• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Тарих 02 Қараша, 2020

«Қысқы соғысқа» қатысқандардың дерегі табылды

287 рет
көрсетілді

«Atamnyn Amanaty» қо­ғамдық бірлестігі 1940 жылы финдерге қарсы «Қыс­қы соғысқа» («Зим­няя война») қатыс­қан қазақстандық сол­дат ­Амантаев Мұхам­­бет­қа­ли­­дің немересін тапты. Жауын­гердің сүйектері 2020 жылдың мамыр айында Клёст аралынан (РФ, Ленинград облысы, Выборг ­ауданы) табылды.

«Қысқы соғысқа» қатысқан қазақстандық солдат Амантаев Мұхамбетқалидің немересі Жұмабек Мусин әлеуметтік желі арқылы табылды.

Солдат туралы қысқаша ақпарат: Амантаев Мұхамбетқали. Туған жылы: 1918 ж. 1938 жылы әскерге шақырылды. Қаза болған күні: 12.03.1940. Туған жері: ҚазКСР, Айыртау ауданы, «Новый быт» колхозы. Әскери бөлімше: 181 атқыштар полкы, 43-атқыштар дивизиясы, атқыш. Клёст аралын шабуылдау кезінде қаза болды.

«Осы жылдың қыркүйек айында «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігіне «Ленинградтық еріктілер» патриоттық тәрбие беру бойынша ағартушылық орталығының автономды коммерциялық емес ұйымы хабарласты. РФ, Ленинград облысы, Выборг ауданы Клёст аралында қазақстандық солдаттардың сүйегі табылғаны туралы айтты. Ақпаратты естіген соң біз бірден жауынгерлердің туыстарын іздеуге кірістік. Алғашқы нәтижелеріміз осындай», – деді «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі басқарма төрағасының орынбасары Райгүл Мұшанова.

Солдаттардың сүйегі 2020 жылдың мамыр айында аралды минасыздандыру барысында табылған. Iздеушiлердiң айтуынша, 324 жауынгердiң сүйегi табылды. Олардың алтауы – біздің отандасымыз. Осы жылдың 24 қазанында батырларды мəңгi есте сақтау мақсатында Клёст аралында мемориал орнатылды.

«Біз атамызды Кеңес заманынан бері ұзақ уақыт бойы іздедік. Әс­кери комиссариаттар арқылы ақпарат қарастырдық, содан кейін Ресей Федерациясының Қорғаныс министрлігі арқылы іздедік, сосын Ленинград облысының муниципалитеттеріне хабар­ласып, атамыздың қаза болған жерін білдік. Ал жерленген жері туралы ақпарат болмаған еді. Амантаев Мұхамбетқалидің үш баласы болған – қыздары Даржан мен Балкен және ұлы Тас­ға­ли», – дейді қазақстандық жауынгердің немересі Жұмабек Мусин.

«Маған «Космос» және «Кеңестік патриот» атты екі іздеу жасақтары хабарласты. Губернатордың ұлтаралық қаты­нас­тар жөніндегі кеңесінің мүшесі ретінде маған Ленинград облысындағы Достық үйінің негізінде Клёст аралында табыл­ған барлық жауынгерлердің туыстарын іздеу жұмыстарын ұйымдастыруға көмектесетін жұмыс тобын құру туралы өтініш айтылды. Қазақстандық жауынгер Мұхамбетқали Амантаев туралы айтатын болсам, бұл жерде менің таныстарым көмектесті. Себебі жұбайым Қазақстан Республикасының тумасы. Оған жерлестерін табу мәселесі өте маңызды», – дейді Ленинград облысының губернаторы жанындағы ұлтаралық қатынастар кеңесінің мүшесі Герман Владимиров.

«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің іздеушісі Алтыншаш Сыздықова табылған қазақстандық солдат Мұхам­бетқали Амантаевтың немересі Жұмабек Мусинді әлеуметтік желілер арқылы тапты. Жауынгердің інісінің қызы Клёст аралынан табылған отандастарымызды іздеу туралы хабарламаны көріп, немересіне хабарласты.

Еске сала кетейік, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі 1940 жылы финдерге қарсы «Қысқы соғысқа» қатысып, осы күнге дейiн iз-түзсiз кетті деп есептелген қазақстандық жауын­герлердiң туыстарын iздейді:

Нугимет Джамантаев. Туған жылы: 1918 ж. Қаза бол­ған күні: 11.03.1940. Туған жері: ҚазКСР, Гурьев облысы, Ново­богатинский ауданы, Райнареуд кенті. Әскери бөлімше: 181-атқыштар полкы, 43-атқыштар дивизиясы, атқыш. Базарбай Мухамбетов. Туған жылы: 1917 ж. Қаза болған күні: 11.03.1940. Туған жері: ҚазКСР, Гурьев облысы, Мақат ауданы, Доссор. Әскери бөлімше: 181-атқыштар полкы, 43-атқыш­тар дивизиясы, пулеметші. Бекен Садуов. Туған жылы: 1917 ж. Қаза болған күні: 11.03.1940. Туған жері: ҚазКСР, Ақмола облысы, Еңбекшілдер ауданы, Юшмина колхозы. Әскери бөлімше: 181-атқыштар полкы, 43-атқыштар дивизиясы, атқыш. Курбекс Селхарович Серкбаев. Туған жылы: 1917 ж. Қаза болған күні: 12.03.1940. Туған жері: ҚазКСР, Гурьев облысы. Әскери бөлімше: 181-атқыштар полкы, 43-атқыштар дивизиясы, атқыш. Хасбай Дюсенгалиевич Туралиев. Туған жылы: 1918 ж. Қаза болған күні: 12.03.1940. Туған жері: ҚазКСР, Гурьев облысы, Промсольбаксунский ауылдық кеңесі. Әскери бөлімше: 181-атқыштар полкы, 43-атқыштар дивизиясы, атқыш.