Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезі болып өтті. Оның жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Бұл кездесу жай ғана басқосу емес. Өздеріңізге белгілі, осыдан 1 жыл бұрын мен Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын жарияладым. Осы бағдарламаның ең негізгі түйіні – сол кезге дейін дүниенің өркендеп өскен, ең байыған 30 мемлекетінің қатарына кіреміз деп отырмыз, деді сөзінің басында Н.Назарбаев. Біз меже қылған биік белестер барлық саладағы игіліктерді көздейді. Сондықтан, сот жүйесі сол елдердің сот жүйесімен бірдей болуы керек. Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Бұл туралы мен Стратегияда нақты көрсеттім. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы. Біз «Қазақстан 2050» Стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет.
Кеше Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезі болып өтті. Оның жұмысына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, сөз сөйледі.
Бұл кездесу жай ғана басқосу емес. Өздеріңізге белгілі, осыдан 1 жыл бұрын мен Қазақстан дамуының 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасын жарияладым. Осы бағдарламаның ең негізгі түйіні – сол кезге дейін дүниенің өркендеп өскен, ең байыған 30 мемлекетінің қатарына кіреміз деп отырмыз, деді сөзінің басында Н.Назарбаев. Біз меже қылған биік белестер барлық саладағы игіліктерді көздейді. Сондықтан, сот жүйесі сол елдердің сот жүйесімен бірдей болуы керек. Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Бұл туралы мен Стратегияда нақты көрсеттім. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы. Біз «Қазақстан 2050» Стратегиясын темірқазық ете отырып, сот жүйесін жетілдіруді жалғастыра беруіміз қажет.
Егер де біз реформа жасағанда экономикада, саясатта сот жүйесін, жалпы құқық қорғау жүйесін түземесек, көздеген мақсатымызға жете алмаймыз, деп жалғады сөзін Президент. Біздің азаматтар сот жүйесінде барлық мәселелерді шешуі керек, өзінің құқығын қорғай алуы керек. Мемлекеттің де, менің де сот жүйесіне көп көңіл бөліп отырғаным сондықтан. Осындай үлкен жауапкершілікті баршаларыңыз түсінесіздер деп ойлаймын. Осы салада көп жұмыс істеп келе жатырсыздар. Сіздер тәуелсіздігіміздің 22 жылы барысында атқарылған шаруалардың ішіндегі басты мәселелердің шешілуіне қатыстыңыздар. Сол үшін ризашылығымды білдіргім келеді.
Елбасы келесі кезекте Қазақстан судьяларының VI съезі жауапты тарихи сәтте өтіп отырғанына тоқталды. Тура бір жыл бұрын өзінің еліміздің 2050 жылға дейінгі Даму стратегиясын жариялағанын еске салды. Жаңа саяси бағыттың барлық векторы үшін басымдықтар мен міндеттер айқындалып жатқанын атап көрсетті.
Олардың бәрі ұлы стратегиялық мақсатқа – осы уақыт ішінде әлемнің дамыған 30 елінің қатарына кіруге бағытталған. Бұл – сот жүйесін де қамтитын барлық мемлекеттік органдардың міндеттері мен барлық жұмыстары соған сәйкестендірілген негізгі мақсат, деді Н.Назарбаев осы орайда. ХХI ғасырдағы ұлттың дамуының маңызды өлшемі – мінсіз және тиімді ұлттық сот төрелігі жүйесі. Тәуелсіз және әділетті сот – құқықтық мемлекеттің негізі. Онсыз әлемнің бірде-бір елінде, тіпті ең дамыған мемлекеттерде қолайлы инвестициялық ахуалдың да, азаматтардың әл-ауқатының жоғары деңгейінің де, қоғамның табысты дамуының да болуы мүмкін емес.
Президент сөзін судьялардың осының алдындағы V съезінен бері өткен төрт жылда Қазақстанның сот жүйесі «Соттардың тәуелсіздігі» өлшемі жөнінен Бәсекеге қабілеттіліктің жаһандық рейтингісіндегі өз көрсеткішін бірден 23 орынға күрт жақсартқанын айтумен жалғастырды. Бұл жақсы. Бірақ соған қарамастан, біз әзірше әлемде 88-орын аламыз. Демек, 30-дың қатарында болу үшін бізге тағы 60 орынға көтерілу керек. Сондықтан құқық жүйесін, әсіресе, оның өзегі – сот төрелігі жүйесін реформалау жөніндегі жұмысты екі есе арттыру қажет. Біздің құқықтық жүйенің бәсекеге қабілеттілігін оның көпшілік құқығындағы да, жеке құқықтағы да барлық негізгі салаларында арттыру – «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты міндетінің бірі. Қазір биліктің сот тармағының беделін, тәуелсіздігін және тиімділігін арттыру жөніндегі ауқымды жұмыстардың басымдығы бар бағыттары мен нақты тетіктерін анықтау маңызды. Судьялардың алтыншы съезінің басты міндетін мен осыдан көремін, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Н.Назарбаев бүгінде Қазақстан кәсіби судьялар корпусы бар заманауи сот төрелігіне ие ел екенін атап өтті. Елде жалпы, әкімшілік, экономикалық, қылмыстық, ювеналдық және қаржылық юрисдикциядағы 378 сот қызмет көрсетеді. Оларда қатаң біліктілік таңдауынан өткен 2214 судья жұмыс істейді. Мейлінше ауыр қылмыстар бойынша қылмыстық істер алқабилердің қатысуымен қаралады. Азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау деңгейін арттыру мақсатында тұтқындауды сот санкциясымен жүзеге асыру институты енгізіліп, табысты жүргізілуде. Қазақстанда жасалған сот реформасы сот төрелігі жүйесін азаматтар талаптары мен мүдделеріне жақындатты, істерді сотта қараудың сапасын айтарлықтай арттырды. Қазақстандықтардың соттарға деген сенімі арта түсті. Мұны, біріншіден, сот тәртібімен қаралатын істердің саны артқаны көрсетеді. Бұл көрсеткіш 2000 жылдан бері жылына 1 миллионнан асып түседі. Екіншіден, Қазақстанның сот жүйесіндегі сапалық өзгерістерді БҰҰ қолдауымен өткізіліп келе жатқан әлеуметтік зерттеулер де дәлелдеп отыр.
