• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 02 Қараша, 2020

Қарашадағы қоңыр әуен

456 рет
көрсетілді

Елордадағы әлемдік деңгейдегі жетекші өнер ордаларының бірі – «Астана Опера» театры қараша айына арналған ғаламат бағдарламаларын ұсынып үлгерді. Күздің соңғы айында күн суып, қыстан хабар әкелгенімен, көңілді жылытатын тамаша музыка кештері әуенсүйер талғампаз көрерменін қуанышқа кенелтері сөзсіз.

«Астана Операның» Каме­ралық залында бас шаһар тұр­ғындары мен қонақтарын ас­паптық музыканың керемет кештері, әлемдік опера сах­насының жұлдыздары Майра Мұхамедқызы мен Медет Шотабаевтың концерттері, қа­зақ­­стандық және шетелдік ком­позиторлардың шығар­ма­шылығы, ересектер мен бала­ларға арналған жарқын клас­сикалық туындылар күтетін болады. Атап айтсақ, 1 қарашада Дамиля Махпирова, Әсет Нел­дібаев және Гүлжанат Жана­таеваның аспаптық триосы L’Esprit du Vent «Желдің демі» ат­ты камералық музыка кешін ұсы­нады. Тыңдарман қауым заманауи музыкалық салон атмосферасына енетін болады. Кеште француз және қазақстандық сазгерлердің гобой, фагот және фортепианоға арналған туындылары шырқалады. Сондай-ақ Г.Өзенбаеваның «Шут­ка», Ә.Әбдінұровтың «Аққу дом­бы­ра» шығармалары да қалың көрер­мен көңілінен шығады деп күтілуде. Концерттің «Желдің демі» деп аталуы кездейсоқтық емес. Ерекше әсемдігі һәм жеңіл­дігімен дараланатын фран­цуз музыкасы фортепиано мен ағаш үрлемелі аспаптар­да орындалып, шеберлігі асқан музыканттардың кәсіби шеберлігіне шын баға болмақ. Олардың тыңдарман назарына ұсынып отырған шығар­малары кәсіби шеберлікті талап етеді және үздік аспапшы­лардың академиялық репертуарына енген.

Ал 4 қарашада ұлы ойшыл, философ, ақын, ағартушы әрі композитор Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай «Астана Опера» театрында «Абай әлемі» топтамасынан «Бір жерде бірге жүрсең басың қосып...» концерті өтеді. Концерт бағдарламасына Б.Ерзакович, М.Сағатов, Б.Жұманиязов, Н.Мең­­­ді­ға­лиев, Қ.Шілдебаев сын­­ды ком­позиторлардың өң­де­уін­­дегі Абайдың музыка­лық-поэзиялық мұрасы енген. «Ас­тана Операда» алғаш рет Тө­леген Мұхамеджановтың Абай өлең­деріне шығарған вокалдық циклы орындалатын болады. Ка­мералық зал сахнасына во­кал­дық өнердің хас шеберлері – «Астана Операның» жетекші солистері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері сопрано Жұпар Ғабдуллина, меццо-сопрано Дина Хамзина, тенор Жан Тәпин, шақырылған солист Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты баритон Шахимардан Әбілов шығады. Бағдарламаның аспаптық бөлімін «Бозайғыр» қобызшылар квинтеті мен пианист Раушан Бескембирова ұсынады деп күтілуде.

7 қараша күні Нұр-Сұл­тан қаласы әкімдігі Мемлекеттік ака­демиялық филар­мония­сының Камералық хоры П.Чай­ковский­дің 180 жылдығы­на орай компо­зи­тордың хорға арналған музыка концертімен өнер көр­се­теді. Ұжым Н.Цыгановтың сөзі­не «Не кукушечка во сыром бору…», А.Пушкиннің сө­зіне «Что смол­кнул веселия глаc?..», М.Лермонтовтың сө­зіне «Ночевала туч­ка золо­тая…», Е.Астафуровтың сөзі­не «Щел­кунчик-микс», В.Сол­логуб­тың сөзіне «Скажи, о чем в тени ветвей…» (солист Ж.Бай­босынов), А.Толстойдың сөзіне «То бы­ло раннею весной…» (солист Ә.Саясат), А.Апухтиннің сө­зіне «День ли царит…» (со­лист А.Салықова), сонымен қатар «Соловушка» сынды туындыларды орындайды. Көркемдік жетекшісі әрі дири­жері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құт­тыбадамова.

