Биыл Батыс Қазақстан облысы карантин қысымына қарамастан ұлтымыздың ұлы тұлғаларын ұлықтаудың әдемі үлгісін көрсетті. Өңірде Жұбан ақынның ғасырлық тойы, Қадыр Мырза Әлидің 85 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Ақын атында мәдениет пен өнер орталығы ашылды, еңселі ескерткіш бой көтерді, республикалық айтыс ұйымдастырылды. Бүгін Ақжайықтағы Абай тойы туралы сөз қозғамақпыз.
Тарихқа көз салсақ, хакім Абайды алғаш танығандардың қатарында бөкейліктер, дәлірек айтсақ, Шәңгерей Бөкеев пен Ғұмар Қараш бастаған озық топ та болған екен.
«1916 жылдың шілде айында Шәңгерейдікінде Ғұмармен кездескенімде Абай әңгіме болды. Бұл Абай өлеңдерінің жинағы кітапша болып басылып шыққан кезі еді. Өзіміз ол кезде Абайдың кім екенін, оның поэзиясының мәнісін білмейміз. Ғұмар Абайдың өлеңдерін оқып, талдап түсіндірді. Абайдың поэзиясына үлкен баға беріп, «ұлы ақын» деді. Тыңдаушының ішінде Шәңгерей де отыр еді. Ол: «Мен Абай өлеңдеріне түсінбеймін, оның өлең, сөз құрылысы, тіпті сөздерінің бірқатары маған түсініксіз» дегенді айтты. «Шыныңды айтшы, Абай өлеңдері сенің өз өлеңдеріңнен қалай?» деп Ғұмарға сұрау қойды. Ғұмардың өлеңін мақтаған болды.
Ғұмар сонда Абай өлеңінің сөз құрылысын, өлең ұйқастарын қайталап, толықтау етіп айтты. «Бұрын-соңды қазақ ақындарының ішінде Абайға тең келетіні жоқ» деген сөздерді айтты. Шәңгерей Ғұмардың сөзіне еріп кетіп, Абайды тіпті Ғұмардан гөрі асыра мақтап жібергенін өзі де сезбей қалғандай болды...
...Өзіне ұнаған бір жазушының идеялық пікірлерін келтіріп, оған өзі қарсы кісі болып сөйлейтін, әңгімелесіп отырған кісісін осылайша сынайтын Шәңгерейдің бір мінезі еді».
Шафхат Бекмұхамедовтің бұл естелігінен сонау ХХ ғасырдың басында-ақ шығыстағы шайырдың есіміне қиыр батыстағы қыр қазақтары қанық болғанын көреміз.
Әлбетте, бүгінде қазақ жерінің қай пұшпағына барсақ та Абай хакімнің есімі дәлелдеуді қажет етпейтін аксиомаға айналған. Мұндай жағдайда ұлы ақынның мерейтойы қандай форматта өтуі керек? Оның үстіне адымға тұсау, көңілге күдік салып тұрған індет кезінде ат шаптырып, ас берудің де жөні жоқ. Яғни, бұл жолы өзгеше көзқарас, тың шешім керек еді. Батыс Қазақстан басшылары, өнер мерекесін ұйымдастырушылар Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын лайықты атап өтудің жолын тапты.
Карантин кезінде көпшілік жиналатын шаралардың бәріне де тыйым салынғаны белгілі. Бірақ 2020 жылы қаңтар айында-ақ Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен басталып кеткен бір шараға пандемияның еш кедергісі болмады. Бұл әлеуметтік желіде ұлы ақынның шығармашылығын насихаттауға арналған челлендж болатын. Осы челлендж қала тұрғындары мен меймандар арасында өте сәтті өтті. Әлеуметтік желілерде 8 500 қаралым жинады. Челлендж жеңімпаздарын қыркүйек айында Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов алғыс хаттармен және арнайы сыйлықтармен марапаттады.