Судьялардың тәуелсіздігін арттыру үшін олардың тәртіптік жауапкершілігін қарау жөніндегі өкілеттіктер тек қана Сот қазыларына берілді. Бұл судьяларға кез келген түрдегі қысым жасаудың ықтималдығын азайтып, соттардың тәуелсіздігін нығайтты. Соңғы төрт жылда тәртіптік жауапкершілікке тартылған және ұнамсыз себеп бойынша лауазымнан босатылған судьялар 4 есе дерлік азайды. Кері қайтарылған және өзгертілген сот шешімдерінің жыл сайынғы көрсеткіші 2009 жылдан бері, орташа алғанда, барлық қабылданған шешімнің сәйкесінше 0,5 және 0,9 пайызы деңгейінде тұрақтана түсті. Бұл да біздің елдегі сот төрелігін жүзеге асырудың әділеттілік деңгейі артқанын көрсетеді. Ұлттық сот жүйесі әлдеқайда жауапты және жедел сипат алды. Бұған облыстық соттар рөлін арттыру мен істі бірінші инстанциядағы соттарға қайтару тәжірибесінен бас тарту шаралары септігін тигізді. Соттарды мамандандыру жұмыстары жалғасуда, деп бір қайырды Мемлекет басшысы.
Президент, сондай-ақ, қазақстандық сот төрелігінің барлық құрылымының қызметі мейлінше ашық бола түскенін атап өтті. Қазір соттардың шешімдерімен электрондық режімде – Жоғарғы Сот пен жергілікті сот инстанциялары сайтында танысуға болатынына назар аударды. Өзінің тапсырмасы бойынша 2010 жылы соттар өздеріне тән емес функциялардан босатылғанын айта келіп, сот актілерін орындау әділет органдарына берілгенін, ал Жоғарғы Сот жанынан дербес департамент құрылғанын, соттар аппараттарының судьялардың қызметін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап айтты. Қазақстанда соттан тыс делдалдың көмегімен бітістіру процесі – медиация институты құрылды. Бұл екі жақ та келісетін шешім қабылдануы мүмкін істерді қараудан соттарды біртіндеп босату үшін алғышарт жасайды. Бұл институтты дамытып, әлемдік деңгейге жеткізу қажет. Сот жүйесінің тиімділігін арттыру мемлекеттің және менің әрдайым қамқорлығымда болды. Республикалық бюджеттің соттар қызметін қамтамасыз ету шығыстары 2006 жылдан бастап 2,6 есеге – 11,2 миллиард теңгеден биылғы жылы 30 миллиард теңгеге дейін ұлғайды. Біз сот жүйесінің материалдық базасын едәуір нығайттық. Барлық соттар техникалық жабдықталған және әділ төрелікті атқарудың заманауи стандарттарына сай ғимараттарда орналасуда және бұл жұмыстар жалғасатын болады. Астана қаласы, Алматы және Қостанай облыстарының соттарына арналған жаңа ғимараттардың құрылыстары аяқталып қалды. Өткен төрт жылдың өзінде ғана қазақстандық Фемида қызметшілерінің жалақылары 60 пайызға өсті. Барлық деңгейдегі судьялардың еңбекақысы біздің өңірде ең жоғары болып саналады.
Судьялардың халықаралық қауымдастығының Қазақстан Судьялар одағын толыққанды мүшелікке қабылдауы біздің сот жүйесін реформалауда жеткен жетістіктеріміздің мойындалуының белгісі. Бұл – біздің сот жүйеміздің қызметін мойындау және отандық сот төрелігін халықаралық сот қоғамдастығына кіріктіру ісіндегі маңызды қадам. Жалпы, қазақстандық Фемида біртұтас мемлекеттік биліктің толысқан, жауапты және пәрменді тармағына айналды. Барлық деңгейдегі судьялардың орасан еңбегін мен осыдан көремін! Мен сіздердің заң алдындағы қызметтеріңізге, сот мантиясы мәртебесіне адалдықтарыңызға, елімізде әділдік пен құқық тәртібі салтанат құруы үшін атқарып жүрген күнделікті лайықты еңбектеріңізге ризамын, деді Нұрсұлтан Әбішұлы.