8 қарашада ең кішкентай театр­ көрермендеріне К.Сен-Санс­­­­тың «Жануарлар карнава­лы»­ атты зоо­логиялық фанта­зия­­­сы ұсы­ны­лады. Жас тыңдар­ман­дарға ар­­нап жазылған әй­гілі туын­ды­лар­дың бірі ересектер үшін де қы­зықты бол­мақ. Шығарма әзіл­ге толы, сюи­таның кейбір жер­ле­рінде танымал туындыларға немесе оның дәйексөздеріне паро­дия­­­ларды кездестіруге болады. Ба­­ла­­лар симфониялық оркестр аспаптарының дыбыстарымен танысып, олардың жануарлар мен құстардың даусына қалай еліктей алатынын, қылықтарын қалай дәл келтіретінін естиді. «Балаларға ар­налған классика» топтамасының му­зы­калық-поэзиялық концертіне дирижер Руслан Баймурзиннің жетек­­шілігімен «Астана Опера» Каме­­ралық ансамблі өнер көр­сетеді. 

Ал 19 қараша күні сағат 19.00-де «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Италия Жұлдызы Орденінің командоры, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» ұлттық жобасының жеңімпазы, халықаралық кеңістікте құ­рмет­ке ие қазақстандық тенор Медет Шотабаев O Paese d’ ‘o Sole («Шуақты мекен») атты жарқын концерт ұсына­ды. Тың­дарман қауымды күн, те­ңіз, құстар мен жазғы са­мал жел есетін, қуанышты кө­ңіл­ күйге бөлеп, Италияның оң­түс­тігіне апаратын тартымды му­зыкалық саяхат күтуде. Кеш бағдарламасына Дж.Россини, Э. ди Капуа, Р.Фальво, Э. де Куртис, Ч.Биксио, Ф.П.Тости, Г.Лама, Э.Каннионың баршаға сүйікті неа­политан әндері енді.

22 қарашада «Астана Опера» жетекші солистерінің керемет орындауында елордалық көрер­мендер сүйіп тамашалайтын Дж.Россинидің «Жібек саты» атты жарқыраған опера-фарсы өтеді. Шы­ғарма оқиғасы төңірегінде өрби­тін сұлу Джулияның бей­не­сін Қазақстанның еңбек сіңір­ген қай­раткері Салтанат Ахметова сомдай­ды. Оның сүйік­тісі Дорвильдің пар­тиясын Қазақ­станның еңбек сіңір­ген қайраткері Жан Тәпин және өзге де талантты әртістер өнер көрсетеді. Қойылым премьерасы «Piccolo» теат­ры жобасы аясында 2019 жылдың 6,7 сәуірінде «Астана Опера» театрында өткен бола­тын.

Сонымен қатар 28 қараша күні сағат 18.00-де атақты опера әншісі, «Астана Опера» теа­тры­ның жетекші солисі, Қазақ­станның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты Майра Мұха­медқызы П.И.Чайковскийдің ме­рей­тойы­на орай «Адам жаны мен музыка үндестігі» атты романс­тар ке­шін арнайды. Атақты әншінің шығармашылық тағдыры ұлы композитордың есімімен тығыз бай­ланысты: ол 1998 жылы Мәс­­кеу­де өткен П.Чайковский атын­дағы халықаралық байқауда лау­реат атанған және М.Давыдов атын­дағы арнайы дипломға ие бол­ған қазақстандық алғаш­қы әрі жалғыз әнші. Бұл же­ңіс оған көп­теген танымал театр­лардың сахнасына жол аш­ты. Солардың бірі – париж­дік Гранд-опера. Концерт бағдар­­ламасында П.Чайковский мен С.Рахманиновтың романстары орындалады. Ғаламат музыка ке­ші аясында сонымен қатар әнші өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін ғаламат көрме ұйым­­­­дас­тырылады.

Майра Мұхамедқызы Париж ұлттық операсы, Лотарингия ұлт­тық операсы (Нанси қ.), Канн теа­т­ры, Ренна опера театры, Бордо театры, Вашингтон ұлттық операсы және тағы басқа әлемнің ең үздік театрларындағы опера классикасының жауһар туын­дыларындағы басты пар­тия­ларды табысты орындап, қайталанбас үні арқылы қазақ атын жаһанға танытып жүрген ұлтымыздың талантты өнерпаздарының бірі. Францияның әйгілі «Гранд Опера» театрында ән шырқаған алғашқы һәм жалғыз қазақ. Бұдан бөлек ол  лондондық Кадо­ган-холлда, берлиндік Кон­цер­т­хаусте, Венадағы Хоф­бург сарайында, Париждегі ЮНЕСКО залында, пекиндік «Жон Шань Ли Тан» залында және т.б. Еуропа мен Азияның, Американың беделді залдарында жеке концерттерімен үнемі өнер көрсетіп, қазақ өнерінің абыройын асқақтатып, мерейін үстем етіп келеді. «Адам жаны мен музыка үндестігі» атты бұл концерттік бағдарламасы – әншінің әлем сахналарынан жинаған сол үздік тәжірибелерінің жемісті нәтижесі. Ендеше, қарашадағы қоңыр әуеннің ләззатына кенелуге асығыңыз, тыңдарман!