Жастар мәселелері жөніндегі партия комиссиясының отырысында ауылдарда интернетке қолжетімділік және Қазақстанда киберспортты дамыту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Бүгін елордада ҚР Мәжілісінің депутаты Геннадий Шиповскихтың төрағалығымен жастар мәселелері жөніндегі партиялық комиссияның отырысы өтті.
Отырыс жұмысына уәкілетті органдардың және «Қазақтелеком» АҚ өкілдері, Қазақстанның киберспорт федерациясы, қоғам қайраткерлері қатысты.
Отырыс аясында комиссия тәлімгері Г. Шиповских пандемияға байланысты цифрландыру саласы өз жұмысындағы кемшіліктерді көрсеткенін атап өтті. Онлайн оқыту үшін бірыңғай платформаның болмауы, сайттардың әлсіз жұмысы, сонымен қатар, кең жолақты интернетпен барлық ауылдарын қамтылған жоқ. Интернет болса да, оның сапасы мен жылдамдығы қанағаттандырмайды.
«Қазіргі таңда Қазақстанда 1000-нан астам ауыл интернетпен қамтылмаған. Ең алдымен, осы мәселеге байланысты оқушылар зардап шегеді. Сондай-ақ, елдің кенттері мен ауылдарындағы ұялы байланыстың сапасы мәселесі өткір тұр»,- деп атап өтті Г. Шиповских.
Отырысқа қатысқан «Қазақтелеком» АҚ инновациялар жөніндегі Бас директоры Мейірманов Нұрлан, қазіргі уақытта еліміздің ауылын кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатқанын айтты:
«Қазіргі уақытта 2086 ауыл жоғары оптикалық талшықты магистральдармен жабылған. Бұл ең жақсы және жылдам интернетті пайдалануға мүмкіндік береді. Ең қысқа уақытта 985 ауылға интернет өткізуді жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, бұл жұмысқа халықты мобильді интернетпен қамтамасыз ететін байланыс операторлары белсенді қосылған».
Сонымен қатар, кездесуде елдегі киберспортты дамыту мәселелері талқыланды. Қазақстанның Киберспорт Федерациясының өкілдері қазақ тілін киберспорт арқылы дамытуды ұсынды.
«Qazaq Cybersport Federation» даму жөніндегі директоры Бауыржан Садиев: «Киберспорт ауылдық ортада да танымал. Киберспорт арқылы ауыл жастары бос уақытын тиімді өткізе алады. Кейбіреулер үшін бұл әлеуметтік лифт, жаңа қызмет саласы болуы мүмкін. Жастардың IT индустрияға деген қызығушылығын арттырады».
Елдегі карантиндік шараларға байланысты өңірлерден қатысушылар бейнеконференция арқылы қосылды. Қостанай облысы, Сарыкөл ауданы, Маяк кентінің тұрғыны Диас Буржукпаев интернеттің жоқтығынан бірнеше ай бойы қалада жатақханада тұрып жатқанын атап өтті: «Жатақханада тұрғаным үшін айына 6500 теңгеден төлеймін. Біздің ауылда тек мобильді интернет бар, бірақ оның жылдамдығы онлайн оқу үшін өте төмен. Дәл сол себепті мен 4 айдан бері қалада тұрып жатырмын. Біздің ауылға интернет жүргізуді сұраймын».
Конференция қатысушысы Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданы, Татан ауылының тұрғыны Фархат Мейраш та ауылында интернет жоқ екенін және жергілікті жастар оқу үдерісі кезінде түрлі жолдар іздейтінін айтты: «Бізді қашықтықтан оқытуға көшірген сәттен бастап интернет туралы мәселе туындады. Біздің ауылда ол мүлдем жоқ. Осы себепті бірнеше айдан бері отбасым туған ауылымда, ал мен Қарағандыда пәтер жалға алып, тұрып келемін. Бұл ең алдымен қаржылық қиындықтарды, сондай-ақ ата-анамның толқуын тудырады».
Сөз соңында «Қазақтелеком» АҚ өкілі Нұрлан Мейірманов аталған ауылдарға сапалы интернет жүргізу жеке бақылауға алынатынын мәлімдеді.
Отырыс барысында көтерілген мәселелердің өткірлігіне және қатысуын алдын ала растауына қарамастан, жоғарыда аталған салаға жауапты негізгі орган Комиссия отырысына келген жоқ.