Сот-құқық кеңістігін жаңғырту еліміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясында айқындалған үдемелі дамуының ажырамас бөлігі болуы тиіс, деп жалғады сөзін Елбасы. Уақыт өте келе экономикада айтарлықтай өзгерістер болды. Атап айтсақ, елімізде нарықтық қатынастар жұмыс істейді, жаңа қаржылық жүйе орнықты, жұмыс берушілер мен жұмысшылар арасындағы өзара қатынастар өзгеріске ұшырады. Сондықтан, біз судьялардың біліктілігі туралы айтқанда, олар осы мәселелердің бәрінің байыбына барғаны жөн. Өйткені, экономикалық және саяси өмірде болған нәрсенің бәрі заңдарға бағынады. Бүгінгі таңда, ең алдымен, сот төрелігі жүйесінің даму әлеуетін көру, ондағы проблемаларға сын көзбен қарап, дер кезінде шешу маңызды.
Біріншіден, Қазақстандағы сот өндірісі әзірге негізсіз ұзақ және формалды сипатқа ие. Сондықтан сот төрелігін атқару тәртібі мен ережелері біртіндеп жаңғыртуды қажет етеді. Сот өндірісінде ақпараттық технологиялардың пайдаланылуы әзірге жеткіліксіз. Сіздердің бұқаралық ақпарат құралдарымен арада туындайтын проблемаларыңыздың себебі соттар мен олардың жұмыскерлері өз қызметтері мен қабылданатын шешімдер туралы нашар хабарландыратындығында.
Екіншіден, соттардың мамандануын дамыту бөлігінде біз әлі жолдың басында тұрмыз. Тергеу судьялары институтын енгізу сотқа дейінгі өндірісті бақылаудағы соттардың рөлін арттырады. Жаңа кодекстерде – Қылмыстық іс-жүргізу және өзге кодекстерде біз бұл мәселені шешеміз. Оған қоса, сот санкция беретін тергеу әрекеттерінің аясы кеңиді. Қазір сондай-ақ алқа билер сотының қызметінде белсенді практикалық тәжірибе жинау да маңызды.
Үшіншіден, судьяларға түсетін жүктеменің өсуі мәселесін шешу маңызды. Бірінші инстанциядағы соттарда ол соңғы 4 жылда бір судьяға айына орташа алғанда 38-ден 56 іске дейін өскен. Кейбір өңірлерде бұл көрсеткіш одан да жоғары. Мен мұны білемін және 2014 жылы республикалық бюджетте судьялар санын 450 адамға ұлғайтуды қарастыруға тапсырма берілді, бұл 25 пайыздық өсім, сондай-ақ, қосымша 450 персонал және 60 сот приставы. Нәтижесінде судьялар корпусының құрамы және сот аппараттары 960 адамға ұлғаятын болады. Мен осы мәселе бойынша Үкімет пен Жоғарғы Сотқа нақты ұсыныстар енгізуді тапсырдым.
Төртіншіден, қазақстандық сот жүйесі әлі де болса соттар қателігі, заңдылық пен судья этикасын бұзу фактілерімен беттесуде. Бұларды жұртшылық ауыр қабылдайды, жалпы сот жүйесін жағымсыз бағалауға себепші болады. Жекелеген судьялар дауларды қарауды созу арқылы бюрократия мен соттағы әуре-сарсаңға өздері жол береді. Сот жүйесіндегі кадр саясаты әзірге мінсіз емес. Соттарға қолы таза емес тұлғалардың енуін болдырмайтын кедергілер жеткіліксіз. Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 2-3 судья жемқорлық қылмысы үшін сотталады. 39 судья тәртіптік жауапкершілікке тартылса, соның 8-і лауазымдарынан босатылған. Жалпы, облыстық деңгейде тіпті заң бұзған судьяларды қорғау фактілері де кездеседі. Мен судьяларды қорғау қажеттігін түсінемін, бірақ біз өз қатарымызды тазартып, әріптестерімізге қатаң болуымыз қажет.
Елбасы сот жүйесінде лайықты шешуді талап ететін мәселелер де аз емес екенін атап өтті. Осы орайда Стратегия-2050 ауқымды жаңа мақсат қана қойып отырмағанына назар аударды. Бағдарламаның Қазақстанның таяу онжылдықтағы экономикалық және әлеуметтік қатынастары динамикасының үдемелі қарқынын көздейтінін қаперге сала келіп, бұл ұлттық сот жүйесінің құқық тәртібін қамтамасыз етудегі, қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудағы, азаматтардың құқықтық мәдениетін арттырудағы рөлі мен жауапкершілігін арттыратыны сөзсіз екеніне сенімін білдірді.
Қазақстандық Фемида экономикада алдағы кезеңде болатын үлкен өзгерістерге толық дайын болуы керек. Қазақстандық сот қоғамдастығы уақыттың кез келген сын-қатерінен биікте болуы тиіс. Ол қазірдің өзінде жаһандық юриспруденцияда болып жатқан және болашақта болатын сот-құқық инновацияларына ашық әрі қабілетті болуы тиіс. Ұлттық сот жүйесі тек заң сөзі мен рухын басшылыққа алып, кәсібилігін көтеріп, дамып әрі өзін-өзі жетілдіре отырып қана 2050 Стратегиясын жүзеге асырудың құқықтық базасының орнықтылығын сенімді қамтамасыз ете алады. Ұлттық сот өндірісін дамытудың маңызды бағыттарын біз 2020 жылға дейінгі Құқықтық саясат тұжырымдамасында айқындадық. Бірақ бүгін одан да әрі, болашаққа қарау маңызды. Жаһандық құқықтық кеңістік қалай эволюцияланатынын қаперге алу қажет. Ұлттық сот жүйесінің даму перспективасын нақ осы көзқарас тұрғысынан дәл анықтаған жөн. Осыған байланысты сіздермен қазақстандық Фемиданың басты басымдықтарына қатысты көзқарастарыммен бөліскім келеді, деді Н.Назарбаев.
