Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі Astana Hub және Қарағанды «Террикон алқабы» IT-хабымен бірлесіп, биыл 2 қарашадан бастап IT компаниялар мен фрилансерлер үшін акселерациялық бағдарламаны іске қосады.
Акселератор халықаралық нарыққа шығуды жоспарлап отырған IT компаниялар мен фрилансерлер үшін 6 және 4 апталық тегін оқу курсын қамтиды.
«Осы жоба біздің мамандарға сыртқы нарықтарда, шетелде сұранысқа ие болуға мүмкіндік беретін білім мен құзыреттілік қорын қалыптастыруға бағытталған. Арнайы комиссия портфолио бойынша 30 қатысушыны таңдайды. Оны жоба сайтында сауалдама деректерін толтыру арқылы ұсыну қажет», деп түсіндірді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі IT дамыту департаментінің директоры Дархан Ахмедиев.
Оқыту бағдарламасы дәрістерден, воркшоптардан, менторлармен және сарапшылармен бірқатар бағыт бойынша жұмыстардан тұрады. Атап айтқанда мақсатты нарық пен бәсекелестерді зерттеу; мақсатты клиенттің портреті мен құндылық ұсынысының сипаттамасы; клиент үшін өнімді орау; сауда-саттықты саралау және pipeline сатуды баптау; масштабтау. Бағдарлама қатысушылары – төменде көрсетілген немесе ұқсас қызметтерді ұсынатын IT компаниялар мен фрилансерлер. Бұлар бағдарламалық қамтылымдарды, сайттарды, мобильдік қосымшаларды тапсырыс беруге әзірлейді; UX/UI бойынша қызметтерін көрсетеді; дизайн немесе брендинг жасайды; digital-маркетинг бойынша қызметтер көрсетеді.
Бағдарламаға қатысу үшін өтінімді биыл 31 қазанға дейін жіберуге болады. Оқыту онлайн арқылы жүргізіледі.
IT компанияларға оқудың басталуы 2 қарашадан, ал фрилансерлерге 9 қарашадан басталады.
Тіркеуге сілтеме және бағдарламаның жалпы сипаттамасы бойынша ақпарат – https://taplink.cc/terriconvalley