Онлайн оқу әсіресе ғаламтор желісі толық жетпеген елді мекендерде оңайға соғып тұрған жоқ. Оқу жылы бастала салысымен облыс орталығына таяу жердегі Ұлан ауданына қарасты Бестерек, Ізғұтты Айтықов ауылдарының студенттері мен оқушылары онлайн оқудан оқшауланып қалған.
Бестеректегі Ғадас Салықов атындағы мектептің директоры Роза Мугулиеваның айтуынша, даярлық сыныбынан бастап 9-сынып аралығындағы 38 оқушының бәрі санитарлық талаптарды сақтай отырып, кәдімгідей мектеп қабырғасында оқып жатыр. Даярлық тобын қоса есептегенде төрт сынып түске дейін, үш сынып түстен кейін оқитын көрінеді.
– Өткен оқу жылының төртінші тоқсаны қиын болды. Бірақ тығырықтан шығудың жолын тапқан едік. Екі мұғалім бұйрықпен курьер болып бекітіліп, оқушылардың үйіне тапсырма тасыды. Курьер тапсырмаларды оқушылардың үйіндегі пошта жәшігіне салып, ертеңінде орындалған тапсырманы мұғалімдеріне жеткізіп жүрді, – дейді Роза Тілесқызы.
Ал студенттер кейде Wi-Fi желісіне қосылу үшін мектептің маңына баратын. Енді жаңа оқу жылынан бастап басқа мектептерде оқитын ауылдың балаларына да жағдай жасалып, мектептен интернет желісі бар арнайы кабинет ұсынылған. Оларға арақашықтықты сақтай отырып, онлайн оқуларына мүмкіндік жасалған.
– Студенттер, оқушылар мектеп ішін аралап жүрмей, сыртқы есіктен тура кіреді. Олардың сабағын кезекші мұғалім қадағалайды. Ата-анасы өтініш жазып, сабақ кестесі бойынша ғана мектеп қабырғасында болады. Ауданның әр мектебінде осындай сыныптар бар. Бірақ ноутбук, компьютер бермейміз. Тек Wi-Fi паролін ғана ұсынамыз. Ал аз қамтылған немесе көпбалалы отбасынан шыққан оқушыларға өздері оқып жатқан білім мекемесі техника жағынан көмектеседі, – деді Ұлан аудандық білім бөлімінің басшысы Қуат Оқасов.
Мектеп қабырғасынан арнайы кабинеттің ашылғанына ауылдағы студенттер, гимназия оқушылары қуанды. Интернеті жоқ ауылдарда онлайн оқу күрмеуі қиын мәселе еді. Енді қашықтан оқу мүлде қиындық туғызбайтын сияқты. Өйткені аталған екі ауылға да интернет желісі тартылды.
– О баста онлайн оқу оңай болмады. Әсіресе оқу жылы соңында қиналдық. Күн суықта даладан интернет нүктесін іздеп жүретінбіз. Биыл жаңа оқу жылында ауыл мектебінен арнайы кабинет ашып берді. Енді сабағымызды жылы жерде отырып, онлайн оқып жүрміз, – деген еді Өскемендегі дарынды балаларға арналған Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының 11-сынып оқушысы Ақгүл Жеңісханқызы.
Көп ұзамай халықтың мұң-мұқтажына құлақ түрген Ұлан ауданының басшылығы «Қазақтелеком» АҚ бірлесіп, Ізғұтты Айтықов пен Бестерек ауылдарындағы биік төбелерге интернет құрылғыларын орнатқан. Жылдамдығы жоғары интернет желісіне ең алдымен ауылдардағы оқушылар мен студенттер қол жеткізді.
Сонымен қатар интернет желісін тарту жұмыстары Бозанбай ауылынан бастап, Асубұлақ ауылына дейін аяқталып қалды. Кең жолақты интернет реттелген соң барлық тұрғындар еш кедергісіз үйді-үйіне орната алады.
Интернеті әлсіз мектептердің қатарына Жоғары Тайынты, Жантас, Манап ауылдарының мектептері де кіреді. Троицк, Пролетарка ауылдарындағы мектептерде де интернет жүйесі нашар. Сондықтан да бұл аталған мектептің оқушылары қашықтан емес, штатты режімде білім алуда.
Шығыс Қазақстан облысы