Бірінші. Соттар қызметінің заңнамалық және іс жүргізу нормаларын жүйелі түрде жетілдіру маңызды. Жаңа қылмыстық, қылмыстық-іс жүргізу, қылмыстық-атқарушылық және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстердің жобалары қазірдің өзінде дайындалып қойды. Олар ұзақ әрі тыңғылықты дайындалды, оны барлығы, мен де қарадым. Онда соттардың жаңа құзыреті, оның ішінде сот жүргізудің жеңілдетілген жаңа тәртібі қарастырылған. Сот бақылауы мен сот тексеруі барысындағы судьялар өкілдіктерінің аясы кеңеюде. Әрине, ізгілендіру жүріп жатыр, бірақ ол мақсат емес, ең бастысы, біз босаңсып кетпеуіміз керек. Тиянақты қарау керек. Бұл кодекстердің тезірек қабылдануы мен жүзеге асуы қылмыстық сот төрелігінің сапасы мен жеделдігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сондай-ақ, азаматтық сот ісін жүргізуді жаңғырту керек. Үкіметке Жоғарғы Сотпен бірлесіп жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексінің жобасын әзірлеуді тапсырамын. Азаматтық істерді қарау тәртібі процестің тараптары үшін ыңғайлы және тез, оларды бітістіруге және заманауи технологияны кең қолдануға бағытталған болуға тиіс. Сот шешімдерін қайта қарауды талап ететін жағдайларды айырып, шектейтін заңмен негізделген әдістемені әзірлеп, енгізген жөн. Барлық соттар жаңа заңнама жағдайындағы жұмысқа дайын болуға, істі жедел, заңды және әділ қарауды қамтамасыз етуге тиіс. Бұл үшін судьялар сияқты соттар төрағалары да жеке жауапкершілік алуға тиіс.
Екінші. Сот құрылымын әрі қарай жетілдіру керек. Осы жерде тиімді әкімшілік әділет жүйесін құру мәселесі қойылып отыр. 2020 жылға дейінгі Құқықтық реформа тұжырымдамасында мұндай міндет белгіленген. Әкімшілік әділет жүйесі бүкіл мемлекеттік аппараттың жұмысын жақсарту үшін жасалып жатқан әкімшілік реформаның бір бөлігі болуға тиіс. Бұл әкімшілік әділет жүйесін асықпай, біртіндеп енгізу қажет. Біздің құқықтық мәдениетімізді ескере отырып, бұл мәселеде өзге елдердің тәжірибесін зерттеу керек. Оны апробация тәртібімен енгізетін боламыз. Сот билігінің осы маңызды бөлігінің құзыретінде азаматтар мен мемлекет арасында туындаған дауларды шешу мәселелері болуға тиіс. Мұндай қадам селқос шенеуніктердің өктемдік көрсету фактілерінен азаматтардың құқын қорғау жүйесін нығайтады. Бұл жағдайда әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі істер жалпы құзыреті бар соттарға жіберілуі мүмкін. Жоғарғы Соттың қадағалауы тәртібімен қарауға жататын сот істерін шектеуді заңмен бекіту керек.
Үшінші. Қазақстанның құқық жүйесін дамытудың ауқымды әлеуеті, әсіресе, әлеуметтік саладағы даулар мен қақтығыстарды шешудің баламалық жолдарын енгізуде жатыр. Медиация туралы заңнаманың жетілмегендігі біздің еліміздегі даулы жағдайларды реттейтін соттық емес институттардың дамуын тежеп отыр. Биылғы жылы барлық істің 1 пайызы ғана медиация тетіктерінің пайдаланылуымен қаралды. Медиация туралы отандық заңнаманы халықаралық стандарттармен сәйкестендіру керек. Бұл Қазақстанның сот жүйесіне оң ықпал етеді, соттардың жүгін жеңілдетуге септігін тигізетін болады. Сонымен қатар, іскерлік белсенділікті арттыруға, елде қолайлы инвестициялық ахуал орнатуға әсер етеді. Елдегі инвестициялық ахуал туралы мен құқық қорғау органдарымен барлық кездесулерде үнемі айтамын. Кез келген ел секілді Қазақстанға да сыртқы және ішкі инвестиция қажет. Біз түрлі тексерулермен және әрқилы кедергілермен бизнесті шектемеуіміз керек. Қарастырылып жатқан кодекстерде экономикалық қылмыстар үшін қаржылық санкциялар қолдану, сол арқылы экономикалық құқық бұзушылық есебінен елдің түрме тұрғындары санын ұлғайтпау көзделуде. Бұл ретте сотқа дейінгі шешу үлкен маңызға ие.
