмысқа орналасып, жас маманды ұжым жылы қарсы алып, қолдарынан келгенше көмектерін аяған жоқ.
Жастың аты жас емес пе, асқан ыждаһаттылықпен, ынтамен ол да барынша өзін жақсы қырынан көрсетті. Еткен еңбегі еленіп, қызмет еткен жылдарында қалалық жедел медициналық жәрдем стансасы әкімшілігі, қалалық денсаулық сақтау бөлімі, облыстық денсаулық сақтау департаменті тарапынан алғыс хаттармен және дипломдармен марапатталды.
Алайда сонау бала кезінен дәрігер болуды армандаған Нұрсұлтан мамандығын енді әскери өмірмен ұштастырып, өзін әскери медицинада сынағысы келді. 2012 жылы Ұлттық ұланның Жем қаласындағы 6655 әскери бөлімінде келісімшарт бойынша бекет бастығы, яғни сақшы болып әскери қызмет жолын бастады.
Ал 2014 жылдан бастап Жаңаөзендегі 5548 әскери бөлімінің 3-жедел мақсаттағы ротасының санитарлық нұсқаушысы лауазымында бүгінге дейін қызметін мінсіз атқарып келеді.
Нұрсұлтан ұжымға жаңадан келгенде бағыт-бағдар беріп, ерекше ықылас танытқан сол кездегі медициналық пунктінің бастығы, аға лейтенант Құдайберген Бекмырзаевқа, бар білгенін үйретіп, әрдайым оның білікті медицина қызметкері ретінде қалыптасуына көмек көрсетіп жүрген бөлімнің медициналық қызметінің бастығы, медицина қызметінің аға лейтенанты Жеңіс Нарымбетовке деген алғысы шексіз. Осы әскери дәрігерлердің арқасында өз саласының қыр-сырын меңгеріп, кәсіби тұрғыда жетілгенін үлкен ризашылықпен айтады.
Нұрсұлтан Тастемірұлы үшін Жаңаөзен шаһары бүгінде туған өлкесіндей болып кеткен. Оған осы қаланың көше тазалығы, түзу ниетті тұрғындары мен тілеулес әріптестері ұнайды екен. Бұл жөнінде өзінен сұрағанымызда:
– Маған Жаңаөзен қаласы бірден ұнады, себебі ауа райы біздің Сыр елінің ауасына ұқсайды екен. Осында келіп, мамандығым бойынша әскери медицина қызметін атқарып жатқаныма қуаныштымын. Дәрігер ретінде алдыма келген әскери қызметшіге әрдайым жылы қабақ танытып, олардың жанына батқан дертті сезінемін. Ақ халаттыдан көмек сұраған әр жанның орнына өзімді қойып, оның көмекке қаншалықты зәру екенін түсінемін. Осылайша мейірім танытып, қолымнан келген ем-домды жасап, аурудан тез арада айығуына қолдан келгенше көмегімді аямаймын. Әскери бөлім ұжымында өте сауатты жандар жетерлік. Олармен ешқашан дауыс көтеріп сөйлескен емеспін. Әрдайым сыпайылық танытамын. Дәрігерлерді көпшілік ақ халатты абзал жандар деп сыйлап жатады. Сондықтан осы сыйластыққа біз әбден лайықты болуымыз керек, – дейді ол.
Міне, осындай ұстаныммен қызмет ететін кіші сержант Нұрсұлтан Ноғаевқа сарбаздар да өте риза. Оған әрдайым алғыс білдіріп жатады.
Міне, жеке құрамның жанына демеу болып, Гиппократқа берген антына кір келтірмей, ақ халатты абзал жан атына лайық еңбек етіп жүрген кіші сержант Ноғаев секілді нағыз әскери медицина маманын біз де көпке үлгі етуді жөн көрдік.
Ерболат МЕРСАЙЫНҰЛЫ,
подполковник