Ақын мерейтойы алдымен кітапханада өтуі – ең әділ шешім сияқты. Карантин талаптары сәл жеңілдеп, мәдениет мекемелерінің ашық жұмыс істеуіне мұрсат берілген сәтте-ақ биылғы жылдың басты тақырыптары алға шыққаны анық. Орал қалалық кітапханасында да ақын, ағартушы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Абай залы салтанатты ашылды. Оқырманды ақынның өнегелі өмірімен таныстырып, рухани асыл мұрасын насихаттау мақсатында ашылған залда аймақтық «Ұлы дала сазы» этно-фольклорлық ансамбльдер байқауының бас жүлдегері «Алаш» этно-фольклорлық ансамблінің орындауында Абайдың «Торжорға» шығармасы шалқып тұрды. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Айтқали Нәріков жиналғандарды мерекемен құттықтап, тілегін білдірді.
«Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты кітап көрмесі өңірдегі қай кітапхананың табалдырығын аттасаңыз да алдыңыздан шығады.
Ақсай қаласында, Чапаев кентінде биік ғимаратқа, көпқабатты үйдің қабырғасына ақынның түрлі-түсті суреті бейнеленген мурал пайда болды.
Ақжайықтағы Абай тойының шырқау шегі Орал қаласының ең басты көшелерінің бірі Абай есімін иеленгені болды.
– Биылғы Абай жылы ұлы ақынға арнап республикалық, облыстық, қалалық деңгейде көптеген игілікті шара өтіп жатыр. Данышпан Абайға арналған шаралар ешқашан көптік етпейді. Күн санап көркейіп келе жатқан қаламызда биыл Абай алаңы абаттандырылып, ақынның қарасөздері жазылған тақтатастар орнатылды. Облыс орталығындағы Абай даңғылының ашылуына күллі қазақ танитын тұлғалар – Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, Қазақстан Жазушылар одағының Төрағасы Ұлықбек Есдәулет, жазушы, журналист Мереке Құлкенов, ақын, Қазақстанның Халық жазушысы Жұбан Молдағалиевтің отбасы, ақын, журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, Қазақстанның Халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, ақын, «Алаш» Халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева келіп қатысқаны бүгінгі салтанаттың мәртебесін одан әрі биіктетті, – деді өз сөзінде Орал қаласының әкімі Абат Шыныбеков.
Айта кетейік, осы жылдың ақпан айында Қазақстан Жазушылар одағы Батыс Қазақстан облыстық филиалының сол кездегі басшысы Ақұштап Бақтыгереева Орал қаласындағы негізгі көшелердің біріне Абай есімін беру туралы ұсыныс айтқан болатын. Бұл ұсынысты республикалық ономастикалық комиссия қолдады. Батыс Қазақстан облысы әкімдігі мен облыстық мәслихат Орал қаласындағы Еуразия даңғылын Абай даңғылы деп қайта атау туралы бірлескен қаулы қабылдады.
– Абай атамыз – ұлтымыздың ұстазы, халқымыздың темірқазығы. Біздің мемлекетімізге бағыт сілтеп тұрған, әлемнің көгінде жарқырап тұрған жарық жұлдызымыз. Оралдағы Абай көшесінің бойында ақынның «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық боласың елден ерек» деген сөзі жазылыпты. «Толық» деген – кемел адам деген сөз. Толықтықты Абай атамыз «Адамдыққа толық адам», «надандыққа толық адам» деп екіге бөледі. Біз соның адамдыққа толық адам деген жолын ұстанамыз. Бүгін міне, Жайық бойындағы ғажайып жасыл қала Абай жырымен нұрланғандай болып тұр. Еуразия деген жаттанды атау, соған бүгін Абай жырының нұры түсті. Осы көшенің сәулесі бүкіл Оралды жарқыратты. Маған осы көшеде тұратын тұрғындар басқаларға қарағанда бақыттырақ секілді көрінеді. Көшелеріңіз құтты болсын. Абайдай өмір сүрейік, абайлап өмір сүрейік, – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет.
...Осы күні Орал көшелерімен жүріп өтсеңіз, көшедегі әр аялдамада хакімнің өлмейтін сөздері, жыр шумақтары көзге түседі. Жол жиегіндегі жақпар тас та, көше қиылысына керілген керме кенептер де Абай сөзін «сөйлеп» тұр. Бұл хакімнің өзі айтқандай, жан азығы, жан құмарын қандыратын рухани қазына. Ұлы ақынның өсиеті көзден кіріп, көңілге сіңе берсін дейміз.