Төртіншіден, сот төрелігіне азаматтардың қалың тобы қол жеткізуін қамтамасыз ету маңызды. Соттың іс қарауы хаттамасын толық және сапалы қамтамасыз ететін тетік ретінде сот үдерістерінің электронды тіркелімін жаппай енгізген жөн. Бірінші инстанциядағы барлық соттарды бейнеконференция байланысымен қамтамасыз ету қажет, бұл сот төрелігін қашықтан жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сотқа жүгінген адамдар өздерінің құқығын қорғауда аумақтық тұрғыдағы және ұйымдастырылған кедергілерге тап болуға тиіс емес. Істі сотта тараптардың таңдауы бойынша қараудың баламалы аясын кеңейтіп, сотқа өтініш білдірудің кез келген формалды талабын жою маңызды. Бұл, әсіресе, тұрғындардың әлеуметтік әлсіз топтарына, соның ішінде кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты істі қарау кезінде өзекті. Заңнамада ескерілмеген тұстарды пайдаланып, қандайда бір формалды желеумен өтінішті қабылдаудан бас тартуға соттардың құқы жоқ. Судьялар – барлық мемлекеттік қызметші тәрізді халық қызметшілері. Олардың тікелей міндетіне азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі барлық мүмкін болатын шараларды қабылдау жатады.
Бесінші. Қазақстан судьялар корпусының кәсібилігін арттыру маңызды. Ешкімнің де қателік жібермейтініне кепілдік жоқ екені сөзсіз. Бірақ судьялар жұмысындағы қателіктер барша қоғам үшін және әрбір адам үшін қымбатқа түседі. Судьяларға заң атынан әділеттілік үшін әрекет ету сеніп тапсырылған, бұл оларға екі есе жауапкершілік жүктейді. Бұл міндеттің шешімі ең алдымен сот құрылымы жүйесін жаңғыртуды қажет етеді. Сондай-ақ, судьялар қызметі үшін әлеуметтік және материалдық жағдайды жақсарту, бірақ бір мезгілде олардың жұмысының сапасына талапты күшейту жөніндегі жұмысты жалғастырған жөн. Соттар мен судьялардың табысты қызметтері үшін барлық қажеттілікпен қамтамасыз етілуін жақсарту қажет. Сонымен қатар, бұқаралық ақпарат құралдарының күш-жігері арқылы қоғамда сот билігіне қатысты жағымды және ілтипатты көзқарас қалыптастырған жөн, деді Қазақстан басшысы.
Баяндама жасағандар өз сөздерінде судьяларға қысымның бар екенін атап өтті, мұның түрлі себептерге байланысты болып отырғанын мен білемін, деді сөзінің соңына қарай Президент. Бірде мен қандайда бір буынның басшысы немесе орынбасары айыпты болып қалса, онда бірінші басшы да оған жауапты болады деген едім. Осыны желеу етіп, облыстық судьяға «жол» табу үшін аудандық судьяны пайдалана бастады. Бұл дұрыс емес. Егер кінәсі болса, әркімнің ісі жеке қаралуға тиіс және ол үшін ешкімді босатпаймыз немесе қандайда бір жазаға тартпаймыз. Ұлттық сот жүйесі қоғамдағы тұрақтылықтың, құқық үстемдігінің, қоғам мен мемлекет мүдделерін мүлтіксіз сақтаудың, қазақстандықтардың құқығы мен бостандықтарын қорғаудың сенімді кепіліне айналуға тиіс. Қазақстан судьялары қауымдастығының халыққа қызмет етуінің зор маңызы осыған саяды. «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асырудың күрделі жұмысындағы Қазақстан судьяларының басты борышы – осы. Мен Қазақстанның екі мыңнан астам судьялар корпусы Отанымызды жаңарту және нығайту жөніндегі біздің ұлы мақсаттарымызды іске асыруға лайықты үлес қосатынына сенімдімін.
Н.Назарбаев: Қазақта «Билік айту – оңай, біліп айту – қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету – кез келген судьяның қасиетті парызы, деді сөзін аяқтай келіп. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек. Қазы – халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Айыпкер заң бұзғанға зауал бар екенін түсінеді. Біз Мәңгілік Ел боламыз деп, кемел мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел, әрі толық орындалуы – кез келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз. Ал судьялар, сіздерден әрқашан жоғары біліктілік пен әділдік, адалдық талап етіледі.Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – дәл сондай қоғам құру. «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты межелерінің бірі – осы. Ендеше, міндеттеріңіз айқын, бағыттарыңыз белгілі. Өздеріңізге артылған үмітті ақтап, адал жұмыс істейтіндеріңізге сенемін. Сіздерге әділ төрелік пен адал қызмет серік болсын. Табыс тілеймін!
Президент сөзінің алдында съезд жұмысын Жоғарғы Соттың Төрағасы Қайрат Мәми ашқан еді. Ол съезд жұмысына Қазақстан Республикасы Парламентінің палата төрағалары, Президент Әкімшілігінің басшылығы, Жоғары Сот Кеңесінің басшылығы, Парламент депутаттары, орталық атқарушы және құқық қорғау органдарының басшылары, заң қауымдастығы мен БАҚ өкілдері, шетелдік қонақтар қатысып отырғанын айтқан болатын. Одан әрі Қ.Мәми бұл форумның Қазақстанның жаңа стратегиялық бағытын іске асыру кезеңіндегі тарихи жағдайда өтіп отырғанын атап өте келіп, жаңа стратегия судьялар қауымдастығынан сот қызметінің сапасын одан әрі күшейтуді қажет ететінін айтқан-тын. Төраға форумға судьялар қауымдастығының филиалдарында сайланған 446 делегат түгел қатысып отырғанын жеткізіп, съезді ашық деп жариялаған еді.
Мемлекеттік әнұран орындалып, съездің жұмысшы органдары сайланған соң күн тәртібі бекітілген-тін. Осыдан кейін Қ.Мәми күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған еді. Тәуелсіз еліміздің жаңа саяси бағыты – «Қазақстан-2050» Стратегиясы, басқа да іс-шаралармен қатар, құқықтық және демократиялық мемлекеттің жоғары стандарттарына лайықты сот жүйесін құруды көздейді, деп бастады сөзін Қ.Мәми. Тиімді сот жүйесін қалыптастыру және сот әділдігін жүзеге асырудың жоғары деңгейі мемлекет өміріндегі барлық оң өзгерістердің негізгі факторлары болып табылады. Сот жүйесі қызметін жетілдірудің мәселелері әрқашан да Мемлекет басшысының ерекше назарында болып келеді. Өткен уақыттарда Елбасы айқындап берген міндеттер шегінде еліміздегі сот-құқықтық реформасы толығымен іске асырылды деуге болады. Осы реформа аясында ең озық халықаралық тәжірибелерді ескере отырып, егемен Қазақстан өз дамуының өзіндік құқықтық жолын айқындап алды, деді әрі қарай Қайрат Әбдіразақұлы.
Одан әрі Жоғарғы Сот Төрағасы сот реформасының нақты іске асырылу қадамдарына тоқталды. Соның ішінде судьялардың ұйымдастырушылық-құқықтық базасының құрылғанын, қылмыстық, экономикалық және әкімшілік істер бойынша арнайы мамандандырылған, аймақтық және әскери соттар табысты жұмыс істейтінін айтты. Әділсоттың конституциялық қағидаттарының іске асырылуына сот процестерін алқабилердің қатысуымен жүзеге асыру институтының енгізілгені дәлел бола алады. Азаматтардың сот процесін жүргізуге қатысуы қоғамның соттарға деген сенімін арттырды. Соңғы 10 жылда барлық деңгейдегі соттарға жүгінулердің саны артып келеді. Бүгінгі күні олардың саны 1 млн.-нан асып кетті. Судьялардың қараған істерінің әділетті шешімі қоғамда әлеуметтік сенімнің қалыптасуына ықпал етеді. Халықтың соттарға жүгінулерінің өсе түсуі судьялардың қоғамдағы құқықтық кикілжіңдерді бірден-бір реттегіш екеніне деген сенімнің артқанын көрсетеді. Алайда сотқа жүгінген азаматтарымыздың құқықтық білімінің төмендігі судьялар жұмысын арттыруға да негіз болып отыр. Соңғы төрт жылда судьялардың бір айлық жүктемесі 38 істен 56 іске дейін артты. Ал облыстық деңгейдегі арнаулы соттардың жүктемесі 90-нан 130 іске дейін көбейді. Судьялар жүктемесінің осыншалық артуын қоғам елемей жатады. Ал олар осында отырған әрбір судьяға белгілі, деді Қ.Мәми залдағы делегаттарға қарап.
Одан әрі Қ.Мәми біздің сот жүйемізді халықаралық ұйымдардың оң бағалайтынын атап өтті. 2011 жылы Қазақстанның Судьялар одағы Халықаралық судьялар ассоциациясының толық мүшесі болып қабылданды. Мұндай фактілер Қазақстан қоғамының өмірінде өзінің сүбелі үлесін жылдан жылға ұлғайтып келе жатқан біздің сот жүйеміздің жетіле түскенін көрсетеді. Алайда, отандық сот жүйесінің табыстарын айта отырып, біз оның көптеген проблемаларының шешілмей жатқанын да атап өтуге тиіспіз, дей келіп сөз сөйлеуші сот жүйесінің бүгінгі күнгі кейбір қайнауы жеткен өзекті мәселелерін атап өтті. Судьялардың жүктемесінің артуына ең бірінші кезекте азаматтық процессуалдық заңнамада қарастырылған соттың іс қарау басымдығы қағидаты себеп болып отыр. Ол жүгініске түскен барлық істерді қарауды талап етеді. Осындайлардың кесірінен сот барлық жүгіністерді қарауға міндетті болады. Бірақ олардың көбісі рационалдық және шығындық көзқараспен бағаласақ, қарауға тұрмайтын дүниелер. Сондықтан да судьялар қатты шаршағанымен қоймай, психологиялық және эмоциялық қысымдар жағдайында әділсот шешімін шығаруда. Осы жерде шешен мысал ретінде Алматы қаласындағы Медеу аудандық салық басқармасы заңды тұлғалардың 8 және 9 теңге салықты артық төлегендігі үшін олардың есепшоттарына кері қайтару туралы шешім шығарту үшін жүгінгенін айтты. Заңға сәйкес жүгініс болғандықтан, сот оны қарауға мәжбүр болып, талапты қанағаттандырған. Жалпы, талап-арыздардың үштен бірі осындай: судьялар, амал жоқ, 1000 теңгеден аспайтын салықтық таластарды қарауға мәжбүр. Осылай дей келіп, Төраға мемлекеттік органдардың осындай талаптарын алдағы уақыттарда болдырмау қажеттігін атап өтті. Сонымен бірге, ол осындай істерге байланысты Жоғарғы Сот арнаулы заң жобасын әзірлеп жатқанын айта кетті.
Қ.Мәми Қазақстандағы медиация институтының жұмысына тоқталып, оның күткендегідей нәтиже бермегенін тілге тиек етті. Өкінішке қарай, бізде құқықтық таластарды медиативтік формамен шешу ісі өте баяу жүргізіліп, күтілген нәтижеге қол жеткізбеді. Оның үстіне осы әдіспен қаралған істер саны да аз. Ал қылмыстық-құқықтық сипаттағы кикілжіңдердегі медиация бұрынғы қылмыстық процестерде қолданылған келісім институтын қолданумен шектелуде, дей келіп, Қайрат Әбдіразақұлы медиацияның біздің еліміздегі тиімділігіне шүбә келтіріп өтті. Сонымен бірге, ол судьялардың медиация процедурасына жүгінетін процессуалдық тетіктерінің жоқ екенін де атап өтті. Ал басқа елдерде, мысал үшін айтсақ, Германияда медиациямен штаттағы судья айналысады. Оның жұмысының тиімділігі көзге бірден көрініп тұрады. Осындай артық шығынды талап етпейтін тәжірибені біздің елде де қолдануға болады, деді Төраға.
Одан әрі Қ.Мәми еліміздегі сот процесін жетілдіру мен азаматтардың сотқа жүгіну процестерінің интернет-ресурстарын қолдану арқылы жеңілдетуді мақсат еткен жоспарлары туралы айтты. Кадрлық мәселеге де тоқталып, аудандық деңгейден бастап, Жоғарғы Сотқа дейін әрбір судьяның білімі мен кәсіби деңгейіне қойылар талаптардың арттырылатынын көлденең тартты. Сонымен бірге, судьялар арасындағы сыбайлас жемқорлықты тыю әрі оны түп-тамырымен жою мәселесіне де назар аударып, бұл істің маңызды бағыт екенін атап өтті. Мұндай фактілер орын алған әрбір жағдайға қағидатты тұрғыдан баға берілуін талап етеді, осы жұмыстар бойынша судья әдебі комиссиясының жұмыс нәтижелілігі арттырылатын болады, деді Төраға. Судьялар тәуелсіздігін кепілдендіруді күшейту, оларды қоғамдық қорғау істерін жетілдіру мәселелеріне тоқталып, әзірге біздің қоғамда бұл істерде үлкен олқылықтар бар екенін айтты. Ал олар судьяның әділетті шешім шығаруына кері әсер ететін факторлар, деді шешен. Сөзінің соңында Төраға әріптестерін өздерін тағайындаған Президенттің және елдің сенімін ақтап, әрқашанда адал да әділ қызмет етуге шақырды.
Осыдан кейін жарыссөз басталып, сөз шетелдік қонақтар арасынан Ресейдің Әділсот академиясының ректоры, жоғары санаттағы судьялар алқасының төрағасы Валентин Ершовқа берілді. Ол Кеден одағы шеңберіндегі елдердің құқықтық ынтымақтастық және кадр даярлау мәселелерінің оң шешіліп келе жатқанын атады. Соның ішінде бұл істерде Қазақстанның табысты қадамдар жасап отырғанын айтты. Осының нәтижесінде бірыңғай сот және азаматтардың құқықтарын қорғайтын жүйе қалыптасты.
Одан кейін сөз Украина Жоғарғы сотының экс-төрағасы, Судьялар кеңесінің төрағасы Василий Онопенкоға берілді. Ол алдымен Украина Жоғарғы сотының төрағасы жолдаған құттықтауды оқып берді. Онда әріптестерін кезекті судьялар съезінің басталуымен құттықтаған төраға одан әрі қазақстандық судьялардың өз істерін мүлтіксіз атқаратынына және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының конституциялық кепілдіктерінің бұзылмайтындығына сенім білдіріпті. Сөзінің соңында В.Онопенко Қазақстанның құқықтық қана емес, экономикалық жетістіктеріне де тәнті екенін айтып өтті.
Ақмола облыстық сотының төрағасы Ағжан Ештай өзінің сөзінде қазақстандық әділсотты атқаруда ел Тәуелсіздігінің маңызын атап өтумен қатар, қазақтың ежелгі, ердің құнын екі ауыз сөзбен шешетін билерінің әділ төрелігі туралы әңгімеледі.
Солтүстік Қазақстан облыстық сотының судьясы Елена Максюта жиналғандарға заңгерлік ғылымның негізгі ілімдерінен біршама дәріс оқығандай болды. Адам сотқа жүгінгенде алдымен судья қызметін атқаратын нақты адамды көріп, оны әділсоттың барлық бейнесіне балайды. Әділсот тек заңмен емес, адамның ұятымен бірге атқарылады. Сондықтан да біздің моральдық, адамгершілік қасиеттеріміздің арқасында ғана әділетті сот шешімі шығады. Міне, осылардан соттың халық арасындағы беделі де қалыптасады, деді ол.
Алматы облысындағы Қарасай ауданаралық мамандандырылған әкімшілік сотының төрайымы Жанна Бердіғұлованың сөзі көбінесе сот билігінің ерекшеліктері мен кәсіби мамандарды тиімді дайындау жолдарына арналды. Елімізде лайықты, сенімді, кәсіпқой сот корпусын қалыптастыру бағытындағы міндеттер жүзеге асуда. Алайда, осы міндеттерді толығымен орындау үшін судья лауазымында нақты іріктеу механизмі ретке келтірілуі тиіс деп есептеймін, деді.
Батыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Самат Жанұзақ іс-тәжірибе барысында кездесетін бірқатар проблемаларды және оны шешудің жолдарын атап берді. Әділсотты атқаруда да әрбір елдің өзіне ғана тән ерекшеліктері бар, деді ол. 2002 жылы ашылған мамандандырылған ауданаралық экономикалық соттар өзінің тиімділігін өмірде көрсете білді. Сонымен бірге, қоғамның соттарға деген талабы қазір басқа мемлекеттік органдарға қарағанда анағұрлым артық екендігі көрініп отыр. Жұмыс барысында бізге экономикалық дауларды шешетін тетіктердің жетілмегендігі жиі ұшырасады.
Жиын аясында Қазақстан Судьялар одағының төрағасы Анатолий Смолин сөз алып, Қазақстанның Судьялар одағының қызметі турасында баяндады. Ол өз сөзінде Қазақстанның Судьялар одағы 1996 жылдың 19 желтоқсанында құрылғанын атап өтті. Сол уақыттан бері ол өз қызметінің нәтижесін көрсетіп келеді. Бір съезден келесі съезге дейінгі аралықта Судьялар одағы судьялар қауымдастығы алдында тұрған мақсат-міндеттерді толықтай орындай келе, маңызды саналатын құқықтық мәселелерді, соттардың жұмысы мен мәртебесін анықтау бағытындағы жұмыстарды жүзеге асыруға атсалысуда.
Съездің екінші жалпы сессиясын ашқан Жоғарғы Сот Төрағасы Қайрат Мәми съезд қонақтарына сөз берді. Бірінші сөз алған Германия судьялар одағы төралқасының төрағасы Кристоф Франк съездің бірінші бөлімінде алған әсерін айта келіп, өз еліндегі сот жүйесінің қызметін сөз етті. Қазақстан мен Германия судьяларының арасында тәжірибе алмасу ұсынысын алға тартты.
Ресей Федерациясы жоғары төрелік соты төрағасының орынбасары Сергей Амосов судьялардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы туралы әңгімеледі. Бұл тұрғыда Қазақстанның судьяларға жасап отырған қолайлы жағдайы маманды қанаттандыратынын білдірді.
Съезд қонақтарынан кейін сөз алған аймақтардан келген судьялар бірқатар түйінді мәселелерді көтеріп, ұсыныстар да жасады. Осы кезге дейін атқарылған жұмыстар да назардан тыс қалмады.
Қазақстанның сот жүйесі мен оның судьялар қоғамдастығының алдына қойылған міндеттерді іске асыру мақсатында, делегаттар мен осы өкілдік форумға қатысушылар көтерген мәселелер мен ұсыныстарды ескере отырып, Қазақстан Республикасы судьяларының VI съезі арнайы қаулы қабылдады. Онда Қазақстан Судьялар одағының Орталық кеңесі, Судьялар одағының облыстық филиалдары, бүкіл судьялар қоғамдастығы «Қазақстан-2050» Стратегиясында және Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған Құқықтық саясат тұжырымдамасында, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың съезде сөйлеген сөзінде айтылған міндеттерді іске асыруды өз қызметінің маңызды бағыты деп есептесін делінген.
Келесі кезекте Қазақстан Судьялар одағының жаңа төрағасы тағайындалып, сондай-ақ, 4 жылға сайланатын 3 адамнан тұратын ревизиялық комиссияның құрамы бекітілді. Қазақстан Судьялар одағының төрағасы болып Серік Байбатыров тағайындалды.
Қазақстан судьяларының VI съезін еліміздің Жоғарғы Сотының Төрағасы Қайрат Мәми қорытындылады. Бүгін біз сот жүйесінің неғұрлым өзекті мәселелерін талқыладық. Алда қабылданған шешімдерді және Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерді іске асыру бойынша үлкен жұмыстар тұр. Сот қауымдастығы бұл істе белсенділік танытып, тікелей атсалысатынына сенімді, дей келе, Қ.Мәми съезге қатысушылардың күрделі, ауыр да жауапты қызметтеріне толағай табыс тіледі.
Жақсыбай САМРАТ,
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,
«Егемен Қазақстан».
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер
С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.
___________________ _________
ДЕЛЕГАТТАР ЛЕБІЗІ
Әділ ҚҰРЫҚБАЕВ,
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының судьясы:
– Төрт жылда бір өткізілетін съезд жұмысына Мемлекет басшысының қатысуы еліміздегі судьялардың мәртебесін бір көтеріп тастады. Алқалы жиында айтылған ойлар мен пікірлер, Елбасының берген жоғары бағасы – мұның барлығы соттардың жұмысының жоғары деңгейде екенін білдіреді. Елбасы артқан сенім ел судьяларының ертеңгі күнге үмітпен қарап, жігерленіп қызмет атқаруына сүбелі сүйеу болмақ.
Съезде көтерілген мәселелер – судьялар біліктілігін арттыру, соттар мен судьяларды одан әрі мамандандыру мен сот корпусын кеңейтуге қатысты мәселелер кеңінен талқыланып, қорытындыланып, нақты бір шешімін табады деген ойдамын.
Жалпы, судьялардың жұмысын, сот жүйесін төрт жылда бір сараптан өткізіп, таразыға салудың өзі үлкен жетістік. Себебі, дәл осындай жиын барысында жетістіктермен қатар, кемшіл